«ЕуроХим» Ресейдің әйгілі минералды тыңайтқыш өндіруші компанияларының бірі болып табылады. Осы сала бойынша Еуропаның алдыңғы қатардағы компанияларының үштігіне еніп, ал, әлемдік тізімде оныншы орынға табан тіреген. Яғни, әлемдегі ең ірі тыңайтқыш өндіруші кәсіпорындардың бірі. Компанияның жекеменшігінде шикізат және көмірсутегі кен орындары, өндірістік және қойма қуаттары, өңдеуші кәсіпорындар, теміржол, жүк техникасы, порттық құрылыстар, кемелер бар. Холдинг өнімдері әлемнің 60 еліне таратылады, кәсіпорындарында 20 мыңға жуық жұмысшылар еңбек етеді. Компанияның біздің елімізде қолға алған жобасын аса маңызды инвестициялық жобалардың бірі деп айтуға болады.
Ауыл шаруашылығына аса қажетті минералды тыңайтқыштар өндіретін «ЕуроХим» компаниясы жақында ғана Елбасы қатысуымен өткен «Қазақстандағы жаңа индустрияландыру. 2015 жылдың қорытындысы» атты жалпыхалықтық телекөпірде қуаты жылына 640 мың тонна фосфор ұнтақтарын шығаратын өндірістік кешен құрылысы жобасының алғашқы кезеңін аяқтап, іске қосқан болатын. Бұл құрылысқа 155 млн. АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылды. Енді биыл бұл компания Жаңатас қаласында жылына 1 млн. тонна тыңайтқыш шығаратын химиялық кешен құрылысын бастайды. Осылайша кешен құрылысы кезең-кезеңімен аяқталып, барлығы 950 млн. АҚШ доллары көлемінде инвестиция құйылатын болады.
Бұл химиялық кешен жылына 660 тонна дикальцийфосфат, 330 мың тонна тыңайтқыш, 630 мың тонна калий сульфаты, 120 мың тонна магний сульфатын және өнеркәсіп салаларына қажетті басқа да өнімдер шығаруды жоспарлап отыр. Жоба аясында 2 мың жұмыс орнын ашу көзделуде. Қазірдің өзінде Қаратау мен Жаңатас қалаларының әлеуметтік жағдайы мен инфрақұрылымын дамытуға 18 млн. АҚШ доллары көлемінде қаржы жұмсалды.
Бұл елімізде теңдесі жоқ алып жоба. Өндірістік кешеннің тиімділігі тек аса сапалы фосфор тыңайтқыштарын шығаруда ғана емес, сонымен бірге фосфогипс түріндегі қоқыстардан құтылуға да септігі тиеді. «Еурохим» компаниясына қарасты үш серіктестікте («ЕуроХим-Тыңайтқыш», «ЕуроХим Қаратау», «Сары Тас ЕуроХим» ЖШС-да) 250 адам тұрақты жұмысқа тартылған. Одан бөлек, құрылыс-монтаж жұмыстарымен айналысып жатқан серіктестіктерде 600-ге тарта адам еңбек етеді. Олардың 95 пайызы – жергілікті тұрғындар. Тағы бір айтары, химиялық кешен құрылысы жобасын жүзеге асыруда өндіріс жұмысының қоршаған ортаға әсерін алдын ала бағамдауда. Барлық мүмкін болған экологиялық, экономикалық және әлеуметтік негіздегі артықшылықтар мен шығындар, сонымен қатар қоршаған ортаға қолайсыз әсерін азайту кеңінен қарастырылып отыр.
Компания әлеуметтік салаға қомақты қаржы бөліп, ол тұрғын үйлерді, балалар бақшасын, мектептерді, жолдарды жөндеуге жұмсалды. Компания қаражатына 240 пәтерлі екі көп қабатты тұрғын үй жөнделді. Жылу және су құбырлары жүргізіліп, аулалары жақсартылды. Аудан басшылығы бұл үйлерді көп балалы отбасыларға, жалғыз басты аналар мен мүгедектерге, жас мамандарға тарту етті. Жаңатас қаласында табиғи газ жоқ. Сондықтан, «ЕуроХим» Үкіметке газбен қамтамасыз ету жобасын ұсынған болатын. Бұл жоба оң шешімін тапты.
Ресей мен Қазақстан арасындағы бұл ірі жоба, сондай-ақ, Беларусь елімен де экономикалық қарым-қатынасты арттырады. «ЕуроХим» компаниясының Волгоград облысында орналасқан кен орнындағы калий шикізаты Қазақстанда тыңайтқыштың кең спектрін өндіруге ықпалын тигізеді. Ал Қаратау фосфор шикізатын Ресей мен Беларусь өндіріс орындарына жеткізу Қазақстанның экспорттық түсімін ұлғайтады. «ЕуроХим» республикадағы фосфор саласындағы жұмыстың дамуына ықпалын тигізеді және отандық экономиканы жақсартады.
Ең маңызды факторлардың бірі, Жаңатас-Түркістан бағыты бойынша теміржол құрылысы жөніндегі ТЭН дайындалып, Үкіметке ұсынылды. 115 шақырымдық бұл теміржол құрылысы тауарды Тараз қаласына тасымалдаудан 400 шақырым артық жол жүруден құтқарады. Министрлік ұсынылған ТЭН-ді зерделегеннен кейін теміржол құрылысы бойынша шешім қабылдайтын болады.
– Біздің компания былтыр Аралтөбеде бір учаскені салып, өткізген болатын, – дейді алып кәсіпорынның құрылысымен айналысып жатқан «Қазхиммонтажхолдинг» компаниясының вице-президенті Елубай Орынбаев. – 21 шақырым қашықтықтағы Бүркіттіден осы араға дейін су құбырын тарттық. Қазір үш қабатты ғимарат салып жатырмыз. Мұнда лаборатория, жұмысшылар киім ауыстыратын бөлмелер, медпункт, асхана, кеңселер орналасқан. Құрылыста 280 адам жұмыс істеп жатыр. Көбісі осы ауданның адамдары. Осы іспен айналысып жатқан 3 мекемемізді де осы ауданға тіркедік. Және 4-5 шағын кәсіпкерлер де тіркелді. Яғни, салықтың бәрі осы ауданның бюджетіне түсіп жатыр деген сөз. Тас қиыршықтайтын, бетон шығаратын цехтар бар. Бәрінде де жергілікті азаматтар жұмыс істеуде. Бұл фосфор зауыты минералды ұнтақтың барлығын осы кеннің басында өндірмек. Яғни, шығыны аз болады. Ең бастысы, алып кәсіпорын Жаңатас қаласының жаңа тынысын ашып, тұрмысын түзейді. Шағын қаланың шырайы кіріп қалатын болды.
Қазақстан экономикасы – әлемдік экономиканың бір бөлшегі. Шет мемлекеттермен алыс-берісі артып, тығыз қарым-қатынас орнатқан елге әлемді жайлаған экономикалық дағдарыстың салқыны, әрине, әсер етпей қоймайды. Бірақ, соған қарамастан, Ресей мен Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақ аясында бірлесе отырып, қиындықты шешудің жолдарын қарастыруда. Бір нәрсе айқын: дағдарыстар өтеді, кетеді. Ал өндіріссіз өмір жоқ. Әсіресе, химия өндірісі ең қажетті сала болып саналады. Сондықтан, бұл компанияның дағдарыс деп алаңдауына негіз жоқ.
Оралхан ДӘУІТ,
«Егемен Қазақстан».
Жамбыл облысы.