• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
23 Ақпан, 2016

Өмір діңгегі өрге сүйреген жігіт

485 рет
көрсетілді

Ақмаңдай арыстар елі Айыр­таудың алтын бесігінде тербеліп өс­кен Рамазан Мұқатаевтың өмір діңгегі құрылысшы болу еді. Бұл оның өзі­нің жерлес ағасы сәулетші Шот-Аман Уәли­хановтан алған тағылым деу­ге тұрарлықтай ұмтылыс екені хақ. Сағалақ (Елецкий) ауылындағы орта мектепті бітірісімен Ақмола­дағы инс­титутты аяқтап, инженер құры­лысшы дипломын алғандағы қуа­ныш өмірдіңгектің өрге сүйрер бас­палдағындай көрінген. Жас жігіт жұмысқа жұмыла кі­рісті. Қоғамдық өмірде болсын, спорт­та болсын, күнделікті тір­шілікте болсын адымдап алға басуды қалайтын. Мұндайлар шағын ауыл Сағалақтың ауқымына сыймайтындай әсер қалыптасаты­ны да түсінікті. Облыс орталығы Көк­шетауға көшіп келуін қо­сым­­ша жа­уап­кер­шілікпен бай­ланыстырғаны сондықтан. То­қырау қиындықтарына қара­мастан құрылыс алаңдарында серпіліп жұмыс істеп, серіктес­теріне демеу бола білді. Көкшеде бұрын қолдана қоймаған технологияларды насихаттап, өндіріске енгізуге талпынды. Ұсыныстары қолдау көріп жатты. Оны қаланың сәулетіне жаңа өзгерістер әкелген ғимараттар­дан көруге болады. Әсіресе, аликобонд дейтін құрылыс материалына айрықша ден қойғаны бар. Әлде, осы жабдық күндердің күнінде алдынан шығып, нәпақа медетіне айналатынын сезді ме екен? Оған тоқталмас бұрын Рамазан Мұқатаевтың жаңа елордамыз Ас­тананың алғашқы құрылыс алаң­дарындағы білек белсенділігін айта кеткен жөн сияқты. Өйткені, осы тақырып қозғалғанда оның жанары жарқылдап, жүзі жайнап шыға келгенін көрдік. Әңгі­мені жігер­мен, сендіріп айтады екен. Абай, Бей­­біт­шілік, Жеңіс даңғылдарын­дағы ескі үйлердің тез арада жаң­ғырып шыға кел­генін ертегідей елес­тетті. Чех құрылысшылары­мен бірге де­путаттық тұрғын үй корпу­­сын тұр­­ғызғандағы қызықты күндер сілемі көз алдымызда биіктеп ба­ра жатты. «Бәрекелді!» дейміз іштей. Жанталасқан Рамазанның жан дүр­сілін кейінірек түсіндік. Жү­рек­тегі Құлагері де тыным таппайды ғой мұндай жандардың. Рамазан 2002 жылы қияндағы Кореяға тартып кеткен. Сондағы керамикалық зауыт құрылысында жұмыс істепті. Ойы – жер тану, тәжірибе толықтырып, елге ала келу. Екшеумен өткен екі жыл. Ой-салмақ толысып, елге оралу қамында жүрген. Күтпеген жерден бейнет кешті. Өндірістік жарақат алып, омыртқасы зақым­данды. Корея­лық мамандар отаны сәтті жасағанымен, қайран азамат І топтағы мүгедекке айналып, арбаға таңылды. Қазақ елі қай жерде жүрсе де азаматын ардақтаған, қамықтырма­ған. Осы ретте Рамазан бауырымыз Қа­зақ­станның Кореядағы сол кездегі елшісі Дархан Бердалиевтің, консулдықтың үшінші хатшысы Бей­біт Нөгербековтің қамқорлығына шексіз алғысын айтады. Көкшетауға оралғаннан кейін де жылы шуақ аясында болды. Алдымен арнайы квотамен Новосібір қаласында екінші рет ота жасатты. Ақтөбеде емделді. Қа­зір Көкше дәрігерлерінің оңалту бағытындағы бақылауында. Әлеу­меттік қолдау шараларынан қа­лыс емес. Мүгедектік ар­ба алып берілген. Жәрдемақы, мемлекеттік өтемақы көлемі жыл санап артып келеді. Тәу­бе қылады. Келіншегі Ақтоқты екеуі екі студент баласын оқытып отыр. «Тас түскен жеріне ауыр» деп жа­та­мыз. Шыны сол болғанымен, астарында мағына бар. Мәселе оған деген қамқорлықтың шектеліп қал­май­тындығында емес, мәселе сол аза­маттың кіріптарлыққа байланып қалмағандығын аңғартуда болса керек. Мұны Рамазандай жігіттер жақсы біледі. Кісіге көз сүзу деген болмайды мұндай азаматтарда. Бір­жарым жылдай аурухана төсегіне байланып, беті бері қарасымен іске кірісті. Баяғы «аликобонд» алдынан шықты. Өзі жеңіл, икемге көнгіш материал өнерлі жастың қолымен әдемі қолжуғыштарға айналды. Әуелде үй-ішінің кәдесіне жаратылған дү­ние көршілердің, жолдас-жораның қы­зығушылығын туғызған. Сұ­ра­ныс өсті. Қазір Кенесары көшесіндегі Ра­ма­зан­ды танымайтын кісі некен-саяқ. Осы сұраныстың адамды тоқы­раудан алып шығатын қуат-қасиеті де бар. Енді қол­жуғыш­пен шектеліп қалуға болмайтын еді. Компьютер үстелі мен орындығын жасады, ағаш ыдыс-аяқтар көбейді, ептеп жиҺаз жаб­дықтарын дайындады. Бұларға да тапсырыс берушілер шықты. Ауылдағы әке-шешесінің, ба­уыр­ларының көмегіне өзінің тапқан нәпақасын қосып, үй іргесінен жайлы шеберхана ашты. Пандусты да жабдықтап алды. Осы Рамазанның тіршілігімен танысу барысында, өскелең әрі құбыл­малы нарық заңының кез келген кісіге белгілі дәрежеде әсер ететінін байқадым. Ілкімділік танытпасаң, ілесу қиын. Бірде досы Жасұлан тұрмыстық техника, оның ішінде, тігін машиналарын жөндеуге мамандану қажеттігін айтқан. Дос көңіл Рамазанның мүмкіндігін еселеу, қызметтің өтімді түріне икемделу ниетімен ақыл қосқанын түсінді ол. Табысы да көбейді. Бәрінен бұ­рын адамдардың Рамазан қолынан шыққан тұрмыстық бұйымдардың мінсіз сыңғырлап тұрғанына риза сезімдерін білдіріп жататынын айт­саңызшы! Рамазанмен қоштасар сәтте ол Елбасымыздың Жолдауы жария­лан­ған газеттен мынадай үзінді оқы­ды: «Біз оларды бел­сенді өмір­ге тартамыз, олар тек жәрдемақы алып қана қоймай, сонымен бірге, өз­дерін қоғамның мүшесі, пайдалы еңбеккер ретінде сезінетін болады. Бұл өзіміздің және қоғам алдындағы біздің парызымыз». Ба­уырымның жымиып тұрған жүзі­нен көп нәрсені аңғаруға болатын еді. Соның ең бастысы «Мен өзім­нен бұрын өзгелерді ойлаймын. Көптеген жандар қиындықтың құрсауында құсаланбасын. Еңсесін тіктеп, еліне қызмет етсін. Оған толық мүмкіндік бар», дегенге сая­тынына шүбә кел­тір­меймін. Бақберген АМАЛБЕК, «Егемен Қазақстан». Ақмола облысы.