Өткен жылдың қорытындысына сәйкес құрылыс жұмыстарының көлемі 472 млрд. теңгені құрап, 1759,0 мың шаршы метр баспана пайдалануға берілді. Бұл – елорда тарихындағы ең жоғары көрсеткіш. Қолдануға берілген баспана көлемі 2014 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 146%-ға артық екендігі байқалады. Осылай деді Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі елорданың құрылыс саласында атқарылған жұмыс қорытындыларына байланысты өткен баспасөз мәслихатында Астана қаласы әкімінің бірінші орынбасары Сергей Хорошун. Оның айтуына қарағанда, 2015 жылы жалпы аумағы 2371 мың шаршы метр болатын барлығы 1135 әртүрлі нысандар пайдалануға берілді. Сонымен қатар, тұтынуға ұсынылғандардың қатарында 107 әлеуметтік нысан, соның ішінде әрқайсысы 1200 орындық жалпы білім беретін 4 мектеп, 1720 орындық 8 балабақша бар. Бұған қоса, 250 төсек-орындық балалар жұқпалы аурулар ауруханасы, медициналық-әлеуметтік сауықтыру орталығы, сол жағалауда 500 келушіге арналған амбулаториялық-емханалық кешен, Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасының клиникалық-оңалту кешені сияқты денсаулық сақтау нысандары пайдалануға берілді.
Және де «Қолжетімді тұрғын үй-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында 343 мың шаршы метр, соның ішінде ескі және апатты жағдайдағы үйлерді бұзу жөніндегі қанатқақты жоба шеңберінде 151 мың шаршы метр баспана қолдануға беріліп отыр. Бұл тұрғыда қанатқақты жоба басталғалы бері апатты жағдайдағы үйлердің 1762 тұрғыны өз пәтерлерінің кілтін иемденді.
Бекітілген кестеге сәйкес жобаның 1-кезегін толық жүзеге асыру 2017 жылдың екінші жартысында аяқталады. Индустриялық парк аумағында 27 өндірістік нысан пайдалануға беріліп, 2735 жаңа жұмыс орны ашылған. Бұл ретте жалпыэкономикалық конъюнктура дамуының тұрақсыздығына қарамастан биылғы жылы экономиканың құрылыс саласындағы өсу қарқынын кемінде 104% көлемінде сақтап қаламыз, деген жоспарын атап өткен әкімнің бірінші орынбасары осы бағыттарда жүйелі жұмыстар атқарылатынын нақтылады.
Оның айтуынша, қолда бар қаржылық ресурстардың аздығына байланысты халықаралық қаржы ұйымдарымен, соның ішінде мемлекет-жекеменшік серіктестігі тетіктерін пайдалану арқылы қарыз бен несие тарту мақсатында әкімдік тарапынан жұмыстар жүргізілуде. Бұл бағытта осы жылдың өзінде 960 орындық 4 балабақша, 4 амбулаториялық емхана, 4 паркинг құрылысы жобаларын бастау жоспарланып отыр. Бүгінгі таңда Астана қаласында құрылыс кезеңінде – 2591, жобалау кезеңінде 1195 нысан жүзеге асырылуда.
Сондай-ақ, елордада тұрғын үй салудағы бірқатар түйткілдерге толығырақ тоқталған С.Хорошун «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» және «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» заңдарды бұзуға жол берген тұрғын үй салушыларға қатысты жағдайларды баяндады. Өткен жылы құрылыс саласы бойынша 909 бұзушылық, пәтерлерді заңсыз сату бойынша 37 дерек анықталып, осы мәселеге орай мемлекеттік органдар тарапынан қажетті шаралар қабылданды.
Бүгінгі күні қандай да бір құрылыс жұмыстарына кіріскендер өз бетімен салуды бастаған нысандарының құрылысын сот шешімімен тоқтатып, кейін айыппұл төлегенше, заңмен белгіленген тәртіптегі рұқсат қағаздарымен жұмыс істеудің тиімді екендігіне көздері жетті, дейді С.Хорошун.
Эльмира МӘТІБАЕВА,
«Егемен Қазақстан».