Қазіргі дүниеде орын алып жатқан барша жағдайға қысқаша тап осындай баға беруге болар еді. Ал бұл әлсіз әрекеттің бәрі қаржы саласындағы тұрақсыздық пен белгісіздіктерден туындап отыр. Бұған мұнай бағасының құлдырап түсіп кеткені ғана кінәлі деген ойға келсек, ол біздің қатты қателескеніміз болып шығады.
Жер-әлемнің бұлай ала тайдай бүлінуіне себепкер болып отырған факторлар жетерлік. Ең өкініштісі, осының көпшілігі «күн астынан орын алғысы» келетін бірқатар елдердің өзгелермен текетіресі, тағы бір елдердің «әлем дастарқанынан көбірек» қарпып қалуға тырысушылығы салдарынан болып жатыр. Мұның арғы жағында қазіргі қаржы институттары мен биржалардың кей жағдайларда «тапсырыстар» бойынша жұмыс жасап кететіні бар. Осының бәрі жақын жылдарда жаһандағы қаржы айналымы жүйесіне үлкен реформалар енгізбей болмайтынын байқата бастады. Қоғамның осы күнгі даму барысы да соған алып бара жатқан сияқты.
АҚШ экономикасындағы жағдай көпіршікке ұқсайды
АҚШ президенті орынтағына республикашылар атынан үміткер Дональд Трамп Құрама Штаттар экономикасындағы қазіргі ахуалды көп ұзамай жарылып кеткелі тұрған көпіршікпен салыстырды. Ол бұл байламды АВС телеарнасында сөйлеген сөзі барысында айтты.
Миллиардер-бизнесмен өзінің сөйлеген сөзінде елдегі ең бір күрделі проблема – экономикадағы алмағайып кезеңді батыл сынға алды. Үміткер алдағы сайлауда жеңіске жетсе, бірінші кезекте осы мәселені ретке келтіру үшін күресетінін жеткізді. «Біз қазір көпіршіктің ішінде отырмыз. Шынымды айтсам, мен бұл көпіршік өзім президент болып сайланғанға дейін-ақ жарылып кететін шығар деген үміттемін. Мен мұрагерлікке қирап жатқан елді алғым келмейді», – деп атап өтті Трамп.
Өткен жылғы шілде айында Трамптың республикашылар партиясының өз ішіндегі қарсыласы Джеб Буш «америкалықтар көбірек жұмыс жасайтын болса», экономиканы көтеруге болатынын айтқан еді. «Мен біз кемінде төрт пайыздық өсімге қол жеткізе аламыз деп пайымдаймын. Бұл үшін бізге бұдан да гөрі тиімді жұмыс жасауға тура келеді. Мұның өзі америкалықтардың жоғары жалақы алу үшін жұмыс уақытын көбейтулері керек екенін меңзейді», – деп атап өтті Флорида штатының бұрынғы губернаторы. Оның айтуына қарағанда, «қазір елдің батып жатқан батпағынан тек осылай ғана құтылуға болады».
Кейінірек Буштың көмекшісі оның айтқысы келген ойларына біршама түсіндірме бере кетті. Оның айтуынша, АҚШ президенттігінен үміткер осы арқылы мемлекеттің жұртқа табыс табу үшін мүмкіндікті көбірек жасау керек екенін білдіргісі келген. Алайда, айтылатын сөз айтылып кетті. Бұрынғы губернатордың жоғарыдағы сөздерін әлемдегі көптеген сарапшылар мен экономистер мазаққа айналдырып, келеке етіп тастады.
Ал миллиардер Дональд Трамп – Құрама Штаттардағы аса ірі құрылыс компаниясының қожайыны, бұдан басқа әлемдік деңгейдегі отельдер мен казинолар жүйесінің иесі. Бизнесмен қазір республикашылар партиясынан түсіп отырған үміткерлердің арасындағы топ бастаушы саналады. Сарапшылар оның басқа саясаткерлерге қарағанда, ақты – ақ, қараны қара деп, бәрін ашығынан айтатынын, еш нәрсені ретсіз бүркемелейтінін алға тартып отыр.
Алдағы шілде айының соңында республикашылар да, демократтар да кезектен тыс съездерін өткізіп, өздерінің аттарынан алдағы сайлауға жіберілетін жалғыз кандидаттың есімін анықтайды. Оқиғаның қазіргі даму барысы бұлардың республикашылардан Дональд Трамп, демократтардан Хилари Клинтон болатынын аңғартып отыр. Негізі, президенттің орынтағы үшін күрес осы екеуінің арасында өтетін түрі бар. Наурыз айының соңында жеке өзін ұсыну арқылы жарысқа қосылатынын мәлімдеген тағы бір миллиардер Майк Блумберг оларға қарсылас бола алмайтын сияқты.
АҚШ президентін сайлау 2016 жылғы 8 қарашада өтеді.
Financial Times 30 жылдан бері бірінші рет наразылық білдірді
Осы аралықта Ұлыбританияда журналистер бас көтерді. Атап айтқанда, елдегі ең танымал басылымдардың бірі – Financial Times (FT) газетінің қызметкерлері осы аптада бірнеше рет 24 сағаттық ереуілге шығатындарын мәлімдеді.
Бұл белгілі баспасөз құралы журналистерінің соңғы 30 жылдың ішінде бірінші рет наразылық қозғалысына қосылулары екен. Олар басшылық FT Group компаниясын жапонның Nikkei газетіне сатқаннан кейін зейнетақы жөніндегі міндеттемесін қайта қарауға берген уәдесін орындамағанына реніш білдірген. Қаламгерлер мұны «зейнеткерлерді тонау» деп бағалады.
Pearson PLC өткен жылғы шілдеде FT Group тобын жапонның Nikkei Inc холдингіне 844 млн. фунтқа сатқанын жариялаған болатын.
Италияның жағалау күзеті 1,2 мыңнан аса босқынды құтқарды
Италияның жағалау күзетінің қызметкерлері сейсенбі күні жүргізген құтқару операциясы барысында 1,271 мың босқынды теңіздің бетінен құтқарып қалды. Олар Ливия жағалауынан бері қарай резеңке және ағаш қайықтармен жүзіп шыққан мигранттарға дер кезінде жетті.
Рейтер агенттігінің мәліметі бойынша, құтқару операциясын Италия әскери-теңіз флоты мен жағалау күзеті бірлесіп жүргізген. Оларға Еуропа одағының Жерорта теңізіндегі миссиясы шеңберінде қызмет жасап жүрген Словения әскери корабльдері көмекке келген.
ЕС Frontex шекаралық агенттігінің соңғы мәліметтеріне қарағанда, өткен жылдың алғашқы он айы ішінде Еуроодақ елдеріне 1,2 млн. босқын келген. Еурокомиссия бұл деңгейді Екінші дүниежүзілік соғыстан бергі уақыт аралығындағы босқындардың ең көп қозғалысқа түскен көрсеткіші екенін атап көрсетті.
Қазір БҰҰ Еуроодағы босқындарға көмек көрсету үшін $550 млн. көлемінде қосымша қаржы керек екеніне әлем қауымдастығының назарын аударып отыр. Бұл қаржылар 2016 жылы босқындар тасқынынан зардап шеккен елдерде жүргізілетін гуманитарлық опе-
рацияларды қаржыландыру үшін қажет.
Францияда мемлекеттік қызметкерлер ереуілге шықты
Францияда соңғы күндері 5,6 млн. мемлекеттік қызметкер ереуілге шықты. Оларды оқу орындарының, ауруханалардың қызметкерлері, сондай-ақ көлік қызметінің өкілдері құрады. Барлығының алға қойып отырған талаптары біреу. Ол – айлық жалақыны көтеру. Жергілікті кәсіптік одақтардың ұйымдастыруымен басталған бұл бас көтерулердің қашан тоқтайтыны әзірге белгісіз.
Radio France Internationale радиосының мәліметіне сәйкес, осының алдында Франция азаматтық авиация басқармасы авиакомпаниялардан рейстердің 20 пайызын қысқартуды өтінді. Оған аэропорттардағы диспетчерлердің жоғарыдай талаппен шеруге шыққандары себеп болыпты. Бұдан бөлек, таксистердің ірі автомагистральдар бойларын жауып тастап жатқандары жайында ақпараттар тарап жа-
тыр. Олар салық саясатындағы әділетсіздіктер мен лицензиясыз адам тасушылар тарапынан болып жатқан жүгенсіздіктерге наразы. Енді француздардың бұл бастамаларын олардың Еуроодақ бойынша әріптестері – Испаниядағы, Ұлыбританиядағы және Италиядағы қызметшілер мен жұмысшылар қолдайды деп күтіліп отыр.
Француз мемлекеттік қызметкерлерінің негізгі талап-тілектері – жалақыны көтеру мәселесі одақтағы басқа елдердегі жағдаймен салыстыру нәтижесінде шыққан. Олардың сөздеріне қарағанда, айлық жалақы елдегі нақтылы экономикалық жағдаймен сәйкес келмейді. Сондықтан айлықтары ештеңеге жетпейді. Осыған байланысты ереуілшілер биліктен 2010 жылы алға қойылған жалақы өсіруді тоқтатып тастау жөніндегі саясатты қайта қарауды ұсынып отыр. Айтуларынша, осы жылдарда олар айтарлықтай кедейлене түсіп, сатып алу қабілеттерін 10 пайызға төмендетіп алған.
Франциядағы ереуілдерге мұғалімдер де қатысуда. Бұдан бұрын SNUipp кәсіподағы білім беру жүйесіне реформа жасау мен жалақыны өсіруді талап ететін 100 мыңға жуық оқытушының шығатынын мәлімдеген болатын. Бұған қоса, мұғалімдер өткен жылғы күзде күшіне енген колледждер мен олардың оқытушылар құрамының жұмысын реформалау туралы заңға өздерінің келіспейтіндерін білдіруде. Осы жолы осыған қатысты төртінші акция өтіп жатыр.
Француз билігі өз кезегінде бұл мәселе бойынша ақпан айында кәсіподақтармен келіссөз үстеліне отыратынын жеткізді.
Топтаманы дайындаған Серік ПІРНАЗАР, «Егемен Қазақстан».