Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Ұлттық экономика министрлігі Құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және жер ресурстарын басқару істері комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетов елімізде еурокодтарға негізделген жаңа құрылыс нормаларына өту бойынша жұмыс жүргізіліп жатқанын айтты.
Шара барысында министрлік пен комитет «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарының 49-қадамын іске асыру шеңберінде еурокодтарға негізделген жаңа құрылыс нормаларына өту бойынша жұмыс жүргізіліп жатқанын жеткізген М.Жайымбетов оның маңызды екеніне тоқталды. «Жаңа құрылыс нормаларына өтуге қатысты жұмыс құрылыс саласының нормативтік базасын реформалау тұжырымдамасына сай атқарылып отыр. Онда Қазақстанның табиғи-климаттық және геологиялық жағдайларын ескеретін ұлттық қосымшалары бар. Оған қоса, еурокодқа ұқсас 58 құрылыс нормалары әзірленді. Бұл құрылыс нормалары Ұлттық экономика министрінің бұйрығымен өткен жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді», деді комитет төрағасы.
Жаңа құрылыс нормаларына орай үй бағасы қымбаттамайды ма деген сұрақ туатыны анық. Себебі, ол еурокодтарға негізделгелі тұр. Мұндай сұраққа комитет төрағасы «баспана бағасы бұған байланысты қымбаттамайды», деп жауап берді. Оның айтқанына илансақ, тұрғын үй құрылысына сапалы материалдар ғана пайдаланылып, еуростандарттарға сай салынады. Әйткенмен, негізінен отандық құрылыс материалдары қолданылатын болғандықтан үйлердің бағасы қымбаттай қоймайды екен.
Бұған дейін ведомство басшысы «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарының 46-қадамын іске асыруға қатысты атқарылған жұмыстар жөнінде әңгімелеген еді. «Құрылыс салуды ұйымдастыру және құрылыс саласындағы рұқсат беру рәсімдерін өту қағидалары әзірленіп, бекітілді. Бастапқы рұқсат құжаттарын алу және рәсімдерін реттеу мақсатында құрылыс салуды ұйымдастыру мен қағидаларын, сондай-ақ, жобалау және құрылыс-монтаж жұмыстарын жүзеге асырудың үш негізгі сатысы реттеліп, оңтайландырылды. Ол бойынша бірінші болып, бастапқы рұқсат құжатын алады, екінші эскиздік жобаны келіседі, үшінші объектіні пайдалануға береді», деді М.Жайымбетов.
Брифингте журналистердің сұрағына орай комитет төрағасы «Қолжетімді баспана-2020» мемлекеттік бағдарламасы тұрғын үйлерінің құны 2-3 пайызға жоғарылағанын айтты. «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасы бойынша салынған үйлер 2-3 пайызға қымбаттады. Бірақ, басқа салаларды қарасақ, керісінше баға түскен. Біз қазір маусым және қаңтар айларындағы бағаларды салыстырдық, металл бойынша аздап жоғарылау байқалады, ал өзге материалдардың құны барлық жерде түсіп жатыр», деді ол.
Оның сөзіне қарағанда, мұндай жағдай елімізде екінші мәрте қайталанып отыр. «2007-2008 жылдардағы дағдарыста да осылай болған. Сұраныс азайғанда, xалықтың сатып алу деңгейі төмендегенде, материалдардың бағасы арзандайды. Десек те, импорттық тауарлар бойынша 30 пайыздық өсім тіркелді. Бірақ ол негізінен премиум, элит санатындағы баспаналарға қатысты. Біз үшінші және төртінші санаттар бойынша қолжетімді баспана саламыз. Ал бірінші және екінші санаттағы пәтерлердің бағасы артты», деді комитет басшысы.
Алдағы 1 наурыздан бастап, құрылысқа берілетін рұқсат құжаттары «Үкімет – азаматтар үшін» корпорациясы және «Е-Үкімет» электронды порталы арқылы беріле бастайды екен. Бұл құжаттар толық жиынтықта ұсынылатын болады. Яғни, сәулет-жоспарлау тапсырмасы, теxникалық шарттар, сыртқы инженерлік желілердің сызбалары және тағы басқа көптеген құжаттар бір мезгілде берілмек. «Жоспарлау мен құрылысқа қажетті рұқсат құжаттарын беру уақыты да екі есеге дейін қысқартылды. Қазіргі уақытта жоба күрделілігіне байланысты құжатты алу уақыты 40 жұмыс күнінен 17 күнге дейін қысқарды. Мұнымен бірге, жоба сызбасын келісуге қатысты жұмыстардың мерзімі де азайтылды. Оның мерзімі 60-тан 15 жұмыс күніне дейін қысқарған.
Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ,
«Егемен Қазақстан».