Әлемдік бірліктің жаңаша бастауы Астана төрінде басталды. ЕҚЫҰ-ның Саммиті ХХІ ғасырдың басты оқиғасы бола отырып, әлемдік даму стратегиясына айналған 56 мемлекеттік басқосуы қазақ тарихына алтын әріппен жазылары сөзсіз. Бүкіләлемдік тарихқа көз жүгіртсек, мұндай жұлдызды сәттер санаулы ғана.
Қазақ топырағында әлемдік деңгейдегі өткізілген бұл басқосуды бүкіл әлем ерекше назарда ұстағаны белгілі. Алайда шаттық пен күдік қатар өрбігені тағы мәлім. Ал Астана Саммиті Елбасы ойлағандай, үлкен жетістікпен, зор табыспен аяқталып, болашаққа жол сілтеді. Батыс пен Шығысты ортақ келісімге келтіру қай заманда да оңайға соқпағаны белгілі. ЕҚЫҰ-ның алдында тұрған зор міндет Еуроатлантикалық және Еуразиялық кеңістік арасындағы мәселелерді шешуде үлкен қадам жасалуы зор жетістік болып табылады.
Қазақстан Республикасының әлемдік қоғамдастықтағы беделі одан сайын арта түсті. Әлемдік ақпарат көздері Қазақ елінде өткен тарихи форум туралы, оны ұйымдастырған ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев туралы пікірлері мен құттықтауларын қарша боратты. Иә, кім не десе о десін, шын мәнінде бүгінде кез келген Қазақстан азаматы өз елі үшін және өз елін басқарып отырған Нұрсұлтандай кемеңгер көшбасшысымен мақтана алады. Нұрсұлтан Назарбаев «Әлемдік қоғамдастықты түбегейлі жаңарту стратегиясы және өркениеттер серіктестігі» деп аталатын кітабында «Өркениеттер шиеленісуі» болуы мүмкін. Сол себепті планетааралық, ең бастысы, қарама-қайшылықтар сілкінісіне жол бермеу керек, деп жазған болатын. Астана Саммиті әр елдің алдына жарқыраған бағдаршам іспетті не істеу керек, қалай қарай жүру қажет деген нақты сұрақ қоя білді.
Орта жолда тоқтап қалып, қалай, қай бағытпен жүруін білмей қайраңда қалған ел аз ба тарихта. Міне, осы тұрғыдан қарағанда, елімізге, сүйікті Отанымызға қызыға да қызғана қараушылар баршылық. Әрине, елімізде өткен ЕҚЫҰ-ның VІІ Саммиті біз үшін маңызды, қуанышы да өте зор. Бұған жеткен жол да ұзақ болды. Алдағы уақыттарда Қазақстан мемлекетінің алдында әлемге үлгі боларлықтай атқарар істер тұр. Жеңіс қашанда бірлік пен ерліктің арқасында келері сөзсіз. Ел бірлігін сақтау, ұлтаралық татулықты ұлықтау әр қазақстандықтың қасиетті парызына айналуы тиіс. Бүгінде Қазақ елінің тарихи миссиясы тәуелсіз Отанымызды әлемдік аренада саяси және әлеуметтік-экономикалық күрделі құбылыстар ортасынан сүрінбей алып өтіп, жер жаһан таныған қуатты елге, батыс пен шығысты жалғайтын алтын көпірге айналдыру болып табылады. Мұндай тарихи міндетті еліміздің сенімді Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев бастап атқарып шығатынымыз күмәнсіз.
Әлемдік қоғамдастықта әділ саясат қажет. Саясатты шағын топ жасайды, бірақ көпшілік пікір айтады. Ф.Д.Рузвельт: «Саясатта кездейсоқтық деген болмайды, ол – баспен ойлап, қолмен істелетін нәрсе», деген екен.
Астана Саммитінде қол жеткізілген қорытынды құжат – Елбасының еңбегінің жемісі. Жер шарындағы 6 млрд.-тан астам халықтың қайсысы бейбіт өмірді қаламайды дейсіз?! Ал Астана Декларациясының барша әлемге бейбітшілік пен қауіпсіздік, сенім мен достық ұрығын шашқаны анық.
Әлімғазы Есжанов, Ораз Жандосов атындағы орта мектептің тарих пәні мұғалімі.
Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Сөгеті ауылы.