Шынында да, елордада Елбасы – «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жетекшілігімен өткен кезектен тыс құрылтай адамның көңілін сергітетіндей өте әсерлі, ерекше болды. Өйткені, онда қазіргідей дүниежүзілік дағдарыстың кезінде халықтың жүрегіне қонатын, алдағы уақытқа үміт артатындай ойлар айтылып, бастамалар көтерілді. Дағдарыс деп қарап отырмай, оған алаңдай бермей, оны ығыстырудың, оған қарсы тұрудың жақсы бір үміт дүниесін ұялатты. Ең бастысы, ол болашаққа емес, қазіргі күннің мәселесін көтеріп, шешуге арналды.
Тағы бір көңілге қонғаны – көрші, болмаса басқа алпауыт елдерге жалтақтамай, өзімізге сенім артып, өз мүмкіншіліктерімізді толық пайдалануымыз керектігіне екпін түсірілді. Мен соған қуандым.
Сондай-ақ, съезде өнер, спорт, әсіресе, әлеуметтік салаға қатты мән берілуі көңіліме жақты. Әсіресе, Елбасы – партия Төрағасының «...Байлық та, бақыт та, өмір де өз еліңде. Сырттан бақыт іздегеннің ісі баянды болғанын көргенім жоқ, қанша бай болсаң да қызықтың барлығы өз еліңде, өз бала-шағаңның жанында», деп қарапайым тілмен, әрі жеріне жеткізе айтуы бай болсын, кедей болсын, кез келген адамның жүрегіне жететін сөз болғаны күмәнсіз.
Елбасы жария еткен, тарихымызда теңдессіз маңызы бар «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясы, мемлекетіміздің «Ұлы Дала елі» аталуы, жуырда жарияланған Ұлт Жоспары – халқымыздың бүгінде биік рухымен жарқын ертеңіне қадам басуын айқындайды. Халықтың игілігіне бастайтын Елбасының осындай үлкен бастамалары елімізде нақты істермен қолдау табуда.
Мысалы, біз Қазақ тағамтану академиясында тұңғыш рет бие сүті негізіндегі 15-тен астам тағам өнімдерінің технологиясын әзірлеп, арнайы патенттерімен бірге өндіріске ұсынып отырмыз. Ұлы дала дүбірін бейнелеу мақсатында және шынайы ұлттық бренд ретінде оларға келесідей атаулар бердік: Тайбурыл, Қазанат, Кербұға, Құлагер, Жорға, Сәйгүлік, Құлыншақ.
Бұл өнімдер абсолютті инновациялық өнімдерге жатады және Елбасының бүгінгі таңда экономикамызды ілгерілетуге бағытталған Ұлт Жоспарымен үндес келетін, іс жүзінде жүзеге асырылған, ауқымы кең, нақты шара ретінде бағалауға лайық дүниелер.
Бие сүті негізінде әзірленетін жаңа өнімдердің айқын емдік-профилактикалық сипаты дәлелденген, мысалы, олардың құрамында сиыр сүтін өңдеуде пайда болатын, адамның денсаулығына зиян келтіретін транс-май қышқылдары жоқ. Ұлттық бейнемізді айқындайтын, жан-жақты пайдасы мол осы өнімдерді жаппай қолданысқа шығару үшін мемлекеттің тарапынан қолдау көрсетіледі деген сенімдемін.
Бие сүті негізіндегі жаңа өнімдерді өнеркәсіптік көлемде өндіруге көшу және әлемдегі ерекше технологияларды алғаш енгізу – экономикамыздың қазіргі таңдағы үдемелі инновациялық-индустриялық бағдарламасына сай келетін тың шаралардың бірі және еліміздің азық-түлік нарығын алуан түрлі етуге, халқымыздың денсаулығын нығайтып, болашақтағы қарымын күшейтуге зор үлесін қоспақ. Сонымен қатар, аталған жаңа өнімдер «Қазақстанда жасалған» деген мәртебелі таңбаны иеленуге аса лайық және отандық үздік өнімдердің қатарында ұлттық бренд ретінде болашақта елімізді халықаралық деңгейде танытуға мүмкіндік береді.
Төрегелді ШАРМАНОВ,
академик.
АЛМАТЫ.