• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
20 Қаңтар, 2016

Қар қабыланы

606 рет
көрсетілді

Алтайда Қызыл кітапқа енген түз тағысы көбейіп келеді Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында мекен ететін қар барыстарына зерттеу жұмыстары жүргізілгеніне үш жылдан астам уақыт болды. Аталған уақыт аралығында шың тағысын анықтау, олардың тіршілігін түбегейлі зерттеу жұмыстары үздіксіз атқарылып келеді. Айталық, қар барысы жүретін соқпақтарға, адам аяғы баспайтын асқарлардағы биік құз, жартастарға фототұзақ құралдары орнатылды. Бұл фототұзақ құрал­дары белгілі бір уақыт аралы­ғында тексеріліп тұрады. Оның алғашқы нәтижелерін газеті­мізде жариялаған болатынбыз (Қараңыз: «Қар барысы тұңғыш рет фототұзаққа ілінді», 15 қаңтар, 2015 жыл; «Тағы бір аң фото­тұзаққа ілінді», 24 маусым, 2015 жыл). Яғни, жылдың әр мезгілінде фототұзаққа марал, таутеке, қас­қыр, түлкі, қоян, суырлармен қатар, еліміздің Қызыл кітабына енген Алтай ұлары, сабаншы және қар барысы түсті. Қар барысының қорегі таутекелер болғандықтан фототұзақ құралдары негізінен таутекелер жүретін жерлерге қойылды. Жоғалып бара жатқан қар ба­рысының соңғы уақытта Алтай тауларында пайда болуы, жиі бой көрсете бастауы қуантады. – Бұл – ұлттық парк аумағында күзет жұмыстарының күшейтілуі мен адамдардың табиғатқа деген көзқарасының өзгеруінен деп ойлаймын. Алғашқы қар барысының суреті 2014 жылдың желтоқсан айында түсірілген болатын. Қар барысын анықтап зерттеу және қорғау жұмыстарын жүргізу мақсатында жұмыс тобы құрылып, оның құрамына жануарларды қорғау және өндіру бөлімінің бастығы Е.Қасымов, саяткер-биолог А.Мү­бараков, мемлекеттік инс­пекторлар М.Омаров, Н.Бади­солтанов және аға ғылыми қыз­меткер А.Челышев кірді. 2015 жыл аталған жұмыс тобы үшін өте сәтті болды деп есептеймін. Құрылған фототұзаққа ұлттық парк аумағында мекен ететін жабайы аң-құстардың барлығы түсіріліп алынды. Мәселен, 2015 жылы желтоқсан айының 23-25 жұлдызы аралығында кезекті жұ­мыс сапары аясында құрылған фототұзақтар тексерілді. Аршаты орманшылығына қарасты Қоралы учаскесінде екі жерге құ­рылған фототұзақтар жыл бойы тұрған болатын. Фототұзақты тексеру барысында қар барысы 2014 жыл­­дың желтоқсан айында, 2015 жылдың қаңтар, ақпан, наурыз, сәуір, мамыр, қыркүйек, қараша, қазан және желтоқсан айларында фототұзаққа түскені анықталды. Сонымен қатар, Онтүстік Алтайда қар барысын анықтау мақсатында алғаш рет қиын және алыс жерлерге бірнеше фототұзақтар құрылды. Дала жұмыстарына саяткер-биолог М.Панинов және мемлекеттік инс­пектор Т.Әділов қатысты. Фото­тұзаққа таутекелердің көп­те­ген бейнелерімен қатар сұр қоян анық түскен екен. Аталған жұмыстар енді басталғандықтан алдағы уақытта қар барысының фототұзаққа түсетініне сенеміз. Осындай қиын да қызықты жұмыс­тарды атқаруға атсалысып жүрген жоғарыда есімдері атал­ған азаматтарға айтар алғы­сым зор. Сондай-ақ, қар барысын анықтаудағы жұмыстарға үнемі қолұшын беріп келе жат­қан Катонқарағай ұлттық та­биғи паркінің бас директоры Е.Мұстафинге айтар алғысымыз шек­сіз, – дейді парктің жануарларды қорғау және өндіру бөлімінің бастығы Ерік Қасымов. Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан». Шығыс Қазақстан облысы, Катонқарағай ауданы.