немесе көктайғақтан зардап шеккендердің қатары қалың
Қақаған қаңтардың қақ ортасында жаңбыр жауғанды көрдік. Артынша аяз ұрып, Қарағандының көшелері мұз айдынына айналды. Көшедегі халық тұсаулы аттай кібіртіктеп, біреу шалқасынан құлады, енді біреуі етпетінен түсті. Аяқ-қолын шығарып, майып болғандарда есеп жоқ. Жаңбыр жауған 11 қаңтардың өзінде түрлі жарақат алған 70-ке тарта адам дәрігердің көмегіне жүгінген...
Осыдан келіп, көшедегі көктайғаққа кім жауап береді деген сұрақ туады. Заң бойынша шағын және орта бизнестің кез келген нысаны немесе қандай да бір мекеме ғимаратының аумағы деп жүргінші жолдың жиегіне дейінгі аралықты айтамыз. Яғни, жерді пайдаланушы өзіне тиесілі осы аумақтың тазалығы мен қауіпсіздігіне жауап беруі тиіс.
Солайы солай ғой, бірақ та заңның бұл талабы көп жағдайда орындалмай жатады. Енді бұл шаруаны аяқсыз қалдырмауды қалалық әкімдік өз қолына алды. Өзіне тиесілі жердің қарын тазаламаған, мұзын оймаған салдыр-салақ кәсіпкерлерге, мекеме басшыларына шытырлатып тұрып айыппұл салады. Жеке тұлғаларға – 20 айлық есептік көрсеткіш (АЕК), ал шағын, орта және ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 30-дан 100 АЕК аралығындағы көлемде айыппұл белгіленген.
Бүгінгі күнге дейін көшесін күремеген біраз тұлғалар айыппұлдың «ащы» дәмін татып үлгерді. Осылай шөміштен қысқанда ғана ақшаның қадірін жақсы білетін ағайын амалдың жоқтығынан қолына күрек алып, қимылдай бастады. Қарын күреп, мұзын ойып, құмын шашып, тұзын сеуіп дегендей...
Қайрат ӘБІЛДИНОВ,
«Егемен Қазақстан».
ҚАРАҒАНДЫ.