Кеше Саммит өтетін Тәуелсіздік сарайы ғимаратында ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының Бюро отрысы болып өтті.
Грекия Парламентінің депутаты Петрос Эфтимиу 2010 жылдың шілдесінде Ослода өткен ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының жыл сайынғы сессиясы нәтижесінде осы құрылымның президенті болып сайланды. Бұған дейін бұл лауазымды қызметті португалиялық Жоао Соареш атқарған-ды. Қазір ол – ПА-ның Құрметті төрағасы.
Бүгінде Қ.Тоқаев (Қазақстан), В.Гроссрук (Австрия), П.Кристмас Меллер (Дания), Ж.Гардетто (Монако), О.Билорус (Украина), Б.Кардин (АҚШ), Р.Милиори (Италия), А.Козловский (Ресей) және И.Посуэло (Испания) ЕҚЫҰ ПА Төрағасының орынбасарлары болып табылады. Ал Бюроның отырысын өткізу Төрағаның шақыртуымен немесе мүшелерінің үштен екісінің дауысымен шешіледі. Отырыс барысында Ұйымның Іс басындағы төрағасы, Қазақстанның Мемлекеттік хатшысы –Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев Бюроға қатысты бірқатар мәселеге назар аударды. Содан кейін ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының қазынашысы Роберто Баттелли мен Парламенттік Ассамблеяның бас хатшысы Спенсер Оливердің баяндамалары тыңдалды.
Сонымен, ЕҚЫҰ ПА Бюро отырысында Ұйымның 7-ші Саммитіне Ассамблеядан делегацияның қатысу барысы туралы ақпарат жан-жақты пысықталды. Жиырмадан астам ел өкілдері қатысқан басқосуда осы құрылымның қызметі қорытындыланып, парламентшілердің сайлауларды байқау жөніндегі миссияларға қатысуы талқыға салынды. Осы орайда, Қырғызстандағы жағдай да әңгіме етілді. Сонымен қатар, Ассамблея жұмысына қатысты бірқатар баяндамалар тыңдалып, олар бойынша пікір алмасулар жүрді. Бюрода 2011 жылы ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының отырыстарына дайындық бағытындағы іс-әрекеттер жайы да назардан тыс қалған жоқ. Одан белгілі болғанындай, ПА-ның қысқы отырысы келесі жылдың 24-25 ақпаны күндері Вена қаласында (Австрия) өтеді деп күтілуде. Ал Бюро отырысы Данияның астанасы – Копенгаген қаласында келесі жылдың 11 сәуірінде ұйымдастырылмақ.
Бюро отырысы Ұйымды дамытудың жаңа үлгілерін алға жылжытуда, басымдықтарды белгілеуде маңызды оқиға болып табылады. Біз жиынға қатысқан бірнеше адамды сөзге тартқан едік. ЕҚЫҰ ПА Төрағасының орынбасары Александр Козловский (Ресей) Қазақстанның төрағалығы жоғары деңгейде өткендігін, көптеген құнды идеялар мен бастамалар көтерілгенін көлденең тартты. Одан кейін бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің алдына шыққан ЕҚЫҰ ПА Құрметті төрағасы Жоао Соареш еліміздің іс-әрекеттерін байқау төрағалық басталмай жатып жүргізілгендігін, ал төрағалық кәсіби деңгейде ұласқандығын сөз етті. Әсіресе, осы жерде вице-президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың рөлі ерекше аталды. Осыдан бір жыл бұрын Құрметті төраға Қазақстан Президентімен және Іс басындағы төраға, Мемлекеттік хатшы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевпен кездескендігін, сол кездің өзінде Астана Саммитін өткізу идеясын қолдағандықтарын еске алды.
Бюро отырысында ЕҚЫҰ ПА Төрағасы өз атынан арнайы мәлімдеме жасады. Қазақстан өзінің төрағалығы барысында Ұйымға деген сенімді арттырғандығын тілге тиек еткен ол еліміздің ЕҚЫҰ кеңістігіндегі үнқатысуды әрі қарай жылжытуға үлкен үлес қосқандығын ерекше атады. Әсіресе, Шығыс пен Батыс арасындағы қарым-қатынастарды орнықтыруда Қазақстан жеке араағайындық жасай отырып, төраға ел ретінде тиімді басқаруды қамтамасыз ете білді.