Басқа басылымдардан
Euronwes агенттігі Қазақстанның Ауғанстанға көмегіне қатысты бірнеше ақпарат берген. Оның бірінде Қазақстан Президентінің «Ауғанстанда тұрақтылық орнауына пейілдіміз, сол себептен антитеррорлық коалицияға мүше болып отырмыз», – деген сөзін беріп, біз ауған халқының тағдырына алаңдаймыз, 31 жыл бойына соғыс жағдайында өмір сүріп келген, осыдан 30 жыл бұрын дүниеге келген ауған азаматының қолына күрек емес, тек автомат ұстағандығына, енді оларды тер төгіп еңбек етуге үйретудің маңызы жоғары деп есептейтініне тоқталады.
Сондай-ақ, агенттік АҚШ Мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтонның Қазақстанның Ауғанстандағы қауіпсіздікті сақтауға ықпал ететін халықаралық күштердің құрамына өз әскери нұсқаушылары мен саперлерін жіберетін болғандығын хабарлағанын айтады. «Сонымен, Ауғанстандағы әскер құрамында енді 49 мемлекеттің әскері болатын болды»,– деген Хиллари Клинтон Қырғызстанның өтпелі кезеңдегі президенті Роза Отунбаевамен арадағы келіссөзден кейін.
Клинтонның айтуынша, қазіргі күні Ауғанстан аумағына күн сайын 3,5 мың НАТО әскері, 6 мың тонна түрлі жүк өткізіліп отыр.
Deutsche Welle Ресей мен АҚШ арасындағы үнқатысу тең жағдайда жүргізілсе, ЕҚЫҰ пайдасы көбірек болады деген тақырыппен Ұйым жұмысын ілгерілетуде жаңа көзқарастар, стиль қажет деген Ресей Федерациясының президенті Дмитрий Медведевтің сөзін мысалға келтіреді.
Ресейдің Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына деген «махаббаты» Косоводағы соғыстан кейін суыды. Өйткені, осыдан кейін Ресей Ұйымды АҚШ-тың құралы деп қабылдады, деп жазады неміс баспасөзі.
НАТО-ның Лиссабонда Ресей жағы зымыранға қарсы қорғаныс жүйесін құруға қатынасады деген уәдесі нақтыланбай отыр. Егер де АҚШ Сенаты Стратегиялық қаруларды қысқарту (СНВ-2) шартын ратификациялайтын болса, онда ЕҚЫҰ-ның жұлдызды сәті туатынына күмән жоқ, дейді немістің тағы бір басылымы– Frankfurter Rundschau газеті.
Швейцарияның SF агенттігінің тілшісі Кристоф Францен ЕҚЫҰ Саммитінде Ұйымды қалай күшейту жайындағы түрлі мемлекеттер ұстанған пікірлер мен ұсыныстарға тоқтала келіп, немістер Ұйым өз жұмысын бұрынғы қалпында жүргізіп, бірақ қойылған міндеттердің дұрыс орындалу жағын қанағат тұтса, Қазақстан ЕҚЫҰ қарайтын мәселелер ауқымын кеңейтуді ұсынады. Ал АҚШ Ұйым Ауғанстанда белсенді қимылдау жағын алға тартса, соңғы кездері Ұйымды адам құқығы мен сайлауға қадағалау жұмыстарында көп сынайтын Ресей оны артқа шегіндіргенді жөн көреді. Олар ЕҚЫҰ-ны егер кикілжің орнаған уақытта нақты ережесі бар Ұйымға айналдырғысы келеді. Ал ол Ұйымның өз тарихында бұрын болған, оған қайта оралу, артқа шегінудің белгісі дейді.
UzReport Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Пан Ги Мунның Астана Саммитінде Ұйым өңірлердегі ұзаққа созылған дауларды шешуде өзі басшылық ететін Бас ұйымның көмегіне сүйене алады деп айтқанын алға тартып, ЕҚЫҰ кеңістігіндегі бірнеше осындай кикілжің ошақтарындағы келіспеушілікті тек келіссөздер қарымымен қайтаруға болады деген Бас хатшы пікірін келтіреді.
Бас хатшының Ұйымға төрағалық етуші Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы арасында және азиялық елдер ішінде алғашқы төраға –Қазақстанның түсіністік пен ықпалдастықтың жаңа дәуірінің жолын салудағы еңбегіне тоқталды, дейді UzReport.
Қытайдың халықаралық радиосы Астана Саммиті турасында өз тыңдаушыларына хабар таратқан. Онда Саммитке 65 елдің делегациясы мен Ұйымның 12 әріптес елінің өкілдері қатысқандығы айтылған. 11 жыл бұрын Түркияда өткен саммиттен кейін бас қосқан форумның жұмысы жайындағы хабарда радио Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Сондықтан Астанадағы Саммит – жаһандық қауіпсіздіктегі ЕҚЫҰ перспективаларын талдау үшін жақсы мүмкіндік. Біздіңше, ЕҚЫҰ-ның алдағы онжылдықтағы басты міндеті – қайшылықтарды рет-ретімен шешу, сенім мен интеграцияны, соның ішінде қазіргі бар мемлекетаралық бірлестіктер аясындағы интеграцияны нығайту. “Шығыс-Батыс” жүйесі бойынша бұл, бір жағынан, Еуропа Одағы мен НАТО-ның, екінші жағынан, ЕурАзЭҚ пен ҰҚШҰ арасындағы өзара іс-қимылды жолға қою. Осылайша өткен ғасырда қалыптасқан трансатлантикалық интеграция орынды түрде трансеуразиялық интеграциямен толығуы мүмкін» деген сөзін берген.