• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
01 Желтоқсан, 2010

Адамзаттың аңсары – түйткілсіз тыныштық

543 рет
көрсетілді

Ал сол тыныштық қашан орнайды? Бү­кіл адамзат баласы секілді үлкенді-кішілі елдердің басшылары барлық мәселеде тіл табыса білгенде, ылғи да түсінісуге ұмтылғанда. Шын ниетімен. Көне тарих та, кешегі тарих та ондай ниет­­тің аз уақыт болса да үстемдік құрған тұстарын бастан кешкен. Бірақ тарих ұзақ та, пенде ғұмыры қысқа. Әрі тарихты зерделеуге әрбір пенде құлықты да емес. Көпшілігінде күнкөріс қамы, ұрпақ қал­ды­ру қамы басым болады. Бұл үшін оны айыптау да ақымақтықтың бір парасы. Юхо Кусти Паасикиви, Урхо Калева Кек­ко­нен секілді есімдерді, Финляндия Рес­публикасы секілді елді (өз тіліндегі атауы – Suomen Tasavalta), фин деген ха­лық­ты (өз тілінде – суомолайсет) бүгінгі жиыр­ма жасар ұрпағымыз біле бере ме? Бірлі-жарым білетіндер де, әрине, табылар, бірақ білмейтіндер қарақұрым екеніне има­ным кәміл. Нақ осы жерде қадірмен оқыр­­ма­нымыз (“қадірмен” дейтінім, біз пақыр нақ солар үшін жазамыз ғой) “мынау не от­тап кетті?” деп таңырқап қалуы бек мүмкін. Сондықтан “жұмбағымды” шешіп бе­рер­дің алдында бір шындықты ортаға сала кеткен абзал. Ол шындық – биыл біздің ел төрағалық еткен, енді соған кіретін елдер бас­шы­ларының басын Астанада қос­қалы отырған ұйымның – Еуропадағы қауіпсіздік және ынты­мақ­тастық ұйы­мы­ның іргесін қазір көбіміз жамандап жүрген социалистік елдер қалағандығы. Есі бүтін адамға елдің өсіп-өркендеуі үшін керегі ең алдымен қауіпсіздік, яғни тыныштық екендігі бұл заманда даусыз ақиқат қой. Мұны социалистік елдер басшылары да (анда-санда сол тыныштықты өздері бүлдіріп қоятыны бо­ла­тынына қарамастан) заман талабы деп ұғын­ған. Сондықтан да 1966 жылы Бухаресте (Румы­ния астанасы) Вар­шава шартының Саяси консультациялық кеңесі “Еуропадағы бейбітшілік және қауіпсіздікті нығайту туралы декларация” қабылдап, онда нақ осы мәселеге арналған кеңес өткізу идеясы ұсынылған-ды. Халықаралық өмірде бір тосын жәйт бар. Орындылығы, қажеттілігі көзге ұрып тұрған ұсы­ныстардың өзі сан қилы себептермен ұзақ ыр­ғалып-жырғалып жүріп қана жүзеге асады. Декларациядағы ұсы­ныс та сондай күй кешті. Әрбір елмен жеке-жеке келіссөздер жүргізілді, ұсыныстың қажеттілігі дәлелденді. Және бұл жұмыс алты жылдан астам уақытқа созылды. Ірі елдердің ішінен оны алдымен Франция ма­құлдады. Нақ сол жұмыс барысында 4,5 миллионнан сәл-ақ астам халқы бар, бұрын дүние­жүзілік саясатта оза шаба қоймаған шағын ел – Финляндия ерекше көзге түсті. Төрт ғасырдан астам Шведияның, содан кейін жүз жылдан астам Ресейдің боданы болып, тек Қазан төңке­рісі­нен бір айдан кейін өз тәуелсіздігін жария­лаған, Ресейдің халкомкеңесі оны 1917 жылдың 31 желтоқ­санында мойындаған. Ресей Орталық Ат­қару Комитеті оны 1918 жылы 4 қаңтарда бекіткен Финляндия нақ сол белсенділі­гінің арқа­сында дүние жүзіне танылды. Ол белсенділіктің негізі ел екінші дүниежү­зі­лік соғыстан кейін қабылдаған, бұлжытпай жүзеге асырып келе жатқан “Паасикиви (1946-1956 жылдары президент) – Кекко­нен (1956 жылдан ел президенті) соқпағы” болатын. Жоғарыдағы “жұмбағым­ның” шешуі де осы. Нақ сол “соқпаққа” сүйен­ген Урхо Кекконен талай жылдарға созылған екі жақты келіссөздерден кейін Хельсин­киде көп жақты консультациялар өткізуді ұсын­ды. Бұл консультациялар 1972 жылғы 22 қараша – 1973 жылғы 8 маусым аралы­ғында, яғни 6,5 ай жүр­гізіліп, нәтижесінде “Хельсинкидегі консульта­ция­лардың қоры­тын­ды ұсыныстары” қабылдан­ды. Онда кеңестің күн тәртібі, оны өткізудің шарт­тары мен процедурасы белгіленді. Күн тәр­тібінде: а) Еуропадағы қауіпсіздік; ә) эко­но­мика, ғылым мен техника және тіршілік өрісі (айналадағы орта) салаларындағы ын­тымақтас­тық мәселелерін; б) гуманитар­лық және басқа салалардағы мәселелерді, в) кеңестен кейінгі қадамдарды талқылау көзделді. Кеңестің бірінші белесі нақ сол Хель­синкиде шілде айының 3-7-сінде, еуро­па­лық 33 елдің, сондай-ақ АҚШ пен Кана­даның сыртқы істер министрлерінің дең­гейін­де өтіп, ұзақ айтыстан кейін Хель­синки консультациялары­ның қорытынды ұсыныстары мақұлданды. Ақыры 1975 жылғы 1 тамызда 35 ел Хельсинкиге бәтуаласуға бас қосты. Әңгіме қисынынан ауытқымасақ, жоға­рыда тілге тиек болған Финляндия Респуб­ли­касының да, оның президенті Урхо Ка­лева Кекконеннің де есімдері әлемге әйгілі болатыны, ауыздан түспейтіні нақ сол тұс. Халықтың әлеуметтік өмі­рі, демек, тұрмы­сы, демократияның үстем­дігі, экономика­сының қай саласының болсын дамуы жа­ғы­нан ең озық деген елдердің алдын әлі де бермей келе жатқан шағын ғана елдің бұ­рын байқала бермейтін халықаралық беде­лінің, қазіргі тілмен айтқанда имиджінің шыр­қап шыққаны сол тұс. Яғни, мұндай, адамзатқа ортақ мәселелерде шын ділгір мә­селелерді көтере білу, көтеріп қана қой­май солардың дұрыс шешілуіне аянбай тер төгу әуелі шетін шаруаны жайластыруға септессе, екінші жағы­нан, сондай тер төк­кен елдің халықаралық беделін де әмбеге аян етеді. Осылардан шығатын басты қорытынды – басында Кеңес, кейінірек Ұйым деп аталған мәртебелі жиынға мүше болғанына көп уақыт өте қоймаған біздің Қазақ­станның оза шауып төраға сай­лануы, сол мәртебеде талай тірліктің басын қайыруы ең алдымен еліміздің де, Елбасы­мыздың да халықаралық имиджін әлемге әйгіледі, халықаралық үлкен мәселелер­ді кезіндегі “Рим клубы”, “сегіздік”, “жиырма ел” сияқты ұйымдарға мүшеміз деп кеуде қағатын алпауыт мемлекеттер ғана емес, кешегі Финляндия, бүгінгі Қазақстан секілді “шағын” елдер де көтере, көтеріп қана қой­май, соларды шешуге мұрындық бола алатынын дәлелдеді. Мен бұл байламымды дәлелдеймін деп ақ тер-көк тер болмай-ақ қояйын, төраға­лықтың, бір жыл ішінде атқарылған жұ­мыс­тың, алда жасалғаны жөн қадамдардың қадау-қадау айғақтары Елбасының “Euro­news” телеарнасы­на берген, еліміздің бас­па­сөзінде де жариялан­ған сұхбатында атап-атап келтірілген. Сұхбат­тың қазақ баспа­сө­зінде жарияланған нұсқасы “Астана фо­румы дайын шешімдер саммиті емес” деген та­қырыппен жарияланыпты. Орын­ды. Дайын шешімдердің жылдап-жылдап дай­ында­латынына аталмыш Кеңес (Ұйым) та­рихы­нан жоғарыда келтірілген деректер айғақ. Сондықтан көптен көкейде жүрген бірді-екілі мәселені тілге тиек етсем, оқырман көп көрмес. Саясаткер де, саясаттанушы бол­масам да, халықаралық өмірге қырық жылдан астам уақыттан бері көңіл бөліп жүрген журналист ретінде маған бір мәселе саммиттердің, үлкен жиындардың құлақ асуына әбден тұрарлық секілді көрінеді. Хельсинки кеңесінің қорытынды актісінде мынадай жолдар бар: “қатысушы мемлекеттер бір-бірінің егемен теңдігі мен өзіндік ерекшелігін, сондай-ақ олардың еге­мендігіне тән және сол қамтитын бар­лық құқықтарды сыйлайды, ол құқықтар­дың санатына, атап айтқанда, әрбір мем­лекеттің заңгерлік теңдікке, аумақтық бү­тін­дікке, бостандыққа және саяси тәуел­сіздікке құқығы жатады. Олар сондай-ақ бір-бірінің өз саяси, әлеуметтік, экономика­лық және мәдени жүйелерін таңдап алып, дамыту құқығын, сол секілді өз заңдары мен әкімшілік заңдарын орнату құқығын сыйлайды”. Және осы жолдардан сәл ғана ілгері “Өздерінің Біріккен Ұлттар Ұйы­мын­дағы мүшелігіне сәйкес және Біріккен Ұлттар Ұйымын әрі халықаралық бейбітшілікті, қауіпсіздікті, әділетті нығайтудағы және халық­ара­лық проблемаларды шешуге жәрдемдесу­дегі, сондай-ақ мемлекеттер арасындағы достық қатынастар мен ынтымақтастықты дамытудағы оның рөлі мен тиімділігін арттырудағы өздері­нің толық та белсенді қолдауын қуаттай оты­рып” деген де жолдар бар. Демек, Ұйым Еуро­падағы қауіпсіздік пен ынтымақтас­тың ғана емес, солардың Жер шарындағы қамын жейді екен. Ал іс жүзінде ше? Іс жүзінде де. Бірақ сол прин­циптен ауытқып кеткен фактілер де жоқ емес. Кеңеске белсене қатысқан, Қорытынды актіге қол қойған елдердің бірі Югославия болатын. Енді осыдан он-он бес жыл бұрын Югосла­вия­ның ішкі істеріне араласу оқиғасына, нәти­же­сінде оның ыдырап кету фактісіне келейік. Рас, ондағы шиеленістер Ұйымның араласуынан емес, ішкі саясаттағы өрескелдіктер салдарынан туындады ғой дейтін саясаткерлер мен саясат­тану­шылар табы­луы мүмкін. Бірақ шиеленісті сан алуан бейбіт құралдармен бәсеңдету жол­­дарын табуға бола­тын ба еді? Өз басым онда орын алған сербтік шовинизмді, содан туған қатыгездіктерді, кейбір елдердің соны қолдауын тіпті мақұлдамасам да, сол проблемадан арылу үшін Хельсинки актісіне қатысушы­лардың дө­кейлері іспеттес АҚШ-тың, Ұлы­британияның, Германияның, тағы басқа­ла­ры­ның қарулы күшпен өрескел аралас­қанын тіпті де қостай алмаймын, тіпті, өз тарапымнан ғана болса да айыптаймын. Жарайды делік, өткен іс өтті-кетті, бұ­рынғы Югославия федерациясының ор­нын­да бірнеше тәуелсіз мемлекет пайда болды. Нақ Америка Құрама Штаттарының Ауғанстанның, әсіресе, Ирактың ішкі істеріне қарулы күшпен қол сұғуын жоғарыда көрсетілген принциптермен ауыл үй қонады дей аламыз ба? Өз басым нақ осы мәселе, басқаларымен қатар, Қазақстан төрағалығы тұсында қоз­ға­лар деген үміт жетегінде едім. Елба­сының: “Қазақстан төр­ағалығы еуроат­лантикалық және еур­азиялық кеңістіктегі қауіпсіздік туралы әңгіме қозғап жүр” деген сөзі мен айтып отырған проблема да қозғалған екен-ау деуге негіз береді. Бірақ анық факт, ашық қарар жоқ. Негізгі мақ­саты бейбітшілікті сақтау болып та­былатын БҰҰ-ның Жар­ғысы қабыл­данғаннан бергі за­ман­­ның өзінде АҚШ-тың Ко­реяға, Вьетнамға, Кеңес Ода­ғының Венгрияға, Ауған­станға, Қытайдың Вьет­намға идеологиялық мақ­сатта қару­лы күш­пен басып кіргені құпия емес қазір. Егер сондай практика жалғаса беретін болса, адамзат аңсаған түйткілсіз ты­ныш­тықтың ауы­лы алыс екені тағы аян. Нақ осы нақты мәселе Бі­рік­кен Ұлт­тар Ұйымының Жар­ғысы аясында да шешімін та­ппаған. Басып кіруге ұшыра­ған елдің ғана емес, түптің-түбінде бү­кіл адамзаттың тағды­рын тәлкек етуі мүмкін бұл проблемаға халық­аралық беделі әбден то­лысқан Қазақ­станның батыл кірісуі әбден орынды болар еді. Дайын шешімдері жоқ саммитте болсын, БҰҰ мінберінен болсын Қазақстан: “Идеялық, идео­логия­лық мақсатта басқа елге қарулы күш­пен басып кі­руге ешбір мемлекеттің ха­қысы жоқ. Мұндай қадамға барған мемлекетті бүкіл адамзат қо­ғамдастығының өкі­летті өкілі ретінде Біріккен Ұлттар Ұйымы көпшілік дауыспен (вето құқы­ғынсыз) айыптайды және көпшілік елдердің қол­дауымен ондай өрескел қадамды тез арада тоқтатуға күш салады, сондай-ақ ондай агрессия зардабынан болатын шығын­дардың өтелу мәселесін шешуді Халық­аралық сотқа жүктейді” деген тұрғыдағы қарар жо­басын әбден енгізе алады деп ойлаймын. Тағы бір мәселе. Ілкіде айттым, кеңес ба­ры­сында гуманитарлық мәселелер, со­ның ішінде демократия мәселесі бәрінен көп дау туғызды деп. Өйткені, экономи­калық ынтымақтастыққа екі жақ та мүд­делі, соған орай қауіпсіздік мәсе­лесі де біршама оңай шешіледі, ал демократия ұғы­мының ұшы-қиыры жоқ, бір жақ мүдделі мәселеге екінші жақ тіпті де мүдделі болмауы бек мүмкін. Мысалы, біз Хель­синки актісіне қол қойғаннан кейін АҚШ үкіметі, ұмытпасам, Филадельфия қала­сында орналасқан бір сектанттар үйінің нақ үстінен бомба тастап (қазір қолда­нылып жүрген нүктелеп бомбалау секілді), күл-талқан еткенін, Латын Америкасына бас сау­ғалап қашып лагерь құрған бір секта мү­ше­лерін түгел қырып жібергенін білеміз. Ондай оқиғалар болашақта қайталанбайды (конфессия бостандығын мойындасақ та) деген ешқандай кепілдік жоқ. Дегенмен, осы мәселенің қоясын қозғай бермей-ақ бір пікірге кідірсем деймін. Біз “кемелденген социализм” орнаттық деп кезінде бөр­кімізді аспанға аттық. Сол жаңа саяси тер­мин­нің “көкесі” Л.Брежнев қай­тыс болғаннан кейін Бас хатшы болып (пар­тияның Орталық Комитетінің) аз ғана уақыт Ю.Андропов істегенін бүгінгі жас ұрпақ біле де бермейді. Міне, сол кісі өз тұсында Карл Маркстің дүниеге келуіне 165 жыл толуына арнап мақала жазды. Ол, басқалардың тұсындағыдай барлық одақ­тық баспасөзде емес, тек “Коммунист” жур­налында жа­рияланды. Қазақ тіліне ауда­рылып, тек “Қа­зақстан коммунисі” журналында жарияланды. Сол мақаладағы бір тіркес, бұрын ешқашан айтылмаған пікір отыз жылдай уақыт өтсе де менің есімнен бір шықпайды. Біз, – делінген еді онда, – шынымен-ақ социализм құра алсақ, тек социализмнің алғашқы баспалдақтарының бірінде тұрмыз. Ал саған “нақты социализм!” Ал саған “кемелденген социализм!” Ал саған орната қояр “коммунизм!”. Не керек, осыны жазған Генсек ұзамай “жалғанмен” қоштасты. Бүгінде біз демократия орнатамыз деп жүр­міз. Менің ойымша, біз, Ю.Андропов айтқан­дай, демократияның алғашқы бас­пал­дақ­тары­ның бірінде тұрмыз. Бұл менің ғана емес, өкі­меттің де (үкіметтің емес) берік ұстанымы ғой деймін. Өйткені, іштегі де, сырттағы да “жел­аяқ­тарға” демократия бірден орнай қалмайды, сіздерде оның жарияланғанына неше ғасыр болды, сол демократияға разысыз ба деген сыңайдағы жауаптар қайтарылады. Бірақ жиырмасыншы ғасырдың бір тау­ тұл­ғасы У.Черчилль айтқандай, демократия деген түкке татымайтын нәрсе, бірақ ел басқарудың одан оңтайлы жолы жоқ. Ра­сында да, ондаған жылдар ішінде демократия орната алмаспыз. Шын демократия біз жете алмай қойған, яғни утопия – “коммунизм” секілді болар деп дағ­дарып қалаты­ным да бар. Бірақ, мәселе соған қадам сайын ұмтыла беруде ғой. Оның орнауы тәжірибеге де бай­ланыс­ты. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақ­тастық ұйымына бір жыл төрағалық, тіпті оның әлсіреп бара жатқан бойына там-тұмдап болса да қан жү­гірте алу бізге оң да, теріс те талай тәжірибе берді ғой деп ойлаймын. Ендеше, біздегі демо­кратияның өркендей түсуіне сол да көмектесуге тиіс. Көп ұзамай елімізді тағы бір халықаралық, қоғамдық мансап – Ислам Конференциясы Ұйымына төрағалығы күтіп тұр. Ғылымда хрис­тиан социализмі деген ұғым бар. Ислам социализмі дегенді кездестірмеппін. Бірақ ол бар. Демек, исламдық демократия да бар (кезінде қазақ далалық демокра­тиясы болғанын, “бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ” деген принцип сол кезде орныққанын таратып баяндамай-ақ қоя­йын). Демек, қаперімізде болатын тағы бір тәжірибе жинақтамақпыз. Ендеше, тоқы­ғанымыз дұрыс болсын, ілгерілей берейік. Нұрмахан ОРАЗБЕК, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері.