Даланың дарабозы атанған Мәдиден асыл мұра – ән қалған. Бір ғана «Қаракесегінің» өзі не тұрады?!
Таяуда сол Мәди Бәпиұлы бабамызға қатысы бар деген жәдігер заттар табылып, елді елең еткізді. Заманында Мәди пайдаланған қара шоқпар мен насыбай жарықтықтың күлін үгетін саптаяқты Қарағандыдағы облыстық тарихи-өлкетану мұражайына Қарқаралы ауданының құрметті азаматы Құдайберген Бәкеев алып келіп тапсырды.
Енді бұл жәдігерлердің кімнің қолында сақталғаны және бүгінгі күнге дейін қалай аман-есен жеткені туралы бір-екі ауыз сөз. Әуелде бұл шоқпар мен саптыаяқ Мәдидің адал досы Әкбар Смайылұлы деген кісінің қолында сақталыпты. Бұл кісі кезінде Мәдидің жанында көп жүріп, барымта-сырымта сынды шаруаларда сенімді серігі болған екен. Мәдидей аяулы ер оққа ұшқанда әлгі заттар Әкбарда қалса керек... Әкбар ақсақалдың өзі 1986 жылы 94 жасында дүние салған. Өмірден өтерінде Мәдиге тиесілі деген жәдігерлерді өздерінің ауылына күйеу болып келетін Құдайберген Бәкеевтің қолына тапсыруды қызы Зағирашқа аманаттап кетіпті.
Қазақтың аманатқа келгенде ар аттамайтыны белгілі. Сол себепті де «Мәдидікі» деп жәдігерлерді мұражайға тапсырған Құдайберген ақсақалға, Зағираш шешейге сенбеудің де реті жоқ бізде. Мұражайдың тарих бөлімінің меңгерушісі Нұрболат Алдабаевтың өзі күмәнді сейілтіп, мұны бар жауапкершілікті мойнына ала отырып қуаттады.
Құдайберген Бәкеев ақсақалдың өзі кезінде елге қызмет еткен азамат. Қарқаралы ауданындағы Томар ауылдық кеңесінің төрағасы, еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары сол ауылдың әкімі болыпты. Әкбар ақсақалмен көзі тірісінде жақсы сыйласып, жақын араласқан көрінеді. Бүгінгі күнде облыс орталығында тұрып жатқан Құдайберген ақсақал кезінде осы жәдігерлерді ақын, журналист Кәрім Сауғабаевтың «Бұларды елге танытайық, жазайық», дегенінде бермегенін өкінішпен еске алады. «Ұрпағыма қалдырсам деген пенделік ой болды. Бүгінде балалар қалалық болып кетті... Күндердің күнінде баға жетпес бұл заттар далада қалмасына кім кепіл? Соны ойлап, мұражайға тапсыруға шешім еттім», – дейді жасы жетпістен асқан қария. Ел тарихы мен ескінің әңгімесіне жүйрік ағамыз кезінде насыбай атқан екен, күні кешеге дейін Мәдидің саптаяғына насыбай үгіп келіпті. Сол себепті де, ағаштан ойылып жасалған саптаяқ жақсы сақталған. Тек бір-екі жерінен жарылып сынған екен, оны темірмен ұқыпты түрде, құрсаулап қойыпты.
Сонымен, дала көкжалының тақымында жүрген қара шоқпар мен серіге серік болған насыбай үккіші мұражайдың төрінен орын алып, сенімді қолдарға тапсырылды.
Ел ішінде күні бүгінге дейін кебеже түбінде жатқан көне жәдігерлер аз емес-ау. Мәдидің шоқпары мен саптаяғы сынды, солардың да жарқ етіп жарыққа шыққаны керек бізге. Олардың тұратын жері – мұражайдың төрі деп санаймыз. Елдің көзқуанышына айналған дүниеден қымбат қазына жоқ.
Қайрат ӘБІЛДИНОВ,
«Егемен Қазақстан».
ҚАРАҒАНДЫ.