• RUB:
    5.5
  • USD:
    473.95
  • EUR:
    513.38
Басты сайтқа өту
03 Желтоқсан, 2010

Салық саласындағы жаңа жүйе сыбайластықтың жолын кеседі

591 рет
көрсетілді

Бүгінгі таңда мемлекеттік органдар үшін халықтың, қоғамның шынайы сеніміне ие болудан артық мәртебе жоқ. Осыған орай Қар­жы министрлігінің Салық комитеті сы­байлас жемқорлыққа қарсы страте­гиялық бағдарламаларды жүзеге асыру бағытында бірнеше кешенді шаралар қа­былдады. Олар негізінен «Салық төлеу­шілердің хартиясы», «Салық қызметі органдары қызметкерлерінің кәсіптік әдеп кодексі» және басқа да заң актілерінде қаралған нормативтік-құқық­тық ережелерді қамтиды. Бұл құжат­тардың  негізгі мақсаты Салық кодексі және басқа заң актілерінде қаралған мемлекет пен салық төлеушілер арасындағы салық міндеттемелерін орындауға бай­ланысты қатынас­тарды реттейді. Олар мемлекет мүддесін қорғауға, қоғамның салық органының қызметіне қанағат сезімін қалыптас­тыру­ға, сыбайлас жемқор­лық көрі­ністеріне жол бермеуге, оған төзім­сіздік танытуға, қызметті адал ат­қаруға, сы­пайы, әдепті болуға, жоғары кәсіби жұ­мыс үшін барлық күш-жігерді жұмсауға және моральдық-этикалық нор­ма­ларды сақ­тауға жетелейді. Осы шаралар аясында Қызылорда қа­ла­сы бойынша салық басқармасында құ­қық­тық сауаттылықты көтеру, сыбайлас жем­қорлыққа жол беретін құқық бұзу­шылық әрекеттердің алдын алу мақсат­тарында 10 семинар-кеңестер, 3 дөңгелек үстел кездесулері ұйымдастырылып, кәсі­би сабақтар өткізілді. Жергілікті баспасөз бет­терінде 32 мақала мен хабарламалар жарияланды. Облыстық телекомпаниямен бірлесіп «Салық және халық» тақыры­бында апта сайын хабарлар ұйымдас­тыру­да. Арнайы бейнероликтер дайындалып, жергілікті және республикалық телеарналардан ұдайы көрсетіліп келеді. Сондай-ақ «Сета» радиосы арқылы салық төлеушімен салық органдары ара­сындағы міндеттілікке қатысты түсіндіру жұмыстары, салық заңнамадағы өзгеріс­тер кеңінен айтылып, салық әкімшілігін жетілдіру жөнінде ұсыныстар жинақталу жолға қойылған. Сонымен қатар, Қызыл­орда қаласы бойынша салық басқарма­сында тиісті құқық қорғау және басқа да мемлекеттік органдармен бірлесіп, заң бұзушылықтың алдын-алу, сыбайлас жем­қорлық әрекеттеріне жол бермеу бағы­тында өз құзыреттері шегінде бірқатар шараларды жүзеге асыруда. Дегенмен әртүрлі заң бұзушылықтың, оның ішінде сыбайлас жемқорлыққа қа­тыс­ты іс-әрекеттердің, негізінен қолын­да билігі бар, халыққа қызмет жасайтын мем­­лекеттік органдар жүйесінде де орын ала­­тыны жасырын емес. Мұндай келең­сіздік қоғамның, халықтың тиісті мемлекеттік мекемеге, оның лауазымды адам­дарына деген сеніміне селкеу түсіреді. Осыған орай әрбір сала бойынша халыққа мемлекеттік қызмет көрсетудің регламенттері бекітіліп,  салықтық сауалдарға деген сұранысты жетілдіруге, талдау, зерттеу жұмыстарын жиі жүргізуге мән берілуде. Бүгіндері бізде салық жүйесі бойын­ша мемлекеттік қызметтің 16 түр­лері бойынша халыққа қызмет көрсеті­леді. Мемлекеттік қызметтерді ұсыну стан­дарт­тары – салықтық қызметтерді тұ­тыну­шы – салық төлемгері үшін бекітілген са­лықтық қызметтердің тәртібін тү­сіндіретін құжат. Ұсынылатын салық қыз­меттерінің сапасын арттыру үшін әрбір қызмет көрсету орталықтарында салық заңнама­лары мен мемлекеттік қызмет көрсету стандарттары жөнінде, сонымен қатар барлық салық қызметін тұтыну­шылардың талап-тілектері мен арыз-шағымдарына ауызша және жазбаша жауап беру үшін арнайы терезе ұйым­­дас­тырылған. Ақпараттарды қабылдау және өңдеу орталықтары құжаттарды сақтау үшін шкафтармен жабдықталды. Салық төлем­герінің назарына  салық есептіліктерінің тапсырылу мерзімдері жөніндегі өзгеріс­тер туралы хабарламалар  ұсынылған. Салық органдары көрсететін қызметке кезекте тұрған азаматтарға диван, кресло,  теледидар  қойып, қолайлы жағдай жа­салған. Салық қызметі қызметкер­лері­нің салық төлеушімен тікелей бай­ла­нысын қысқарту мақсатында және де кезекте ұзақ тұруды болдырмау үшін, электронды түрде салық есептілігін  тап­сыру жөнінде жұмыстар жүргізілуде. Са­лық төлеу­шілердің терминалдары бүгінгі күн талабына сай компьютерлермен, серверлік жабдықтармен қамтамасыз етілген. Электронды салық төлемгерлеріне мұн­дай мүмкіндіктер қала бойынша жеті сауда орталықтарында орналасқан. Қазақстан Республикасы Салық  кодексінде көрсетілгендей салық төлеуші­лер, салық агенттері өз қалауы бойынша: өзі келу тәртібімен; хабарланатын етіп пошта арқылы тапсырыстық хатпен; уәкі­летті орган белгілеген жағдайларда ақ­паратты компьютерлік өңдеуге болатын электронды түрде табыс етуге құқылы. Ақпаратты қабылдау және өңдеу орта­лық­тары мемлекеттік қызмет көрсету стан­дарттарының талаптарына сәйкес  сенбі, жексенбіден басқа  күндері  күнделікті таңертеңгі сағат 9-дан кешкі сағат 17-ге дейін үзіліссіз жұмыс істейді. Сонымен қатар, басқа мемлекеттік  органдармен ақпараттарды электронды түр­де алмасу жолға қойылған. Бүгінгі таңда салық төлемгерлерінің  85 пайызға жуығы салық есептілігін электронды түріне тап­сырады. Нәтижесінде  кәсіпкерлер  өз­дері­­нің отырған орындарынан  салық есеп­­тіліктерін электронды түрде  тап­сырып, бет есептерін көруге, хабарлама алуларына толық жағдай жасалды. Бұл салық бас­қармасында кезекті болдыр­маудың бірден-бір жолы. Егер де салық төлемгері салық органынан қандайда бір анықтама алу керек болса, онда оларды казіргі заманға сай  салық төлемгер­лерінің ақпараттарды қабыл­дау және өңдеу орталығында тездетіп беру  жұ­мысы қалыптасқан. Осының нәтижесінде бюджеттің қосымша табыс көзін іздестірудің мүмкіндіктері ай­­қын­далуда. Бұл жүйе, салық органдарындағы кездесетін заң бұзушылықтардың, оның ішінде сыбайлас жемқорлық пен құқық бұзушылықтың алдын алуға негіз қа­лайды. Себебі салық төлеушілерге көр­се­тетін қызметтер электронды түрде ат­қа­ры­лып, төлемгерлердің тиісті  мекеме қыз­меткерлерімен жеке байланысы бол­майды.  Аталған жүйе сондай-ақ салық ор­ган­дарының кемшіліктерін, оны туын­да­татын себептерінің алдын алу, анықтау, жіберілген кемшіліктерді жөндеу, жауап­ты қызметкерлерге шара көруді жетілдіріп, қоғамдық пікірді ескере отырып, құқықтық нормативтік актілерді өз мәнінде орын­дауға мүмкіндік жасайды. Сонымен қатар барлық салық қызметін тұтынушылардың талап-тілектері мен арыз-шағымдарына ауызша және жазбаша жауап беру үшін арнайы  жәшіктер  ашылған. Қала тұрғын­дарына 30-18-53 нөмірлі «сенім» телефоны әрдайым  қыз­мет етуде.  Қазір аталған «сенім» теле­фонына түскен арыз-шағымдар тиісті заңдарға сәйкес қаралып, оларға  жауап берілуде. «Сандж» зерттеу орталығы арқылы салық төлеушілердің пікірлері зерттеліп отырады.. Қызылорда облысы бойынша 2008 жылы «Сандж» зерттеу бойынша қанағаттану  коэффициенті – 41,0 пайыз, 2009 жылы 82 пайыз болып анықталды. Қазір салық әкімшіліктендіруін жүр­гізу барысында да істелетін кейбір са­лықтық бақылау жұмыстары (ҚҚС бо­йынша камералдық тексеру, акциздік салық айналымдарын анықтау, пирамида бағдарламасы, ірі салық төлемгерлерінің қызметіне зерттеу, талдау жүргізу, жал­ған кәсіпорындарға қатысты деректерді қада­ғалау) және салық төлеу­ші­лерге қа­тысты уәкілетті органдардан алынатын бірқатар деректер автомат­тандырылған жүйеде жүргізіледі. Жалпы айтқанда салық тө­леу­шімен салық қызметі орган­дары ара­сын­дағы міндеттілікке қатысты қаты­настар автоматтанды­рылу­да, оларға көр­сетілетін қызмет түр­лерінің сапасы, сауалнама деректеріне сүйенсек, жағдай  біртіндеп жоғары дең­гейге  көтеріліп келеді. Өткен жылы Астана қаласында өткен “Сыбайлас жемқорлықпен күрес және үйлесімді басқару – Шығыс Еуропа мен Орта Азияның экономикалық және әлеу­меттік дамуындағы алғышарт” халықара­лық конференциясында Елбасы Нұрсұл­тан Назарбаев “Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы” Заңын бұрынғы кеңестік кеңістік елдері арасында алғаш болып қабылдағанын, біздің қоғамы­мыз­дың сыбайлас жемқорлықпен әртүрлі­ дең­гейде жан-жақты ымырасыз күрес жүр­гізіп жатқанын баяндаған болатын.  Еліміздің салық саласы қызметкерлері де осы күреске өз үлестерін қосуда. Жо­ғарыда аталған жұмыстар салада сыбай­ластықтың алдын алуда, жолын кесуде өз нәтижесін берері анық. Серік МҰСТАФАЕВ, Қызылорда қалалық салық басқармасының бастығы.