• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
16 Қаңтар, 2016

Қатерлі құбылыстар көбейіп барады

329 рет
көрсетілді

Индонезиядағы жарылыстар айтарлықтай ауыр

Әлемдегі аса ірі мұсылман елі Индонезия астанасы Джакарта қаласының орталығында бірнеше жарылыс жасалды. Қазіргі мәліметтер бойынша кемінде 10 адам қаза тапқан. Бұл жөніндегі жауапкершілікті «Ислам мем­лекеті» делінетін лаңкестік ұйым мойнына алған. Сарапшылардың беріп отыр­ған бағаларына қарағанда, тыныш өмір сүріп жатқан бұл елде ислам радикализмі қайта оянатын болса, бұл онда ол орналасқан өңір үшін қатерлі құбылысқа айналмақ. Оқиға былай болған: Джакарта орталығындағы Sarinah сауда орталығының маңында 10-15 адамнан құрылған содырлар тобы бірнеше жарылыс жасап үлгерген. Олардың біреуі сауда орталығының бірінші қабатындағы дәмханаға кіреберісте өзін өзі жарып жіберген. Оның сыбай­ластарының бірі полиция тұра­ғының қасында осы жарылыс­ты тағы да қайталаған. Барлығы 7 жарылыс жасалған. Осы оқиғадан соң іле-шала содырлар мен полициялар арасында ұзаққа созылған атыс басталған. Ресми мәліметтерге қарағанда, қаза тапқан 10 адамның бесеуі – лаңкестер тобынан. Бұдан басқа 20 адам жараланған. Полиция күдіктілердің төртеуін қолға түсіріп үлгерген. Полиция өкіл­дерінің пікірінше, лаңкестер өткен жылдың қараша айында Парижде болған оқиға сценарийі бойынша әрекет еткен. Жарылыс болғаннан кейін біраз уақыт өткенде, ел астанасы орталығындағы жағдай қайта қалпына келтірілді. «Билік жағдайды толық бақылауға алды», деген хабар таратылған. Индонезия президенті Джоко Видодо бұл оқиғаны «лаңкестік актісі» деп атады. Мұндай оқиға Джакарта орта­лығында өткен жылдың сәуір айында да тіркелген еді. Ол кезде 4 адам жарақат алған болатын. Осыған байланысты желтоқсан айында билік өкілдері лаңкестік әрекет қайта бас көтеруі мүмкін деген хабарға байланысты қауіпсіздік шараларын күшейте түскен болатын.

Терроршы босқын ретінде келген екен

«Ыстамбұлда жарылыс жа­саған терроршы Түркияға босқын ретінде келген болып шықты», деп мәлімдеді осы елдің премьер-министрі Ахмет Дәуітоғлы. Өткен сейсенбіде Ыстамбұл орталығындағы Сұлтанахмет алаңында үлкен жарылыс жасалғаны белгілі. Жарылыс жасалған кезде мұнда бір топ турист болған. Олар негізінен Германиядан келген туристер екен. 10 турист қаза тауып, 17-сі жараланған. Жараланғандардың алтауы әлі ауруханада жатыр. Біреуінің жағдайы өте ауыр. Жарылыс жасаушы да қаза тапқан. «Бұл адам Түркияға бос­қын ретінде келген екен. Ол полицияның бақылауында бол­маған. Өйткені, күдік кел­тірмеген. Жарылыс болып өткеннен кейін оның барлық өмірбаяны, байланыс жасаған адамдары зерттелуде. Біздің қазір осы адамды пайдаланған тысқары күштер бар ма деген күдігіміз бар. Оны «Ислам мемлекеті» деп аталатын содырлар тобынан басқа да күштердің пайдалануы әбден мүмкін», деп мәлімдеді Түркия үкіметінің басшысы Ахмет Дәуітоғлы сәрсенбі күні Ыстамбұлда өткен брифинг кезінде. Мұның алдында Түркия президенті Реджеп Тайып Эрдоған жарылысты Сириядан шыққан терроршы жасады деп мәлімдеген болатын. Мұнан кейін түрік баспасөзі полиция деректеріне сүйене отырып жарылыс жасаушының Сауд Арабиясынан шыққандығын және Түркиядан саяси баспана алуға әрекет еткендігін мәлімдеді. Жалпы, осы оқиғаға байланысты 5 адам ұсталды. Ресей экономикасы туралы болжамды төмендетті Халықаралық валюта қоры Ресей экономикасы туралы өз болжамын бұрынғыға қарағанда, нашарлата түсті. Енді бұл халықаралық қор­ 2016 жылы Ресей экономи­касы құлдырауын одан әрі жалғас­тырып, 1 пайызға төмендей түседі деп есептейді. Қор үстіміздегі жылдың 20 қаң­тарында Лондонда өтетін шараға есеп әзірлеуде. Аталған болжам осы іс-шара барысында жасалатын баяндамаға жаңар­тылған түрде енгізілген. Өткен күзде Халықаралық валюта қоры 2016 жылы Ресей экономикасы 0,6 пайызға құлды­райды деген болжам жасаған болатын. Сол кезде Ресей 2015 жыл­ды 3,8 пайыз құлдыраумен қорытындылайды деп есептелген еді. Сондай-ақ, өткен аптаның соңында Бүкіләлемдік банк те өз болжамдарын жариялады. Бұл болжам бойынша 2016 жылы Ресей экономикасы 0,7 пайызға қысқарады деп есептелініпті. Бірақ соған қарамастан Ресей үкіметі 1998 жылғы бас­­­тан ке­шірген дағдарыс қай­та қай­та­ланбайды деп есептеп отыр.

Мұнай бағасы еңсе көтере алар емес

14 қаңтарда, өткен бей­сен­біде мұнай бағасы сәл көтерілгеннен кейін 15 қаңтар күні қайтадан арзандап кетуі мүмкін деген болжамдар бар. Өйткені, осы күні Ираннан санкция алынып тасталады деп күтілуде. 15 қаңтар күні Киев уақыты бойынша таңғы сағат 8:52-де Лондондағы ICE Futures биржасында Brent маркалы мұнайдың бағасы барреліне 30,27 долларға дейін төмендеді. Бұл баға мұнай сатушы барлық елдерге де ауыр тиеді деп есептейді сарапшылар. Америкалық мұнай инсти­тутының мәліметтері бойынша, АҚШ-тағы мұнай қоры өткен апта соңында 3,9 миллион баррельге дейін азайған. Алайда, АҚШ энергетика министрлігінің мамандары елдегі мұнай қоры өсе түсетін болады деп есептейді. «Әлемдік рыноктарда әлі де болса мұнай көп. Сондықтан алдымыздағы 2 айда мұнай бағасы барреліне 30 доллардан көтеріле қоймайды. Бұл мұнай өндірушілердің барлығына ауыр тиеді», деп мәлімдеп отыр сарапшы Дэвид Леннокс.

Жасөспірімдер  әйелдерге қысым көрсетті

Брюссельден Турне қаласына бара жатқан электр пойыз ішінде бірнеше жас әйел сириялық 13 жасар үш бозбаланың жыныс­тық мақсатта қысым көрсетуіне ұшыраған. Әйелдердің бірі осы оқиға жайында полицияға дереу хабарлап үлгерген екен. Сөйтіп, бозбала бұзақылар теміржол бойындағы стансалардың бірінен ұсталған. Полиция өкілдері бозба­ла­лар­­дың жеке бас деректерін анық­та­ғанда, олардың үшеуі де Сириядан шыққаны белгілі болды. Олар Франциядан баспана сұраған көрі­неді. Қазіргі күні бұл балалар әйел­дердің шағымына сәйкес тергеуге алынды. Германияның Кельн қаласында болып өткен жаңажылдық оқиға кезінде мигранттар тарапынан қысым көргендіктерін айтып, 170-ке жуық әйел полицияға шағым жасаған болатын. Солардың ішінде 117 әйел мигранттардың өздерін зорламақ болғандықтарын жазған. Міне, осы оқиғадан кейін Сол­түстік Еуропада, әсіресе, Бельгияға көрші Германияда босқындар мәсе­лесі өте ушығып тұр. Осы жағ­дай салдарынан қазіргі күні Еуро­пада босқындар тәртібіне барынша қатаң қараушылық сезі­ліп қалады. Немістердің бірқатары бұл мәселе жөнінде Германияға босқындардың көптеп келуіне жол берген ел канцлері Ангела Меркельді айыптауда. Үстіміздегі жылдың 12 қаңта­рында Ангела Меркель болып жат­қан оқиғаларға байланыс­ты мәлімдеме жасады. Ол өз мәлім­де­ме­сінде еуропалық биліктің мигра­циялық дағдарысқа байланысты жағдайда тиісті тәртіпті қамтамасыз етуге дәрмені жетпей отыр­ғандығын айтып, осы­ған орай мигранттарды елден шы­ғару жөніндегі заңды тездетіп қабылдауға шақырды.

Келісімге келе алмады

«Ресей Федерациясы мен Бе­ларусь үкіметтері басшыларының орынбасарлары Аркадий Двор­ко­вич пен Владимир Семашко келіссөздер барысында Белорус­сияға сатылатын Ресей газына жеңілдікті баға белгілеу жөніндегі келісімге келе алмады», деп мәлімдеді журналистерге Ресей энергетика министрінің орынбасары Анатолий Яновский. Оның айтуынша, Беларусь тарапы Ресейден жеңілдікті баға жөнінде қандай да бір пайызды емес, абсолюттік шаманы сұраған. Алайда, Анатолий Яновский Минскінің қандай баға сұрағандығын, сондай-ақ, бұл келіссөздер қай кезде өткендігін айтып жатпады. Ресейлік «Газпромнан» Бело­руссияға газ сатып алушы осы компанияның еншілес кәсіпорны – «Газпром трансгаз Беларусь» ААҚ болып табылады. Оның акция пакеттерінің 100 пайызы ресейлік компанияға тиесілі. 2008 жылдан бері Белоруссияға берілетін газ бағасы әр тоқсан сайын қайта есептеліп отырады. Мұнда газойл мен мазутқа кететін шығындар ескеріледі. Бұл формула 2013 жылдан бастап үкіметаралық келісімде бекітілген болатын. 2015 жылдың ІІІ тоқсанында Ресейдің Белоруссияға сататын газының бағасы 1 мың текше метріне 142,32 доллар деп белгіленген еді. Топтаманы дайындаған Сұңғат ӘЛІПБАЙ, «Егемен Қазақстан».