• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
04 Ақпан, 2016

Партиялар мен хартия

343 рет
көрсетілді

Сайлау-2016 Парламент Мәжілісінің кезектен тыс сайлауы еліміздегі саяси партиялардың қимылына жан бітіріп, жер-жерде сайлаудың көрігін қыздыратын сайлауалды құрылтайы өтіп жатыр. Билік партиясы саналатын «Нұр Отанның» кезектен тыс съезінен кейін іле-шала ауылдық патриот­тар мен коммунистер де кеңесін өткізіп, үкілеген үміткерлерінің тізімін жариялады. Сөйтіп, патриоттарды бауырына басып, іріленіп алған «Ауыл» партиясы да биыл бақтарын сынамақшы. Алаш қайраткерлерінің ұстанымын алға ұстаған «Ақ жол» да бұрынғы межесінен төмен түспеуге бекініпті. Қысқасы, сайлау науқаны қызу өтетін түрі бар. Партиялар құрылтайларын өткізіп, сайлауға белсене кірісіп жатқанда, бұқаралық ақпарат құралдарының басшылары да өз хартиясын қабылдады. Бас редакторлар клубының ұйытқы болуымен кеше елор­даның төріндегі Ұлттық ака­де­миялық кітапханада бір топ БАҚ басшылары алдағы Парламент Мәжілісінің кезектен тыс сайлауы мен барлық деңгейдегі мәслихаттар депутат­тарының сайлауы науқанын ақпараттандыру барысында этикалық нормаларды сақтау туралы хартияға қол қойды. Бас редакторлар клубының президенті Бибігүл Жексенбай алқалы жиынға қатысушыларды хартияның мәтінімен толықтай таныстырып, іргелі құжаттың мән-маңызы жөнінде әңгімеледі. «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» акционерлік қоғамының пре­зи­денті Сауытбек Абдрахманов маңызы жоғары құжат төңірегінде өз ойын орта­ға салды. «Осында жиналған жұртшы­лыққа Парламент сайлауының мән-маңы­зы, қай қоғамда да, қай заманда да қандай рөл атқаратыны жөнінде айтып жату қажет емес деп ойлаймыз. Бұл – ерек­ше маңызды саяси науқан. Осы маңыз­ды саяси науқанның қарсаңында Бас редакторлар клубының бұрыннан қалып­тасқан дәстүр бойынша осындай хар­тияны қол қою үшін дайындағаны өте құптарлық, қай жағынан да дұрыс бас­тама. Бұл хартияның идеясы бұрын­нан бар. Бұрын өткен бірнеше сайлау бойына бұқаралық ақпарат құрал­дары бірлесіп, бір уәжге тоқтап, сайлау науқаны кезінде елімізде тыныш жағ­дайдың қалыптасуына, сайлаудың әділ, объективті, алалаусыз өтуіне өздерінің үлесін қосты. Биыл да осындай болады деп сенеміз. Хартияны толықтай қол­даймыз», – деді С.Абдрахманов. «Казахстанская правда» респуб­ликалық газеті» акционерлік қоғамының президенті Александр Тараков та хартия жөніндегі маңызды пікірін ортаға салды. «Өткен Парламент сайлауында да осындай хартия төңірегінде топтасқан болатынбыз. Президенттік сайлауда да солай болды. Бүгін үшінші мәрте хартияға қол қойып отырмыз. Оның маңыздылығы сонда, ірі саяси науқан тұсында топтаса түсеміз. Сайлаудың әділ, объективті түрде өтуіне деген еркімізді жария түрде білдіреміз. Бұл өз кезегінде сайлаудың мейлінше ашық өтуіне ықпал етеді», – деді ол. Хартиясыз да бұқаралық ақпа­рат құ­ралдары сайлау барысында заң­ды мүлтіксіз орындауы тиіс. Ал, хартия­ға қол қою бұқаралық ақпарат құрал­дарының өте маңызды демократиялық үрдісті жүзеге асыру барысында топтасуы­на мүмкіндік береді. Заң талап ете­тіндей, бір-біріміздің алдымызда сайлау үдерісін ашық, нақты, айқын көрсетуге міндеттеме аламыз. Респуб­ликалық қана емес, жергілікті бұқара­лық ақпарат құралдарының басшылары да қабылданған ортақ құжатқа қол қойып, өздерінің мүдделілігін білдіреді. «Человек и закон» газетінің бас ре­дакторы Марат Башимов те хартия төңірегіндегі толымды пікірін төмен­­дегіше тарқатты. «Қоғам үшін сай­лау науқаны өте маңызды. Ең бас­­тысы – біз билікке үміткерлерді ірік­тей­міз. Осы үдеріс барысында бұқа­­ралық ақпарат құралдары қоғам­дық пікірді қалыптастыруға үлкен көмек көрсетеді. Толыққанды, нақты, объек­тивті ақпарат жеткізу жолында жур­на­листер қауымдастығы өздеріне маңыз­­ды әлеуметтік функцияны жүк­тейді. Сайлаушылардың лайықты канди­даттарды іріктеулеріне септігін тигізеді. Сол себепті бұл хартияны қол­дай­мын. Осы арқылы біз елімізде демо­­кратиялық, құқықтық үрдісті қалып­­тас­тыруға ықпал етеміз», – деді М.Баши­мов. «Қазақстан» телерадио корпорация­сы» АҚ басқармасының төрайымы Нұр­жан Мұхамеджанова іргелі құжат­тың сайлау үдерісіне ықпалы жоға­ры екендігін мәлімдеді. «Біз осы хар­тияның қабылдануын дұрыс деп санаймыз. Өйткені, біздің еліміз әлемдік саясаттың бір мүшесі ретінде хартияда айтылғандай, Адам құқының жалпыға ортақ декларациясының 19-бабындағы ережелерді толығымен қуаттайды. Ақпаратты іздеу, алу және тарату еркіндігіне сай осы хартияға қол қоюымыз өте орынды. Аталған құжатқа қол қою арқылы біз сайлау үдерісінің әділ, шынайы, объективті түрде өтуіне өзіміздің кәсіби үлесімізді қосамыз деп білемін», – деді басқарма төрайымы. Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы сайлау кейіпкерлерінің айқын бейнесі қалыптасады. Аяқасты бұра тартпасын деңіз, онда әділеттілік жайлы ұғым әдіра қалады. Партиялардың сай­лау үдерісіндегі қимыл-әрекетін ашық жеткізуге дәнекер болатын хар­тияның да қызметі ерекше дейтініміз сон­дықтан. Олай болса, демократиялық құн­дылықтардың қоғамда орнығуына ық­пал ететін партия мен хартияның үй­лесімділігіне айрықша сенім артамыз. Ғабит ІСКЕНДЕРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан».