• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
25 Желтоқсан, 2010

Балалар Президент шыршасын тойлады

679 рет
көрсетілді

Кеше «Думан» ойын-сауық орта­лығында Президентіміз Нұрсұлтан На­зарбаевтың атынан жетім бала­ларға арналған «Жаңажылдық дос­тар мейрамы: менің Қазақстаным, менің болашағым» атты жаңа­жылдық қойылым өтті. Балдырғандардың таңғажайып суасты әлемін өз көзіммен көрсем деген арман-тілегі Астана қаласының әкімдігі ұйым­дас­тырған жаңажылдық қойылымда жүзеге асқандай. Елорданың балалар үйінен, кә­мелеттік жасқа толмаған балаларға арнал­ған үйден, «SOS-Киндерсдорф» балалар қалашығы мен қаланың білім мекемелерінен тоғыз бен он үш жас аралығындағы 150 жетім бала қатысқан шырша тойында – келе жатқан жаңа 2011 жыл мереке барысында кеңінен таныстырылды. Онда ұлт­аралық татулық пен дінаралық келі­сім­нің үлгілі үйіне айналған Қазақстанды барынша кең мағлұматтармен ашып көр­сетті. Астана қалалық Білім басқарма­сы­ның бастығы Әсима Бимендина бізбен әңгімесінде былай деді: «Биылғы жылы Президент атынан ұйымдастырылып отыр­­­­ған шараға ата-аналарынан айы­рыл­ған балалар келіп отыр. Әрбір бала  жаңа жылдан жақсылық күтеді. Сондықтан, бүгінгі бағ­дар­лама еліміздегі береке мен бірліктің айғағы іспеттес. Балаларға ең үздік сый­лық­тар дайындалды. Осымен үшінші жыл қатарынан өткізіліп отырған шара бү­гінде дәстүрге айналды. Ал балалар болса оны асыға күтеді». Балалар бұл күнгі қойылымда әр түрлі ертегі әлеміне саяхат жасаса, мерекенің басты символына айналған жасыл шыр­ша, ақ сақалды Аяз ата мен көз тартар Ақ­шақар мерекеге ерекше сұлулық сый­ла­ды. Ал сахна төрінде өткен қойы­лым­дардан балалар ертегі кейіпкерлері, бітімі берік батырларымыз бен ойы ұшқыр шешендерімізбен жүздесті. Әдемі үйлесім таба білген сан алуан ойындар, жұм­бақ­тар мен жаңылтпаштар, сондай-ақ мың бұралған бишілер мен күміс көмей ән­ші­лердің өнері жаңажылдық мерекенің әрін ашып қана қоймай, сәнін келтіріп, сүй­кімді балақайларды ерекше тамсан­дырды. Бұл орайда астаналық Қ.Қуа­нышбаев атындағы қазақ музыкалық драма театры әртістерінің қосқан үлесі ерекше. Бұл мерекенің ең басты қуанышы – Елбасының бейнежолдау арқылы бала­лар­ды келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтауы болды. Арнайы жазылған бей­нетаспа арқылы ел Президенті Нұр­сұл­тан Назарбаев шыршаға жиналған ба­ла­ларды келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтап, оларға зор денсаулық, жаңа жетістіктер мен барлық арман­дары­ның орындалуын, барынша жақсы оқып, сапалы білім алып, алға қойған мақсат­тарына жете берулерін тіледі. Сонымен қатар, Елбасы: «Сендер азат, жасампаз елде гүлдей жайнап, балалықтың базарлы шағын бастан кешкен бақытты ұрпақ­сың­дар.  Мемлекет сендердің терең білім алып, бақытты болып, алаңсыз өсу­лерің үшін барлық жағдайды жасауда. Асыл армандарыңды шындыққа айналдыру үшін дарынды балаларға арналған мектептер ашылды. Даныш­пан бабамыз Абай аталарың: «Тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген қасиеттерімен озады» деп айт­қанындай, сендер барынша жақсы оқып, сапалы білім алып, туған Отанымызды шын сүйетін үлгілі істеріңмен еліміздің дамуына үлес қосатын үлкен азамат болыңдар! Талапты да талантты, батыл да алғыр, зерек те  зерделі болып өсіңдер!», – деді өзінің құттықтауында. Мерекеге қатысқан балаларға Елба­сы­ның атынан жұмсақ ойыншықтар мен ноутбуктер сыйға тартылды. Сонымен қа­тар, арнайы жайылған мерекелік дас­тар­қан­нан дәм татудың мүмкіндігі туды. Жұлдыз БАЙДІЛДА. ----------------------------------------- Суретті түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ.