• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
04 Ақпан, 2016

Алғашқы болып «Нұр Отан» тіркелді

246 рет
көрсетілді

Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы «Нұр Отан» партиясының партиялық тізімін тіркеді.

«Сіздердің назарларыңызға «Нұр Отан» партиясының партиялық тізі­мін тіркеу туралы қаулы жобасы ұсы­ны­лып отыр, – деді Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Бақыт Мел­дешов құжат жобасымен таныстыра келіп. – Қолдасаңыздар, қаулы бойынша «Нұр Отан» партиясының партиялық тізімін бүгін тіркейміз. «Нұр Отан» партиясының партиялық тізімі бойынша тіркелген Парламент Мәжілісінің депутаттығына кандидаттарға куәлік беріледі. Партиялық тізімді тіркеу туралы қаулы бұқаралық ақпарат құрал­дарында жарияланады. «Нұр Отан» партиясы атауы сайлау бюлле­теніне енгізілетін болады». Бақыт Мелдешовтің хабардар етуін­ше, «Нұр Отан» партия­сы ОСК-ға толық құжаттарын тапсырған. Партиялық тізімге енгі­зіл­ген азаматтардың Қа­зақстан Респу­б­ликасының «Сайлау туралы» Заңы­на сәйкестігі еліміздің Ішкі істер министрлігі мен Бас прокуратурасы арқылы тексерілген. Аталған ведомстволар берген ақпараттар бойынша партиялық тізімдегі азаматтардың барлығының да заңнамаға сәйкестігі анықталған. Кандидаттардың және олардың жұбайларының табысы және мүлкі туралы декларациялары салық ор­гандарының анықтамаларымен рас­талған. Ал сайлау заңнамасы бо­йынша «Нұр Отан» партиясы жарна төлеуден босатылады. Өйткені, 2012 жылы өткен Мәжіліс сайлауында «Нұр Отан» партиясы 7 пайыздан көп дауыс жинады. Орталық сайлау комиссиясының мүшелері қаулыны бірауыздан қа­былдаған соң, Орталық сайлау комис­­сия­сының төрағасы Қуандық Тұрған­құлов «Нұр Отан» партиясы Төра­ға­сының бірінші орынбасары Ас­қар Мырзахметовке ҚР Парламенті Мәжі­лісінің депутаттығына кандидаттың куәлігін тапсырды. Сондай-ақ, «Нұр Отан» партиясынан партиялық тізімге енгізілген Мәжіліс депутаттығына кандидаттардың барлы­ғының куәліктері де А.Мырзах­метовке берілді. «Нұр Отан» партиясының партиялық тізіміндегі 127 кандидаттың ішінде жеті ұлттың өкілі бар. Олардың 23 пай­ыздан астамы әйелдер болып келе­ді. Партияның партиялық тізіміне енгізілген кандидаттардың 60 пайызға жуығы 55 жасқа дейінгілер, олардың ең жасы – 26 жаста. Партия ұсынған 33 кандидат Парламент Мәжілісінің де­­пу­­таты болған. Кандидаттар арасын­да, сондай-ақ, ғылым, мәдениет және білім саласының қайраткерлері, бел­гілі спортшылар, коммерциялық құры­лымдардың, мемлекеттік органдар мен мекемелердің қызметкерлері де бар. Күнтізбелік жоспарға сәйкес саяси партиялардың тізімдерін тіркеу ағым­дағы жылғы 19 ақпанға дейін жал­ғасады, ал 20 ақпаннан бастап тіркелген партиялар үгіт жұмысына кірісе алады. «Бүгін Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы «Нұр Отан» партиясының Мәжіліске ұсынған кандидаттарының тізімін бекітті, – деді партия Төрағасының бірінші орынбасары Асқар Мырзахметов Комиссия отырысынан кейін журналистерге берген сұхбатында. – Енді жақын күндері сенімді өкілдердің тізімін тіркеу үшін сайлау комиссияларына ұсынатын боламыз. Бүгінгі тіркеу біздерге сайлау қорларын, арнайы есепшоттар ашуға мүмкіндік береді. Жалпы, бүгінгі таңда осы сайлау науқанына байланыс­ты «Нұр Отан» партиясының арнайы бекі­тілген жұмыс жоспары Орталық сайлау комиссиясының кестесіне сәй­кес уақытылы және толыққанды атқа­рылып жатқанын атап өткім келеді». А.Мырзахметов партиялық тізімге енген 127 кандидаттың барлығын бүгін Орталық сайлау комиссиясы тіркегенін де атап өтті. Сонымен қатар, ол журналистердің боксшы Геннадий Головкиннің партиялық тізімге енуіне байланысты сауалына да жауап қайтарды. «Бұл жерде ешқандай заң бұзушылық жоқ, – деді осы жөнінде партия Төрағасының бірінші орынбасары. – Геннадий Головкин Қазақстан Республикасының азаматы. Ол жиындар мен жаттығулары үшін шетелде жүрсе де, оның партиялық тізімге кіруіне еш тосқауыл жоқ, Г.Головкинді партиялық тізімге кіргізер алдында заңгерлер бұл мәселені жан-жақты зерделеді. Заңгерлер Қазақстан Рес­пуб­­ликасының заңнамасының, оның ішін­де сайлау туралы заңна­маның қандай да бір бұзылу белгісін таппады». Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ, «Егемен Қазақстан».