Айыртаулықтар қос қуаныштың куәсі болды. Аудан орталығы Саумалкөлде жиырма жыл бойы иесіз тұрған 78 пәтерлі тұрғын үй қалпына келтірілді. Күрделі жөндеу жұмыстарымен «Омис-строй» ЖШС айналысып, бюджеттен бөлінген 244 миллион теңгені тиімді жұмсай білді. Оның ашылу салтанатына қатысқан облыс әкімі Серік Біләлов пәтер кілттерін соғыс және еңбек ардагерлеріне, бюджеттік сала қызметкерлеріне табыс етті. Алда облыс бойынша 17 көп қабатты үйлерді күрделі жөндеуден өткізу міндеті тұр.
Ауданда жаңа элеватор да іске қосылып, 40 адам жұмыспен қамтылды. «Айыртау-Астық» фирмасының жетекшісі Алмас Бүбінеевтің айтуынша, өндірісті кеңейтуге 855 милион теңге қаражат жұмсалған. Сөйтіп, астық қабылдау сыйымдылығы 15 мың тоннаға жеткізілген. Келесі жылы сыйымдылық екі есеге ұлғайтылмақшы. Кәсіпорында шетелдің озық құрал-жабдықтары орнатылған. Сөйтіп, Қызылжар өңірінде элваторлардың жалпы сыйымдылығын 200 мың тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік туды.
Өмір ЕСҚАЛИ.
Солтүстік Қазақстан облысы, Айыртау ауданы.