Төл оқулығымызды шығарып, сонымен білім бере бастағанымызға да 15 жылдың жүзі болып қалды. Осы игілікті ісіміз ілгері басқалы жетістігіміз бен олқылығымыз туралы әңгіме аз айтылып келе жатқан жоқ. Жақында Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов осы мәселеге ден қойып, оқулықтар мен оқу әдістемелік кешендер сараптамасының нәтижелерін қарастыру жөніндегі республикалық кеңестің отырысын өткізді. Бұл кеңес министрліктің арнайы бұйрығымен бекітілгенін де еске сала кетсек дейміз. Республикалық кеңестің құрамына ел Парламентінің білім, ғылым саласына қатысы бар депутаттар, мемлекеттік, қоғамдық, үкіметтік емес ұйымдардың, педагогикалық және ғылыми ортаның білікті мамандары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері тартылған.
Кеңесті ашқан министр Б.Жұмағұлов осыған дейін атқарылған жұмыстарға өзінің оң бағасын беретінін, істі бастағанда кері кеткенді бері тарту деген ниеттен аулақ екенін, барды жетілдіріп, кемді толтыру мақсатында жұмыс жүргізілетінін атап өтті. Басты мақсат – Елбасы ұйытқы болып келе жатқан өнеркәсіп саласындағы «Алтын сапаны» білім саласында да өрістету үшін жақсы оқулықтың жөні бөлек, деген ол: біздің негізгі көтеріп отырған мәселеміз, қазір оқулық қандай болу керек деген әңгіме емес, бардың сапасын көтеру, балама оқулықтар арқылы бәсекелестікті арттыруды жолға қою деді. Сонымен қатар, соңғы кездері оқулық мәселесі бизнеске айналып кеткенін, тіпті өз еліміздің мықты педагогтары мен ғалымдары тұрғанда қырғыз, өзбек авторларына оқулық жаздыру мәслесінің орын алғанын бүгіп қала алмады. Әрине, зейін қойып іздесек, гуманитарлық пәндер бойынша оқулық жазатын ғалымдар мен әдіскерлердің өз Отанымызда да жетіп артылатынын, әлемдік білімнің ортақ көпірі саналатын математика, физика, химия, биология пәндері бойынша озық дүниені ортақ пайдалануға шек қойылмайтынын да еске салды.
Оқулық пен оқу әдістемесі ендігі жерде қалай шешіледі деген мәселеге келгенде министр бұған дейін автор жазған оқулық «тағдыры» «Оқулық» орталығында шешіліп келсе, ендігі жерде ол үрдіс жаңа талап бойынша, атап айтқанда, шыққан дүние министрліктің орта білім департаментінде тіркеліп, одан кейін аталмыш орталықта қаралып, оның нәтижесі аталмыш департаментте тексеріліп, отандық білім беру стандартына сай ма, сай емес пе деген мәселе Ыбырай Алтынсарин атындағы Білім академиясында тексеріліп, арнайы құрылған республикалық кеңесте оқулықтың мазмұны мен мәні сараланатынын тілге тиек етті. Миллиондаған ұл мен қыздың саналы да сауатты болып өсуіне өлшеусіз септігін тигізетін оқулық жазу оңай емес, оған үлкен жауапкершілікпен қарау – талаптанған әрбір автордың мойнына зіл-батпан жүк артып қана қоймай қарыз бен парызға адалдығын көрсетеді деп түсінемін. Шыны керек, оқушылар мен ұстаздар, ата-аналар бізге үлкен сенім артып, қолымызға қандай оқулық түсер екен деп отыр. Ендеше сол жазылған оқулықтарды сарапқа салып, ақ-қарасын анықтайтын 34 білікті азаматтардан тұратын республикалық комиссия құрдық. Ендігі жерде оқулық шығарудағы монополия жойылып, алқалы кеңес арқылы шешу жолға қойылады. Бұл тұрғыдан келгенде, осы кеңсе мүшелеріне жүктелер жүк осал емес. Сенімге селкеу түспес деп ойлаймын. Тағы бір айтарым, кеңес мүшелеріне мол мүмкіндік жасалып, ақы төленетіндігі. Қажетті жағдайда қосымша сараптама жасайтын азаматтар алу керек болса, оған да жағдай жасалынады. Бұл білімнің негізі саналатын оқулық пен оқу әдістемені жетілдіру үшін жасалып жатқан ерекше жұмыстар. Бұл жұмысты жеріне жеткізе атқару ісі комиссия мүшелерінің ар-ожданына жүктеледі, деді Бақытжан Жұмағұлов.
Қолға алынған елдік іс, ұрпақтың тағдырына қатысты айтулы шара туралы кеңес мүшелері өз ойларын ортаға салды. Сенатор, ғалым Ғарифолла Есім өз сөзінде көптен бері толғандырып жүрген мәселе енді оң жолға бет алғанын, осыған дейінгі жазылған оқулықтардың бәрі бірдей іске алғысыз еместігін, жетілдіру жөніндегі пікірге қосылатынын жеткізсе, оқулық жазу мәселесімен көптен бері айналысып жүрген академик Әлия Бейсенова, тәуелсіздік жылдарында оқулық жазу оңай болмағанын, әйтсе де ұмтылыстың нәтижесіз еместігіне мысалдар келтіріп, ешкімнің бетіне жел болып тимей, барды бағалай отырып, білім саласы бойынша «Алтын сапаға» жету міндетін орындауға қол жеткізуіміз керек, алдағы жылдары біз де өнеркәсіп иелері секілді абыройға кенелуге тиіспіз. Оған педагогтар мен ғалымдардың мүмкіндігі бар, деп экологиялық білім беру жайын қозғады. Профессор Немеребай Нұрахметұлы болса оқулық туралы кейбір жаңсақ пікірлерге өкініш білдіріп, мектептерде оқулықтарды оқытудың бір жүйесінің болмай келе жатқанын, мысалы, жаңа оқу жылында әркім әр түрлі оқулықтармен жұмыс жасайтынына нақты мысалдар келтірді. Мұндай кезде осыны жолға қоятын министрліктегі «мырзалар» қайда қарап отыр деген ойға қалатын едік. Енді бұл мәселе оң шешімін табатынына көз жеткізіп отырмыз. Оның үстіне республикалық дәрежедегі комиссияның құрылуы оқулық жазатын авторларды ойландырары сөзсіз. Бұған қоса бізге үлкен сенім жүктеліп отырғанын, бұл сенімнен шықпау ұрпақ тағдырына немқұрайлылық деп білемін, деген ойын қадап айтты. Ал профессор Фаузия Оразбаева осы уақытқа дейін оқулықтардың үлкен сараптамадан өтпегенін, сөйтіп, елге жетпегенін енді міне, үш сатыдан еленіп шығатын дүниелердің сапасының артатыны ақиқат, дей келіп, балама оқулықтардың көп болғаны жақсы, талапқа жауап беретінін таңдап, сұрыптап алуға жол ашатынын салыстыра отырып мықты оқулықты оқушы қолына тигізуге болатынын алға тартты. Заман өзгерісіне қарай әр оқулыққа төрт жылда бір өзгеріс-жаңалық енгізіліп отырылуы тиіс. Бұл баяғыдан бар тәжірибе. Сол кезде оқулық қайтадан сыннан өтіп, алдағы уақыттың өлшеміне жауап бере ме, бермей ме деген мәселе шешіледі. Оқулықты қолданатын мектеп мұғалімі мен оқушы, ата-ана. Пәнді қалай беру керек, ұл мен қыздың ұғымына сай түсінетін құрал қайтсе жақсарады, оқулық әдістемесі мен теориясында не қамтылу қажет дегенді олар бес саусағындай біледі. Ендеше, біз оқулық жазғанда, оны сыннан өткізгенде мұғалімдердің пікірімен санасуымыз керек. Сонда ғана оқулық жақсарып, желдей гулеген әңгімелерге тосқауыл қойылатын болады деді.
Отанымыз бойынша 1997-2007 жылдар аралығында қазақ, орыс, ұйғыр тілдерінде І-ІІ сынып оқушылары үшін 714 оқулық, 1717 оқу әдістемелік кешен жарық көріпті. Ендігі жерде осы құндылықтарымыз білім-білігі мықты, арлы азаматтардың елегінен өтіп, қайта басылымында әттеген-айлардан арылып, ел игілігіне, ұрпақ қажеттілігіне жарайтын болады.
Сүлеймен МӘМЕТ.