• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
25 Желтоқсан, 2010

Ізденген іздегенін табады

627 рет
көрсетілді

Бұрын ауыл-аймақ тұрғын­да­ры жұмыстан кейін клубтарда кө­ңіл көтеріп, сейіл құратын. Са­ғы­нышпен еске алатын сол кездің қызығы көп еді ғой. Ал қазіргі таңда көптеген ауылдарда ойын-сауық өткізетін осындай орындар жоқтың қасы. Бұл орайда, бүгінгі күні кейбір аудандарда мерейжас, үйлену той­ларын және де басқа мерекелік шараларды өткізетін орындарды күндіз шырақ алып іздесең де таппайсың. Өмірде бір рет келетін той-томалақтарды үй аула­сын­да, жайсыз орындықта өткізген сәттер әрине естен кетпейді. Десе де, егер қыс айларында мереке-мейрамды тойлау қажет болса, не істеу керек? Осындай түйткіл­дер­ді шешудің бір жолы – тойхана түріндегі бизнеспен айналысу мә­селені шешуге жетелейді. Міне, ос­ындай ойын Атырау облысын­дағы Махамбет ауданының жас әрі іскер азаматы Биғалиев Самат Бисекенұлы іс жүзіне асырған еді. – Тойхана ашу мәселесін біз бүкіл отбасымызбен шешіп, жа­уапкершілігі мол жұмысты ат­қа­ру­дың бүге-шігесіне дейін талқы­ладық. Бірақ ауылда тойхана тұр­мақ, атауы да мүлдем кездеспейтін, таразылап қарасақ бұл кәсіп өте тиімді екендігіне көз жеткізіп, әбден сендік, – деп есіне түсіреді Биғалиев Самат. Саматтың кәсіпкерлікпен ай­на­лысқанына үш жылдың жүзі бол­ды. Осы уақыт ішінде то­лай­ым тәжірибе жинақтады. Осы арада мынаны айта кеткен жөн сияқты, Самат Бисекенұлына тойхана ашуға талпыныс әкесінің мерейтойын өткізіп жатқан мезетте келген еді. – Әкемнің мерейтойына жи­нал­ған бір қауым халықты қайда жайғастыратынымды білмей аб­ды­рағаным әлі есімде. Сонда ма­ған той-томалақ өткізетін оңды орын құрсам, қандай ғажап болар еді деген ой келді, – дейді Самат. 250 адамға арналаған «Қара­көз» тойханасын Самат өзінің ту­ған ауылы Таңдайдан 35 шақы­рым қашықтықта ашты. Келіп-кетушілерге ыңғайлы болу мақса­тында тойхананы Атырау-Орал тас жолының бойында тұрғызды. – Менің тойханама шамамен алғанда ауылдың жартысы келеді, бұл төрт мың адамға жуық, одан басқа тас жолмен жүретін жүр­гін­шілердің қарасы да көп. Түрлі жи­ын, зияпаттар өткізген кезде тү­сім көп түседі. Әуелгіде, мен тойханаларға адамдар анда-санда келеді деп ойлайтынмын. Алайда қазір біздің тұрақты тұтыну­шы­ларымыз бар. Ауылдастарымызға өте ұнайды және олар өз ри­зашылықтарын білдіруде, – деп күлімдейді кәсіпкер. Дегенмен, бәрі бірден жорға­лап кеткен жоқ. Іс барысында көп­теген қиыншылықтар туын­да­ды. Құрылыс материалдары мен құрал-жабдықтар алуға қолбайлау болды, өйткені олардың бағалары кейде шарықтап кетті. Самат биз­несінің өрісін өркендету мақса­тын­да жоспарына біршама түзету енгізді. Қалтасындағы қаражаты жобаны жолға қойып, тасын өрге өрлетуге жеткіліксіз еді, осыны әбден екшелеген ол банктен несие алуға байлам жасады. – Банктің шартымен таныс­қан­нан кейін, олар ұсынған несие маған тиімсіз екенін ұғындым. Содан тәуекел деп, Үкіметтен же­ңілдетілген несие сұрау үшін Ас­танаға қарай жол тарту ойы келді, – дейді өз ісіне риза Самат. – Сөйтсем, іздеген көмегім алыста емес екен. Аудан әкімдігі мені сол сәтте шағын кәсіпкерлік субъек­ті­лерін несиелендіру бағдарлама­сын жүзеге асыратын «Ауыл ша­руа­шылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамына қа­рай ба­ғыттап жіберді. Бағдар­ла­ма­ның шарты маған өте тиімді бол­ды, бұдан басқа негізгі бо­рыш­ты өтеу бойынша мерзімін ұз­артуға мүм­кін­дік берді, – дейді Самат. Қарызға алған қаражатқа жетпеген құрылыс материалдары мен құрал-жабдықтарды сатып ал­дым. Тойхана бүгінгі күні іргелес жат­қан ауыл тұрғындарының сүйікті демалатын жалғыз орнына айна­лып отыр. Сонымен бірге тойханада алты жұмыс орны ашылды. – Қордың арқасында тойхана­ның құрылысын толық бітірдім. Келешекте тойхананың қасына қо­нақ үй салсам деген ойым бар, өйт­кені түн ішінде тас жол бо­йымен өтетін және түнегісі келетін адам саны көп. Әрине, ойдағы шаруа бірден бола қоймайтын іс, алай­да көп ұзамай жүзеге асады деп сенемін, ал егер Үкіметтен бұрынғыдай көмек болса, онда келесі жылы сәті оңынан келер, – деп өз жоспа­ры­мен бөлісті Би­секенұлы Самат. Дегенмен, осы жоба мемлекет­тің, оның ішінде «Ауыл шаруа­шылығын қаржылай қолдау қо­ры» АҚ жүргізіп жатқан ауыл тұр­ғындарын қолдауға арналған бағдарламаның тек кішкентай ға­на бөлшегі. Қор қызметкерлерінің айтуы­на қарағанда, «Бизнес өңірлер» ша­ғын кәсіпкерлікті несиелендіру бағ­дарламасын іске асырған екі жылдың ішінде, Қор 1793,1 млн.теңгеге 688 бизнес-жобаны қар­жы­ландырды. Өнегелі іс алдағы уа­қытта да жалғасын таба бермек. Бизнес-жобаларды қаржылан­дыру және ауылдағы кәсіпкер­лер­ді қолдау арқылы жыл өткен сай­ын елді мекендерде тұрғындарды жұмыс орындарымен қамтамасыз етуден бөлек, ол жерлерде өмір жанданып, жаңа өндірістер, цехтар құрылып, сауықтыру орын­да­ры ашылып жатқаны қуанышты жағдай емес пе. Марат АҚҚҰЛ.