Өткен жыл Қазақстан үшін мол ырыздықты һәм игілікті жыл болды. Ішінара емес, барлық салада. Саны ғана емес, сапасы да сарабдал еді. Рухани ілгерілеудің ірі жемістері өз кезегінде экономика мен саясатқа, мәдениет пен өнерге өзгеше шырай бітірді. Айтпағымыз, елдер мен елдердің қауышуынан қанаттанып, қанағатқа кенелген келісті де көркем істердің кемел көгенделуі. Мұның бір сорабы былтырғы сәуірдің шуағымен жан жылытқан қос мемлекеттің мерейінің үстемелене түсуі дер едік. Елбасы Оңтүстік Кореяға әдейілеп барып, Қазақстан жылының тұсауын кесті. Бейне бір жыл бойына қазақы қалып корейлерге де жұғысты болып, екі ел емен-жарқын еміренісіп, әр қимылына елеңдесіп, еркін де елпіл көңілмен бауырласып кеткені. Жаппай жақындасып, жамиғат жаны жылынып, жүректер түсініскен, шоқтықтанған еңсесі шырайлы іспен...
...Сонымен, ашылған Жылдың жабылуы да заңды екен!
* * *
СЕУЛДЕГІ СӘУЛЕЛІ СЕЗІМ
Үргедек сезім бара-бара нық сенімге ұласады. Ұшақ табаны жер жалағанша, жүз мың шаршы шақырымдай аумағының 30 пайыздайын ғана қатқыл жазық құрайтын бұл мемлекеттің үш қапталын су толқыны кеміріп жатқанын ойлағанда, әу баста, құрлыққа емес, топан суға тоғытылып кеп, шайлығып та шайылып кететін сыңайлы екенсіз. Төбеден шүйліккендегі сезім осылай. Бірақ жерге қоныппыз... Батысынан Сары теңіз бастырмалатып, шығысынан Жапон теңізі шылп-шылп ұрып, ал түстігінен Корей бұғазы мен Шығыс- Қытай теңізі шалқи буындырып тастаған – телегей су патшалығының шудаланған буымен, әлде үстінде жеңіл үйірілген тұманымен бе, әйтеуір, саңылау тауып, жерге табан тигеніне шүкірлік етесіз. Үш мың аралдың арадай құжынаған, құмырысқадай иленген бұғауына буынбай-ақ бөденедей бұқпантайлап қалқып кеп, бұлтарыссыз топ ете түскенің дәтке қуат.
Сезімнен сергек не бар? Сезімнің селкеулігінен сақтасын. Халқының саны жағынан (50 миллионнан асып жығылады) әлемде 25-ші орын алатын, аумағы бойынша 107-ші мемлекет болып есептелетін Корея Республикасының тыныс-тіршілігімен жата-жастана таныса бастағанымызда, сезім атойлап, оның болашағына деген сенім ұялап, екі ел арасындағы жарияланған Жылмен жүрек жылынғандай.
Корей халқының әдет-ғұрпы мен салт-дәстүріндегі, тұрмысындағы кейбір ұқсастықтарды былай қойғанда, әкімшілік бөлінісіндегі, мысалы: қала (си), уезд (кун), округ (ку), аудан (ып), поселке (мен), шағын аудан, деревня (ри) т.б. атаулар да қисындылығымен қызықтыра түседі.
Басқару тәсілі президенттік республика болып есептелетін Оңтүстік Кореяның тарихы 1945 жылғы жаздың соңындағы кеңес-американ келісімі бойынша осы жартықұрлыққа ықпал ету бөлінісін белгілеген сәттен бастау алатыны белгілі. Бірақ бастапқыда білім, экономика және мәдениет саласында бауырын іле көтеріп кету оңайға соққан жоқ. 60-шы жылдары сол аймақтағы кедей елдердің санатынан саналды. Еңсесі түсіңкі болды. Сексенінші жылдардағы барлық саладағы буырқанған өсім оның жығылған жалын күдірейтіп жіберді. Серпіліс бұл мемлекетті Сингапур, Гонконг, Тайвань қатарына көтеріп, Азия жолбарысы атандырды. Өткен ғасырдың соңғы он жылында корейдің танымал музыкасы, телевизиялық сериалдары мен кинематографы әлемнің өзге, әсіресе Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінде «корей толқыны» делініп дәріптеліп, ғажаптығымен тамсандыра бастады.
Ел экономикасындағы басымдық туралы айтатын болсақ, ол әрине, рыноктың 45 пайызын үлестейтін әлемдегі ірі кеме жасау өндірісі алпауыттарының бірі. Қытайдағы корей тауарының, әсіресе жеңіл көліктің зор сұранысқа ие болуы да көп жайтты аңғартса керек. Ал солғын тұсын – халықаралық қозғалыстағы капиталдың жоғары деңгейдегі тұсаулануы мен әсіре ауытқушылығынан, сондай-ақ 1997 жылдан бергі күшейе түсіп отырған жұмысшылар толқуынан, мемлекеттік сектордың экономикаға барынша салмақ салуынан іздеген жөн. Дегенмен де экономикалық дамыған мемлекеттер арасында 13-орын иеленетін елдің бүгінгі қадамы тек сүйсініс туғызатыны тағы шындық.
Қазақстан мен Корея Республикасының арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылы орныққаннан бергі уақытта қос елдің іскерлік ынтымақтастығы нығайған үстіне нығайып келеді. Бұл тұрғысында Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың былтырғы сәуірдегі ресми сапарында, Қазақстан жылының ашылуында сөйлеген сөзінде терең мәнімен өрнектелген. Қазір елімізде корей капиталының қатыстырылуымен 300-ден астам бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді. 140 ұлттың ұлысы атанған жерұйығымызда корейлер де өзіндік қолтаңбамен маңдай терін төгуде. Диаспора өкілдері Қазақстан Парламентіне ұсынылып, Қазақстан халқы Ассамблеясында жемісті еңбек етіп жүр. Мұндай ілкімділікке Корея Республикасының президенті Ли Мен Бак та қанағаттанғандық білдіріп, стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайтудың тиімді жолдарын бірігіп іздестіруге ынталы екендігін мәлім еткені бар. Астана мен Сеулдің қос елдің әлеуетін үстемелейтін мүмкіндіктерді елеп-екшеуге қатысты қадамдары да мол үміттендіреді.
Қазақстан қашаннан қай диаспораны да қамкөңіл қалдырмай келеді ғой. Корейге қатысты айтсақ: ана тілін үздіксіз шыңдап келеді, газеті шығып жатыр, сазды-комедиялық театры бар. Кореяда да қазаққа деген ыстық пейіл байқалады. Беделді бір университетте әлемдегі тұңғыш қазақ тілі кафедрасы ашылып, онда 150 студент өзге тілге деген құрметін іңкәрлікпен дәлелдеп жүр екен. «Сыйға – сый, сыраға – бал» дегеннің жарқын сипаты осы шығар, бәлкім. Сиыспасаң, сыйластық үкіленер ме, түге!
Мұндағы діннің тірегі – дәстүрлі буддизм мен христиандық. Алғашқы ағым – 23 пайызды құраса, кейінгісі халықтың 30 пайыздайын қамтиды.
Сеулді кең орап ағып жатқан Хан өзенінің әр тұсынан бунақтанып отыз екі көпір тартылған екен, соның кейбірін тамашалап жүргенімізде, бір жарқабақта жайдарман жайғасқан мұсылман мешітінің дәп үстінен түсеміз деп ойлаппыз ба! Сезім селт етті! Айналдық туу алыстағы елден, қарамайтын өзге дінге немкетті! Алланың үйі 1976 жылы салыныпты. Сол мешіт тұтқасына жанасқаннан-ақ жүрегімізді ыстық жалынымен шарпи жөнелді жарықтық...
... Кезінде жапон отаршылары Сеулде салған тұрғын үйлер мен нысандарды бүгінде көзге шыққан сүйелдей етпей, ұлттық намысқа басқан корейлер, жерден тып-типыл жойып, сыдырып тастап жатыр екен. Мәрттік! Сезімнің өзін азаттандырмақ.
... Сезім шіркінге бұғалық түскен бе! Сәулелі сезімнен сана жаңғырады екен!
ҚЫЗЫҚ БАСЫ – «ҚЫЗ ЖІБЕК»!
Әрине, корей халқын кино, театр туындыларымен таңғалдыра алмайсыз. Бұл ретте оның маңдайына әлемдік бәсекелестіктің бақ-талайы дарығанын екінің бірі сезеді. Сезетіні – көріп ұйып, көріп тамсанып жүр ғой. Жыл аясындағы қойылымдардан тысқары, соңғы бес жыл ішінде қазақстандықтарға 12 корей фильмі ұсынылыпты, ал біздің тарапымыздан оларға көрсетілгені – 13 төлтума фильм екен. Кезінде бұл өнер туындыларына екіжақты пікір-лебіздер білдірілгені мәлім. Бәрі де хош көңілдің сынынан сүрінбей, мерейлі өткен сыңайлы. Бірінің олқылығын бірі толтырғандай. Өнерде шекара жоқтығын ескерсек, рухани ортақ игіліктердің исінткені жасырын емес. Бір ғана мысал мынау. Республикалық мемлекеттік корей сазды-комедиялық театрының Пусан қаласында өткен фестивальге қатысуы айтарлықтай оқиға болды.
Енді, міне, Жыл жабыларда қазақстандық кино күндерінің аясында үш шығарма жат жұрттықтардың талқысына салынды. Қызық басында – қазақ киноөнерінің алтын қазығы «Қыз Жібек» кинофильмі тұрды. Одан арғы кезек – режиссер Қ.Ахметовтің «Сіз кімсіз, Ка мырза?» фильмі мен режиссер С. Тәуекелдің «Жерұйық» (сценарий авторы – Лаврентий Сон) фильміне берілді. Мүйізі қарағайдай үш көрсетілім. Аудитория да осалдың санатынан емес. Кино күндері ашылуына байланысты сөйлеген сөзінде ҚР Мәдениет министрлігі мәдениет комитеті төрағасының орынбасары Ә.Әбелдинова бұл кинофильмдердің корей жұртшылығының талғамынан әбден шығатынына сендірген еді. Солай болды да...
Студент Джо Кен Ин қазақ тілінде сөйлеуге тәп-тәуір төселіп қалыпты. Арнайы оқу әдістемесінен өтіп, ысылғаны бек сезіледі. Сызылтып, «Қыз Жібектің» ұнағанын айтып шықты. Қазақтың тұрмыс-салтындағы ерекшеліктерге мән беріпті. Аудармашы Ма Сэ Бом төтесінен тартты. Қыз Жібектің Төлегенге сүйіспеншілігіндей таза махаббаттың иесі болсам деген асыл арманы ояныпты. Ал профессор Джон Си Ен болса, «Жерұйық» картинасындағы жер аударылып келген ұлттардың, ішінде корейлер де бар, қазақтардан өмірлік пана тапқанына, сөйтіп мәңгілік жүрек жылуына бөленгендеріне ризалығын білдірді. Ким Ген Ми деген жұмысшыны «Сіз кімсіз, Ка мырза?» фильміндегі барлаушы өмірінің шытырман оқиғасы толғандырыпты.
Қазақ киносына бір көргеннен-ақ құлай жығылып, шетінен тамсанып шықты деп асыра сілтеуден адамыз, әрине. Мазмұн жағына терең бойлауға қауқары жете қоймайтын кейбір көрермендерді, мысалы, «Қыз Жібектің» панорамалық көріністеріндегі табиғат сұлулығының көзге солғын, әрсіз, түссіз, жұтаң көрінуі, лентаны қайта көшіруден кеткен салақтық, әлде қалпына келтірудегі шарасыздық десек дөп келе ме, әйтеуір, экран пейзажының сөлсіздігі өзімізді де қапаландырып тастады. Баяғы, алғашқы қойылымындағы қызғалдақтан өртеніп тұратын дала көркі жай әшейін күзгі ажарсыздыққа душар болғандай, көңіл жүдетеді екен. Мұны түзеудің жолы қандай? Басқа да сұлу табиғаттың сүреңсіз тартуын корейліктерге қалай түсіндіріп, ақталамыз?
«Қыз Жібек» көрсетілімінің алдында Қазақстанның халық әртісі Құман Тастанбеков шығып сөйлеп, Төлеген рөлін қалай сомдағанын, сол кездегі 10- сынып оқушысы Меруерт Өтекешеваның актерлік талантының лезде жарқырап ашылғанын, жалпы бұл өнер жауһарының қиын соқпақты жолынан, күрделі де күрмеулі белестерінен кеуілді әңгіме тарқатты. «Сол Қыз Жібекке деген сезімім Меруертке үйленуіме ұласып тынды ғой»,– дегенде залды ду күлкі кернеді.
Халқына өнерімен қадірлі Құмекеңмен тілдескенімізде, пікірін ашық білдіріп, кейбір ащы ойларын да бүркемелемеді. Оны телеарналардағы шетел сериалдарының талғамсыз көптігі қынжылтады екен. Кейде қазақтың да ғажап туындылары шеттетіліп қалады. Төл туындыларымыз ұрпақ зердесіне осы телеарналар арқылы жетіп жатуы тиіс. Осы жағына мән берілуін қалайды талантты актер. Оның бүгіндері тың ізденістер үстінде жүргені қуантады.
Сценарийін Лаврентий Сон жазған «Жерұйық» кинофильмі корей көрермендерін бей-жай қалдырмағанын байқадық. Жанарлардан үзілген жас моншақтарын көрдік... Өткен ғасырдың отызыншы жылдарында Қиыр Шығыстан тоталитарлық режим қысымымен жер аударылған халықтардың (ішінде корейлер де бар) қазақ бауырмалдығының арқасында қатарға қосылып, түлеп-түрленуі, қазір бақуатты тұрмыс құрып отырғаны суреттелетін картинаның тұсаукесерінде Л.Сон өзі де сол қуғын-сүргін көрген ұрпақтың өкілі екендігін айта келіп, бұл тақырыптың шынайылығын сақтау үшін тер төккенін жасырмады. Ол сонымен бірге режиссер-қоюшы ретінде алты көркем фильмнің авторы екен. Биыл жетпістің асқарына әне-міне шыққалы отырған ол Үштөбеде туыпты. Фильмнің біраз көріністері осы жерде түсірілген. Сөйтіп, қазақстандық корей нағыз бауырластарының көңілін бордай езіп, егілтіп қойғанын шет жерде жүріп жаңа сезінгендей еді. Демек, туындысы жүректерді тегін тулатпағаны ғой.
Көрермендерден сезімтал кім бар десейші. Және шет көздің ынтығы өзінше басым бола ма екен, өзі. Сондықтан да аңғарымпаздығы ерен. Бір корей «Қыз Жібектегі» тәкаппар да сұсты Асанәлі Әшімовті жадына түйіп алса керек, оның әбден қаусаған, бірақ намыс үшін шарболаттай ширыққанын «Сіз кімсіз, Ка мырза?» фильмінен байқап қалып, бейтаныс актерге тәнті болғанына куә болдық. Бұл да болса дара таланттың көп ішінде елеусіз қалмайтынының дәлелі екендігіне сендіреді. Жарқын рөл жүрек түкпірінде қалады екен осылайша.
... Киноның да жаны, тағдыры, талайы, бақыты бар екен. Ту қиырдағы жат елде үш көрсетілімнің басына үйірілген бағын осындай сарапқа салып, бағамдағанда, «ғұмырлы бол, қазақ киносы» дегің келеді ақтарылып. Ұлт пен ұлттың арасындағы ара ағайын секілді болды-ау, бұл үш өрім. Корей аспанында жарқыраған осынау шоқ жұлдыздар ләйім, құмардан шығара берсінші!
ОПЕРА ЛАҒЫЛДАРЫ
...«Сукмен» арт-орталығының сахнасы базардай қайнап, гүлдей жайнап кетті. Өнер әсері, көңіл шаттығы, жүрек толқуы қандай қадамға барғызбайды. Сахнада бәрі мидай араласып кеткендей: балет әртістері, көрермендер, шенеуніктер, тәй-тәй басқан балғындар... Мәре-сәре, құшақ ашады, күліседі, тіл кедергісін ысырып, түсініседі. Жауған гүлден адамдар жүзі бал-бұл жанады. Ненің құдіреті бұл? Әрине, балет сыйлаған шаттық! Концерт жаңа біткен. Абай атындағы мемлекеттік академиялық опера және балет театрының балет труппасы өнерінен кейінгі керемет желпініс шағы еді бұл. Шадыман сәт. Шалқыма мезет. Корейлердің көзайымы болып, көркемдік һәм сұлулықпен суарған қазақ балетінің жұлдыздары жанымызда жарқырап күнде жүргенін енді сезіп отырғандаймыз.
Сахнада бәрі бала боп кеткендей ме? Опера театры бас директорының бірінші орынбасары В.Пактың қуанышында шек жоқ. Шәкірттерінің шеберлігіне сүйсінетіндей. Шымылдық ашылардан бұрын онымен тілдесіп үлгергенбіз. Отыз бес әртіс әкеліпті. Жұтынып тұр бәрі. Жолсоқты болып, жүздері сәл-пәл кіреукеленгенінен қауіп ойлап едік, «сахнада қазір, жанып түседі», деп жетекші біздің күдігімізді сейілтіп тастаған. Солай болды да.
Міне, қазақстандық делегацияны бастап келген ҚР Мәдениет вице-министрі Асқар Бөрібаев та керемет әсер ауанынан айыға алмай тұр. Бір жағынан корейлік баспасөз өкілдері де шалғайына жабысып, босатпай жүр. Ешкімнің де меселін қайтармайды. Асқар Ысмайылұлының концерт алдындағы беташар сөзі де салмақты шықты. Әрегідік корейше де термелеп кеткені жөн болды. Ықыласқа мәз көрермендер. Ұққандары ұғынықты болып жатқанын қол шапалақтап сездіртіп, серпілісіп қояды. Елбасының Қазақстан жылының ашылуында сөйлеген: «... Бұл оқиға халқының терең тарихи байланысы бар екі елдің ынтымақтастығы мен серіктестігінде жаңа кезең туындап келе жатқанын білдіреді», деген сөзі тағы бір қайталанғанда, қоштау ресімі одан әрі үдегендей еді. Расында да, бүгінде екі елдің сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығы белсенді де берекелі айналымға шығып отырғанын аңғару қиын емес қой.
Вице-министр қазіргі заманғы Қазақстан тек қана экономикасы дамыған және құнды табиғи қазба байлықтары мол мемлекет ретінде ғана емес, өнердің сан алуан түрі өрістеген, бай мәдениетті ел ретінде де зор қызығушылық танытатынын, өнер қайраткерлерінің беделді халықаралық конкурстарға қатысып, әлемнің көптеген елдерінде таңдай қақтыра білгенін жеткізгенде аңсарлы көңіл көрермендер соның куәсі болуға ынтыққан сыңайлы еді. Міне, енді баршасы күткендегіден де артық қуанышқа меймілдеп, ләззатқа кенеліп отыр.
Концерттің көңіл арбарлық қасиетін қалай түсіндірмек керек? Қиналатыны жоқ. Тұшымды жауап әзір: Сеулге қазақ мәдениетінің көп ғасырлық алтын қорынан ұлттық музыкасы, еуропалық классикалық музыкасы және де әлемдік талғампаз сүзгіден өтіп үлгерген опера өнерінің лағылдары әкелінген еді. Тұтастай болмағанымен, үзінділері кәдеге тартылған. Айталық, М.Төлебаевтың «Біржан-Сарасы», П.Чайковскийдің «Ұйқыдағы аруы», Ж. Бизе- Р.Щедриннің «Кармен-сюитасы», А.Аданның «Корсары», Л.Минкустың «Дон Кихоты», т.б. балеттерден үзінділер мен қазақ биі «Асатаяқ», Құрманғазының «Балбырауынына» үндестірілген қойылымдар қандай сында да ұлт өнерінің мерейін үстем еткен талантты туындылар-тұғын. Бұл жолы да сол дәстүрден ауытқыған жоқ.
Біздің балеттің көркемдік деңгейі үнемі ілтипатпен ауызға алынады. Бұған корейлердің де көзі жетті. АҚШ-та он жылдай өнер көрсетіп келген, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сәуле Рахмедова, осындай мәртебелі атағы бар Дмитрий Сушков пен Құралай Сарқытбаева, халықаралық конкурстардың лауреаттары Гүлвира Құрбанова мен Нұрлан Қонақбаев және басқалар ұлттық әрі әлемдік балеттің беделіне өзіндік қолтаңба қалыптастырып үлгерген шеберлер. Осы жолғы қойылымдарда да жампоздар қыннан суырылған қылыштай боп жарқ-жұрқ еткенде, қазағымның балетіне тәнті болмаған корейім кездеспеген шығар, бәлкім.
Бір сөзінде Корея Республикасы Мәдениет, спорт және туризм министрінің орынбасары Мо Чол Мин өз еліндегі балет өнерінің күткендегідей дәрежеге әлі көтеріле алмай жүргенін жасырмай айтып қалған. Асылы, мұндай шынайы сөздің тежелмей шығуы тегіннен-тегін дейсіз бе? Оның көкейін тесіп тұрған қазақ балетінің қазіргі сиқырлы сипат-бітімі шығар-ау. Абзалы, солай. Әйтпесе қазақтың жас перісі, талантты балет әртісі Табылды Досжанды аттай қалап, өз театрына қабылдар ма, сірә?
Балет өнерінің тылсымы көп қой. Бірін ғана ілгектейік. Ресейде балет әртістері 15 жыл өтілмен зейнет демалысына шықса, біздегілер тиісінше 58-63 жасты күтіп зарығып жүреді. Бұл жаста кімнің тойып секірері, кімнің тоңып секірері белгілі ғой. Демек, ойланатын жайттар жеткілікті екен-ау. Өмірін өнерге матап бергендерді аялап, мәпелегенге не жетсін! Бәрі ұлттық мүдденің қамы үшін де...
...Ойпырым-ау, көрермендердің сахнаға шығып кеткенінің өзінен-ақ біраз сыр түюге болатын секілді. Құдды, олар бағана сахна шымылдығын ашқан «Біржан-Сара» операсынан «Мереке биін» орындаушылармен қоян-қолтықтасып, жымдасқандай әсерге бөлейді. Премьерасы 1946 жылы Қазақ опера және балет театрында өткен бұл жауһар туынды әлі күнге дейін қай деңгейдегі көрермендерін де сүйсінтіп келеді. Бұл операның ұлттық бояуы қанық, әсерлі лирикалық көріністер мен айшықты мелодияға толы. Онда ұлттық музыкалық формалар (әдет-ғұрыптық фольклор «жар-жар», сыңсу, жоқтау, әсіресе, ақындар айтысы, т.б.) өте әдемі әрі шынайы қолданылған. 1949 жылы КСРО Мемлекеттік сыйлығын иеленген бұл опера 1958 жылы Мәскеуде өткен қазақ өнері мен әдебиетінің онкүндігінде көрсетілген. Талай қан қыздырар бәсеке-бәйгенің алдын бермей жүрген ұлттық туындымыздың Кореяда да шашбауымызды көтеріп тастауы үндескен бабалар үніндей, жүрек елжіретеді.
Бар бол, жайна, жарқыра, тілі бөтеннің өзін түлет, табындыр, қазақтың операсы мен балеті! Лағылдарыңмен құлпыртшы, лайым!
ЖҮРЕКТЕР ЖАҚЫНДАСҚАН ЖЫЛ
Жүрек қылы мына бір сөздерге ілініп тұрғандай екен. Сәл тербеп жіберсе, өн бойды дыз еткізіп, шарпи жөнеліп, жаныңның ыстығын өзгеге дарытатындай ма? Бұл ұлы сезім біреуден біреуге, ұлттан ұлтқа, әрі ұласып халықтар тағдырына алтын тінімен жарастық пен сыйластық, бақ пен береке дарытып, дарқан өмір кілтін қолыңа ұстата салатындай. Иә, ол қандай сөз тіркестері еді. Корейлердің өзін еліктіріп ала жөнелетін не сиқыры бар екен? Қане, көз жүгіртіңіз! «OSCE», «KAZAKHCTAN, 2010». «ASTANA. SUMMIT». Оңтүстік Кореядағы Қазақстан Жылының жабылу салтанатына байланысты өткізілген қандай бір іс-шаралардың ұйымдастырушылары көрнекі жерге іліп қойған осындай сөздер көзді еріксіз күлім қақтырады. Бұдан соң Қазақстанды таныстырып жатудың өзі артықтау секілді боп көрінеді. Міне, біз қандай елмен достасып жатырмыз дейтін мақтаныш сезім және күмбірлетеді жүректі. Сөйтіп, қазақ пен корейдің марқайып, масаттанып жүргенінің куәсі болдық.
Жыл аясында өткізілген түрлі іс-шараларға қатысты алуан пікір өрбігенде, әлгі жалынды тіркестерді аузына алмайтын пенде жоқ. Содан бастап салалап өреді, татулығы жарасқан қос ел, бұрымын. Осы жағына мән бере келіп, Қазақстанның Корея Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Дархан Бердалиев Елбасы арнайы келіп ашып кеткен Жылдың қалай өткенін бақайшағына дейін шағып, түстеп-түрлегені бар. Қос халықтың мәдени және рухани өзара қатынасына ерекше серпін берген бұл Жылдың жемістері мәуелі боп піскен екен. Мол қазыналы көркем құбылыс ретінде бағаланып жатыр. Әркімнің осы игілікті нақты сезінгеніне не жетуші еді!
Елшінің мәлімдеуінше, Тэгу қаласында өткен Алматы шаһарының, басқа да өңірлерді қамтыған Алматы және Маңғыстау облыстарының күндері өте табыстылығымен есте қалыпты.
Сапында 40 адам бар маңғыстаулық делегация корейлерге көшпелілердің тұрмыс-салтын бейнелейтін көрме ұйымдастырып, мол мағлұмат беріпті. «Аспан астындағы мұражайға» келушілер ынтыға тамашалап, рухани байлыққа кенелсе керек. Ал «Ақжарма» фольклорлық ансамблі мен «Жорға» бишілер тобының өнеріне тамсанбаған жан жоқтай. Таңдай қаққан сеулдік Херен Жун: «Домбыраның үні тұла бойымды шымырлатып, көзіме жас үйірді. Бишілердің нәзік қимылы мен киген киімдерін айтсаңшы. Қазақстан туралы көп естігеніммен, бармаппын ғой. Сіздердің бай мұралы мәдениетіңізбен ат ізін салып таныссам деген ой тұтанды, міне», деп нәзік жаны үлбіреп тұр.
Кенги-до провинциясы Оңтүстік Кореядағы халық өте тығыз қоныстанған өңір. Мұнда он миллионнан астам адам тұрады. Әлемге кең танымал «Самсунг», «LG», «Деу», «Киа» компаниялары да осы аймаққа орналасқан. Оңтүстік Кореяның бүкіл экспортының 25 пайызы осы өңір үлесіне тиесілі. Мәдениет күндері Алматы облысының әкімі Серік Үмбетов пен осы провинция губернаторы Ким Мун Су арасындағы екіжақты кездесумен басталыпты. Бұрын достық пен ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойылған екен. Соның іс жүзіндегі мысалдары жеткілікті. Қазір Балқаш ЖЭС-і кореялық компанияның қатысуымен салынуда. Ондаған қазақстандық жастар осындағы жоғары оқу орындарында білім алуда. Тіпті Сеул университетінде қазақ бөлімі ашылыпты. Алматы облысында ғана 16 мыңнан астам корей тұрады. Мұнда бірнеше корей ұлттық-мәдени орталықтары мен түрлі бірлестіктер жұмыс істейді. Осы соңғы кездесу барысында облыста энергетика саласындағы бірқатар жобаны жүзеге асыру тұрғысынан хаттамаларға қол қойылыпты. Ал бұл – 3 миллиард теңгеден астам инвестиция тарту деген сөз.
Бір сүйсінерлігі сол, екіжақ ұйғарымымен құрылған «Жібек Жолы» қорының Қазақстан жылын өткізуге жасаған қамқорлығы айрықша қомақты болыпты.
Жылдың өту барысында екі мемлекеттің қай саладағы да жаңалық, оқиғаларына ортақ мүдде тұрғысынан көзқарас қалыптастыруы дәстүрге айналыпты. Сеул Олимпиадасын сәтті тиянақтаған корейлер Астана мен Алматыда биыл өтетін қысқы Азия ойындарының табысты қорытындылануына ақыл-кеңесін аямай отыр. Сонда көтерілетін Туды әдейі алдыртып, оған сала министрі Ю Ин-Чоннің өз қолтаңбасын қалдыруы – тілектестіктің бір белгісіндей емес пе?
...Қазақстан жылының жабылуы ойдағыдай өтті. Оны өте сапалы ұйымдастырған «Қазақ әуендері» акционерлік қоғамына Мәдениет вице-министрі А.Бөрібаев ризашылығын білдірді. Расында да, осы қоғамның атқарушы директоры Бақыт Анисованың іскерлігі нәтижелі жұмысынан айқын білініп тұрды. Бір бұл емес, ұжымның бірегей қимылы өзге мемлекеттерде аталып жүрген Қазақстан жылдарының шырайын шығарып беруімен есте қалатын шығар.
...Қимайтын нәрсе қинайды екен өмірде. Жұлдыздары шоқ тастады көңілге. Қазақ болмысын қапысыз сезген Корея, биыл бастамақ өзінің Жылын Қазақстан төрінде!
...Қош, Корей елі!
...«Төрлет!» дейтін күніміз жақын болсын!
Қайсар ӘЛІМ.
Астана – Сеул – Астана.
_____________________
Суреттерде: Сеулдегі мешіт; Балеттен көрініс; «Қыз Жібектегі» Төлеген – Қазақстанның халық әртісі Қ.Тастанбеков.
Суреттерді түсірген Анатолий УСТИНЕНКО.