Сәрсенбі күні Ақордада Мемлекеттік хатшы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевтың төрағалығымен Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Азаматтық мәселелер жөніндегі комиссиясының кезекті мәжілісі өтті. Комиссия отырысы барысында әлемнің түрлі елдерінде тұратын Қазақстан азаматтығын алғысы келетін адамдардың мәселелері қаралды.
Бүгінгі комиссияның отырысы әлемдік деңгейдегі оқиға – Астанада өткен ЕҚЫҰ Саммитінен кейін және Жаңа жылдың алдында өткізілуде. Елбасы Н.Назарбаевтың басшылығы арқасында Қазақстан 19 жылдың ішінде әлеуметтік-экономикалық және демократиялық дамуда көңіл тасытатын биіктерге жетті. Халықаралық қоғамдастықта беделді орынға ие болды. Оның айғағы – Мемлекет басшысының бастамашылығымен еліміздің беделді Ұйымға төрағалық етуі және 11 жылдық үзілістен соң Астанада Ұйымға қатысушы елдер мемлекеттер және үкіметтер басшыларының саммитін өткізу болды, деді отырыста Мемлекеттік хатшы – Сыртқы істер министрі.
Сондай-ақ, ол Қазақстанның қарқынды дамуының тағы бір айғағы – көптеген елден біздің ел азаматтығын алуға ниет білдірушілер санының артып отырғанын, бұл ел экономикасының мықты қуатын білдіретінін атап өтті. Мұндай жандар өз өмірлерін біздің елмен байланыстырғысы келеді. Сондықтан, осы комиссия отырысынан кейін біздің отандастарымыздың қатары көбейетін болады, деді Қ.Саудабаев.
Еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдарда Қазақстанның азаматтығын 600 мыңнан астам адам алса, олардың басым бөлігінің азаматтық алуға деген өтініштері соңғы жылдардың еншісіне тиесілі екен.
Комиссия отырысының қорытындысында 16 мыңнан астам өтініш қаралды. Қ.Саудабаевтың айтуынша, Елбасының арнайы Жарлығы қабылданғаннан кейін, осы мәселеге тікелей мүдделі мемлекеттік органдардың міндеті отандастармыздың біздің ортаға тезірек бейімделуін жылдам және жауапкершілікпен жүзеге асыру, сондай-ақ, олардың Қазақстанның дамуына өз тараптарынан да үлес қосуларына мүмкіндік жасау болып табылады.
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.