күміс көмей, жезтаңдай әнші Үкілі Ыбырайдың 150 жылдығы Қызылжар өңірінде кеңінен аталып өтті.
Биыл жергілікті билік орындары мен қоғамдық ұйымдардың белсене атсалысуымен Қызылжар өңіріне ғана емес, елімізге танымал тұлғалардың мерейтойлары кеңінен аталып өтті. Атап айтар болсақ, Пір Бекет атаның – 260, Шоқан Уәлихановтың –175, Сәбит Мұқановтың – 110, Жұмабек Тәшенов пен Жәлел Қизатовтың 90 жылдық мерейтойлары рухани бірлікке үндеуімен, ойлылығымен жұртшылықтың есінде қалды. Біртуар азаматтардың есімдері жер-жерлерде уағыздалып, ескерткіштер орнатылды. Көше аттары беріліп, ғылыми конференциялар мен кездесулер өткізілді. Қожаберген жыраудың ескерткішінің ашылуына атақты академик Салық Зиманов бастаған зиялы қауым өкілдері келсе, жуырда ғана 150 жылдығы аталып өткен Үкілі Ыбырай Сандыбайұлының өмірі мен шығармашылығын насихаттауға қоғам және мемлекет қайраткері Кәкімбек Салықов жетекшілік еткен делегация Қызылжар өңіріне ат басын тіреді.
Еліміздің әр қиырынан келген мәртебелі меймандар алдымен Жалғызтаудың баурайында орналасқан ақын-әншінің туған ауылына келді. Ұлы сазгердің балалық шағы өткен, табиғаты әсем Өскен ауылына есімі беріліп, қоладан құйылған мүсін мектеп ауласына орнатылды. Салтанатты шарада облыс әкімі Серік Біләлов сөз сөйлеп, артына өшпес мұра, мол қазына қалдырған халық сазгері есімінің ұмытылмайтынын, игі шаралардың жалғасатынын жеткізді. «Жеті жарғы және Қожаберген жырау» қайырымдылық қорының төрағасы Бекет Тұрғараев, дауылпаз жыршының немересі Елемес әжей өз ойларын ұрпақтар арасындағы сабақтастықпен байланыстырды. Айыртау ауданының орталығы — Саумалкөлдегі мәдениет үйінде бейнефильм және концерт тамашаланды.
Дүлдүл ақын-әншінің туған жерінде мәре алған мерейтой одан әрі облыс орталығында жалғасты. Қаланың қақ ортасынан ескерткіш, гүлзар, ойын алаңы ашылып, шырша көшеттері отырғызылды. Келесі жылы бұл жерде субұрқақ орнатылатын болды. Погодин атындағы орыс-драма театрында Қ.Байбосыновтың, Қ.Құлышеваның, С.Оспановтың қатысуымен ән кеші өтіп, Үкілі Ыбырайдың халық арасына кең тараған әндері шырқалды. М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде «Сарыарқаның суырыпсалма ақыны» атты ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылды. Онда сөз алған К.Салықов көзі тірісінде ел еркесі, ән-жырдың серкесі атанған дауылпаз ақын, алдына жан салмаған үздік әншінің композиторлық, ақындық ерекшелігін жіктеп берді.
Сөз орайында ақынның өмірі мен шығармашылығын жете зерттеумен айналысқандардың бірі жергілікті журналист Сәркен Құлмағанбетов болғанын айта кеткен жөн. Марқұм университет қабырғасында оқып жүргенде профессор Есмағамбет Ысмайыловтың жетекшілігімен диплом жұмысын жазған. Құнды деректер жинастырған. Кейін «Қайран, Гәкку» кітабын шығарған.
Шыны керек, Үкілі Ыбырайдың өмірі мен шығармашылығында «ақтаңдақ тұстар» әлі де көп. Мәселен, көптеген әндері әлі күнге дейін басқаларға телініп жүр. Халық әндері ретінде таныстырылады. Өйткені, «Колхоз құрылысына қарсы үгіт-насихат жүргізген. Ақ бандылармен бірге болған, оларды жасыруға көмектескен» деген туысының жаласынан кейін ол ату жазасына бұйырылған. Кейін «үштіктің» үкімімен жаза ауыстырылып, он жылға бас еркінен айырылған. Одан кейінгі тағдыры белгісіз. Ол жайлы алыпқашпа әңгімелер көп. Қашан, қай жерде қайтыс болғаны әлі күнге дейін анықталмаған. Мұның бәрі зерделі зерттеуді қажет ететінін ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысушылар атап көрсетті.
С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрында өткен әдеби-сазды кеш те жұртшылықтың көңілінен шықты.
Өмір ЕСҚАЛИ.
Солтүстік Қазақстан облысы.