• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
20 Қаңтар, 2016

Тұрақсыздық ушығып тұр

419 рет
көрсетілді

Қытай экономикасының өсімі төмендеді Жаңа жылда жаһандық экономика тағы да тұйыққа тірелді. Оған сарапшылардың пікірінше, әлемдік экономиканың локомативіне айналған Қытай экономикасының тоқырауы себеп болып отыр. Қытай Халық Респуб­лика­сының экономикасы 2015 жыл­дың төртінші тоқсанында да даму деңгейінің бәсеңдегенін көр­сетті. Өткен жылдың төртінші тоқсанның қорытындысы бойын­ша, ҚХР экономикасының өсімі бұрынғы жылдың сәйкес кезе­ңімен салыстырғанда 6,8 пайызды құрады. Бұл деректі Ұлттық сараптама бюросы жария етті. Жалпы, 2015 жылдың қоры­тындысы бойынша, ҚХР экономикасы 6,9 пайызға өсті. Ресми болжам бойынша өткен жылы ел экономикасының өсімі 7 пайызды құрауға тиіс еді. 2014 жылы бұл көрсеткіш 7,3 пайызға тең болатын. Әлемдік рыноктың қатысушылары Қытай экономикасы өсімі қарқы­нының бұлай төмендеуіне ерекше алаңдаушылық танытуда. 2008 жылдың қатерлері қайталанады Жыл басынан бері әлем бойынша қор рыногы түгелге дерлік құлады, мұнай бағасы да күн құрғатпай құлдырауда. Осыған байланысты Royal Bank of Scotland экспорттары биылғы жылдың басында әлемдік экономикадағы қалыптасқан жағдайды 2008 жылғы жаһандық дағдарыс салдарларымен теңестіреді. Британдық баспасөздің хабар­лауынша, Royal Bank of Scotland (RBS) өзінің тұтынушыларына жаһандық дағдарысқа ұрын­дыратын «күрделі жылдың» кел­генін ескертеді. Банк сарап­шы­ла­рының пікірінше, қор рыноктары 2008 жылы жаһандық дағдарыс басталған кездегідей терең құл­дырау кезеңін бастан кешіруде. Осыған байланысты банкирлер өз тұтынушыларына «жоғары сапалы облигациялардан» басқалардың «барлығын» сатуға кеңес беруде. RBS-тің Еуропалық экономиканы зерттеу департаментінің бастығы Эндрю Робертстің пікірінше, несие көбігі биыл тағы да жарылады. Ол кәсіпорындар баланстарына үлкен ауыртпалық төніп тұрғанын айтып, сол кәсіпорындардың акцияларын ұстаушыларға қатты ескерту жасайды. Сарапшылар әсіресе, әлемдік қарыздың бұрын-соңды болмаған рекордтық деңгейге көтерілгенінен қауіптенеді. Эндрю Робертс Қытай билігінің қор рыногына араласуын үлкен апаттың басы деп есептейді. Енді бүкіл әлемдегі қор рыноктарында тұрақсыздық белең алады. «Акциялар мен несиелер өте қауіпті бола бастады. Оның үстіне біз өткен дағдарыстың қателігінен әлі толық құтылып болғанымыз жоқ», дейді Робертс. RBS сарапшылары Уолл-ст­рит­тегі және еуропалық бир­жа­­лар­­дағы курс 20 пайызға дейін құл­­ды­­рай­­ды деп болжауда. Со­ны­мен бірге, ­RBS мұ­най ба­­­ға­­сының 16 долларға дейін төмен­дейтіндігін алға тартады. Олардың айтуынша, ОПЕК енді әлемдік мұнай нарығындағы жағдайды реттеуге қауқарсыз. Өкінішке қарай, мұндай қауіпті болжам жасап отырған RBS сарапшылары ғана емес. «Мен бүгінгі рынок жағдайына қарағанда, 2008 жылдың қаржылық дағдарысын көз алдыма әкелетін қатерлерді көремін», дейді Джордж Сорос. 3,6 миллион француз жұмыссыз Франциядағы жұмыссыздар саны 3,6 миллион адамды құрады. Дүйсенбі күні Франция президенті Франсуа Олланд елдегі белең алған жұмыссыздықтың алдын алу үшін 2 миллиард еуро жұмсалатындығын мәлімдеді. Аталмыш қаржы негізінен жұ­мыссыз жүрген 500 мың аза­матты қайта даярлау үшін жұм­са­лады. «Бұл қаржы қайта даяр­лау және оқыту шарала­рына бағытталады. 2 милли­ард еуро қаржы салықтар есе­бінен емес, үнемдеу есебінен алын­ған», деді Франсуа Олланд. Оның айтуынша, «Франция экономикалық төтенше жағ­дай­да» тұрған көрінеді. Сондықтан мұндай шараларды жедел жүзеге асыру қажет. Еске сала кететін болсақ, жұмыссыздықты жою президент Олландтың сай­лау алды тұғырнамасының бірі бо­латын. Қазіргі таңда Фран­циядағы жұмыссыздық 10 пайызды құрап отыр. Франсуа Олланд президент болғаннан бері, яғни 2012 жылдан бері ел­дегі жұмыссыздар саны 670 мың адамға өсті. «Франция азаматтарын жұмыспен қамту – қауіп­сіздіктен кейінгі ең өткір мәселе», деді президент өз сөзінде. Әлем байлығы  62 алпауыттың қолында Планетамыздың 62 ең бай алпауытының байлығы бүкіл Жер шары тұрғындарының жартысы – 3,6 миллиард адам иеленетін игілікке тең екен. Бұл туралы кедейшілікке қарсы күреспен айналысатын Oxfam коммерциялық емес ұйымының зерттеулеріне сүйене отырып, ВВС агенттігі хабарлайды. Осы зерттеулер көрсетіп отырғанындай, Жер шарының 62 ең бай тұрғынының дәулеті 2010 жылдан бері 44 пайызға (1,76 триллион долларға) артқан көрінеді. Керісінше, дәл осы мер­зімде планетамыздың кедей тұр­ғындарының дәулеті 41 пайызға (1 триллион долларға) азайыпты. Байлықтың буына піскен осы ат төбеліндей азшылық ойларына не келсе, соны жасап, әлемдік тұтыну деңгейін қатерлі деңгейге көтерді. «Көп асқанға бір тосқан», демекші байлықтан басы айналғандардың тойымсыз сұранысы жаһандық қаржы айналымын дүркін-дүркін тығырыққа тіреп, экономикалық дағдарыс қаупін күшейтіп отыр. Oxfam сарапшылары әлемдегі 1 пайыз ең бай алпауыттардың (73 миллион адам) байлығы Жер шарын мекендейтін бар­лық адамзаттың дәулетімен пара-пар екендігін есептеп шы­ғарды. Бұл коммерциялық емес ұйымның аталмыш баянда­масы Давоста өтетін Бүкіл­әлем­дік экономикалық форум қар­саңында жария етіледі. Давос форумы биыл 20-23 қаңтар ара­лығында өтеді. Шенген келісіміне қауіп төнді Австрия канцлері Вернер Файман жексенбі күні Osterreich газетіне берген сұхбатында, өз елінде Шенген келісімі уақытша тоқтатылатындығын мәлімдеді. «Егер Еуропалық одақ өзінің сыртқы шекарасының қауіпсіздігін қамтамасыз ете алмайтын болса, онда Шенген келісімінің болашағы да күңгірт. Онда одаққа кіретін әрбір мемлекетке өз шекарасын өзі бақылауға тура келеді», деді канцлер Вернер Файман. Енді Австрияның қауіпсіздік күші елге келетін әрбір адамды жан-жақты тексеріске алатын болады. Осы уақытқа дейін Австрияға кіріп үлгерген мигранттар мәселесіне келетін болсақ, босқын дәрежесі берілмеген мигранттардың барлығы елдің шекарасынан қайта шығарылмақ. Австрия билігінің мұндай қатал шешімдерге баруына елдің географиялық жағдайы да ықпал етуде. Бұл ел Еуропалық одақтың «түрік бағытындағы» батыс бөлігіне орналасқан. Мәселен, Германия шекарасынан қуылған заңсыз мигранттар қайтадан Австрия аумағына жіберіледі. «Бізге қайтарылатын заңсыз мигранттардың саны 2015 жылғы желтоқсанда күніне 60 адам болатын болса, 2016 жылдың басында күніне 200 адамға дейін өсті», дейді Жоғары Австрия федералдық жері полициясының өкілі. Сондықтан Вена осындай заңсыздықтардан қорғану қамына кірісті. Австрия билігінің және Еуро­палық одақтың құрамындағы кейбір басқа мемлекеттердің мұн­дай қадамдары бүкіл Шенген келісімінің болашағына қауіп төндіреді. Бұл жерде мәселе әрбір елдегі шекаралық бақылауды күшейту ғана емес, сонымен бірге, бірыңғай және әмбебап еуропалық жобаның болашағында болып отыр. Адамдардың, тауарлардың, қызметтің және капиталдың еркін араласу тұжырымдамасы еуропалық интеграцияның негізі болып табылады. Ал бұл баламасыз тұжырымдамадан адамдардың шекаралар арқылы еркін жүруіне тыйым салынатын болса, бүкіл келісімнің құны көк тиын болмақ. Бұл әзірге болжам ғана. Брюссель Еуропалық одаққа да, Шенген келісіміне де кір шалдырмай сақтап қалу үшін қолдан келгеннің бәрін жасайды. Брюссель қалыптасқан проб­леманың тереңдігін толық тү­сінеді. «Мен бұл елдердің алаң­даушылығын жақсы түсінемін. Алайда, біз Еуропадағы еркін жүріп-тұру және еркін араласу жағдайын сақтауға жауаптымыз. Біз Шенген келісімін көздің қарашығындай сақтап қалуымыз керек», дейді Еурокомиссия басшысы Жан-Клод Юнкер. Бірқатар сарапшылардың пікірінше, бұл жерде әңгіме тек Шенген аймағын сақтау ғана емес, сонымен бірге, еуропалық қауіпсіздікті және дипломатияны сақтау туралы да болып отыр. Брюссель үшін Еуропалық одақты келетін заңсыз мигрант­тардан қорғап қалу қандай маңызды болса, бүгінде одақ құ­рамындағы елдерде тұрақ­тап қалған босқындардың болашағына деген жауапкершілік одан да маңызды. Одақ елдерінде тұрақтаған босқындарды жұмыс­пен қамтамасыз ету, әлеу­­мет­тік тұрмыс-жағдайын қалып­тас­тырумен бірге, олардың сол елге тұрақты сіңісті болуы да өте маңызды. Босқындар өздері тұратын елдердің заңдарын мойындап, өздерінің салт-дәстүрлерін сол елдің талаптарына сәйкес құра білуі керек. Ал бұл өте ыждағаттылықты қажет ететін және ұзақ уақытқа созылатын маңызды міндет. Топтаманы дайындаған Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан».