• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
04 Ақпан, 2016

Халқының Қайымы

432 рет
көрсетілді

Көрнекті ғалым, Семейдегі Абай мұражайын құрушы, Қазақстанның тұңғыш Әнұранының авторы, ақын, аудармашы, Алаш арыстарының ізін жалғастырушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қайым Мұхамедхановтың туғанына 100 жыл толуы аталып өтуде. Қасиетті өлкеде дүниеге ке­ліп, халқымыздың бай ауыз әде­биетімен сусындап өскен Қайым, әсіресе, Абай, Шәкәрім, Мұхтар шығармашылықтарын зерттеп, зерделеп, ойына түйіп өсті. Семей педагогикалық инс­титутының филология факультетін үздік бі­тір­ген болашақ ғалым ұзақ жылдар осы оқу орнында қазақ әде­биеті тарихынан дәріс оқыды. За­манымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовпен өмірінің 20 жылдан астам уақы­тында бірге болып, келешек ғылыми-зерттеу жұмысына бағыт-бағ­дар алды. Мұхтар Әуезовтің ке­ңесімен «Абайдың ақын­дық мектебі» тақырыбын зерттеп, кандидаттық диссертация қор­ғады. Ұзақ жылдар Абайдың өмі­рі мен шығармаларының жазылу тарихын зерттеп, ұлы ақын поэзиясының текстологиясын жа­сады. Өміріндегі көрген бейнеті мен зейнеті бағаланып, 1996 жылы 30 желтоқсан күні Ел­басы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қолынан Мем­лекеттік сыйлық ал­ды. Сонда Қайым: «Мен жасым тоқ­­­санға айналғанда мына­дай құрметке бөленем деп ой­лаған жоқ едім. Құдай бұған да жеткізді», деп тебіренді. Ғалымның туғанына 100 жыл толуына орай елімізде көп­­­теген шаралар өтуде. Рес­публикамыздағы ең көне му­зейлердің бірі Семейдің облыстық тарихи-өлкетану музейі қорында Қайым Мұхамедхановтың 30-дан аса жеке құжаттары мен өзі­нің тұ­­тынған заттары сақтаулы. «Жақ­­сының аты өлмейді, ғалым­ның хаты өлмейді» деп халық даналығында айтқандай, Қайым Мұхамедхановтың мұрасы бола­шақ ұрпаққа өнеге екені даусыз. Ғалымның мерейлі кезеңіне арнап, музейде «Қазақтың ұлы Қайымы» атты тарихи-танымдық кеш болып өтті. Кешке қаты­су­шылар ғалым өмірінің әр қы­рына тоқталып, өнегелі өмірі­нен сыр шертті. Семейдің Шә­кәрім атындағы мемлекеттік университеті жанындағы «Шә­кәрім­тану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, филология ғылымдарының кандидаты Ақмарал Смағұлова «Қайым Мұхамедхановтың шығар­машылығы мен өмірбаяны» тақы­рыбында қорғаған кан­дидаттық диссертациясы арқылы ұлағатты ұстаздық жолы мен ғұ­лама ғалымдығы жайында әңгі­мелесе, тарихи мәселелерге қалам тартып жүрген ғалымның шәкірті Құсмилия Нұрқасым Қайым атаның Алаш әдебиеті рухында тәрбиеленген қайраткер екендігіне тоқталды. Қайым Мұхамед­хановтың өлеңдері, поэ­малары, аударма өлеңдері өз алдына бір төбе. Оның ақындығы жайында республикалық «Абай» журналының бас редакторы, ақын Мұратбек Оспанов сөз етті. Қайым Мұхамедхановтың ХХ ғасырдың көрнекті тұлға­ларымен алысқан хаттары кітап болып жарыққа шыққан. Осы «Қайым Мұхамедханов «Хаттар сөй­лейді» кітабында отандық тарих пен ғылым, өлкетану мен мә­дениет туралы, Карлагта өткізген ауыр репрессия жылдары жайлы фактілер келтірілген. Кеш соңында аталмыш кітапты баласы Дегдар Қайымұлы музей қорына тапсырып, музей мамандарына алғысын білдірді. Кеште Абайдың «Желсіз түн­­­де жарық ай», «Сегіз аяқ», «Кө­зім­­нің қарасы» сияқты Қайым­ның сүйіп тыңдайтын әндері шырқалды.  Ләззат ӘЛЖАН, Семейдің облыстық тарихи-өлкетану музейінің бөлім басшысы.