• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
24 Желтоқсан, 2010

Сенім мен тұрақтылық Саммиті

507 рет
көрсетілді

Астанада өткен ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшыларының Саммиті халық­аралық қауіпсіздік мәселелері, оның ішінде Ауғанстан мен Таулы Қара­бақ­тағы жағдайлар және биыл Қазақстанның осы ұйымға төрағалық еткенде атқарған жұмыстарын қорытындылайтын басқосу болды. Сонымен қатар, 1999 жылдан бері өтпеген осы халықаралық ұйымға кіретін мемлекеттер және үкіметтер басшы­ла­ры­ның бұл басқосуында ЕҚЫҰ-ның көп­те­ген ұйымдастыру мәселелері де жан-жақты талқыланды. ТМД елдерінің ішінде алғаш рет осы беделді халықаралық ұйымға төрағалық еткен Қазақстан үшін және Еуроатлантика мен Еуразияда қауіпсіздікті қамта­ма­сыз етуде бұл Саммитті өткізудің қажет­тілігі мен көкейкестілігі мыналар болды: 1.Осы ұйымға кіретін мемлекеттер және үкіметтер басшылары қабылдаған жаңа Еуропаға арналған 1990 жылғы Париж хартиясында: «Мемлекет және үкі­мет басшылары оған қатысқан мемлекеттерге өткен уақыттағы істерін қоры­тындылауға мүмкіндік беріп, олардың алған міндеттерінің қорытындыларын тал­дау және осы ұйым аясындағы бола­шақ қадамдарды талқылау үшін екі жыл­да бір рет жиналады» делінген. Бірақ, Париж хартиясының айналасындағы бүгінгі жағдай ұйым мүшелері осы ресми құ­жатта көрсетілген негізгі нормалардың бірін орындамай тұрғанын көрсетеді. ЕҚЫҰ-ның соңғы Саммиті 1999 жылы Ыстамбұлда өтті. Одан кейін осы ұйым мемлекет басшылары жоғары дең­гейде бас қосқан жоқ. Ыстамбұл саммитінде қол қойылған көптеген жаһандық мәселелерді шешуге бағытталған құжат орындалмады. Сөйтіп, ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттердің осы ұйымға халық­ара­лық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін тиімді аймақтық құрылым ретінде қызы­ғу­шы­лығы әлсірей бастады. Өткен ға­сыр­дың 90-жылдарының аяғынан бастап ЕҚЫҰ «формальді ұйымға» айнала бас­тады. Ал жаһандану кезінде әлемдік қоғам­дастықтың барлық мүшелерінің алдында қауіпсіздік мәселесі кез келген уақытта алдыңғы қатарға шыққанда, ол ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттерден келісілген іс-қимылды талап етеді. Жоғарыда келтірілген жағдайлар Қа­зақ­стан төрағалық еткен кездегі ұйымға мүше елдер басшыларының Саммитін өткізуге негіз болды. Саммит ЕҚЫҰ ке­ңіс­тігінде кез келген уақытта қауіп төн­ген­де немесе тосыннан пайда болған проб­лемаларға уақытында жауап беруге жол табатын және ұйымды бүгінгі күннің жағдайына бейімдейтін басқосу сипа­тында көрінді. Астанадағы Саммит ЕҚЫҰ-ның жұ­мы­сын жандандырды, ұйымның ішіндегі дағдарыстан шығуға жаңа серпін берді және оған мүше елдердің ХХІ ғасырдағы қауіпсіздікті қамтамасыз ететін қауым­дастығын қалыптастыру арқылы 1975 жылғы Хельсинки үдерісінің қағидат­та­рын жаңа заманға сай икемдеді. Қазақстан биылғы ЕҚЫҰ-ға төраға­лығында өзінің басым салаларын, оның ішінде созылмалы қақтығыстарды реттеуде, терроризммен күресте және шыдам­ды­лыққа тәрбиелеуде, сонымен қатар, Ауғанстанды қалпына келтіруді іске асы­руда көптеген істер атқарды. ЕҚЫҰ төр­ағасы ретінде Қазақстан Қырғызстандағы қақтығыстарды тоқтатуда маңызды рөл атқарғанын халықаралық сарапшылар жоғары бағалады. ЕҚЫҰ-ның Астана­да­ғы орталығы басшысының орынбасары Жаннет Клетцер Қырғызстанда демо­кра­тия­лық даму жолында әлі де жұмыс­тар­дың көп істелуі керек екенін айта келіп, Қа­зақ­станның 6-8 сәуірде сол елдегі оқи­ғалар кезіндегі бітімгерлік рөлін атай келіп, «ЕҚЫҰ елдерінің үнқатысуы оң қо­ры­тынды беретін жағдай жасалды», деп атап көрсетсе, ЕҚЫҰ зерттеу орталы­ғы­ның бастығы В.Зельнер «бұл жағдайда Қазақстанның жеке бір ел емес, ЕҚЫҰ-ның Төрағасы ретінде көрсеткені өте құнды болды», деді. Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық еткені Еуропада ТМД елдері туралы қа­лыптасқан көптеген стереотиптерді бұз­ды. Еліміз енгізген жаңалықтарға ЕҚЫҰ-ны Ауғанстан мәселесін шешуге тарту, Еуропадағы қауіпсіздік бойынша «Корфу үдерісі» аясындағы консультациялар алмасу жөніндегі бастамалар жатады. 2010 жылғы Төрағалық кезіндегі басым ба­ғыттардың бірі есірткінің заңсыз айна­лы­мымен күрес, энергетикалық қауіп­сіздікті қамтамасыз ету, адам сату, оның ішінде алдымен балаларды сатумен күресу, әйел­дердің қоғамдық және саяси өмірге белсенді араласуы, сондай-ақ олардың құқық­та­рын қорғауды қамта­масыз ету болды. Өшпенділік негізінде болатын қылмыс­тар­ды ескеру және рома мен синти ха­лықтарының жағдайы мен олардың қоз­ғалыс еркіндігін қамтамасыз ету істерін де осы қатарға қосқан жөн. Саммиттің еуропалық пішінде және жоғары деңгейде өтуі Қазақстанға үлкен жауапкершілік жүктеді. Сондай-ақ, бұл саммит ЕҚЫҰ-ның қазіргі кездегі қауіп­сіздікті қамтамасыз етуге бейімделуімен бірге, оған мүше мемлекеттер азамат­тары­ның осы ұйымға деген сенімін арт­тыр­ды. Халықаралық сарапшылардың көп­­шілігі ЕҚЫҰ-ның Астана Саммиті әлем­дегі қарым-қатынастардың архитек­турасын өзгерте алғанын мойындады. Бұл саммиттің күн тәртібін жасауға 400-ден астам үкіметтік емес ұйымдардың сарапшылары қатысты. Солардың бірі, Германияның АҚШ-тағы бұрынғы елшісі және сыртқы істер министрінің экс-орынбасары Вольфганг Ишингер «Әлем өзгерістің қажет­тілігін, қазіргі шаралар­дың қауіпсіздікті, оның ішінде тек әскери ғана емес, сонымен қатар, энергетикалық және ақпараттық қауіпсіздікті тиімді қамтамасыз ете алмайтынын түсінді», десе, Шелл компаниясының қаржы сарап­шысы Ник Роуэн «Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі жаһандық қауіп­сіз­діктегі Орталық Азияның стратегиялық рөлін мойындау» дей келіп, Астанадағы саммитті ұйымның әрмен қарай да­муындағы және жалпы толығырақ ал­ғанда жаһандық деңгейдегі ұжымдық стратегия қалыптастыру мүмкіндігі деп бағалады. Әрине, Қазақстан төрағалығының бір жылы да көзді ашып-жұмғанша өте шықты. Қаржы сарапшысы Ник Роуэннің айтуы бойынша, осы қысқа уақыт ішінде «...Қазақстанның атағы ғарыштық дең­гей­ге дейін көтерілді. Ол әлемдік геосаясатта белгілі орны бар ойыншыға ай­налды. Бұл осы елдің әрмен қарай да­муына, оның ішінде экономика сала­сының да дамуына негіз болады». Көп­теген сарапшылармен бірге, біз де Астана Саммиті жаһандық қарым-қатынасты жаңа сатыға, мемлекеттер арасындағы сенім мен өзара тұрақтылықты және ЕҚЫҰ-ның тиімділігін жаңа сатыға көтерген халықаралық деңгейі жоғары, беделді биік шара болды деп санаймыз. Жанұзақ ӘКІМ, ғалым, Еуропа жаратылыстану ғылымдары академиясының мүшесі.