• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
03 Ақпан, 2016

Жария ету талаптары жеңілдеді

329 рет
көрсетілді

Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен Үкіметтің селекторлық режімде кезекті отырысы өтті. Онда мүлікті жария ету науқаны туралы мәселе талқыланды. Отырыстың күн тәртібіне шығарылған негізгі тақырып бойынша Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов баяндады. Ол жария ету туралы өткен жылдың қараша айында жаңа заңнама енгізіліп, «аталған науқанға қоғам сенімін шектеген» жария ету шарттары жойылғанын баса айтты. Еске салсақ, негізінде 2014 жылдың қыркүйегінде басталған мүлікті жария ету іс-шаралары 2015 жылдың соңында аяқталуы керек болатын. Бірақ қажеттілігі бойынша науқан мерзімі ұзартылып отыр. Себебі, ол алғашқы кезеңде өз деңгейіндегі нәтижесін бере алмағандай. Оның бірден-бір себебі – жария ету туралы заңнаманың қоғам сенімін шектегендігі, дейді мамандар. «Жаңа түзетулердің бірі – банк шоттарынан жария етілген ақшаны мерзімінен бұрын алу кезінде жария етуге 10 пайыз алым алынып тасталды. Сонымен қатар, аталған норманың кері күші бар. Мәселен, осы алымды төлегендердің бәрі өз ақшаларын бюджеттен қайтарып ала алады. Алайда, азаматтар әзір­ге бұл қаражатты қайтарып алуға асық­пай отыр. Жалпы, рес­публика бой­ынша бұл 3,1 млрд. теңгені құрай­ды», деді Б.Сұлтанов. Яғни, бұ­рынғы заңнама бойынша заңдас­тыру үшін 10 пайыз алым төлене­тін. Енді ешқандай алым алын­байды және бұған дейін төлеп қой­ғандарға ақшалары қайтарылмақ. Министрдің айтуынша, «ескі» жағдайларда, яғни 2015 жылдың 1 желтоқсанына дейін 428 млрд. теңге жария етілді. Ал кейбір талаптар өзгергеннен бері, яғни «жаңа» жағдайларда қарқынды ілгерілеу бар. Мысалы, тек желтоқсан мен қаңтар айларында 160 млрд. теңге немесе науқанның өткен 15 айында жария етілгеннің үштен бір бөлігі жария етілген. Оның ішінде мүлікпен жария етілгені – 109 млрд. теңге. Осы кезеңде банк­терде қосымша 41 шот ашылып, оларға 51 млрд. теңге аударылған. Осылайша, жария етілген ақшаның өсу қарқыны 2015 жылдың 1 желтоқсанымен салыстырғанда 61 пайызды құрады. «Биылғы жылдың қаңтар айының соңында барлығы 588 млрд. теңгенің активтері жария етілді. Бүгінде бұл сома 600 млрд. теңгеден асты, ал азаматтардың екінші деңгейлі банктердегі шоттарға аударған қаражат сомасы 150 млрд. теңгеден асты. Бұл – өңделген өтініштер, олар бойынша шешімдер қабылданды. Бұдан өзге, шамамен 300 млрд. теңге сомаға мүлік бойынша 30 мыңға жуық өтініш өңделуде жатыр. Яғни, науқанға қызығушылық пен әлеует зор», деп мәлімдеді Қаржы министрі. Аталған науқан аясында Қаржы министрлігі әкімдіктермен бірге белсенді түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Осылайша, тек соңғы төрт айдың өзінде 700-ге жуық мақала жарияланды, шамамен 1 500 телесюжет, сұхбаттар көрсетілді, 1 600-ге жуық дөңгелек үстел, семинарлар өткізілді. Сонымен қатар, талдау барысында ведомство бірқатар мәселелерді анықтады. Олардың ішінде, комиссиялардың өтініштерді қарау мерзімдерін арттыру, заңнамалық түрде бекітілмеген қосымша құжаттарды талап ету, бірқатар өңірлердің жергілікті атқарушы органдары мен банк­тер тарапынан әлсіз насихаттау және түсіндіру жұмыстары. Осыған байланысты Б.Сұлтанов облыс әкімдіктері мен екінші деңгейлі банктерді ақпараттық жұмысты жандандырып, заңнаманың бұзылмауын мұқият қадағалауға шақырды. «Министрлік алдында жұмыс желісі бойынша 2017 жылдан бастап жалпыға бірдей декларациялауды енгізу бойынша міндет тұр. Біз ФАТФ (Ақшаны жылыстатуға қарсы күрестің қаржылық шараларын әзірлеу тобы) аясында мемлекеттермен қазақстандықтардың шетелдегі есепшоттары мен мүліктері туралы ақпарат алмасу бойынша екіжақты және көпжақты байланыстарды ретке келтіріп жатырмыз. Ағымдағы жылы бақылау жүйесі реттеледі. Сонымен қатар, біз қазыналық органдардың тексеруінен кейін санкцияға ілікпес үшін қазір науқан жүріп жатқанда жария еткен дұрыс деп түсіндіріп жатырмыз», деп түйіндеді Б.Сұлтанов. Сондай-ақ, аталған мәселе бойынша Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов және бірқатар облыстардың әкімдері сөз сөйледі. Отырыс қорытындысы бойынша Үкімет басшысы К.Мәсімов Қаржы министр­лігіне, облыстар, Астана және Алма­ты қалаларының әкімдіктеріне Ұлт­тық банкпен бірге жария ету туралы заң­ның жаңа нормаларын, оның ішінде БАҚ арқылы түсіндіру жұмысын күшейтуді тапсырды. «Бұл жұмыстарды үйлестіру Б.Сұл­та­нов­қа жүктеледі, айына бір мәрте осы мә­се­леге орай Үкімет отырысын өткіземіз», деді К.Мәсімов. Динара БІТІКОВА, «Егемен Қазақстан».