• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
28 Қаңтар, 2016

Жарқын болашақтың шырағы

360 рет
көрсетілді

Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Нұр Отан» партиясының ХVI съезіндегі сайлауал­ды бағ­дар­ла­масы ретінде Қазақ­станның болашақ даму жолына арналған, бес институттық реформасы ха­лық арасында үлкен қолдау тапқан болатын. Осы реформаларды негізге ала отырып «100 нақты қадам» Ұлт Жоспары қабылданды. Ел Президентінің жыл басында «Егемен Қазақстан» газетінде жа­рияланған «Ұлт Жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» атты мақаласы мұғалімдер қауымына үлкен серпіліс әкелді. Елбасы мақаласында: «Ата-бабаларымыздың көптеген ұр­пақтары үшін Қазақстанның тәуелсіздігі асыл арман болып келді. Біз олардың азат және тәуелсіз Отанды аңсаған көп ғасырлық қиялдарын іс жүзіне асырдық», деп елдік жайлы емірене айтыпты. Иә, бұл мақаланың дәл осылай басталуының бірнеше себебі бар. Шынында да, тәуелсіздікті бабаларымыз ғасырлар бойы аңсады. Енді міне, ол арманға да жеттік. Еліміз тәуелсіздік алғалы ширек ғасырдай уақыт болды. Содан бері Қазақстанымыз қа­рыштап дамыды. Президенттің «Қазақстан-2050» Стратегиясы жарияланғаннан бері еліміз әлемдегі дамыған отыз елдің құрамына кіру үшін күресіп келеді. Дегенмен, Ұлт Жоспарында Қа­зақстанның арманымен қатар бас­ты назар кәсіби мем­лекеттілік аппаратты құруға бағытталғанын да ерекше атап өтуіміз қажет. Сондықтан ма­қа­ланың екінші тарауы «Мемлекетті кәсібилендіру» деп аталған. Себебі, өз ісіне жетік, білімді және елжанды мемлекеттік қыз­метшілердің жаңа кадрлық корпусын конкурс және меритократия қағидаттары ар­қылы қа­лып­тастырмайынша Ұлт Жос­­парын жүзеге асыру мүм­кін емес. Енді мемлекеттік қыз­мет­­шілер мемлекеттік қыз­метке төменгі лауазымдардан бастап тағайындалады. Бұл өз кезегінде мемлекеттік қыз­мет­шінің, біріншіден, маман ретінде қалыптасуына, екіншіден, халықпен тығыз жұмыс істеуге, халықтың мұң-мұқтажын тү­сінуге үйретеді. Ұлт Жоспарының келесі бір игі қадамы – төменгі лауа­зым­дарға қағидаттарды реттеу және олардың одан әрі ла­­уа­зымдық өсуі іскерлік қа­сиеттері арқылы іске асырылады. Меритократия қағидатына негізделген мем­лекеттік қыз­метшілерді тағайын­даудың осын­­дай жүйесіне көшу – мем­ле­кеттік аппараттың сапасын жақ­сартатыны сөзсіз. Бұл мақалада назар аударылған тағы бір маңызды мәселе, ұлт бірлігі. Өйткені, бүгінде әлем­нің барлық дамыған елдері біртектілік пен бірлікті сақтаудың арқасында өркендеп отыр. Олар өздерінің жаңғыртушы жобаларын бұрыннан қалыптасқан біртектілік негізінде жүзеге асы­руда. Елбасы бұл туралы пікірін былай тұжырымдайды:   «Біздің жолымыз – ол бірлік жолы және азаматтық біртектілік негізінде ұлтты дәйектілікпен қалыптастыру жолы». Қазақстан көпұлтты мемлекет. Қазір 130- дан астам ұлттар мен этностар бейбіт өмір сүруде. Соның бәрі Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың аса парасаттылықпен жүргізген саясатының нәтижесі. Ұлт Жос­парында болашағы біртұтас ұлтты дәйекті түрде нығайта беруге мүмкіндік беретін екі негіздің бар екендігі атап көрсетілген. Ол біріншіден, Қазақстан халқы Ассамблеясы. Оның негізгі миссиясы этносаралық бейбітшілік пен келісімді сақтау. Екіншіден, «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясы. «Мәңгілік Ел» Қазақ­станның басты қазынасы. Қа­зақстандықтардың басты арманы тәуелсіздікті сақтап, «Мәң­гілік Ел» болу. «Біз өзіміздің қа­зақстандық арманымыздың орындалуына және еліміздің өркендеуіне сенімді түрде қол жет­кізетін боламыз», деген Мем­­­лекет басшысының сөздері бұл мақаланы оқып шық­қан әр қазақстандыққа ой салуы керек деп ойлаймын. Бұл Ұлт Жоспары Түркияның ұлы қайраткері Мұс­тафа Кемалдың «Алты жебе» бағдарламасы сияқты еліміз­дің ертеңін, болашақ дамуын анықтап беретін аса маңызды саяси стратегия. Біріншіден, «Білім беру, ден­саулық сақтау және халықты әлеуметтік қолдау салаларын реформалау адам әлеуетінің сапасын арттыруға жағдай жасайды», дейді. Иә, адам әлеуеті сапасы жөніндегі Қазақстанның Батыс елдерінен белгілі бір артық­шы­лығы бар. Өйткені, еңбекке қабілетті жас адамдар Қазақстан халқының көп бөлігін құрайды. Мақалада білім беру саласында мектепке дейінгі және мектепте білім берудің жаңа үйлестірілген стандарттарын әзірлеу және бекіту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқаны жан-жақты көрсетілген. «Білім беру үш тілде – қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жүргізіледі», – делінген мақалада. Бұл сапалы білім және батыл реформалар арқылы әлемнің 30 дамыған елінің қатарына еліміздің енуі, ғылымы дамып, экономикасы тұрақты, қарқынды нарық құруға қолы жеткен деген сөз. Әлемдік практикада кез келген интеграция алдымен ғылым, білім, интеллектуалды бәсекелестіктен бас­тау алады. Сонымен қатар, Ұлт Жос­парында мектептерде жоғары сыныптар мен жоғары оқу орын­дарында ағылшын тілінде оқытуға кезең-кезеңімен көшу қарастырылған. Мұндағы басты мақсат даярланатын кадрлардың бәсекелестік қабілетін арттыру және білім беру секторының экспорттық әлеуетін көтеру. Екін­шіден, көптілділіктің бо­ла­шақта жастардың мәдени деңгейінің көрсеткішіне айналатынын Елбасы жыл сайынғы Жолдауларында айтып келеді. Бұл осы мақалада да айтылды. Мектеп бітірген әрбір оқушы, Отанын сүйген патриот, елін сүйген маман болып қалыптасып шығуы тиіс десе, «Мәңгілік Ел» идеясы осы үшін қажет. Яғни, тек қана экономикалық жетістікпен әлемдік қатарға қосылу емес, ең алдымен, білім беру және сая­си даму арқылы көрінуімізде қажет болып тұр. Кез келген елдің беріктігі ең алдымен , білім беру, мораль және мәдениеттің жоғары деңгейімен анықталады. Елбасы мақаласында аталып өткен 59 заң еліміздің болашағы және игілігі үшін қабылданды. Мақалада «100 нақты қадамның» бес реформасының әрқайсысына жан-жақты талдау жасалып іс-қимыл бағдары айқындалды.Бюрократтық шығынсыз эко­номикаға қадам басу арқылы салықтық және кедендік әкім­шілік жүргізуді жақсартуға бағыт­талған шаралар іске асатынын да жеткізді. Үшіншіден, мемлекет функциялары енді бәсекелес ортаға және жергілікті өзін өзі басқаруға беріледі. Елбасы алға қойған Ұлт Жоспарын жүзеге асыру үшін ең алдымен, елімізге пат­риоттық сезімі күшті, ана тілін құрметтейтін, рухани бай, интеллектуалды қабілеті мықты мемлекеттік қызметкерлер керек. Сондықтан мен өз әріп­тес­терімді және бүкіл Қазақстан хал­қын Елбасы ұсынған Ұлт Жоспарын қолдап, оны жүзеге асыруға үлес қосуға шақырамын.  Бақытгүл АУҒАНБАЕВА, Дарынды балаларға арналған облыстық Жамбыл атындағы мамандандырылған мектеп- гимназия-интернаты директорының инновациялық жұмыстар жөніндегі орынбасары.  ӨСКЕМЕН.