Ақпанның 3-і күні Қазақ елінің мақтанышына айналған Геннадий Головкинннің өзін түлетіп ұшырған Қарағанды қаласы, Майқұдық ауданындағы Әлихан Бөкейханов атындағы №76 мектепке келгені барша жұртты таң қалдырды. Ол алдын ала ешкімге хабарламай, ақпарат құралдарын дүрліктірмей, жас спортшыларға сыйлық ретінде спорт заттарын алып, елеусіз ғана келген.
Осы келісімен «Ұлық болсаң, кішік бол» дейтін қасиетті ұғымын қайта жаңғыртқандай. Олай дейтініміз – мұндай сипаттағы кездесулер қазір өте сирек екенін несін жасырамыз. Ешкімге айтпай өткізбек болған кездесу туралы фейсбугінде Ботабек Тілегеновтің хабарынан кейін, хабардар болғандардың интернеттегі қуанышы мен ыстық ықыласында шек болған жоқ.
Оқушылар алыста, көптен көрмей сағындырған ағасы келгендей қуанды, арқаланды. Бәрі Гена секілді әлемге әйгілі спортшы болуға іштей бекінді – Генамен түскен суреттердің бәрінде жұдырықтарын тас түйіп, «мен дайынмын!» деген сыңайда тұр. «Геннадий, біз сені әрқашан мақтан тұтамыз, сенің қолыңнан бокспен қоса депутат болу да келеді, біз саған сенеміз!» – деп ағасына сенім артып жатыр.
Жас спортшылар кездесу кезінде, ұлылық пен қарапайымдылықтың соншалық үндес екенін түсінді. Геннадий Головкин ұстазын тыңдап, құрметтеген адамның ғана жеңіс шыңына көтеріле алатыны туралы ескертті.
Қазақтың даласы секілді жүзінен жылылық пен сабырлылық есіп тұратын Г.Головкиннен үйренетін нәрсе көп. Әлемдік биікке көтерілуі үшін тек күш пен жігер ғана емес, осындай мінездің де көмегі көп екенін түсінді қазақ жұрты.
Қайрат ӘБІЛДИНОВ,
«Егемен Қазақстан».
ҚАРАҒАНДЫ.