Жақында оңтүстіккореялық POSCO E&C компаниясы мен «Қандыағаш газ-турбиналы электр стансасы-100» АҚ арасындағы меморандумға облыс әкімі Елеусін Сағындықов және POSCO E&C компаниясының аға вице-президенті Ли Мунг Чул қол қойды. Бірнеше жылдан бері қолға алынғанмен құрылысы бастала қоймаған Қандыағаштағы қуаттылығы 127 мегаватты құрайтын газ-турбиналы электр стансасына осы компания болашағы зор жоба ретінде қарап, инвестиция салуға ниет білдіріп отыр. Үстіміздегіі жылдың мамыр айында аталған жобаны жүзеге асыруға байланысты алдын-ала келісімге алғышарттар жасалған болатын. Оңтүстіккореялық инвесторлар электр стансасының құрылыс алаңы, инженерлік инфрақұрылымдарымен толық танысып, сондай-ақ, жергілікті тиісті басқармалар мен департаменттерде, энергия жүйесі қызметтерінде болып, зерттеулер жүргізді. Аталған мекемелерде шетелдік компаниялардың қатысуымен жобаларды жүзеге асырудың өзіндік ерекшеліктері талқыланған болатын.
POSCOE &C компаниясы өкілдері шілде айында Ақтөбе өңіріне екінші рет келіп, облыс әкімінің орынбасары Р. Кемаловамен, сондай-ақ «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ және «Ақтөбеэнергоснаб» ЖШС басшылығымен кездесулер өткізіп, газ тасымалдау және электр энергиясын сатып алуға байланысты ұзақ мерзімді келісімді бекіту жайын әңгіме өзегіне айналдырды. Елбасымыздың қыркүйек айындағы Ақтөбе облысына сапары кезінде Қандыағаш ГТЭС құрылысының жобасы мен POSCO E&C компаниясының инвестор ретінде құрылысқа қатысу мүмкіндігі туралы айтылған -ды. Бұл кездесулер өз нәтижесін бере бастады Алдағы уақытта POSCO E&C компаниясы АҚ құрамына акционер ретінде енуді көздеуде. Егер көзделген межелер игеріліп жатса, POSCO E&C компаниясы бұдан да ірі жобаларға инвестиция салуға ықыласты.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ.
Ақтөбе облысы.