• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
19 Қаңтар, 2016

Мемлекеттік стипендия бермек түгілі, мерейтойларды өткізуге тыйым салған елдер бар

309 рет
көрсетілді

Кеше Алматыда Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова Елбасының тапсырмасы бойынша белгілі мәдениет және өнер қайраткерлеріне 2015 жылғы Президенттік және Мемлекеттік стипендияларды табыс етті. Мемлекеттік хатшы рәсімді аша отырып, қатысушыларды шын жүректен құттықтап, Президенттік және Мемлекеттік стипендиялар отандық мәдениетті дамытуға қосқан елеулі үлесіне берілген баға екенін атап өтті. Ал биыл мемлекеттің қаржылай қолдауына ие болған дарын иелерінің құрамы 40 пайызға өзгерген. Стипендия алатындар қатары жас дарындармен толықты, өкінсек те, талай тау тұлғалар өмірден озып жатқан жайы бар. Елбасының тапсырмасымен келген Мемлекеттік хатшы зиялы қауыммен жүздесуде былтырғы жылға шолу жасап, келер жылдың келелі тірліктеріне тоқтала келе, сөзді мәдениет майталмандарының өзіне берді. Алдымен жазушылар атынан Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сәбит Досанов сөз алып: – Алпауыт елдердің өзі дағдарыстан есеңгіреп, әлем отқа оранып жатқан қиын кезеңде тәуелсіз Қазақстан барлық қиыншылықтарды ерлікпен еңсеріп, жарқын болашаққа – Мәңгілік Елге жүріп келеді. Олай болса, сол бағытымызды зерделеп көрелік. Кеңес өкіметі кезінде одақтас 15 республиканың түгел тәуелсіздік алғанымен, бәрі бірдей біздей бақытты бола алмай отыр. Олардың көбісі экономикалық қана емес, мәдени, әдеби дағдарыста. Ал бізде кітаптарымыз мемлекеттік тапсырыспен шығып, мерейтойларымыз өтіп жатыр. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қиын кезеңнің өзінде Мемлекет басшысының пәрменімен тағайындалған Президенттік және Мемлекеттік стипендияларын зиялы қауым 20 жыл бойы үздіксіз алып келеді. Кейбір елдердегі қандастарымыз мұндай қамқорлыққа бөленбек тұрмақ, мерейтойларын өткізуге тыйым салынғандығын өкінішпен айтады, – деді. Осыдан кейін белгігі қыпшақтанушы Александр Гаркавец, опера саңлағы Майра Мұхамедқызы, театр майталмандары Нүкетай Мышбаева мен Роза Әшірбекова сөз алып, мәдениеттің мәселесін қозғады. Ең күрделі кезеңдерде де қамқорлығынан айырмаған Мемлекет басшысына шынайы алғыстарын білдірді. Біз жоғарыда болашағынан үлкен үміт күттірген әдебиет пен мәдениеттің жас өкілдері де Мемлекеттік стипендияларға ілігіп отырғанын атадық. – Адамға кейде жылы сөз, қамқор көңілдің өзі көп күш-қуат береді. Ал жас таланттар үшін ұлтымыздың айтулы азаматтарымен бірге Мемлекеттік стипендияға ілігіп, Елбасының қамқорлығына бөлену оларды жігерлендіреді және үлкен мәртебе, – деді жас актер Әділ Ахметов. Гүлшара Әбдіқалықова Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың зиялы қауымның жалпыұлттық құндылықтарды нығайтуға бастайтын күш ретіндегі ұлағатты рөлі жөніндегі сөзін қатысушылардың назарына салды. Мемлекеттік хатшы мәдениет қайраткерлерінің идеялары мен ой-пікірлері, шығармалары халықтың рухани қазыналарын, ежелгі, бай әрі өзіндік өнерін сақтауға және еселеуге бағытталуы тиіс екенін атап өтті. Стипендиялар мемлекеттік қолдау көрсету мақсатында Қазақстан Республикасының құрметті атақтары мен мемлекеттік наградаларын иеленген мәдениет және өнер қайраткерлеріне, сондай-ақ, айтулы шығармашылық жетістігі үшін дарынды шығармашыл жастарға Қазақстанның мәдениетін жасауға, сақтауға және дамытуға қосқан үлесі үшін беріледі. Отандық мәдениетті дамытуға қосқан маңызды үлесі үшін әдебиет пен өнердің 100 қайраткеріне стипендиялар тағайындалды. Стипендияға ие болғандар қатарында Олжас Сүлейменов, Александр Гаркавец, Мырзатай Жолдасбеков, Сәбит Досанов, Бибігүл Төлегенова, Ескендір Хасанғалиев, Владимир Толоконников, Асанәлі Әшімов, Юрий Померанцев, Шерхан Мұртаза, Әкім Тарази, Анатолий Молодов сияқты майталмандар бар. Сонымен бірге, Жәнел Мақажанова, Санжар Мәдиев, Әділ Ахметов, Қанат Омаров, Ерлан Рысқали сияқты бірқатар жас дарындарға мемлекеттік қолдаулар көрсетілді. Кездесу Қазақстан мәдениеті мен өнерін дамытудың өзекті мәселелерін талқылаумен аяқталды. Мемлекеттік хатшы ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық идеясының негізінде Болашағы біртұтас ұлт қалыптастырып жатқан Қазақстан халқының игілігін, абыройы мен ар-ұжданын паш ететін терең мазмұнды жаңа шығармалармен атап өтілетініне үміт білдірді. Алматыға жұмыс сапары аясында Гүлшара Әбдіқалықова, сондай-ақ, Қазақстан Жазушылар одағының басшылығымен кездесіп, республикалық «Қазақ әдебиеті» газеті мен «Жұлдыз» және «Простор» журналдарының редакцияларын да болды. Зиялы қауыммен кездесуде отандық әдебиетті насихаттау, көркемдігі жоғары шығармаларды өмірге әкелу, сонымен бірге, елдің рухани-мәдени саласын одан әрі дамытудың өзекті мәселелері талқыланды. Кездесу соңында Мемлекеттік хатшы шығармашыл зиялы қауым өкілдері «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарын іске асыруға, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында өтетін мерекелік іс-шараларға белсене қатысатынына сенім білдірді. Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ. Суретті түсірген Борис БУЗИН.