• RUB:
    5.5
  • USD:
    473.95
  • EUR:
    513.38
Басты сайтқа өту
02 Желтоқсан, 2010

Балуан ата мектебіндегі мерейлі істер

452 рет
көрсетілді

Астанадағы Қажымұқан Мұ­­­ңай­тпасов атындағы да­рын­ды ба­лаларға арналған рес­публикалық спорт мектеп-ин­­тернатының аяқ алысы мақтауға тұрарлықтай. Бү­гінгі таңда спорт өнерінің даңқы дүрілдеп тұр. Кеше ғана Жазғы Азия ойындары аяқталды. Азия ғана емес әлемде алдына жан салмаған Қытай Халық Рес­публикасының командасы бұл Азиада жарысында оқ бойы алда келді. Олардан соң Оңтүстік Ко­рея, Жапония құрама команда­ла­ры тұр. Өкінішке қа­рай, жалпы­ко­мандалық төртінші орынды Иран Ислам Республикасының ко­мандасы канжығасына бөктеріп кетті де, біз тек бесінші орынды қа­нағат тұттық. Бұл жерде Қа­зақ­стан спортшыларының жеңіп ал­ған бесінші орнына қанағатта­нарлық сезіммен қараған да жөн деп есептейміз. Неге десеңіз, бү­гін­гі таңда Азия құрлығында спорттың өркендеуі аса жоғары дәрежеде. Бұрын спорттың әр түрінен Қытай, Оңтүстік Корея, Жапония, Қазақстан ғана мол жүлде алып жүрсе, бүгінде Иран балуандары мен ауыр атлеттері, Үндістанның боксшылары мен балуандары, Тайваньның спорт ойындары мен жекпе-жек түрлері ерекше көзге түседі. Өзге елдер де спортын барынша дамытып жа­тыр. Оған осы Азия ойында­рын­да отыздан аса мемлекеттің ме­дальдар жеңіп алғаны куә бола алады. Жалпы, Азия құрлығында 5¬-8 орындарға ие болу үлкен жетістік боп саналатын кезең де алыс емес. Олай болса, ел спор­тына Азия ойындарынан осындай жүлделер әкелген атлеттеріміздің еңбегін азырқануымыз асылық бо­лады деп ойлаймыз. Ел спор­тын дамытып жүрген бәріміздің міндетіміз – осы ойындар нәти­же­лерін терең талдап, тиісті қо­ры­тынды шығару және бола­шақ­тағы маңызды жарыстарға тас-түй­ін даярланып, жіберген кемшіліктер болса, тез арада түзеуге күш салу. Осы жерде биылғы оқу жы­лында Қазақстан құрама коман­да­ларына 171 оқушысы мүше бо­лып кірген Қажымұқан Мұңайт­пасов атындағы спорттағы дарын­ды балаларға арналған республи­калық мектеп-интернатының ты­ныс-тіршілігіне тоқтала кеткенді жөн санаймыз. 2009-2010 оқу жы­лында қабырғасында спорттың 14 түрінен 280 бала білім алып жат­қан бұл мектептің жоғарыдағы 171 оқушысының еліміздің ұлт­тық штаттағы бас командасына 12 оқушысы, жастар құрамасына 64 және жасөспірімдер құрама­сына 95 оқушымыз кірді. Бұл бір ғана оқу орны үшін аз табыс ем­ес. Республика Туризм және спорт министрлігінің үлкен қам­қор­лығын үзбей көріп отырған мек­теп-интернат спорттағы табы­сын одан әрі еселей бермек. Бұған оқу орнындағы елуге тарта оқы­тушы-бапкерлердің бір адамдай жұ­мыла еңбек етулері куә бола алады. Оқытушылар құра­мын­да 10 адам Қазақстан Республи­ка­сына еңбек сіңірген жаттықтыру­шы атағына ие. Енді Қажымұқан атындағы мек­­теп-интернаттың кеше ғана аяқ­тал­ған Жазғы Азия ойында­рына қос­қан үлесін сөз етейік. Қы­­тайдың Гуанч­жоу қаласында болған бұл ойын­дарға мектебі­міз­дің 3 оқу­шы­сы және 6 түлегі қа­тысты. Түлек­тердің ішінен екі спорт­шымыз ор­тақ қор­жынға медаль салды. Олар грек-рим әдісі бой­ынша күрескен балуандар – Бейжің Олимпиада­сының қола жүл­дегері Әсет Мәм­бетов пен респуб­ликаға танымал балуан Дар­хан Баях­метов. Бұл екі балуан да Азия ой­ын­дарында күміс жүлдеге қол жеткізді. Әрине, біз бұл екі балуаннан да алтын медаль күткеніміз жасырын емес. Бірақ спорттың аты спорт, балуанда­ры­мыздың маң­да­йы­на жаз­­­­­­­ғандары осы болды. Ал, мектеп-интернатта оқып жүрген оқушыларымыздың табы­сы қандай дегенге тоқталсақ, бұл жерде біздің ауыз толтырып ай­тар­лық табысымыз баршылық. Мек­тебіміздің мақтанышы, мың бұралған көркем гимнасшымыз, Азия чемпионы, әлем чемпио­на­тына қатысқан халықаралық дә­ре­жедегі спорт шебері Анна Аля­бьева ХVI Жазғы Азия ойында­ры­ның жекелей және топтық жа­рысында екі рет үздік болып, екі бірдей алтын медальға ие болды! Бұл табыс біз үшін, мектебіміздің басшылығы мен бүкіл оқытушы – тәрбиеші ұжымы үшін асқан қуа­нышты оқиға болып табылады. Тағы бір оқушымыз – ескек есу спортынан спорт шебері, Қа­зақ­станның, спартакиаданың бірнеше дүркін чемпионы, Азия чем­пионы, І жасөспірімдер Олимпиа­дасына қатысушы Тимофей Емель­я­нов осы Азия ойындарынан қола жүлдегер болып оралды. Міне, бұл жеңістер бізге, мектеп ұстаздарына Қазақстан спортын өркендете беру жолында жігер де береді, жаңа міндеттер де жүктейді. Бүгінде мектебіміздегі баскетбол, қыздар футболы және ескек есушілер бөлімшелерінің оқушы­ла­ры 100 пайызға республика құ­рама командаларына тартылған, ве­лоспорт, жүзу, көркем гимнастика спорты бөлімшелері де негізінен толыққа жақын еліміздің әр жастағы құрама командаларына мүше. Мектебіміздің төрт оқу­шы­сы І жасөспірімдер Олимпиялық ойындарына қатысты. Сингапур­да өткен бұл Олимпиадада грек-рим күресі бөлімшесінің түлегі Жәнібек Қандыбаев ел қоржы­ны­на бірінші алтын медальды жеңіп әперді. Биыл ғана 13 оқушымыз Азия чемпионаттарына, 5 оқу­шы­мыз әлем чемпионатына қатысып оралды. Бұларға тек биылғы оқу жылында мектебіміздің оқушы­ла­ры республикалық, халықаралық жарыстарда 82 алтын, 73 күміс, 73 қола, барлығы 288 медаль ұт­ып алғанын қоса айтуға болады. Осы жерде құрғақ сөз болмауы үшін салыстыра сөйлеуге тура келеді. Егер жоғарыдағы ресми жа­рыстарда алған медальдар санын өткен оқу жылдарымен қатар қой­ып айтар болсақ, жыл сайын­ғы өсу көрсеткіші өз-өзінен ала­қандағыдай болып көрінеді. Мы­салы, 2007 жылғы көрсеткіш 293 медальға тең болса, 2008 жылы бұл көрсеткіш 419-ға тең. Өткен жылы мектебіміздің оқушылары 455 медаль жеңіп алған екен. Енді, міне, 2010 жылы Қажы­мұ­қан атындағы спорт мектебінің оқушылары бір жылда 501 медаль жеңіп алды. Яғни, тұңғыш рет жарты мың медаль көрсеткішінен асты. Бұл оңай шаруа еместігін біз түгілі қарапайым жанкүйер де жақсы біледі. Неге десеңіз, жыл сайын өз елімізде де, шет елдерде де спорттың даму қарқыны аса жоғары, спорттық жабдықтар жа­ңарғанның үстіне жаңарып, спорт технологиясы, жаңа әдістер, фармакология жетістіктері шырқап барады. Мұндай жағдайда жеңіс­ке жету өте қиын. Бұған бір ғана мысал, бұрын командалық кешенді жарыстарда біз түгілі өзге елдерге астар бола алмайтын Ир­ан елінің құрама команда­сы­ның Жаз­ғы Азия ойындарында коман­да­лық төртінші орынға ие болуы. Әрине, біз Қажымұқан Мұ­ңайт­­пасов атындағы спорттағы да­рынды балаларға арналған рес­публикалық мектеп-интернаттың жо­ғарыдағы табыстарын тек өзі­міздің жеке табысымыз деп отыр­ған жоқпыз. Бұл ең әуелі рес­публикамызда спортты өркенде­ту­ге деген Елбасының, Үкіметтің, Туризм және спорт министрлігі мен оның спорт комитетінің зор қамқорлығына байланысты. Оған қоса, мектебіміздің басшылығы­ның жүйелі, заман талабына орай жұмыс жүйесін құрып, іске асыра алуынан қол жеткен табыстар бұ­лар. Мектеп директоры, спорттың үш түрінен спорт шебері, халық­ара­лық қазақ күресі федерация­сы­ның президенті Серік Төкеев үне­мі жас спортшылар ортасын­да. Жаттығу, оқу үдерістерінің бір­де-біреуі мектеп басшысының қырағы көзінен таса қалмайды, оқушылар мен ұстаздарға деген қамқорлық өз дәрежесінде. Әрине, қол жеткен табыс­тар­ды енді ешкім ала алмайды. Мек­теп ұжымының басты назары ал­дағы өтетін дүбірлі жарыстарда. Оның шыңы – Лондон Олимпиа­дасы. Амандық болса, мектеп оқу­шылары мен түлектері осы бір төрт жылда өтетін дүбірлі сынға мол құраммен қатысып, егемен Қа­зақстан елі үшін жоғары нәти­желі көрсеткіштерге қол жеткізеді деп сеніммен айтуға болады. Өйткені, ұлы балуан ата атын­да­ғы оқу орнының бүкіл ұжымы өз алдарына биік белес қойып отыр. Жанпейіс ҚОБЛАНОВ, Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы спорттағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернат директорының орынбасары. Астана.