ҚОСТАНАЙ. 3 ақпан. Қостанайда бір кафеге бомба қойылғаны туралы жалған ақпарат бергені үшін 5-сынып оқушысы ұсталды. Бұл туралы облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған egemen.kz тілшісі хабарлады.
Төтенше жағдайлар департаментіне Қостанай қаласындағы бір кафеге бомба қойылғаны туралы хабар түскен. Алайда, лаңкестік әрекетке ұқсас жалған ақпаратты төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері облыстық ішкі істер департаментінің кезекшілік бөліміне хабарлайды. Жедел іздестіру қызметкерлер көп ұзатпай құқық бұзушыны тауып алды. Ол Қарасу ауданының Октябрь селосының 11 жасар тұрғыны болып шықты.
Облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі хабарлағандай, сабақта тыныш отырмаған, тәртіп бұзған оқушыны мұғалім сыртқа шығарып жіберген. Іші пысқан ол мектептің телефонымен облыс орталығында бомба қойылды деп хабарлайды. Бомба қойылғаны жалған болып шықты. Енді жасөспірімнің ата-анасы баласының шалыс басқан қадамы үшін Әкімшілік кодекстің 127-бабы бойынша, «Бала тәрбиесінде ата-аналық және басқа да заңды міндеттерін орындамағаны үшін» 7 айлық көрсеткіш көлемінде айыппұл төлейтін болды.
Нәзира Жәрімбетова.
Дерек, сурет: egemen.kz.