• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
25 Желтоқсан, 2010

Замана туын ұстаған

430 рет
көрсетілді

(Астана Саммиті туғызған толғаныс) Ауылда, өзіміздің Қарасуда кіш­кентайымыздан бірге өскен Тоқ­тасын дейтін құрдасым әрі ата­лас туысым тұрады. Қырық жылдан аса трактор айдады. Кезінде атағы шық­қан, омырауына ор­ден де тақ­қан. Бүгінде он бала­ның әкесі, пәленбай немере-шө­бе­ренің атасы. Зәуеде кез­­­де­се қал­сақ, ауылдың аманды­ғын, күнделікті тіршіліктің аужайын ғана айтады. Өзге қақ-соқпен ша­руасы жоқ, құдай деген момын адам. Сол Тоқаңның түнеугіде әдеті­нен озып, оқыс бір жайды сөз қыл­ғаны бар. – Әй, Арғынбай, мен жақында бір нәрсеге қатты қайран қал­дым!.. Неге дейсің ғой. Мына телевизорда мексикалық па, бра­зи­лиялық па, әйтеуір, бір сериал жүріп жатыр екен. Соны көрейін. Бір уақытта бар ғой, әлгіден Кә­рім, өзіміздің Кәрім марқұм шы­ға келсін!.. Ой, Алла-ай, аумайды ғой, аумайды! Дәл өзі, тек киген киі­мі, сөйлеген тілі басқа деме­сең... Кәрекең кеткелі де біраз жыл болды ғой, сағынсам керек, бір түр­лі көңілім босасын келіп... Ер­теңіне осындағы баласына айт­тым. О да көріпті, «Иә, аумаған кө­к­­ем!» дейді... Содан бері жүдә жиі ойланатын болдым: осы адам біткеннің түбі бір-ау деп. Әйт­пе­се, өмірі ауылдан аттап шық­па­ған, Әтіркүлінің қасынан ешқайда ұзап кетпеген біздің Кәрекеңнің сонау жер түбіндегі Оңтүстік Аме­рика жақтағы ұлты да белгісіз біреуге құйып қойғандай ұқсайтын не жөні бар? Айтшы, қане, сен... Бізден гөрі көбірек оқығаның бар ғой, менің әлгі ойым қисынға келе ме, жоқ па? – Келгенде қандай, Тоқа! Әбден келеді. Өзіміздің дін ислам бойын­ша да солай ғой. Пенде атаулының бәрі – өте-өте алыс замандарда Алла жаратқан Адам Ата мен Хауа Ананың ұрпақтары. Осыны бір ауыз өлеңмен де айтқаным бар еді ілгеріде. Соны тыңда: Адамзат – ақ пен сары, қара – бәрі, Тегінде бір отбасы балалары. Сондықтан құжатсыз-ақ ұмытпаған, Ұлт біткен Адам Ата,  Хауа Ананы!.. – Әй, мынауың жөн екен! Мы­на орысың да, немісің де, басқа­лар да Адам Атамызды білетін көрінеді ғой. Сол кісінің баласы болмаса, аузына алар ма еді?!   Дұ-рес, мұның... Айтпақшы, ма­ған берген кітабыңда тағы бір... иә, сәл шатақтау өлең де бар еді ғой... Қалай еді өзі, ә-ә... – Мынау шығар ол: – Ұғысса – балдан тәтті аралары, Ұрысса – бір-бірінен  жан алады. Не деген шәлкем-шалыс жүгірмектер – Адам мен Хауа Ананың балалары!.. – Иә, иә, осының өзі!.. Ал, енді сен маған мынаны айтшы: Сол «жүгірмектеріңнің» әлгіндей тұ­рақ­сыз, жұқсыздау мінезі өзгере ме, жоқ па? – Е-е, Тоқа-ай... Немене, сен мені ауылға, үйіңе келгенімде мы­на өзіміздің Қарасудан мың-мил­лион есе терең, түпсіз тұңғиыққа батырғың келе ме тегі?! Тоқтасын күліп жіберді. – Жә, қойдық, қойдық ендеше батыр-екесі!.. ...Ол жолы Тоқтасын қояйық, де­генмен қойылмайтын, отба­сы­ның, ел-жұртының ертеңіне еш уа­қыт­та енжар қарамайтын тірі пен­денің көңілін әркез алаңдатар ахуал еді бұл.  Әсіресе, енді-енді есі кіріп келе жатқан шағында адамзат тарихындағы ең жойқын соғыстың өзін көрмесе де оның от-жалынды лебін күллі қайғы-қасыретімен қо­са бала жүрегінің лүпіл-дірілімен сезініп, санасына кейінгі қанша қуаныш-шаттық­тың өзі өшіре алмастай шер ұя­ла­ған біздің ұрпақ­тың да. Өшіре алатындай соғыстан кейін де мына жарық жаһанда тып-ты­ныш, мамыра-жай заман орнап па еді? Жоқ, орнаған жоқ болатын. Қай­та әлем елдері екі жақ, екі ұдай, бір-біріне алакөз, қыр­ғи­-қа­бақ бо­лып алып, қит етсе бір-екі түйін­шегінің өзі жапондарды жай­пап кете жаздаған атом бомбысын арғы аталарымыздың қолындағы ақ со­йыл­дай ала жү­гі­ретіндей халде еді. Ал, ала жүгіргендей болса, Алла сыйлаған Жер дейтін құтты мекен қу медиенге айналып, Адам Ата мен Хауа Ана­ның ұрпақтары ұқым-тұқымымен құрып кетуі, құ­рымаса жарымжан, жарымес болып қалуы бек мүмкін-ді. Бақытымызға қарай сонау 70-ші жылдардың орта тұсында осыны пайымдайтын, бәл­кім, амалсыздан пайымдаған ел бас­қарушылары табылып, Хельсинкиде бас қосқан-ды. Осы басқосу ажал аузындағы Адамның өзін алып жегелі тұрған Тажалдан аз да болса аулақтауына мүмкіндік бергендей еді-ау... Одан бері де Темза мен Сенада, Рейн мен Дунайда, Еділ мен Жайықта да қаншама су ақты. Ара­да отыз бес жыл өтті. Әлем­нің саяси картасына, жалпы адам­заттың болмыс-тіршілігіне, қо­ғам­­­дық ой-санаға ғаламат өзге­рістер ала келген отыз бес жыл... Ең бастысы – Жер шарының ал­тыдан бір бөлігін алып жатқан КСРО атты алып та астам империя құлады. Атомның жойқы­ны­мен емес, адамзат дамуы диалек­тикасының қатал заңдылық­тары­ның алапат дүмпуінен құлады. Кремльде мың жылға да шыдар деп жасалған темір құрсау быт-шыт болып, «Социалистік лагерь» дейтіннің тоз-тозы шықты. Ал, империяның орнында оннан аса ел отау тігіп, тәуелсіздігін жа­рия­лады. Біздің қасиетті Қазақ­станымыз Нұрсұлтан Назарбаев­тың қолымен өзінің көк туын көкке көтерді! Иә, ежелгі, ескі дүниеде жаңа дүние орнағандай болды. Бірақ ха­лықаралық қатынастардың жа­ңа жүйесі қалыптасып, ауқымын кеңге жаюына қарамастан, бұл дүние де дүрбелеңсіз болмай шық­ты. Талайдан бері қаны сор­ғалаған сормаңдай Ауғанстан, баяғы «Мың бір түнімен» тәтті қиялға шомдыратын Бағдаты мен Басырасының аспанынан бомбы жауған Ирак, жанжалының ұшы-қиыры көрінбейтін палестиналық Таяу Шығыс... Бұлардан өзге ұлттар мәселесін олардың ұлы да мәңгілік мұраттарына үйлестіре шешіп тас­тағандай болып көрінетін КСРО ор­нын­дағы бүгінде бітеу жараға айнал­ған Әзірбайжан-Ар­ме­ния арасын­дағы қанды қақ­ты­ғыс, Молдованы При­днестровье дейтінмен жұлма­лауға жұлқынған арам пиғыл, бертіндегі Грузия-Ресей арасындағы ша­ғын соғыс, күні кешегі туысқан Қыр­ғыз­стандағы жағдай... Қиырларға жетсе де қиялдаған Жауыздығын өзінің тыя алмаған неткен жұмбақ Адамзат!.. Жалпы, өзінің ақылына ақыры сыяр ма Адам?.. Осындай ой қамағанда сәл нәр­седен ушыққан жағдайда әлем­дік апат – апокалипсиске апарып соқ­тыруы әбден мүмкін әлгі жара­қат­тардың емі қайсы, жалпы оны табуда ақылға сыйымды нендей әрекеттер жасауға болады деген аса өткір сұрақтар туындауы мүл­де заңды. Президент Назарбаевтың за­ма­на­ға үйлесімді, дана да икемді сая­сатының, орасан күш-жігер жұм­сауы­ның және әлемдік ау­қым­дағы биік беделінің арқа­сын­да сонау Хельсинкиден кейін дү­ниеге келген мейлінше гумани­тарлық ұйым – ЕҚЫҰ-ның тізгіні Қазақ­стан қо­лына әлгіндей адам­зат­тың бо­лашақ тағдырында ма­ңы­зы орасан күр­де­лі мәселе­лері­мен қоса тиді. Бұл үл­кен жауапкершілігімен бірге осы­дан жиыр­ма жылға да толмайтын уақыт бұ­рын, шынтуайтқа келгенде, отар­лық жағдайда болған біздің ел үшін теңдессіз мәртебе, мақ­та­ныш та еді. Осыны ойлап көңіл мар­қайғанда менің есіме елеусіздеу боп жеткен бұлттай екі эпи­зод түсе береді... Жетпісінші жылдардың ба­сын­да Жамбыл облыстық газетінде Әкпарбек Доспанбетов деген ағайымызбен қызметтес болдым. Жа­ры­қтық қолбасшылардың қыл­мысқа бергісіз қателігінен кеңес әскері қатты қырғынға ұшыраған Ржев түбіндегі қан-қасаптан құ­дай сақтап аман шығып, Берлинге жеткен жауынгер еді. Арагідік біз­дің қазбалауымызбен майдан жа­йынан да әңгіме қозғайтын. – Взводымызда өңшең орыс, беларус, украиндар болатын. Қа­зақ­тан жалғыз мен. Бір жолы бу­рыл мұртты бір қартаң солдат: «Ты, парень, откуда попал сюда, на фронт?» деп сұрамасы бар ма. «Из Казахстана» деп жауап бердім. Анау ойланып-ойланып тұр­ды да басын шайқап: «А где это твой Ка-зак-стан? Какой город?» деп қайта сұрады. «Город Джамбул» дедім. «А-а, понял, Джамбул, Джамбул!.. Знаю, он добрый старик!» деп жымиды қарт солдат. Сол-ақ екен, взводтағы­лар­дың бәрі мені содан былай Джамбул деп атап кетті... Бұл енді 70 жылдай бұрынғы жағ­дай ғой. Ал тіпті бертінде, 1996 жылы, онда Парламент де­пу­татымын, АҚШ-тың Колорадо университетінде бір ай оқитын болып, Атлантты асып бар­ғаны­мызда Нью-Йоркте де, Денверде де америкалықтардың көбі біздің елді мүлде білмейтіні байқалды. «Оу, тәуелсіздік алғанымызға 4-5 жылдай болды ғой. Мыналардың Қазақстанды білмейтіні надан­ды­ғы ма әлде астам державалар аза­маттарының кейбірінде кездесетін өркөкіректік пе?» деп наза­лан­­ғаным, намыстанғаным бар-ды... Міне, енді бұрындары талай­ларға жарық дүние – Жер бетінде бар-жоғы беймәлімдеу болып келген, негізінен Орталық Азияда орналасқан елімізге өзін осы за­манғы өркениет ошағы санайтын тәкаппар Еуропаның ең бір беделді ұйымына басшылық жасау, жөн сілтеу мүм­кіндігі берілуі, әлбетте, қай-қай­сы­мызды да қуанышқа кенелтіп, мақ­танышқа бөледі. Әйт­се де мақ­та­ныш бар да, жауапкершілік дейтін зілмауыр салмақ жә­не бар. Ол қалай орайлас­тырыла ең­серіл­мек, әділдік пен әділет­сіз­дік­тің арпалы­сы­нан, мүд­­делердің жөн­ді-жөнсіз қақты­ғуы­нан барып шиеленіскен түйін­дер қайтсе түйт­кілсіз шешілмек?.. Бір жыл­дық мерзімде жүр­гізілуге тиіс белсенді іс-қимылмен қатар толас таппаған он-сан ой мен толым­ды толғаныс Елбасымызды Астанада ЕҚЫҰ-ға мүше 56 ел басшы­ла­ры­­ның басын қосып, Саммит өткізу, сөйтіп, онда заманауи үдерістің нә­ти­жесінде бүгінде Ба­тысы да, Шы­ғысы да, Солтүстігі де, Оң­түс­тігі де жоқ, тұтас бір-ақ әлем­ге ай­на­лып кеткен дү­ние жүзінің тағ­ды­рын, қауіп­сізді­гін са­рапқа сала ақыл­дасу, қарсылық­тар мен қайшы­лық­тар­дың өткірлігін мүм­кін­дігін­ше жұм­сар­тып, ортақ мә­мі­леге жол қарас­тыру, сол ар­қылы адамзаттың бола­шақ ұр­пағы ал­дындағы парыз­ды барынша адал­­дықпен өтеу қа­жетті­гіне тіреген-ді. Осындай асыл мақсаттардан туындаған мәртебелі шешімнің жо­ғары деңгейде абыроймен жү­зе­ге асатынына әуелгі әзірде кө­ңіл­­де, жасыратыны жоқ, алаңдау­шылық та болғаны рас. Елу бес ел­дің басшысы бұған қалай қа­райды? Құптай ма?  Елу бес елдің ­басшысы түгіл кейде қарапайым екі кісінің бір мәселеге пікірі екі басқа болып жататын кездер аз ба. Ал, Саммит өтетін Астана тарихы  жүз жылдап – мың жыл­дап сана­латын «мәңгілік қала» – Рим емес, Париж де, Лондон да емес, Астананың астана болға­ны­на да он жылдан сәл-ақ асты. Бір елдің жоғары мәртебелі басшы­сын ла­йығынша күтіп алудың өзі тіпті де оңай шаруа емес. Ал елу бес мәр­тебелі мейманды соңына ерген жүздеген қосшыларымен қо­са, оның сыртында пәлен жүз журналисті – барлығы бес мың­дай кісіні күтіп алу, жайластыру, талғамына сай ас-суын әзірлеу, өзге де күтімін келістіру, жиын өтетін Сарайда барлық жағдайды жасау... Айта көрмеңіз, ұшы-қиырсыз шаруа ғой. Оның үстіне Астана қысының ол күндері мінезі қандай болмақ? Елордамызда бұрын ешқашан мұндай ауқымды шара өткізілмегендіктен, түрліше қызметте тәжірибенің аздығы білініп қалмас па екен? Өйтіп жүр­се, «қонақ аз отырып, көп сынай­ды» деген, кім біледі... Осы бір алаңдаушылық күй кешкен күндері менің есіме 1994 жыл­дың 6 шілдесі түсе берді. Тап сол күні Нұрсұлтан Әбішұлы Жо­ғарғы Кеңесте астананы Алматы­дан Ақмо­ла­ға көшіру туралы ешкім күт­пеген тосын мәселе қо­йып, әжеп­тәуір та­лас-тартыспен қаулы қабыл­дасақ та, көпке дейін көңілден күдік сейіл­меген-ді. Кейініректе барып, Ас­та­наның аста­н­а­лық кейіпке шап­шаң ене баста­ғанын көрген соң Пре­зи­денттің бәрін алдын ала терең ойлас­тыра­тынына және ойда­ғысына жетпей тынбайтындығына кәміл сенгенмін. Сол сенім Саммит жөніндегі де кейбір күмәнімді серпіп тастады. Ал Саммиттің екі кү­нінде де теле­дидар алдынан алыс­та­мадық. Ұлы жиын­ды ашардағы Ел­ба­­сымыздың аса терең мағыналы, тұжырымды, мей­лі ол саяси немесе трансэконо­ми­ка­лық сипатта бол­сын, бұдан бы­лайғы әлем тағ­ды­ры­мен тамырлас­қан ұсыныс-идеяларға аса бай сөз­дерін естіп, көңіл көн­шісе, Саммит отырысын жүр­гізудегі саясаткерлік этикет­тің барша параметріне сай келетін асқан шеберлігіне тәнті бол­дық.  ­ Өз көңіліме заман күллі адам­затқа ортақ болғанымен, ол осы Саммиттен кейін, ХХІ ғасырдың 10-шы жылынан бастап өз дәуір­леуіне анық бет алған қазақтың заманы болатын сияқтанады. Ал оның туын желбірете берік ұс­таған Президент Нұрсұлтан На­зар­баевтың Саммиттегі әлем ха­лы­қтарының қамын жеген әр лебізін естіген сайын санамда мына бір ұлы да киелі сөздер сан қайтара жаңғырықты: «... Адамзаттың бәрін сүй, бауырым, деп, Және хақ жолы осы деп, әділетті». Бұл Абай сөзі, данышпан ата­мыздың ғаламдық ақыл-ойының жүрісі, жарқылы. Сол жарқыл Нұр­сұлтан баласының да ғалам­дық жо­лын жарқырата нұрлан­дырып тұ­ратындай болып көрінді маған... Иә, жаңа заман, біздің заман Астанадан төрт мұхиттың төңі­ре­гімен ЕҚЫҰ-ның керегесін ке­ңей­тіп жіберген Саммит деклара­циясы арқылы жер-жаһанға ой тастады. Ол ой бүкіл адамзатты ынтымаққа, татулыққа, әу баста өзін Алла жаратқандағы мақсатқа сай адалдықпен, әділетпен өмір сүруге, әр түрлі кейіптегі күнәһар көріністерден арылуға шақыра­тыны, бастайтыны күмәнсіз. Осы орайда тағы бір жай еске түсіп отыр. 1990 жылы 3 қазанда екінші дүниежүзілік соғыстан кейін екі бөлініп қалған Германия қайта біріккен күні мен Майн­дағы Франкфурт түбіндегі Бад Карлсхафен дейтін шағын қалада едім. Сон­дағы немістердің қуан­ға­нын көр­сеңіз! Қуаныш үстінде: «Бұл Хельсинки рухының сал­та­наты!» дегенді олар сан қайтара салтанатпен айтып жатты. Енді әлемнің әр шалғайында әр түрлі жақсылықтар болып жатса, ол елдің: «Бұл Астана рухының сал­танаты!» деп жар са­ла­тыны және күдіксіз. Ал, біз үшін бұдан асқан мол сауапты абырой бар ма?!.. Айтпақшы, құдай қаласа, жа­қын­да ауылға, өзіміздің Қара­суға бар­мақпын. Тоқтасын құрда­сым­мен бұл жолы өте бір көте­ріңкі көңілмен шертісетін шығар­мыз әңгімені. Мүм­кін оның тү­неу­гідегі сұңғыла сұрағына жауап беріп көрермін... Арғынбай БЕКБОСЫН, Парламенттің бұрынғы депу­таты, Жамбыл облы­сының Құрметті азаматы. Тараз.