• RUB:
    5.5
  • USD:
    473.95
  • EUR:
    513.38
Басты сайтқа өту
01 Желтоқсан, 2010

Тұлғалар төрағалық туралы

384 рет
көрсетілді

Марк Перрен де БРИШАМБО,  ЕҚЫҰ Бас хатшысы: – Қазақстан төрағалығы Ұйымға өз қызметін белсенді­рек ете түсу үшін жаңа күш пен мүмкіндіктер қос­ты, мұның өзі шынында да елеулі жағдай болып табылады. Қазақстанның маңызды жетістігі оның «Корфу үдерісін» алға жылжыту, ортақ же­тістік­тердің қорытындысын шығаруға бағыт­талған еуропалық қауіпсіздік жөніндегі ашық үнқатысуды қолдау, ЕҚЫҰ қағидаттарын қатаң ұстанатынын нықтау және бұрынғы, жаңа қатерлермен күрестің тетіктерін қалпына келтіру сияқты істерден танылды. Қазақстанның осы бағытта жұмсап жатқан күш-жігерін бағалаймыз. Қазақстан төрағалығының басқа бір маңызды жетістігі – Ұйым Саммитін 2010 жылдың желтоқсанында Астанада шақыру жөніндегі ЕҚЫҰ-ға мүше елдердің бірауызды шешімге келуі. Бұл жай шешім күйінде-ақ ірі жетістік, мен төраға ел мен қатысушы мемлекеттер бұл мүмкіндікті толық пайдалана алады деп үміт етемін. «Егемен Қазақстан», 16 қазан, 2010 жыл Жоао СОАРЕШ, ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының құрметті төрағасы: – Қазақстан – тәуелсіздік алғалы бері жақсы аты шығып келе жатқан ел. Экономикасы да, ішкі саясаты да орнық­ты мемлекет ретінде құрметте­ле­ді. ТМД кеңістігіндегі, Азиядағы ал­ғашқы төраға ел Қазақстан болуы Ұй­ымның аясын кеңей­тіп, мүмкіндігін молайта түсетінін біз осын­дай шешім қа­был­дамай тұрып-ақ айтатынбыз. Қазақстан төр­ағалығын мемлекеттің өзі үшін де үлкен қадам деп білеміз, бұл ел­дің алдынан зор болашақ ашы­лады. Мен өзім Қазақстан деле­га­циясының Парламенттік Ассам­блеядағы қызметін дәйім қадағалап жүрдім, осындай делегаттары бар ел қандай жауапты міндетті де атқара алатынына сендім. Қазақстан мұндай құрметке әбден лайық. Ел төрағалығы өте жо­ғары кәсіби деңгейде өтіп жатыр. Сондықтан да, Парламенттік Ас­самблея Ұйым Саммитінің Астанада шақырылуын бірауыздан қолдады. Желтоқсанда өтетін Саммит Ұйымды дүр сілкінтіп тастайтынында талас жоқ. Қазақстан төрағалығының ЕҚЫҰ үшін басты құндылығы осы болғалы отыр. «Егемен Қазақстан», 15 қазан, 2010 жыл. Бенджамен КАРДИН, ЕҚЫҰ Парла­мент­­тік Ас­сам­блеясы Төр­ағасының орынбасары, сенатор: – Қазақстан Орта­лық Азиядағы көшбасшы ел болып табылады. Сіздер Ұйым төрағасы ретінде көп іс тындырдыңыздар. Ұйымның Іс ба­сындағы төр­ағасы АҚШ-та бірнеше рет болды, Еуро­паның көптеген елдеріне барды. Ел төр­ағалы­ғының белсенді өтіп жатқанының бір дәлелі де осы. Дәл қазір Қазақстан төрағалығына барлық өлшемдер бойынша түпкілікті баға беруге болмас. Ең басты баға Астанадағы Саммиттің қалай өткеніне байланысты беріледі ғой. Соның өзінде, тұтастай алғанда, Қазақстан өз міндетін ой­дағыдай атқарып жатыр дей аламыз. Әсіресе, Қа­зақстанның ЕҚЫҰ-ның үш өлшемін – гума­нитарлық, саяси, экономикалық өлшемдерін қатар толтыруға ұмтылысын айтар едік. Төраға­лық кезінде оның табысты өтуіне бірнеше қауіп болғанын ескерсек, мұның өзі қолдауға тұрарлық. «Егемен Қазақстан»,15 қазан, 2010 жыл. Александр КОЗЛОВСКИЙ, ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясы Төрағасының орынбасары: Қазақстанның өз төр­­ағалығын мұнша­ма жақсы атқаруы ол елдің Азияға да, Еуропаға да, мұсылман әлеміне де, христиан дүниесіне де бірдей ортақ екендігінің арқасы. Ал На­зарбаевтың Қазақстан төрағалығын­дағы орны тіпті бөлекше. Бұл жыл Назар­баевтың бүкіл әлемдегі ең беделді саясаткер екендігін түп­кілікті дәлелдейтініне сенемін. Астанадағы Саммиттің табысты өтетініне сенемін. Президент Назарбаевтың да алдында шешуін күтіп тұрған мәселелер аз емес шығар. Оны да сынайтындар бар шығар. Өмір бол­ғаннан кейін, мемлекет болғаннан кейін он­сыз болмайды да. Бірақ Назарбаевтың қазақ­тар­ды қазақ екендігі үшін, қазақстан­дық­тарды қазақстандық екендігі үшін мақ­танатын жағдайға жеткізгенін ешкім де теріске шығара алмайды. «Егемен Қазақстан», 15 қазан, 2010 жыл. Кнут ВОЛЛЕБЕК, ЕҚЫҰ-ның Аз ұлттар істері жөніндегі Жо­ғарғы комиссары: – Мен Қазақ­станда жалғыз ғана сәйкестік жасамай, мәдени сантүрлілікке қажет кеңістікті қамтамасыз ету міндеті алға қойылғанын қолдаймын, мұның өзі сіздердің елдеріңіздің төлтумалылығын айқындайды. «Ел бірлігі доктринасының» қабылдануы менің ерекше қызығушылығымды туғызды, өйткені, бұл доктрина азаматтық сана-сезімді, барлық қазақстан­дықтардың мәдениеті мен тілдерін қорғап, дамытуды көтермелейді. Аз ұлттарды осындай консульта­цияларға тартуды жалғастыру қажет, соған қоса, Қазақстан халқы Ассамб­леясының рөлін одан әрі нығайта түсу маңызды. Астанадағы Саммит ЕҚЫҰ мемлекеттеріне қазіргі жағдайда мығым әрі өз міндеттеріне сайма-сай келетін Ұйымды сақтап қалудың, сондай-ақ жаңа қатерлерге ойдағыдай той­тарыс берудің жолдарын талқылауға мүм­кіндік жа­сайды. Мен Саммитте барлық мүше елдер өздеріне қабылдаған міндеттемелерін орын­дауға берік ниетін нықтайды деп үміт етемін. «Егемен Қазақстан», 26 қазан, 2010 жыл. Сергей МИРОНОВ, Ресей Федерациясы Федералды Жиналысы Федерация Кеңесінің төрағасы, ТМД Парламентаралық ассамблеясының жетекшісі: – ЕҚЫҰ пайда болған 35 жыл ішінде аталған Ұйымды алғаш рет ТМД мемлекеті басқарды. Достастықтың барлық қатысушыларының атынан ұж­ым­дық мандат иеленген Қазақстанның төрағалығы, біздің көзқарасымызша, ЕҚЫҰ-ның белсенділігі мен модер­низациялануына, Атлантика мен Еура­зия арасындағы барлық мемлекеттер үшін тең және бөлінбейтін қауіпсіздікті – Еу­ропа қауіпсіздігінің архитектура­сын­дағы жаңа ұстанымдарды ілгері жыл­жытуға оң ықпал ететін болады... Қазақстанның ЕҚЫҰ-дағы күш-жігері туралы айтқанда, дәл осы жылы нақты пішінге ие болған «Корфу үдерісін» белсенді ілгері жылжытуын, болашақ еуроатлантикалық және еура­зиялық қауіпсіздік жөніндегі үнқаты­суды еске сала кеткен жөн. «Егемен Қазақстан», 19 қараша, 2010 жыл.