• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
26 Ақпан, 2016

Зиялы қауыммен әсерлі әңгіме

310 рет
көрсетілді

Кеше Астанада «Ауыл» халықтық-демо­кра­тиялық патриоттық партиясының орталық кең­сесінде «Қазақтың төл мәдениетінің жалпы адам­зат игілігіне үлесі» атты дөңгелек үстел өтті. Сай­лау науқанының үгіт-насихат жұмыстары аясында ұйымдастырылған басқосуда халқымыздың мәдени тамырлары, ұлттық салт-дәстүріміздің жаһандану кезеңіндегі маңызы тұрғысында сөз болды. Партияның республикалық қоғамдық штабы өткізген шараға танымал ға­лым­дар Сейіт Қасқабасов, Ғарифолла Есім, Тұрсын Жұртбай, жазушылар Әлі­бек Асқаров, Асқар Алтай, Марат Мә­жи­тов, Қуаныш Жиенбаев, ақындар Жанат Әскербекқызы, Дәулеткерей Кәп­ұлы, Маржан Ершу және басқа да қалам­герлер, сондай-ақ, жастар қатысты. Бірінші кезекте сөз алған «Ауыл» пар­тиясының төрағасы Әли Бектаев ұйым­ның қазіргі таңда атқарып жатқан жұ­мы­сына тоқтала келіп, «Халықтың тари­хы мен мәдениетін есепке алмай, этнос­тық дамудың түп-тамырын, қазақы мәде­ниеттің рухани, адамгершілік басым құндылықтарын түсінбей бүгінгі Қазақ­станның өркендеуі мүмкін емес», – деді. Одан кейін сөз кезегі тиген «Ауыл» партиясының мүшесі, Парламент Мәжі­лісінің депутаттығынан үміткер, жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әлібек Асқаров Қазақстанның өр­кениетті елдермен терезесі тең, әлемдік мәдениет сахнасында өзіндік орны бар мемлекетке айналғанын, республи­камызда ұлттық құндылықтарды жаң­ғыр­туға баса назар аударылып келе жат­қанын сөз ете отырып: «Егер біздің бойымызда адамгершілік пен иман­ды­лықтың бір белгісі болса, ол – қара­пайым қазақ ауылының өнегесі, берген тәрбиесі. Қысқасы, ауыл бізге қарыз емес. Ендігі жерде ауылға біз қарызбыз. Көп­шілігіміз ата сақалымыз аузымызға түс­кенше сол қарызды ұмытып кеткен сияқ­тымыз. Ендеше, бел шешіп, білек сыба­нып ауылға көмек қолын созатын кез келді. Қарызымызды қайтаратын, пары­зымызды өтейтін уақыт туды деп білемін», – деді. Басқосуда Сейіт Қасқабасов, Ғари­фол­ла Есім және басқалар сөз сөйлеп, ұл­ты­м­ыздың болмысына, қазақ ауыл­дарының бүгіні мен келешегі жөнінде әсерлі әңгіме өрбітті. Олардың айтуын­ша, қазақ мәдениеті әлемдік мәдениетке өшпестей із қалдырған, сондай-ақ, қайталан­бас бірегей қоғамымызды ұйысты­рушы институт болған. Бұдан бөлек, жиынға қатысушылар әлем­дегі мемлекеттік символдар мен белгі­лер, сая­си терминдер Ұлы Да­лада қалып­тас­қа­нын, бұл өз кезегінде дала перзент­терін­де дамыған мемлекеттік құры­лым­­ның болғандығын айғақтайтынын атап өтті. Айта кетейік, жиын барысында «Ауыл» партиясына жаңа мүшелер қа­был­дау рәсімі болды. Нақтылай айтқан­да, Дәулеткерей Кәпұлы баста­ған бірқатар жас ақындар «Ауыл» партиясына қабылданды. Жолдыбай БАЗАР, «Егемен Қазақстан». АСТАНА.