Кеше «Қазмедиа орталығында» бірқатар сарапшылар Парламент Мәжілісін тарату жөніндегі үндеуге орай өз пікірлерін ортаға салды. Олардың барлығы дерлік Парламенттегі фракция жетекшілері әлемде орын алған экономикалық және саяси жағдайларға қатысты дер шағында дұрыс шешім қабылдағанын айтты.
Парламент Мәжілісіндегі фракциялардың бүгінгі мәлімдемесі ішкі мәселелер бойынша қоғамның бірлесе жедел шешім қабылдауға қабілеттілігін көрсете білді. Осыған қарағанда, Қазақстанда жаңа саяси кезең басталғаны анық. Ел Парламенті осы уақытқа дейін үлкен жұмыс атқарғанын бұған дейін Мемлекет басшысы да айтқан болатын. Расында, қазіргі Мәжіліс 2015 жылы еліміздің саяси, экономикалық-әлеуметтік дамуының жаңа кезеңінің заңнамалық негізін жасау бағытында ауқымды жұмыс атқарғаны жұртшылыққа мәлім. Ойын осылай білдірген Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Орталық Азия өңіріндегі этносаралық және конфессияаралық қатынастарды зерттеу орталығының жетекшісі Айгүл Сәдуақасова бірқатар мәселелерге тоқталып өтті.
Сарапшының пікіріне зер салар болсақ, қазіргі қиын кезеңде елдің заң шығарушы және атқарушы биліктері тең жүрсін десек, онда осы сайлауды мерзімінен ертерек өткізуге мүмкіндік бар және Парламент сайлауын өткізуге бүгінгі экономикалық жағдай да сол ойды толық қуаттайды екен. «Біздің елімізде жаңа саяси кезең басталып жатыр. Ел Парламенті үлкен жұмыс атқарды. 2015 жылы еліміздің саяси, экономикалық-әлеуметтік дамуының жаңа кезеңінің заңнамалық негізін жасау бағытында ауқымды жұмыс тындырылды. Десек те, дәл қазір Парламент жаңаруы тиіс. Еліміздің алдында тұрған сын-қатерлер жаңа адамдардың келуін қажет етеді деген ойдамын. Оған қоса, қазір елімізде депутаттардың сайлауын мерзімінен бұрын өткізуге мүмкіндік бар.
Осы қиын кезеңде елдің заң шығарушы және атқарушы биліктерінің тепе-теңдігін сақтау үшін сайлауды мерзімінен ертерек өткізген дұрыс болады. Оған бүгінгі экономикалық жағдай да мүмкіншілік туғызып отыр. Бұл реформаларды жүзеге асыру кезінде ішкі үдерістерді тездетуге ықпал етеді. Сырттан келіп жатқан қауіп-қатерлер әлі де бар. Осыларға төтеп беру үшін және өзіміздің ішкі ресурстарымызды жұмылдырып, бес реформаны жүзеге асыруға нақты дайын болу үшін парламенттік сайлау мерзімінен бұрын өтуі тиіс деп санаймын».
Журналистердің қойған сұрақтарына жауап берген сарапшы: «Тағы да қайталап айтамын, Парламент жаңаруы тиіс. Еліміздің алдында тұрған үлкен міндеттерді толық атқару ісі жаңа адамдардың келуін қажет ететін шығар. Мен 100 пайыз жаңарады демеймін. Бірақ бізге белгілі бір деңгейде тың көзқарасы бар жаңа адамдар керек», деді. Сондай-ақ, ол шешімнің дұрыс қабылданғаны жөнінде әңгімелеп, облыстық мәслихаттардың да депутаттарын сайлау осы үлкен науқанмен бірге өткізілгені жөн» деп білетінін жеткізді. Мұндай жағдайда қаржы үнемдеуге мүмкіндік тууымен қатар, жайбарақаттықты көтермейтін қазіргі уақыт осындай шешім қабылдауға үндеп тұрғанын да ортаға салды.
Тілшілер тарапынан Мемлекет басшысының Парламент Мәжілісінің ұсынысына қатысты шешімді қашан қабылдайтыны туралы қойылған сұраққа да жауап берді. «Бұйыртса, ел Президенті бұл мәселені ұзаққа созбай бір-екі аптаның ішінде шешім шығарады деп ойлаймын. Себебі, ғаламдық және елішілік жағдай соны талап етіп отыр. Ал елдегі саяси партиялар мерзімінен бұрын болғалы отырған сайлауға дайын ба деген сұраққа келер болсам, олар мұндай саяси науқанға әрдайым дайын болуға тиіс. Әсіресе, соңғы уақытта әлем елдерінде орын алып жатқан жағдайлар ырғалып-жырғалуды қаламайды», деді А.Сәдуақасова.
«Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Арман Ешмұратов та мерзімінен бұрын Парламент сайлауын өткізу бастамасы дұрыс стратегиялық шешім екенін ашық білдірді. «Өздеріңізге мәлім, әлем елдерінде орын алған экономикалық дағдарыс пен тұрақсыздықтар жедел шаралар қолданып, жылдам шешімдер қабылдауға икемдеп тұр. Осы тұрғыдан қарағанда, Мәжілістегі партиялардың фракциялары дер кезінде ұтымды үндеу жасап, дұрыс бастама көтерді деп білемін. Парламентке келетін жаңа адамдар ел дамуын жеделдету бағытында тың бастамаларды алға шығарып, Ұлттық Жоспарды жүзеге асыру ісінде серпінді шараларға тиімді тетіктер жасайды деп ойлаймын.
Мұны айтып отырған себебім, ағымдағы жылы экономикалық жағдай тым қиын болуы ықтимал. Осының алдын алу үшін бүгінгі Мәжіліс депутаттарының үндеуі, бастамалары өте орынды деуге негіз бар. Ал Мәжіліс сайлауын жергілікті өкілді органдармен бірге өткізу дұрыс қадам. Өйткені, «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарын жүзеге асыру үшін биліктің барлық тармағындағы жұмыстарды үйлестіру қажет. Менің ойымша, 2016 жылы сайлау уақытын созуға ешқандай себеп жоқ, өйткені, бүгінгідей құбылмалы ахуалға лайықты жауап қайтару керек. Жыл басында сайлау өткізу – өте дұрыс стратегиялық шешім», деді А.Ешмұратов.
Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ,
«Егемен Қазақстан».