Сарыарқаның сақылдаған сары аязын сездірмейтін қазандық Астанада жасалып жатыр. Оны өндіріске шығарған отандық жаңашылар «дұрыс пайдаланған жағдайда қазандық кемінде 15 жыл жұмыс істейді» деп кепілдік беріп отыр. «Казкотелпром» шағын зауыты елордасындағы Технопарктің 21-цехына орналасқан.
Қазандық өте қарапайым жасалған. Оны қолдану да оңай. Бір ерекшелігі, салынған көмір кәдімгі пештердегі сияқты астынан бастап жанбайды. Керісінше, жоғарыдан төменге қарай жанады. Мұндай жағдайда көмір тез тұтанумен қатар, қазандық бойындағы судың лезде қайнап шығып, жылу желісінің жылдам ысуына әсері мол болады. Бұған қоса қазандық көмір таңдамайды. Тіпті, көмір қалдығының өзін жағып, жылуды бір қалыпта ұстауға қабілетті. Айтқандай, бұл қазандықтың тағы бір артықшылығы автоматты түрде үй ішінің жылуын өзі бақылап, керекті температураны жасап отырады. Мамандар мен осы қазандықты 2-3 жылдан бері тұтынып отырған адамдардың сөзіне илансақ, үйдің шатыры мен есік-терезесі жақсы қымталған болса және қабырғасы талапқа сай келсе бір рет салынған отын адамның араласуынсыз 5 тәулікке дейін жанатын көрінеді.
Ұстаханаға барып, жұмысымен танысқан шағымызда белгілі айтыскер ақын Балғынбек Имашевқа кезігіп қалдық. «Өз еліміздің азаматтары осындай игі іс істеп отырғанына дән риза болып жүрмін. Бірер жыл бұрын үй тұрғызып, оны жылытатын қазандық іздедік. Бірқатар сала мамандары мен түрлі қазандықтарды пайдаланатын қарапайым тұтынушылардың пікірін сұрап білдік. Әркім әрқалай кеңес берді. Сөйтіп жүргенде «Казкотелпром» туралы есітіп, оны іс жүзінде пайдаланып отырған азаматтардың үйінде болып, жылу жүйесінің қолайлылығы мен жайлылығын пайымдап көрдік. Осыдан кейін ғана цехқа келіп, қазандықты жасап жатқан мамандармен сөйлестік. «Қалаған қазандығыңызды жарты ай көлемінде жасап, жеткізіп, орнатып береміз. Оған қоса қалай пайдалану керектігін арнайы маманымыз барып үйретіп, өзі іске қосады. Бір жыл бойына тегін сервистік қызмет көрсетіледі», деді. Сөздерінде тұрды. Әйткенмен алғашқы күндері бір-екі рет қана мазалағаным болмаса, кейінгі істі өзіміз дөңгелетіп әкеттік. Нәтижесінде, «бітер істің басына, жақсы келер қасына» демекші, тағы бір үй тұрғызған бауырымызға кеңес айтып, осында ертіп келіп отырған жөніміз бар», деді айтыскер ақын.
Қалыңдығы «бестік» (5 миллиметр) темірмен жасалатын қазандықтың дәнекерлеушілері өте тәжірибелі мамандар. Басым көпшілігі «Астана локомотив құрастыру зауыты» кәсіпорынында тәжірибеден өтіп, біліктіліктерін жоғары деңгейде шыңдаған. «Қазандық жамылғысын бір деммен үзіліссіз дәнекерлеп шығу керек. Мұндай жағдайда «бестік» темірді тоқтаусыз бір қалыпты дәнекерлеп шығу тым қиын. Мұны дәнекерлеушінің мықтысы ғана істей алады. Себебі, қалыптан айнып кідірістейтін болса тесік қалуы мүмкін. Қазандықтың ішкі жамылғысынан иненің жасуындай болса да тесік қалса, бірнеше маманның бірнеше күнгі еңбегі еш болады. Оған қоса бағасы жоғары жалпақ темір ысырап болады», деді сервис бөлімінің шебері Талғат Құлқашев.
Цех озық технологиямен жабдықталған. Қазандықты жасау барысында Американның Worker, Германияның Bosch, Жапонияның Makita, Hitachi атты жабдықтары темірді кесуге және июге пайдаланылады. Жалпы, қазандықтың шетелдік және отандық өзге жылыту құрылғыларынан артықшылығы көп. Мәселен, неміс пен чехтың Қазақстанға әкеліп жатқан қазандықтары іріктелген көмір таңдайды. Себебі, Еуропада ешбір елде көмір қазып алынып сол орыннан тікелей тұтынушыға емес, оны езіп, қайтадан собықтай-собықтай етіп түйіршіктеліп қайта жасап шығаратын зауыттарға жөнелтіледі. Осындай отынға арналған еуропалық қазандықтар қазақтың қайта өңделмеген қилы көміріне қақалып қала береді.
Шағын зауыт көктем мен жаз-күз айларында 50-ден астам адамды жұмыспен қамтып, қыстың күні 15-шақты сервистік қызмет көрсететін персоналды ғана қалдырады. «Себебі, қыс маусымында қазандыққа тапсырыс берушілер тым аз болады. Ал енді технологияны жаңғыртып, қазандықтың жылыту тиімділігін үздіксіз жетілдіріп отыру ісі бір тоқтамайды. Бес-алты рационализатор әрі жоғары білімді инженерлеріміз бар. Қазандықтың қазақстандықтарға жайлы әрі пайдалы болуы үшін олар үнемі ой жұмысында. Осының арқасында қазандық жылуының 85-90 пайызын үйде қалдыруға қол жеткіздік. Сондай-ақ, күл түсетін орынның өзін сулы жабылғымен қаптап, оның да жылуын қазандық ішінде қалатындай еттік. Әйтпесе, кәдімгі үй пештерінің шығарған жылуының 40 пайызға жуығы осы күлсалғыш арқылы мұржадан шығып далаға кетеді. Мұны қарапайым тұтынушы аңғара бермейді. Соның салдарынан отын көп жағылып, мол шығынға алып келеді», деп түсіндірді сервис бөлімнің бастығы Мақсат Бекбосынов.
Қазіргі уақытта «Казкотелпром» зауытында қазандықтың пошымын түрлендіру жұмысы жүріп жатыр екен. «Алдағы жаз маусымынан бастап бағаны біршама икемді етумен бірге, оны екіге немесе үшке бөліп төлейтіндей жағдайды қарастырып отырмыз. Сонда тұтынушыларымызға қаржылай жеңілдік болады деп ойлаймыз. Бұған қоса, қазандықты дөңгелек етіп жасау ісін де қолға алып жатырмыз. Оны жүзеге асыруға Германиядан әкелінген жабдығымыз толық мүмкіндік береді. Ал мемлекеттік бағдарламаларға қатысып жеңілдетілген несие алуға келсем, біз мұндай әрекетке бармай отырмыз. Себебі, мұсылман дінінде үстемемен несие беру де, алу да жат қылық. Сондықтан, жайлап болса да өз мүмкіндіктерімізге қарай дамимыз. Бұған қоса еш уақыт ісімізді жарнамаламаймыз. Негізінен тұтынушыларымыз біздің сапалы қызметімізді көріп риза болған адамдардан есітіп, біліп келеді», деді сауда бөлімінің бастығы Жанбота Алшынбаев.
Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ,
«Егемен Қазақстан».