Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың атына ел тәуелсіздігінің 19 жылдығымен құттықтаулар келіп түсуін жалғастыруда, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі.
Ресей Федерациясының Президенті Дмитрий Медведев өз құттықтауында былай деп жазыпты: «Қазақстан басшылығының халықаралық аренадағы дәйекті бағыты, жауапты да бастамашыл саясаты республиканы бүкіл әлемде жоғары беделге бөледі. Ресей мен Қазақстанды достық пен тату көршіліктің бай тарихи дәстүрлері байланыстырады. Бүгінде біздің елдеріміздің стратегиялық әріптестігі Еуразия континентіндегі интеграциялық үдерістерге оң серпін беріп отыр».
Италия Президенті Джорджио Наполитано итальян халқының атынан барша қазақстандықтарға береке-бірлік тілеген: «Сізді сондай-ақ ЕҚЫҰ-ға төрағалықтағы, әсіресе, Астанада Саммит өткізудегі қол жеткен табыстармен құттықтағым келеді. Бұл оқиға Сіздің еліңіздің бейбітшілік пен халықаралық қауіпсіздікке деген шынайы ұмтылысын көрсетіп берді».
Австрияның Федералдық Президенті Хайнц Фишер Қазақстан халқына береке және бақытты болашақ тілеген.
Қазақстандықтарға және тікелей Нұрсұлтан Назарбаевқа өз құттықтауларын Шығыс Америка және Нью-Йорк митрополиті, шетелдегі Орыс православие шіркеуінің бірінші иерархы Илларион, Нидерланды Королевасы Беатрикс жолдаған екен.
Латвия Республикасының Президенті Валдис Затлерс Қазақстан Президентіне жолдаған хатында: «ЕҚЫҰ-ға төрағалықты атқарған мемлекет ретінде Қазақстанға Ұйымның міндеттері мен перспективасын анықтау жөніндегі белсенді жұмысы үшін тағы да өз ризашылығымды білдіргім келеді, сондай-ақ Қазақстан Республикасының елордасы – Астанадағы ЕҚЫҰ Саммиті кезіндегі жылы шырайлы қабылдаулар үшін алғысымды айтамын», деп жазады.
Әзірбайжан Республикасының Президенті Ильхам Алиевтің құттықтау хатында: «Әзірбайжан-Қазақстан достығы бай дәстүрге ие, мемлекетаралық қарым-қатынастар өзара сенім мен қолдауға негізделген, біздің ынтымақтастығымыз, екі жақты түрде де, халықаралық ұйымдар аясында да, біздің халықтарымыздың мүдделеріне, біздің елдеріміздің өркендеуіне үнемі қызмет етеді және аймақта бейбітшілік пен тұрақтылықтың сақталуына үлес қосатын болады», – деп атап өтілген.
Сондай-ақ Тәуелсіздік күніне байланысты құттықтау Куба Республикасы Мемлекеттік Кеңесі мен Министрлер Кеңесінің Төрағасы Рауль Кастро Рустен келіп түсті.