• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
02 Ақпан, 2016

Дамудың жаңа деңгейіне шығаратын саты

295 рет
көрсетілді

Кеше «Нұр Отан» партиясының Орталық аппаратында «Нұр Отан» партиясының XVII съезінде Президент Нұрсұлтан Назарбаев қойған Қазақстанды дамыту мәселелері» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Шара барысында партияның аталған съезінде айтылған Елбасының бастамалары жан-жақты талқыланды.  Жиынға қатысқан партия хатшысы Фархад Қуанғанов бүгінгі шиеленіскен жаһандық ахуалға байланысты бар әлем тығырықтан шығар жол іздеуге мәжбүр болып отырғанын айтты. Осы ретте ол Президенттің съезде жасаған баяндамасы еліміз үшін дамудың дара жолынан адас­тырмайтын маңызды құжат екеніне назар аударды. Бұл жөнінде Ф.Қуанғанов: – Мемлекет басшысы съезде сөйлеген сөзінде дәл қазір әлемдік қауымдастыққа экономикалық, валюталық және миграция­лық дағдарыстар қауіп төндіріп тұрғанына тоқталды. Осы қауымдастықтың мүшесі ретінде Қазақстан да сол қауіп-қатерді сезінуде. Дегенмен, Елбасының бірлікке, татулыққа және ынтымақтастыққа негіз­­делген сарабдал саясаты елімізде тұрақтылық пен өсімнің сақталуына, сондай-ақ, жасампаздықтың маңызды әлеуетінің қалыптасуына кепіл болып отыр. Сондықтан Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей бастамасымен қолға алынған «Қазақстан-2050», «Нұрлы Жол» бағдар­ламалары мен «100 нақты қадам» Ұлт Жоспары реформасы партияның сайлауалды тұғырнамасына негіз болды. Өйткені, аталған мемлекеттік бағдарламаларда елді дағдарыстан аман алып шығудың нақты тетіктері қарастырылып, еліміздің мақсат-мүддесі айқындалған. Яғни, бұл бастамалар күрделі сынақтарға берілген лайықты жауап, – деді. Сонымен қатар, іс-шарада сөз алған Халықаралық түркі академиясының әлеу­меттік-экономикалық зерттеулер орта­лығының меңгерушісі Қайырбек Арыс­танбеков бүгінгі экономикалық жағдайдың технологиялық құрылымдарына назар аударды. – Біздің орталық халықаралық тәжі­ри­­­беге сүйеніп, қазіргі дағдарыстан шығудың жолдарын табу мақсатында қоғамның даму кезеңдерімен байланысты технологиялық құрылымдарды зерттеп көрді. Осы ретте әлемдік экономиканың өрлеуі мен құлдырауын білдіретін Кон­дратьев цикліне айрықша тоқталдық. Әлем бойынша бұл циклді терең зерделеген белгілі мамандар бар. Солардың қатарында халқымыздың көрнекті ғалымы, ойшыл Ахмет Байтұрсынұлының да болғанын мақтанышпен айтамыз. Атап айтқанда, 1913 жылы А.Байтұрсынов осы мәселеге қатысты зерттеу жұмыстарын жүргізіп, қоғамның экономикалық дамуының 6 сатысын анықтап берген. Солардың ішінде, машина жасау саласына ерекше мән бе­ріп, оны ел экономикасының қарқынын күшейтетін басты құрал ретінде атаған, – деген Қ.Арыстанбеков дағдарыстан шығудың бір жолы осындай зерттеулер нәтижелерін жүйелі түрде жүзеге асыруды қамтамасыз ету екенін айтты. Өз кезегінде, «Нұр Отан» партиясы Қоғамдық саясат институты директорының орынбасары Владимир Тельнов Ұлт Жоспары мен бес институттық реформаға негізделген қайта құрулар тарихи міндеттер кешеніне қол жеткізетін торапты жол болып табылатынын жеткізді. Ал экономист Қанат Оспанов «Нұрлы Жол» бағдарламасы Қазақстан үшін дағдарысқа қарсы саясат тұрғысынан да, елдің стратегиялық инфрақұрылымын құру тұрғысынан да аса маңызды екенін, сол себепті, аталған бағдарламаны тиімді іске асыру үшін жобалық басқару әдістерін енгізу қажеттігін атап өтті. Одан бөлек, шараға қатысушылар дағ­дарысқа қарсы тұрақтандыру жоспары, экономиканы құрылымдық жаңғырту, аграрлық секторды дамытуға қатысты мәселелерді талқылады. Пікірталас барысында бес институттық реформа шеңберінде Ұлт Жоспарын одан әрі және партияның сайлауалды бағдарламасын іске асыру бойынша конструктивті ұсыныстар айтылды. Айқындалған стратегиялық бастамаларды жүзеге асырудың арқасында Қазақстанның өз мемлекеттігін нығайтып, дамудың жаңа деңгейіне шығуына мүмкіндік алатыны жайлы сарапшылардың ойы бір жерден шықты. Еламан ҚОҢЫР, «Егемен Қазақстан».