Әлем алдында біртұтас ел, ынтымағы берік халық екендігімізді тағы бір көрсете білдік. Тарихы мол, келешегі зор мемлекет ретінде Қазақстан үлкен ұйымшылдықпен аса маңызды саяси оқиғаны атқарып шықты. Өйткені, ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Саммиті – мемлекет басшыларының дүние жүзіндегі маңызды кездесуі. Мемлекеттің басшылары, көптеген халықаралық ұйымдар мен бірлестіктердің жетекшілері, танымал саясаткерлер елордамыздың төрінде бас қосып, ғаламдық проблемаларды талқыға салғаны – айрықша тарихи оқиға.
Осыдан 11 жыл бұрын Түркияның Ыстамбұл қаласында ЕҚЫҰ Саммиті өтті. Яғни, ол басқосу өткен ғасырдың, екінші мыңжылдықтың соңында болды. Әлемде беделі зор халықаралық ұйымның осындай маңызды басқосуы бұған дейін Азияда болған емес. Бұл жерде Түркияның 97 пайыз жері Азияда жатқанымен, Ыстамбұл қаласының Еуропада орналасқанын айта кеткен жөн.
Өткен ғасырдың соңына дейін бірқатар елдер қарулануға ден қойды, кейбір елдердің бір-біріне «Ол маған соғыс ашып жібермей ме?» деген күдігі басылмай келген еді. Ал бүгінгі заман қауіп-қатерді төндіруді емес, әр түрлі апаттардан бірлесе отырып қорғануға ұмтылыс жасауды талап етуде.
Астана Саммиті жаңа, ХХІ ғасырда өткенінің өзі – елеулі жаңалық. Адамзат баласы үшінші мыңжылдыққа аяқ басты. Білім мен ғылымның, рухани байлықтың жетістіктерімен күш сынасатын кезең келді. Соғысумен емес, спорттық жарыстармен ашық сайысқа түсетін ғасыр басталды. Осыны ұғына білген мемлекеттер, көрегендік саясатын жүргізген басшылары өркениет жолында жасампаз жетістіктерге қол жеткізетіні анық. Сондай жолмен келе жатқан елдің бірі – Қазақстан!
Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі үлкен Саммитпен жалғасын тапты. Астана Саммитінде күн тәртібіне шығарылған мәселелер, ортақ пікірге келіп, қабылданған шешімдер ЕҚЫҰ-ның алдағы қызметіне ғана емес, дүние жүзінің келешектегі дамуына әсер ететіні сөзсіз.
Астана Саммитінде жылдар бойы ЕҚЫҰ шеңберінде қордаланған проблемалар мен қарама-қайшылықтарға дұрыс талдау жасалды, маңызды мәселелер талқыға түсті.
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Астана Саммитінің ашылуында әлем алдындағы аса үлкен жауапкершілікті сезіне тұрып, байырғы қазақ жерінде, Қазақстанның елордасы – Астанада, Еуразияның жүрегінде, мыңжылдықтар бойы адамзат тарихын жасаған ұлы халықтардың диалогы басталғанын жария етті. Елбасы Самитте ұсынылып отырған Астана декларациясы мен іс-жоспарларының жобалары Ұйымның барлық мүшелері тарапынан қолдау табатынына сенетінін айта келіп: «Бұл біздің халықтарымыздың қауіпсіздігі мен гүлдену ісіне қосылған үлкен ұлы үдеріс болар еді. Алып Еуразия құрлығын «Сенім. Дәстүр. Ашықтық және Төзімділік» сынды жалпы құндылықтарға негізделген ортақ кеңістікке айналдыру өз қолымызда. Біздің Саммиттің тарихи маңызы мен атқарар жүгі де осында деп білемін», – деді.
Осы Саммитте ЕҚЫҰ-ның бірінші өлшемі аясында әлем қауіпсіздігіне баса назар аударылды. Сенім мен қауіпсіздік шараларын нығайту, жаппай қырып-жоятын қару-жарақтар таратуды ауыздықтау, терроризмге, ұйымдасқан қылмысқа, адам саудасы мен есірткінің заңсыз айналымына қарсы бірлесе күресу мәселелері кеңінен талқыланды. Сонымен қатар ЕҚЫҰ-ның экономикалық-экологиялық себетінің басымдықтары қаралды. Соңғы жылдары табиғаттың тосын мінез көрсетуімен бірге, адам қолымен жасалған экологиялық апаттар да аз емес екені белгілі. Арал проблемасы да қозғалды.
Көптеген елдің басшылары ЕҚЫҰ-ның үшінші өлшемі негізінде адам құқықтары мен негізгі бостандықтарын қорғау, гуманитарлық қолдау мәселелерін сөз етті.
Бізге дейін осы халықаралық ұйымды басқарған елдер мұндай Саммитті өткізе алған жоқ. Оның әр түрлі себептері болған шығар, алайда, барлық мүше мемлекеттердің қолдауына ие болып, Саммит өткізу – аса жауапты міндет, абыройлы миссия.
ЕҚЫҰ Саммитінің өз дәрежесінде өтуіне әрбір азамат атсалысты. Осы орайда аталмыш форумға дейін және одан кейін Парламент депутаттары да Қазақстанның ішкі және сыртқы саясаттағы ұстанымдары туралы шетел парламентшілерімен кездесу өткізгенде және БАҚ өкілдеріне берген сұхбаттарында үнемі айтып келеді.
Айта кету керек, қазір Қазақстанға келгісі келетін шетелдік саясаткерлер де, саяхатшылар да өте көп. Әсіресе, соңғы жылдары еліміз туралы көбірек білу үшін арнайы сапармен келген азаматтарды жиі кездестіріп жүрміз. Астанаға келген шетелдік әріптестерімізбен жүздескенімізде, олар Қазақстанның әлемдік қоғамдастықтағы беделі, халықаралық мәселелерді шешудегі рөлі жайлы, ел Президенті Н.Назарбаевтың саяси маңызы зор бастамалары жөнінде шын пейілдерімен оң пікірлерін айтады. Сондай ізгі ниеттес азаматтар өз елдеріне барған кезде де, Қазақстан туралы дұрыс пікірді тарататынына кәміл сенеміз. Өйткені, олар еліміз туралы басқа біреуден естіген жоқ, жаңа заманға лайықты дамып келе жатқан мемлекетті өз көздерімен көрді, азаматтарымен пікір алмасты. Қазақ еліне деген сенімі қалыптасты. Мұның барлығы мемлекетіміздің айбынын асырып, игі істерін әйгілеп, атағын алысқа жеткізе түсері сөзсіз.
Қазір еліміздің тұрғындарымен тілдесе қалсам, әр азамат Астанадағы ЕҚЫҰ Саммитінің ойдағыдай өткенін, маңызды құжат – Астана Декларациясының қабылданғанын мақтанышпен айтады.
Осы орайда еліміздегі өндіріс орындарында, әр түрлі ұжымдар мен ұйымдарда, денсаулық сақтау мекемелерінде, жоғары, орта арнаулы оқу орындарында, мектептерде Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі және Астанада өткен ЕҚЫҰ Саммитінің тарихи маңыздылығын түсіндіру бағытында үгіт-насихат жұмыстарының жүргізілгені дұрыс деп есептеймін. Әр түрлі деңгейдегі көрмелер ұйымдастырылса, мәдени іс-шаралар мен байқаулар өткізуге де болар еді. Өркениет жолына бастаған мемлекетіміздің азаматтары саналы, өз заманының озық ойлы азаматтары болуы қажет деп есептеймін! Өйткені, ЕҚЫҰ-ның Саммиті Қазақстанда енді 50 жылдан кейін болуы мүмкін.
Қазір тарихи құжаттарда, келісім-шарттар сөз болғанда «Варшава шарты», «Женева шешімі» деп жиі айтылып жүр. Сол сияқты келешекте «Астанада қабылданған Декларация», «Астанада қол жеткізілген ЕҚЫҰ Саммитінің шешімі» деп айтылатыны анық. Оған сілтеме жасағанда қысқаша «Астана Саммиті», «Астана келісімі» деп атайтыны жасырын емес.
Бүгінгі таңда әлемнің алпауыт елдері тарапынан Қазақстанның геосаяси орналасуының өзіне үлкен мән берілуде. Еуразияның нақ ортасында жатқан еліміз Батыс пен Шығыстың арасындағы саяси-рухани және сауда-экономикалық қарым-қатынасты жалғастырушы алтын көпір екені анық. Келешекте автокөлікпен, поезбен және ұшақпен тасымалданатын жүктердің басым бөлігі Қазақстан арқылы өтетін болады. Осы орайда қазір «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзит дәлізінің жобасы жүзеге асырылуда. Сол секілді Қытаймен шекарадан кіретін темір жол еліміздің нақ ортасымен жүріп өтіп, Маңғыстау өңірі арқылы Иранға қарай шығып кететін болады. Осы жобалардың халықаралық маңызы айрықша. Сонымен қатар, бірқатар қалалардағы әуежайлар алып ұшақтарды тоқтаусыз қабылдайтындай жағдайға келтірілуі қажет. Сол кезде мұхит үстіндегі айналма жолдармен ұшып жүрген бірқатар елдердің ұшақтары Қазақ елінің әуе жолын жалға алып, ақы төлейтін болады, Астана, Алматы, Қарағанды, Ақтөбе, Орал, Қостанай және басқа қалалардағы әуежайларға қонып, жанар май құйып, әрі қарай ұшатыны анық. Ол үшін біздің әуежайлар халықаралық талаптарға сәйкес қызмет көрсете білуі керек.
Саммит өткен соң еліміздің сала басшыларының қатысуымен өткізген қорытынды кеңесте Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев барша қазақстандықтарға өз құттықтауын жолдады. Елбасы бұл мыңжылдықтың алғашқы Саммиті ғана емес, мың жылда бір рет болатын оқиға екенін баса айтты.
«Мен беделді ұйым Астана Саммитінің жемісті өтуімен баршаңызды құттықтаймын! Біз бірін-бірі жылдар бойы көрмей келген ел басшыларының басын қосып, мәмілеге келтірдік. Еуропа мен Азия ұғымын біріктіріп, қауіпсіздіктің кеңістігін кеңейттік. Ұзаққа созылған ортақ келісімнен кейін, тарихи Астана Декларациясын қабылдап, Ұйымды жаңа белеске көтердік!», – деді Нұрсұлтан Әбішұлы.
Еліміздің тәуелсіздік алғанына биыл 19 жыл. Тарих үшін бұл бір сәттік оқиға секілді. Осы қысқа мерзімде мемлекетіміз орасан зор жетістіктерге жетіп, әлем елдері алдында беделге ие болғаны – Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың даналығы, сұңғыла саясаткер екендігі. Елдің де, Елбасымыздың да игі бастамалары әлемдік қоғамдастықта қолдауға ие болып келеді. ТМД елдері ішінен Қазақстанның бірінші болып ЕҚЫҰ-ға төрағалық еткені – халқымыз үшін үлкен абырой. ЕҚЫҰ-ға жетекшілік еткеніміз және Астана Саммитін жоғары деңгейде өткізгеніміз тек қана Қазақстан тарихында жазылып қалмайды, бұл оқиға әлемдік шежіреде мәңгілікке жазылып қалатыны анық.
Бауыржан СМАЙЫЛОВ, Парламент Мәжілісінің депутаты.