АҚШ конгресі Солтүстік Кореяның ядролық бағдарламасының дамуына және балистикалық зымыран жасауына көмектескен кез келген елдің жеке және заңды тұлғасына қарсы санкция салуға мүмкіндік беретін заң жобасын қабылдады.
«Рейтер» ақпарат агенттігінің хабарлауынша, бұл заң жобасы өткен жылы әзірленген. Құжаттың жедел қабылдануына КХДР-дің сутегі бомбасын сынақтан өткізуі себеп болған. Аталған заңға сәйкес, енді АҚШ Солтүстік Кореяға ядролық және жаппай қырып-жоятын қару жасауға материалдық көмек көрсететіндерге қатысты тиісті шаралар қолданады. Сонымен қатар, санкция салынған тізімдегілермен АҚШ үкіметінің қандай да бір мәміле жасауына тыйым салынған. Құжатты 418 конгресс мүшесі жақтап дауыс беріпті, тек екі конгрессмен ғана қарсы болған.
Ірі қалалардағы рейдтер
Түркия полициясы Ыстамбұлдағы террорлық актіден кейін елдің бес қаласында рейдтер өткізді. Жергілікті БАҚ-тардың ақпараттарына қарағанда, рейдтер Ыстамбұлдан басқа Анкара, Шанлыурф, Мерсин және Килис қалаларында жүргізілген.
Рейд барысында 59 адам ұсталған. Оларға «Ислам мемлекеті» экстремистік топтарына қатысы бар деген күдік келтіріп отыр. Ал Анкарада 16 адам ұсталыпты, оның 15-сі Сирия азаматтары көрінеді. Бұларды елден шығару шаралары қарастырылуда. Полиция өкілінің атап өтуінше, олар мемлекеттік мекемелердің әлсіз жерлерін анықтап, террорлық актілер жасауды жоспарлаған. Өткен сейсенбіде Ыстамбұлдың тарихи орталығы саналатын СұлтанАхмет алаңында болған жарылыстан 10 адам қаза тауып және 15 адам жараланған еді. Құрбан болғандардың сегізі Германия азаматтары екен.
Аштық пен аурудың құрбаны
БҰҰ-ның гуманитарлық көмек жөніндегі үйлестіруші Стивен О’Брайен Сирияның көтерілісшілер бақылауындағы Мадайя қаласынан 400-ге жуық адамды шұғыл көшіру қажет деп мәлімдеді.
БҰҰ қауіпсіздік кеңесінің отырысында Дамаскіге жақын орналасқан Мадайя қаласындағы қиын жағдай туралы С.Брайен ондағы тұрғындар не аштықтан, не аурудан өліп кетулері мүмкін екендігін атап өткен. Қырық мыңдай адам тұратын бұл қалаға жақында гуманитарлық жүк көліктері азық-түлік, дәрі-дәрмек, жылы көрпелер мен басқа да қажетті бұйымдар жеткізіпті. Ал қала өткен жылдың шілдесінен бері үкімет әскерінің қоршауында тұр. Кейбір мәліметтер бойынша, ондағы тұрғындар аштықтың құрбаны болмау үшін қолдарына түскен азық-түлікті немесе кездескен затты талғажау етуге мәжбүр.
Қысқа қайырып айтқанда:
АҚШ президенті Барак Обама биылғы жолдауында өзінің президенттік жылдарында елдің экономикалық өсімі артқанын мәлімдеп, АҚШ экономикалық алпауыт ел мәртебесінен айырылмағанын атап өтті.
Ресей биыл батыс әскери округінде жаңа үш әскери дивизия құруды және бес стратегиялық ядролық зымыран полкін жасақтауды жоспарлап отыр.
Сингапурлық Tigerair авиакомпаниясының ұшағы борттағы жолаушы қайтыс болуына байланысты Бангкок әуежайына қонды. Жолаушы отбасымен бірге Тайландтың Чиангмай қаласына келе жатқан екен.
Пәкістанның оңтүстік-батысында болған жарылыс салдарынан 15 адам қаза тапты. Олардың 12-сі полиция қызметкері.
Кездесу астарында не сыр бар?
Украина президенті Петр Порошенко Киевте үшжақты байланыс тобындағы Ресей президентінің өкілі Борис Грызловпен кездескен. Бұл жөнінде ZN.UA белгілі дереккөзге сілтеме жасай отырып хабарлады.
Басылымның мәліметіне қарағанда, Борис Грызлов Украина астанасына Петр Порошенконың жеке шақыруы бойынша келген. Кездесудің мақсаты – Мәскеудің Киевпен қатынасындағы ең басты деген тармақтарды талқылау болса керек. Ал кездесу дүйсенбінің түнінде өтіпті. Дереккөз, сондай-ақ, тараптардың келіссөзінде Украина парламентінің дауыс беруіне енгізілетін конституциялық өзгерістер туралы да сөз болғанын айтқан. Атап өтейік, үшжақты байланыс тобының соңғы отырысы 22 желтоқсанда өткен еді. Ендігісі осы қаңтар айының ортасына белгіленген.
Кешірім сұрауды талап етті
Иран билігі АҚШ-тан мемлекеттік шекара тәртібін бұзғаны үшін кешірім сұрауды талап етті. Бұл ақпаратты «Рейтер» агенттігі Ислам революциясын қорғау корпусы өкілінің мәлімдемесіне сілтеме жасау арқылы таратты.
«Иранның сыртқы істер министрі Мохаммад Джавад Зариф АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Джон Керримен хабарласты, – деді Иран әскери-теңіз күштерінің контр-адмиралы Әли Фадави ұлттық телевидениенің эфирі арқылы сөйлеген сөзінде. – Министр әңгіме кезінде америкалық теңізшілердің Иран аумағындағы суларға не үшін кіргенін сұрады және осыған байланысты АҚШ-тың кешірім сұрауын талап етті». Ал Ислам революциясын қорғау корпусының баспасөз хатшысы Рамазан Шарифтың мәлім етуінше, Теһеран америкалық теңізшілерді әлі босатқан жоқ. «Оларды бостандыққа шығарды деген ақпарат шындыққа сәйкес келмейді», – деді ол осы жөнінде. Сейсенбі күні АҚШ әскери-теңіз күштерінің екі кемесін ирандық әскерилер Парсы шығанағында ұстаған еді.
Валюта сатуды тоқтатты
Түрікменстан банктері конвертацияланатын валюта сатуды тоқтатты. Бұл алда жаңа девальвация болуы мүмкін деген қауіп тудырып, қара базарда доллар бағамының күрт қымбаттауына соқтырды.
Кейбір мәліметтерге қарағанда, Ашғабаттағы банк қызметкерлері өз тұтынушыларына доллар мен басқа да шетел валюталарын сату және сатып алуға салынған тыйым мерзімі шексіз екенін хабарлаған. Түрікменстан өткен жылдың 1 қаңтарында ұлттық валютасы – манатты девальвациялаған соң, оның айырбас құны 19 пайызға арзандаған еді. Қазіргі кезде қара базарда доллар құны – 4-4,2 манат аралығында.
Интернет материалдары негізінде әзірленді.