• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
02 Ақпан, 2016

Шығыс Қазақстанда қоян-қолтық ұрыстан турнир өтті

410 рет
көрсетілді

ӨСКЕМЕН. 2 қаңтар. «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының 5518 әскери бөлімі базасында қоян-қолтық ұрыстан турнир өтті. Бұл туралы  egemen.kz тілшісі хабарлады. Отан қорғаушылар арасында аталған сайыс түрін таңдап алудың өз мәні бар. Қоғамдық тәртіп  бұзушыларды ұстауда мұндай спорт түрін игеру өте маңызды. «Осы мақсатта арнайы құрама жасақталды. Үздік шыққандар ақпан айында Шымкент қаласында өтетін республикалық жарысқа бармақ. Одан өзге де республикалық сайыстар күтіп тұр. Ал оған дейін кіл сайдың тасындай мықтыларды анықтаймыз», – дейді  «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының дене дайындығы және спорт бойынша басшысы, подполковник Александр Апасов. Сайысқа 7 әскери бөлімнен 7 командаға бөлінген қырықтан астам офицерлер мен сержанттар және сарбаздар қатысты. Мұндай турнир әдетте арнайы бөлімдер арасында ғана ұйымдастырылатын. Биыл барлық бөлімнен қатысуға ниет білдіргендер бағы мен бабын сынап көруге мүмкіндік алды. Спортшылар  65 килодан 90 килодан жоғары салмақ дәрежелеріне дейін сынға түсті. 65 кило салмақта «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының Курчатов қаласындағы 3514 әскери бөлімінен топқа түскен қатардағы жауынгер А.Шарипов, 70 кило салмақта бақ сынасқан «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты Павлодар қаласындағы 6679 әскери бөлімнің аға лейтенанты Б.Жүнісәлі, 80 килода күш сынасқан қатардағы  жауынгер Б.Смағұлов, 85 кило салмақ дәрежесінде Семейдегі 5511 әскери бөлімінің сарбаз-атқышы, қатардағы жауынгер С.Мүслімов, 90 килода өнер көрсеткен, келісімшарт бойынша әскери қызметін өтеп жүрген ефрейтор Мират Капезов және 90 килодан жоғары салмақ бойынша сержант М.Асаинов бірінші орынды жеңіп алды. «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы, генерал-майор Бауыржан Әбжанов жеңімпаздарды салтанатты түрде марапаттап, алдағы республикалық сайыстарда дәл осындай жеңістерімен қуанта берулеріне тілектестігін білдірді. Думан Анаш. Дерек, сурет: egemen.kz.