• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
29 Қаңтар, 2016

Қаржылық қолдау қарымы

428 рет
көрсетілді

С. Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрында жергілікті кәсіпкерлердің және алыс-жақын шетелдерден келген ірі қаржыгерлердің қатысуымен өткен инвес­торлар кеңесінің алғашқы отырысында эконо­ми­калық қарым-қатынастарды өрістетуге бағытталған бірқатар меморандумға қол қойылды. Алқалы басқосуға ұсынылған соқталы тақырып «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» Жолдауында белгіленген жаңа инвестициялық саясат қағидаттарымен тығыз байланыста қаралып, жиналған­дардың назары индустрияланды­ру бағдарламасын жүзеге асы­ру­дың, жеке инвестициялар тарту­дың, оңтайлы орта қалыптас­тырудың, экономикалық өсімді жетілдірудің, ірі жобалар айналасында шағын және орта бизнес­ті дамытудың, инновациялық ­әле­ует­ті арттырудың маңыз­ды­лығына аударылды. Келелі жиынды ашқан аймақ басшысы Ерік Сұлтанов өз сө­зін­де Елбасы Н. Назарбаев инвес­­тициялық ахуалды жетіл­діру­ге бағытталған реформалар­ды әрі қарай табанды түрде жал­ғастыру, өңірлерде жергілікті маңыз­дағы жобаларды жүзеге асы­ру үшін инвестициялар тар­туға қажетті кеңестер құру мін­дет­терін қойғанын айта келіп, эко­номикалық өсімнің мұндай қар­қыны тек экспорттық табыстар ағынын мүмкін ететін жаңа драйверлер қалыптастыру есебінен ғана қамтамасыз етіле алатынын жеткізді. – Облыс аграрлық өлке санал­­ғанымен, өнеркәсіп, сауда сала­­ла­рының да әлеуеті зор. Инвес­­тор­ларға жер қойнауының қазба бай­лықтарын пайдалану мүмкін­дік­терін ұсынып отырмыз. Қазір­дің өзінде 232 бағдарланған кен орны аясында 50-ге жуық келісім­шарт жасалды,–деді Ерік Хам­заұлы. Жолдауда айтылған жаңа жа­һандық нақты ахуалдың мәні тек әртараптандырылған эконо­миканың ғана дағдарыс салдарына тиімді қарсы тұра алаты­нында деген талабын жете ескерген жергілікті билік орындары шетелдік әріптестікке ерекше екпін түсіре отырып, жеке инвесторлардың қаражаттарын жергілікті жерге жұмылдыру арқылы жаңа жұмыс орындарын құру жайына үлкен көңіл бөліп келеді. Облыс әкімінің орынбасары Мұхтар Манкееев инвестициялық әлеуетті нығайту, екі тараптық әріптестік қарым-қатынасты арттыру бағытында атқарылған шаралар мен алдағы міндеттер туралы баяндама жасады. Ол келтірген деректерге сүйенсек, былтыр жалпы құйылған инвестиция көлемі 154,5 миллиард теңгені құрап, өсім 128,4 пайыз болған. Оның ішінде 44,2 миллиард теңге агроөнеркәсіп кешеніне бағытталған. Соңғы жылдары өнеркәсіптің ілгерілей түскенін ескерсек, оған тартымды инвестиция ықпалы аз емес. Әсіресе, құрылыс материалдары, энергетикалық кешен, теміржол, мұнай-газ салаларында озық технологиялар кеңінен қолданылады. Теріскейдің құнарлы топырағына, шұрайлы жеріне қызығушылар аз емес. Мысалы, италиялық кәсіп­керлердің өтінімімен егіншілікпен шұғылдану үшін оларға 2 мың гектар жер телімі босатылыпты. 2016-2020 жылдарға арналған ауылшаруашылық өнімдерін өңдеу картасы қалдықсыз технологияны кеңінен өрістетудің қарышты қадамына айналғалы тұр. Бұл бағдарламалар шеңберінде 138,5 миллиард теңгенің 60 жобасы пайдалануға беріледі. Мәселен, жылдық қуаттылығы 330 мың тонна, жобалық құны 23 миллиард теңге болатын майлы дақылдар өңдейтін зауыт, жылына 250 мың тонна астық өңдейтін, құны 38 миллиард теңге тұратын кәсіпорын инвесторлардың қаржы­сына тұрғызылады. Жыл өткен сайын жергілікті және шетел­­дік кәсіп­керлер арасындағы тәжі­рибе алмасу шыңдалып, бірлес­кен өндіріс орындары қанат жая түскен. Оған мысал ретін­де «Sampo» астық жинайтын ком­байндар құрастыратын «Қазтех­м­аш» зауытын келтіруге болады. Түрік қаржыгерлерінің қол­дауы­мен диірмен кешені жаңғыртылды. Ресей инвесторлары полимер бұйымдарын шы­ғаратын кәсіпорынға қаржылық қолдау көрсетті. Енді қомақты қа­ражат ағыны минералды ши­кізат кешенін игеруге жұмыл­­­­ды­рылмақ. Облыста сирек кездесетін және түсті металдар қоры мол. Қола­ның – 65, цирконийдің – 36,6, уран­­ның – 19, титанның – 5, воль­­фрамның 1,1 пайызы шоғыр­лан­ған. «Қазгеология» ұлттық геоло­гиялық барлау компаниясы Авс­трияның «Илюка ресурс» компа­ниясымен бірлесіп облыс аумағында геофизикалық зерттеулер жүргізбек. Сырымбет өңірінде жинақталған қалайының ірі кен орнын игеруге «Самұрық-Қазына Инвест» пен «Сырымбет» АҚ 19,5 миллион доллар мөлшерінде транш бөлді. Бұдан бөлек балық, қант өндірісі, тері, жүн өңдеу кәсіп­­­­орындарын құру қолға ­алынады. Шетелдіктердің туризм саласына алабөтен қызығушылық танытып отырғанын айта кеткен жөн. Өткен жылы инвесторлар 876 миллион теңгеге «Имантау», «Арлан», «Ардагер» демалыс аймақтарын ашып, «Салтанат», «Сокол» балалар лагерьлерін жөндеуге 183 миллион теңге жұмсады. «Солнечный ВИП» демалыс аймағында маралдың мүйізінен жасалған дәрімен емдейтін сауықтыру орнын ашты. Қазір инвестициялық портфель шамамен 200 миллиард теңгені құрап, 12 жоба бойынша инвестиция тартылды. Ынты­мақтастықтың басым бағыт­тарының бірі – Қытаймен бірлес­кен үш жобаны жүзеге асыру. Солардың бірі – 2018 жылға таман Ғ.Мүсірепов ауданында дәнді дақыл­дарды қалдықсыз өңдейтін кешенді зауыт салу. «Ши Лин Фу Син-Ухань» компаниясының бас директоры Джанг Шигэннің айтуынша, бұл – елімізде жасалып отырған алғашқы тың жоба. Оған 250 миллион доллар инвести­ция тартылған. Кәсіпорын толық қуатына көшкен кезде 1200 адамды жұмыспен қамтып, жылына 250 мың тонна астық өңдеуге қау­қар­лы. Бүгінгі күні қажетті құжат­тар жиналып, жер телімдері әзірленген. Инвесторлар кеңесінің бірін­­ші оты­рысында сондай-ақ, Инвес­ти­циялар және даму вице-министрі Рахым Ошақбаев, Ауыл шаруа­шы­лығы министрінің орынбасары Ермек Көшербаев, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-тың басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова, «ҚТЖ» ҰК» АҚ вице-президенті Бауыржан Орын­басаров, Қазақстандағы Еуропа қайта құру және даму банкінің жетекші банкирі Антон Дан-Чин Ю, Флоренция /Италия/кәсіп­кер­лері палатасының директоры Ар­мандо Ризалити, «Iluka Expio­­ration Kazakstan /Австралия/ ЖШС-нің бас ди­ректоры Элисон Мор­ли, тағы басқалар сөз алып, инвес­тиция­лық тартымдылықты арт­ты­ру­дың жолдарын ортаға салды. Е.Сұлтанов инвестициялық дек­ларацияға қол қойып, әріп­тес­тік байланыстардың алдағы уақытта да нығая түсетініне сенім білдірді. Шетелдік инвесторлармен экономикалық және сауда-саттық қарым-қатынастарды жетілдіруге бағытталған бірқатар келісімшарт жасалды. Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан». Солтүстік Қазақстан облысы.