Мұсылманның бесінші парызы – қажылықтың барлық рәсімдерін өтеп, ихрамнан шығудың алдында тақырлатып алғызған шашымыз біршама өсіп қалғанымен, таңғы сағат төрттер шамасында Әл-Харам мешітінің азаны құлағыма жеткендей болып, ұйқымнан оянып кететінім бар. Кейде түсімде сан мыңдаған адамдармен бірге жалаңаяқ, жалаңбас қалпымда Қағбаны айналып жүргендей болсам, кейде Сафа мен Мәруаның арасында, жан ұшырып жүрген Ажар анамыздай, аяғымның қаншалықты талғанына қарамастан, жасыл белгілер аралығында жүгіріп келе жатқандай көрінемін. Қай кезде де бойым сергіп, қуанып оянамын.
Мұсылманшылықтың ең бір қасиетті шарты қай парызыңды өтесең де, оның Жаратушы Иеміз тарапынан қабыл етілуін күтетінің болса керек. Парыздарыңды күн сайын адал атқара жүріп, мұсылманшылықты ұстануың да, Исламға шынайы берілгендігің мен оны қорғауға әзір тұруың да өмір бойы күтуің арқылы жүзеге асады екен ғой. Қажылыққа аттанып бара жатқан ауқатты екі төресіне ілесе кеткен шаруа адамының қажылығы қабыл болғандығы жөніндегі әдемі тәмсілдегідей Алла тағаладан ниетімізді қабыл етуін өтінгеніміз жөн болар.
Алланың қолдауымен осы жылдың 31 қазаны күні ұшаққа отырып, Ыстамбұлға бет түзедік. Жолаушылардың саны 150, бәрі де бір ғана ақ ниетпен қажылық борышын өтеуге кетіп барады. Атақты түрік шаһарына аман-есен келген соң Сұлтан Ахметтің көк мешітінде құлшылық жасадық. Сосын Ыстамбұлды автобуспен араладық, жан-жағы теңіз, көз тартқан көрікті тарихи орындары бәрімізге ұнады. Осындайда атажұртты тастап көшкен түрік бауырларымыздың Еуропаның бір шетінен орын теуіп, Мекке мен Мәдинаға жолымызды жақындата түскеніне шүкіршілік еткендейсің. Әлде бұл «Түрік әуе желісі» компаниясы ұшақтарының жаңалығынан, немесе түрік ұшқыштарының Мәдина әуежайын жете білуінен болар, әйтеуір Мәдинаға біздің ұшақтардан гөрі түрік ұшақтарының кіруі оңай екен. Кім білсін, енді бірер жылдан соң Астана мен Алматыдан көтерілген біздің ұшақтар Мәдинаны бетке ала жатар. Қалай болғанда да, 1 қарашаның таңғы алакеуімінде Мәдинада болдық, Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) мешітіне жақын маңдағы еңсесі биік қонақүйге орналастық. Осы арада аспан астын жаңғыртып, азан да шақырылды. Адамзаттың сұлтаны Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) қасиетті мешітінде таң намазын жамағатпен бірге оқыдық. Зәмзәм суымен шөлімізді бастық. Бірден айта кетелік, жоғарыда аталған Ажар анамыздың адамдар көрінбес пе екен деп, екі төбенің арасында зыр жүгіруі, осы кезде шырылдап жер тепкілеп жылаған болашақ пайғамбарымыз Исмаилдің (ғ.с.) өркенділік тарап, өмір жалғасқан өкшесінің астынан су шыққанда естілген аян осы «зәмзәм» сөзі (құммен қорша) екен. Мұсылман арасында жиі кездесетін есімнің (қазақшасы Смайыл ғой) біздің қажылық тобымызда да болғанын, бір Смайылдың баласы мен немересі қажылық сапарына қатысқанын, өздері парыздарын өтеп болған соң екеуі әкесі мен атасының құрметіне бәдәл қажылық жасағанын айта кетелік. Барша мұсылман үшін қастерлі екі қаладағы қасиетті екі мешітте (Саудия Королін «қасиетті қос мешіттің қызметшісі» деп те айтады) ғана қанша ішсең де емін-еркін қойылатын зәмзәм суын қазіргі кезде қажылыққа барған әр адамға 10 литрлік ыдыспен беруге рұқсат етілетін болыпты.
Біз Мәдинада 4-5 күн түнедік, мұндағы қасиет тұтып, бару керек болған орындардың барлығына бардық. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) дінсіздерге қарсы соғыста жараланған Ухуд тауында болдық. Бізді бастап барған жолбасшыларымыз «осында жетпіс сахаба шейіт болған, ішінде Хамза батыр да бар» деді. Атақты батырдың аты аталғанда біздің көңіліміз босады. Бір байқалған жәйт, осы батырларға ескерткіш тас қойылмаған, қорғанның сыртын қоршап қойыпты. Жалғыз осы жерде ғана емес, Мекке мен Мәдинадан бірде-бір тас мүсін, ескерткіш көрген жоқпыз.
Бізді айрықша толқытқан орын – Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) жатқан жері, мұнда ұлы жанның өзі және сүйікті ізбасарлары – Әбубәкір мен Омар қатар жатыр. Жанынан өткен тізбек-тізбек мол нөпір дұғасын айтып, құлшылығын жасап, бір Аллаға сыйынып, Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) салауат айтып, егіліп-елжіреп, кейбіреулер көздерін сүртіп, қамығып барады. Иә, өмірінде бірде-бір рет теріс мінез танытпаған, жан баласын ренжітпеген, дүние-мүлікке қызықпаған ғажайып жан туралы Құран кәрімде өте нанымды айтылған: «Мұхаммед әмин – сенімді Мұхаммед деп бала жастан толық сенім артқан, өмірінде еш өтірік айтпаған, биязы мінезді, сондай-ақ ешкімнен оқымаған бола тұра, даналықтың ең кемеліне ие екенін жақсы біледі» («Мүмин» сүресі, 69-аят). Өмірінде жалған сөйлемеу – кез келген парасатты жанның ізгі тілегі ғой. Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) Алланың берген кемеңгерлігін ешкім де жоққа шығара алмайды. Оны көзі тірісінде-ақ досы да, дұшпаны да мойындаған. Қасиетті мешіттің ішіндегі қасиетті орынға дейін жетуге үш әрекетіміздің соңғысында ғана мүмкіндік болды. Бұл орынға қажылыққа келген топтардың ұйымдаса баруы дегенді көрмедік. Әркім өз қалауына қарай барып, зиярат етіп жатты. Өз тобымыздағы пысықтардың біріміз деп жүрсек, онымыз бекер екен. Біз Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) жатқан орынға жеткенде «Ансар Круиз» қажылық компаниясының көк желетін киген, біреулері Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) жатқан жердің дәл қабырғасы түбінде, енді біреулері ол үлкен намаздар кезінде имандық атқарған орынның дәл алдында намаз оқуда екен. Алматы қаласынан келген Еркінбек Молдахметов жас жағынан өзіміз қатарлы болғанымен, Жамбыл облысынан келген, бұрын ортаңқол басшылық қызметтерде болған Маматай Несіпбаев жетпістерді алқымдап қалған кісі. Солардың артынан тұрып, біз де намаз оқыдық.
Мұхаммед (с.ғ.с.) жайлы Американың оқымысты академигі Майкл Х.Харт «100 ұлы адам» атты кітабында Пайғамбарымызды (с.ғ.с.) ең бірінші ұлы адам деп таниды. Академик оған мынадай анықтама береді: «Христиандардың саны мұсылмандардан екі есе көп. Сол себепті Мұхаммедтің (с.ғ.с.) бұл кітапта Исадан (ғ.с.) бұрын жазылғаны оғаш көрінуі мүмкін. Бірақ мұның екі себебі бар: біріншісі – Иса (ғ.с.) христиан дінінің негізін және философиясының негізін қалағанына қарамастан, Мұхаммед (с.ғ.с.) Исаға (ғ.с.) қарағанда маңызды рөл атқарған. Мұхаммед (ғ.с.) Ислам теологиясының негізін қалаушы, ол ең бірінші болып иманды адамдар санының көбеюіне ықпал етті, адамдарға ислам негіздерімен өмір сүруді үйретті. Оған қоса ол қасиетті кітап Құран кәрімді Алладан жеткізуші» (Москва. Изд. «Вече» 1992 ж. стр. 28).
Бұл өмірде Алла жолына қызмет істеп, қаншама пайғамбарлар өтті, солардың ішіндегі ең ардақтысы – Мұхаммед (с.ғ.с.) екені анық. Осы себепті оған Алланың сүйікті құлы, әрі ардақты пайғамбары деп иман келтіреміз.
Мәдинада кісі мол, қасыңдағы адамнан сәл көз жазып қалсаң – адасасың. Бір-бірімізді таппай, іздеген кездеріміз де болды. Соған қарамай, қажылар тиісті рәсімдерін өтеді. «Ансар Круиз» қажылық компаниясында апаларымыз бен әпкелеріміздің, замандастарымыз бен қарындастарымыздың көп болғаны айрықша қуантқан. Себебі, қандай істер де аналардан бастау алып жатса, оның тұрақты болатыны сөзсіз. Оның үстіне Индонезия, Малайзия, Түркия, Нигерия және басқа елдерден келген топтардың кем дегенде тең жартысы әйелдер екенін көзбен көрдік. Біздің қазақ әйелдерінің де имандылық жолына бет бұруы бүкіл қоғамды сауықтыра түсетіні сөзсіз деп ойлаймын. Қазір де жастары 70-тен асып кеткен Тараз қаласынан келген Пәтима Шыналиева мен Тәжікүл Жақыпбекова, Шымкент қаласынан келген Ханбибі Әліпова мен қажылық парызын жетінші рет өтеген Бараш Төлешова, Қостанай қаласынан келген ұлты татар Адиба Гатеевна Гатина мен Қантай Бөпежанова, астаналық Дәметкен Молдыбаева мен өскемендік Нұрлыхан Берекбосынова, қарағандылық Қалтай Атажанова мен Гүлбану Нүркенова есіме түссе, жүрегім жылып сала береді. Біздің қажылық сапарымыздың ойдағыдай әрі көңілді өтуі де осы апаларымыздың арқасы болса керек.
Біз 5 қараша күні жұма намазын оқыған соң Мәдинадан Меккеге қарай автобуспен жолға шықтық. Сапарға шықпас бұрын, бәріміз де ихрам кидік. Бұл қажылықтың басты бір шарты болғандықтан, ер азаматтар үшін біршама қиындығы да бар оны мінсіз атқаруға тырыстық. Автобусқа мініп-түскенде, демалып отырғанда әшейінде ашық-шашық жүретін басымыз ыңғайсыз жағдайларға да тап болып жаттық. Кейін ғой, жаңа түскен келіндей болып, етегімізді қымтап жүруге үйренгеніміз.
Екі қаланың арасындағы жол өте жақсы, теп-тегіс, жері тау-тас, құм-шағыл. Ағаш-орман байқалмайды, сарқырап ағып жатқан өзен көрмедік. Алайда құт-береке тұнған, ырысы шалқыған Мәдинаға да, әсіресе, Меккеге халықтың ықыласы орасан. Дүниенің бар түкпір-түкпірінен тоғытылып келіп жатқан халықта қисап жоқ. Бәрі де Алладан медет тілеп келіп жатады. Сонау Марокко, Косово, Күрдістан, Ауғанстан, Түркіменстан, Қырғызстан, Бангладеш, Қытай, Корея, Үндістан, Иран, Ирак, т.б. елдерді атауға болар еді.
Қажылық парызын өтеу үшін әлемнің барлық бұрышынан келген халықтар бір-бірімен тілдесе алмаса да, бірін-бірі түсінбесе де, намазды бір-ақ тілде оқығандықтан болар, бір-біріне мейіріммен, ықыласпен, жылы шыраймен қарайды. Аяғын қағып, жайнамазын басып, иықпен итеріп, қолдағысын абайсызда қағып түсіріп жіберсеңіз де – ләм деп ренжімейді, қабақ та шытпайды. Қайта күлімсіреп қарайды. Құран кәрімдегі: «Шын мәнінде мүміндер бауырлас қой» деген сөздің шындығына көзіңіз жеткендей болады.
Мәдина мен Меккеде жүргенде түр-түсі ақтар мен аққұбаны да, қаралар мен қараторыны да, қоңырлар мен сарыны да көрудей-ақ көрдік. Көбісі киімдеріне қай елден келгендерін жазып қояды, ал жазбағандарына өзіңнің Қазақстаннан келгеніңді айтсаң, қай елден екенін бірден жеткізеді.
Біздің ұғымда қажылыққа бару өмірдегі бір белес сияқты қабылданатыны анық. Ал Меккеге қадам басқан басқа халықтардың көбі – жастар, бойжеткендер мен бозбалалар. Бізге жұрттың айтуынша, бұл болашақ отау иелері, осында келіп, құдіреттің көрінісінен тәлім-тәрбие алмақ, өмірдің ішкі терең сырларына бойлап, көп дүниеге көңіл аудармақ, адалдықтың, пәктіктің, нағыз тұрақты ақ некенің түп негізі Ислам дінінде екеніне көздерін жеткізбек. Міне, осындай үлкен жолдан өткен өрімдей жастардың үй құрағанда отбасы тұрақты болып, баянды да бақытты ғұмыр кешеді екен.
Өзіміз қатарлы атыраулық Күләш Сүтеновамен, оралдық Күләш Дәулетовамен, астаналық Бақыт Қажыбаевамен, өскемендік Нұрбану Уәлиевамен, қостанайлық Сайым Садақбаевпен, Сабыржан Ахметовпен, шымкенттік Құрасбек Сауытбековпен сөйлескенімізде, өздерінің үлкен парызды өтеуге қазір дайын екендіктерін, енді бірі жағдайдың жаңадан келгенін айтып жатты. Мұның екеуі де жөн шығар. Ал осы парызды өтеуге жастай дайындауға болмас па еді. Өз тобымыздағы алды 30-ға жетпеген, арты кәмелетке жаңа толған Ғалымжан Матов пен Еркебұлан және Сырым Исабаевтарға, Дәулет Мұхамеджан мен Олжас Қайратұлына қарап, біздің жастарымыздың да мұсылманшылық парызға деген ықылас-ниеттері дұрыс екеніне көз жеткізгендей болдық. Ал ақтөбелік Бейбіт Қапанова мен астаналық Жамал Аяпова, Оңтүстік Қазақстанның Ордабасы ауданынан келген Күмісбек Аймырза әйелдердің 50 жасқа толғанда, еркектердің 60-ты алқымдағанда қажылыққа барғанын жөн санайды.
Мекке мен Мәдина жайлы, қажылық жайлы Мәшhүр Жүсіп Көпейұлына сөз берсек, ол қажыға қазақтан ертеде кімдердің барып қайтқаны жайлы мол мәлімет ұсынады: «Біздің бұл қазақ естіген жерде Уақ Нүркен байдан бұрын қажыға барған кісі жоқ, ол кісі тоқал қатынымен кетіп, Семей қаласы, Аякөз, Піскек, Тоқпақ, Алматы, Әулиеата, Тәшкент, Бұқар жолымен төрт жыл жүріп, аман-есен барып келген» (Орталық ғылыми кітапхана, папка №1645).
Мәшhүр Жүсіп Көпейұлы қажылыққа тағы кімдердің барғанын да тізбелеп айтып шығады: «Сол Нүркеннен соң қажыға Күлік Самай сопы мен Баян қаласынан дуан аузы алғаш ашылғанда, указ болған Байжан хазірет екеуі кетіп, екеуі де сол жақта өлген. Бұлардан соң үшінші қажыға барған кісілер: тобықты Құнанбай, Айдабол Қишыл, Қыстаубай, Малай, Жәдігерлерден – Егізек, Жанайдар батыр», – дейді де, бұдан әрі қарай сөзін түйіндеп, қорыта айтады: «Орта жүзден жиырма кісі барыпты. Кіші жүзден табандаған жүз кісі барыпты. Жүз жиырма кісі болып, арасын айырмай тізе қосып, қол ұстасып жүрген соң және өздері де көзге түсерлік әр таптың қасқа-жайсаңы көрген таңырқарлық болыпты. Қазақ байғұстың салпиған тымағының құлағын, сүйретілген тонының етегін, саптама етігінің қонышын, аңқиған аузын көрген соң, көрген қызығып, сұқтана бастайды ғой. Ноғай дәлилі мен сарт дәлилі таласыпты, сонан соң Мекке бастығын «Шәриф» дейді екен де, Мәдина бастығын «Шейх» дейді екен. Олар алдына алдырып сұрапты:
– Сіздер мәскеулік боласыздар ма, жоқ бұхартіл боласыздар ма? – деп. Сонда Қажы басы Құнанбай екен, ол кісі сөйлепті:
– Біз мәскеу-сәскеуіңді білмейміз. Бұхартіл-сухартіліңді де білмейміз. Сарыарқа деген жерде бетімен қаздай қалқып, үйректей жүзіп, өніп-өскен «Қазақ» деген жұрт боламыз, – депті.
Қазақ деген жұрт болады екен деп тарих ақтарып, шежіре қаратып таба алмапты. Біреу айтыпты:
– Бұл табылса, Бағдат Шәрифте Имам Ағзам кітапханасы бар. Сонан табылар депті».
Сол кездегі көкірегі ояу, көңілі сәулелі бабаларымыз өздерінің кім екенін таныту үшін әрі қарай ерінбей-жалықпай ізденіпті: «Бұлар ортасынан кіші жүз Досжан халфені жіберіпті, барғандар: «Табылды, қазақ деген жұрт Әнес ибн Мәліктен өрбіген екен» деп, нұсқа көшіріп алып келіп, сонан бұл жүз жиырма кісі ортасынан расход шығарып, «қазақ тәкиесі» деген тәкие салдырып, Құнанбай атына жаздырыпты» десе, біз бұған шәк-шүбә келтірмейміз.
Ойламаған жерден, қарашаның он бірі күні Меккенің өзінде елші Қайрат Ламашәріппен кездесу өтті. Мұнда ол қажылық парызын өтеп жүрген адамдарды құттықтай келіп, 2011 жылы Қазақстанның Ислам Конференциясы Ұйымына төрағалық ететінін түсіндіріп жатты. Бұдан кейін бірнеше шешендер сөз алды. Бұрынғы кезде бұлай топталып келу бізде жоқ еді, Алланың рахымы, егемендік алғанымыздың арқасы, содан кейін Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевқа алғысымыз мол деп айтып жатты сондағы сөйлегендер.
Қажылық парызды өтеу үлкен жауапкершілік жүктейтіні белгілі. Ал енді сол парызды атқару үшін барынша жағдай жасау жауапкершілігі одан еш кем еместігін «Ансар Круиз» қажылық компаниясының, оның президенті Нұржамал Тащанова мен көмекшілерінің жұмыстарын жан-жақты бағалай келіп түсінгендейміз. Бару-қайту жолымызда төрт рет ұшаққа, алыс бағыттарға қатынайтын автобустарға екі рет отырғанымызды, олардың белгіленген уақытта қозғалуын айтпағанның өзінде, рәсімдерді атқару орындарына жеткізетін автобустарымыздың дер кезінде берілуі де айрықша маңызды екен. Миллиондаған адамдар үшін Арафат тауына Құрбан айттың алдындағы күні бару керектігін, сол баршасы үшін шайтандарға тас ату айттың үш күнінде атқарылатынын ескерсек, сол құжынаған адамдар мен қаптаған автобустардың ішінен компаниямызға тиесілі автобусты келтірту тіпті де оңай болмады. Ал енді қонақүйлерде 150 адамға тамақ әзірленуі мен берілуін ұйымдастыру шаруаның ең қиыны боп шықты. Осылардың бәрін де Нұржамал Тащанова мен оның көмекшілері мінсіз атқарды. Ал енді миллиондар Арафатқа қарай ағылғанда көлік қатынасы барып тұрған машақатқа айналып, Меккеден ыстық тамақ алғызу мүмкін болмай қалды. Нұржамал бастықтың шын ашуын сонда көрдік. Сол ашуымен Саудияның Қажылық жөніндегі министрлігінің тиісті бөлімшелерінде болып, көлік те тапты, Меккеден ыстық тамақ та жеткізді. Басқа топтар күні бойы су ғана ішіп жүргенде, «Ансар Круиз» ыстық тамақ ішіп отырдық.
Бір қарағанда қаталдау көрінетін Нұржамал апай шын мәнінде ақжарқын адам. Бұл іспен айналысуына не себеп болғанын алдымен сұрағанбыз.
– 2008 жылдан бері қажылыққа ниет еткен адамдарды әкеліп жүрмін. Биыл үшінші жыл болды, жиырма жылдай Алланың сынағында болдым, балам ауырып, бармаған жерім, баспаған тауым қалмады, ақыры бір Жаратқанның жарылқауымен, менің құлыным Еркін ел қатарына қосылды.
Адам баласы білімі болғанымен, діннен хабарсыз болса, істеген ісінің бәрі бекер. Ислам діні сүйіспеншілікке, махаббатқа толы. Абай айтқан ғой:
Махаббатпен жаратқан адамзатты,
Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті,
Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп
Және хақ жолы осы деп әділетті.
Иә, ислам діні – әділеттің ақ жолы, адам баласының тура жолы, тазалық, мейірім, шапағат, қанағат, кішіпейілділік, сүйіспеншілікке үндейді. Қажылыққа келген адамды қажылығын өтеп қайтқан соң танымай қалуыңыз ғажап емес. Ауылдан келген көптеген бауырларымыз осында жүріп, көп нәрсеге көзі жетеді. Көптеген жұмбақ дүниенің сыры ашылғандай болады. Өмірдің мәні қоқыр-соқыр дүниені жинауда емес, иманды кемелдендіруде, кісілікті, кішілікті сақтауда, ар-ұжданын беріктеуде екенін терең сезінеді. Қажылыққа келетін әйелдер саны көбейіп келеді, біздегі 150 адамның 54-і әйелдер. Аналарға айтарым, олар от басында бақытты болсын, бала-шағасы аман болсын, Алла тағала тілеген тілегін қабыл қылсын, аналар бақытты болса ұрпағымыз жақсы азамат болып өседі, келешекте Отанын, қоғамын қорғайтын жақсы азаматтар өмірге келеді, – деді.
Компанияның тағы да бір басшысы Бақыт Құрманбаев деген азамат. Ол өзі басқарып жүрген қажылардың материалдық жағынан да, моральдық жағынан да сау-саламаттықта болуын қадағалайды, тындырымды, іскер жігіт.
Осы қажылыққа келген бірнеше адаммен сөйлестік, Жанкенхан Абылайұлы, Алматы қаласында тұрады. Жүрек және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институты директорының орынбасары, ішкі бөліп шығару бездері ауруларының маманы, медицина ғылымдарының докторы, профессор. Осы ғалым бауырымыз Мекке мен Мәдинада болып, мұсылманшылықтың бесінші парызы – қажылықты өтеуді төрт жыл бойы армандапты.
Біз жасының ұлғайғанына қарамай, қажырлылық танытқан, 1946 жылы Ақмола облысы, Қорғалжын ауданында дүниеге келген Ыдырысов Сауғабай қажыны ықыласпен атар едік. Ол кісі: «Осыншама ғажап дүниені нәсіп еткен бір Аллаға шын жаныммен беріліп, ризамын», деп жүрді.
Кімге болса да баладай сенетін Астана қаласының тұрғыны Ақдән Бабағұл, кеңес өкіметінің кезінде әкесі мен шешесі бес уақыт намаз, отыз күн оразасын тастамаған тақуа жандар болғанын мейіріммен еске алды. Сол ата-анасының қолы жетпеген, оларға арман болған қажылықты өтегеніне бір Аллаға шүкіршілік етеді.
Біздің арамызда бірнеше дәрігер болды. Солардың бірі – Жеңіс Үсен Алматы қаласының тұрғыны, салиқалы жігіт, өзі кәсіпкер, қажылыққа зайыбын ерте келген.
Арамызда әр ұлттың өкілдері болды, олар бөлінбей-жарылмай, бізбен бірге жүрді, әсіресе, чешен ұлтының үш-төрт азаматы құлшылық жолында ізгілік танытты. Осылардың арасында Өскемен қаласында адвокат болып қызмет атқаратын Сатар Тургаев, он бес жыл бойы Мекке мен Мәдинаға баруды аңсап, қажы болуды армандағанын өте бір қуанышты сезіммен еске алды.
Жетпіс жас және одан үлкендерді қарт деп санасақ, біздің топта ондай адамдар 68 екен. Солардың екеуінің жүрегі ептеп сыр бергендей болған. Ал дені Құдай қуат беріп, парыздарын адал атқарды. Сексенге келіп қалған Алматы облысының Жамбыл ауданындағы Ақтерек ауылының тұрғыны Тұрғанбек Сеңгіров барлық парызын өз аяғымен жүріп атқарды. Ал жетпістен асқан Қантай Амангелдиеваны баласы арбамен алып жүргенімен, үлкен кісі еш қиналыс білдірген жоқ. Бірі 74-те, бірі 73-тегі ерлі-зайыпты Мұқан мен Майра Қырбақовтар барынша жадырап, рухтанып жүрді.
Қажылық аяқталған күні бір топ қазақстандықты, Америкадан екі адамды, Ресейден 2 адамды шейх доктор Омар Салих қабылдады. Өзі Жидда қаласынан келіп, қазақстандықтарды қажылық парызын өтеуімен құттықтап, биыл 180 мемлекеттен 6 миллиондай мұсылман келгенін айтты. Қонақүйдің жетіспеушілігін және санитарлық жағдайдың қиын екенін ескертіп, бұл жағдайды жақсартуға Сауд Арабиясы Корольдігі қолға алып жатқан іс-шаралар жөнінде айтып өтті. Ол ғалым екенін, жоғары оқу орындарында дәріс бергенін, қазір медицина жоғары оқу орны мен теледидар саласына басшылық жасайтынын айтты. Қажылыққа келемін деушілердің саны көбейгенін атап өтті. Ислам дініне деген көзқарастың өзгергеніне және орталық халықаралық теледидардан араб елінің мәдениетін, оқу орындарын және ғылыми жетістіктерін күнделікті көрсетіп отырғанын тілге тиек етті. Шейх Омар Салих қажылық кезінде қандай қиындықтар кездескенін сұрап, оларды шешу жолдарын талқылады. Қазақстаннан қажылыққа, умраға келушілердің жылдан жылға көбейіп келе жатқанын атап өтті. Біз ол кісіге жылы қабылдап, ықылас көрсеткеніне шын жүрегімізден алғысымызды айттық.
Еліміздегі тәуелсіздіктің және мұсылман дініне бетбұрушылықтың арқасында, мұсылмандар діни басқармасының үздіксіз жұмысы нәтижесінде қазіргі таңда республикамыздың түкпір-түкпірінде мешіттердің саны көбейе түсуде. Бірқатар мешіттерде араб тілін, араб жазуын білгісі келетін талапкерлерге есік ашық. Олардың жас шамасына, ұлтына қарамайды, тегін сабақ жүргізіледі, тіпті сауатын одан әрі көтерем деушілер болса, оларға да жақсы мүмкіндік жасалған. Кейінгі жылдардың жақсы жаңалықтарының бірі – «Асыл арна» телеарнасы дер едік. Бұл әрине, исламның ақ жолына арналған әдемі дүние.
Біздер, жоғарыда айтқандай, 31 қазан күні аттанып, 21 қарашада Алматыға аман-есен, төрт көзіміз түгел оралдық. Адам айтса нанғысыз Құдіреттің күшін сезіндік, жанымыз жарқырап, көңіліміз тазарып келді.
Алла қажылығымызды қабыл еткей!
Сәрсенбі ДӘУІТҰЛЫ.