• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
27 Ақпан, 2016

Қазақстан-Мысыр: Экономикалық ынтымақтастықтағы елдер

1066 рет
көрсетілді

Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанға ресми сапармен келген Мысыр Араб Республикасының Президенті Әбдел Фаттах  Ас-Сисимен кездесті. Қазақстан мен Мысыр арасында сауда-экономикалық байланыс бекіп, ауыл шаруашылығы, фармацевтика, ғарыш, инфрақұрылым және көлік-логистика сала­ларын­дағы ынтымақтастық ар­татын болды. Мысыр Араб Рес­публикасының Президенті Ә.Ас-Сисидің Қазақ­станға сапары аясында осы мәселелер кеңінен тал­қыланып, келісімдерге қол қой­ылды. Мысыр Президенті Ә.Ас-Си­сидің Қазақстанға бұл алғашқы са­пары. Мәртебелі мейманды елі­міз әдеттегідей ресми күтіп алу жо­ралғыларымен қарсы алды. Одан соң екі ел Президенттері шағын құрам­да кездесті. Кездесуде елдер ара­сындағы ынтымақтастық қа­рым-қатынастар жайы тал­қы­ланды. «Біздің ел Мысырмен сенімді достық қарым-қатынасты дамытуға мүдделі. Биыл қазақстандықтар өз Тәуелсіздігінің 25 жылдығын мерекелейді. 1991 жылы араб елдері ішінен Мысырдың ең бірінші болып тәуелсіздігімізді танығаны есімізде. Содан бері халықтарымыз бен елдерімізді жақындастыру үшін көп жұмыс жасалды, осы жылдар ішінде мен Мысырға бірнеше рет бардым», деді Елбасы Мысыр Президенті Ә.Ас-Сисимен кездесуінде. Қазақстан Президенті екі ел­дің географиялық алшақтығына қарамастан, көлік-транзит байланысын дамыту үшін зор әлеуетке ие екеніне де назар аударды. Мем­лекет басшысы Ә.Ас-Сисидің Мысыр басшылығына күрделі ке­зеңде келгенін атап өтті. «Біз соңғы жылдардағы ішкі қақтығыстарға, қантөгістер мен революцияға қарамастан Мысыр халқының ұйыса білгені және жаңа Президентке сенім білдіргені үшін қуаныштымыз. Сіз таяуда Парламент қабыр­ғасында сөйлеген сөзіңізде жаңа мақсаттар мен міндеттер қой­дыңыз, олар бізге де түсінікті, жанымызға жақын. Мы­сыр – Таяу Шығыстағы ірі мем­лекеттің бірі, сондықтан біз әлемдік на­рықтағы қазіргі жағ­дайда эко­но­микалық ынтымақ­тас­тық жөнін­дегі сенімді үнқаты­суы­мызды жалғастырғымыз келеді», деді Нұрсұлтан Назарбаев. Ә.Ас-Сиси өз кезегінде Мысыр халқы мен ел басшылығы Астана мен Каир арасындағы екіжақты қарым-қатынастар деңгейін жоға­ры бағалайтынын айтты. «Біз еліміз үшін қиын ке­зеңде Қазақстанның көрсеткен қол­дауын бағалаймыз. Менің сапа­рымның мақсаты – елдеріміздің арасындағы тығыз байланысты барлық ба­ғыт­тар бойынша одан сайын нығайта түсу», деді Ә.Ас-Сиси. Екі ел Президенттері бұдан әрі кеңейтілген құрамдағы келіс­сөз­дерге қатысты. Онда тарап­тар сая­си, экономикалық және гумани­тар­лық салалардағы екі­жақты ынтымақтастық мәсе­лелерін, сон­дай-ақ, халық­аралық, өңірлік сипат­тағы өзара мүдделілік танытыла­тын мәселелерді қарады. Онда екі ел арасындағы бұл кездесулер мен уағдаластықтар Қазақстан мен Мысыр арасындағы қарым-қа­ты­настардың жаңа кезеңін бастауға және олардың сауда-экономикалық әрі инвестициялық ықпалдастығы аясын кеңейтуге тың серпін бере­тінін мәлімдеді. Сондай-ақ, өзекті өңірлік мәселелерді шешу үшін екіжақты кеңестер арқылы, сонымен бірге, халықаралық және өңірлік ұйымдар, атап айтқанда, БҰҰ, Ислам Ынтымақтастығы Ұйы­мы, Араб мемлекеттері лигасы, Азиядағы өзара іс-қимыл және се­нім шаралары кеңесі мен бас­қа да халықаралық құрылымдар шеңберінде диалог құру және күш-жігерді үйлестіру маңыздылығы айтылды. Қазақстан Президенті Қазақ дала­сының даңқты ұлы, ХІІІ ғасыр­дағы Мысыр мен Сирияның атақ­ты билеушісі Сұлтан Әз-Захир Бейбарыс – тарихи тамырлас­тығы­мыздың айғағы, ал Отырардан шық­қан әлемге әйгілі ғалым әрі фило­соф Әбу Насыр әл-Фараби екі ел­дің ортақ мақтанышы екенін атап өтті. «Кеңес уақытында көптеген қазақстандық мамандар Мы­сырда жұмыс істеді, ал біздің елде Мы­сыр студенттері оқыды. Осы дәс­түрді қайта жандандыру керек. Біз мемлекетаралық ын­тымақ­тас­тықтың барлық ба­ғыты бойын­ша өзара тиімді шараларды жүзе­ге асыруға әзірміз. Ең бастысы, Қа­зақстан Мысыр мен оның халқын жақын дос әрі бауыр санайды», деді Мемлекет басшысы. Нұрсұлтан Назарбаев рес­публикамыз Ә.Ас-Сисидің ел бас­шы­лығындағы қадамдарын қолдай­тынын білдірді. «Мысырдың тұрақты бола­шағын қамтамасыз ету, әлеуметтік ахуалды жақсарту жөнінде дұрыс әрі ауқымды шаралар қабылдап жатқаныңызға сенемін», деді Қазақстан Президенті. Ә.Ас-Сиси елімізге келуге ша­қыр­ғаны үшін Елбасына тағы бір алғыс айтып, мұның үлкен құр­мет екенін атап өтті. «Біз Қазақстанның халық­ара­лық аренадағы, соның ішін­де Мысыр халқын қолдауға бағыт­талған ұстанымын жоғары баға­лаймыз. Жеке өзімнің және хал­қы­мыздың атынан Тәуелсіздіктің 25 жылдығымен құттықтаймын, сон­­дай-ақ, әрдайым қолдау көрсе­туге дайынмын», деді Мысыр Пре­зи­денті. Жалпы алғанда, тараптар күн тәртібіндегі халықаралық өзек­ті мәселелерді жан-жақты тал­қылады. Екі ел ұстанымдарының ұқсастығын ескеріп, халықаралық терроризм мен діни экстремизмге қарсы бірлесіп күресуге, сондай-ақ, басқа да халықаралық проблемаларды шешуге уағдаласты. Қазақстан Республикасы өз кезегінде, Мысырдың Шанхай ынтымақтастық ұйымына диалог бойынша әріптес мәртебесін алуға қатысты өтініміне қолдау көрсетуге дайындығын білдірді. Бұл екі ел арасындағы көпжақты ын­ты­мақтастық шеңберін кеңей­туге мүмкіндік береді. Келіссөздер кезінде, сонымен қатар, қазақстандық тарап Азия­дағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесі негізінде Азиядағы қауіпсіздік пен даму ұйымын құру жөніндегі біздің елдің көзқарасын жеткізді. Мысырлықтар Қазақстан ұсынысын назарға алды. Мысыр Президенті сондай-ақ, Қазақстан Президентінің Әлемдік және дәс­түрлі діндер лидерлерінің съезін өткізу жөніндегі баста­масына қолдау білдірді. Форум­ның әлемдегі дінаралық және өр­ке­ниетаралық үнқатысуды нығай­тудағы маңызды фактор болып табылатынын атай отырып, осы үдеріске бұдан кейін де жо­ғары деңгейде белсенді қатыса­тындықтарын жеткізді. Мы­сыр­лықтар сонымен қатар, Қазақстан Президентінің штаб-пәтері Астана қаласында орналасқан Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымын құру туралы бастамасын жоғары бағалады. Мысыр Араб Республикасы Ас­танада өтетін ЭКСПО-2017 халық­аралық көрмесіне белсенді түрде қатысуға ниет білдірді. Көрме­нің ұраны ретінде таңдалған «Бола­шақтың энергиясы» тақырыбы Мы­сыр үшін баламалы энергия көз­дері ретінде аса өзекті болып та­бы­латынына және Мысыр Араб Рес­­пуб­ликасы Үкіметінің энергетика саласын дамыту стратегиясы­мен сабақтас екеніне назар аударылды. Келіссөздерден соң Мысыр Араб Республикасы Президенті Әбдел Фаттах Ас-Сисидің Қазақ­станға ресми сапары аясында мемлекеттер басшыларының бірлескен мәлімдемесі қабылданды. Сондай-ақ, бірқатар құжаттарға, атап айтқанда, Мысыр Араб Рес­пуб­ли­касының Астанадағы ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне қатысу шартына, Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымының жар­ғысына қол қойылды. Қол қою рәсімінен соң Қазақстан Прези­денті мен Мысыр Президенті келіс­сөздер қорытындысы бойынша бірлескен баспасөз мәслихатын өткізді Қазақстан Президенті өз ке­зе­гінде Ә.Ас-Сисидің ел Тәуелсіз­дігі­нің 25 жылдығы белесінде келуі­нің мәні зор екеніне назар аударды. «Мысыр біздің егемендігімізді араб елдерінің арасынан бірінші болып таныды. Бірінші болып Қазақстанда өз елшілігін ашты. Біз де араб мемлекеттеріндегі ал­ғаш­қы елшілігімізді Каирде аш­қан­быз. Мысыр – сан ғасыр бойы ғылым мен білім орталығы, өрке­ниеттер бесігі болған қасиетті жер. Азия, Африка және Еуропаны түйістірген Перғауындар елі – араб-мұсылман әлеміндегі жетекші мем­лекеттердің бірі. Кейінгі қиын­дық­тарға қарамастан, Сіз билік­ке келгелі жағдай тұрақтала баста­ғанын байқап отырмыз. Біз Мы­сыр елінің ішкі тұрақтылығы бе­рік, экономикасы қуатты мемлекет болуына тілектеспіз», деді Мемлекет басшысы. Нұрсұлтан Назарбаев екі ел ын­тымақтастығының маңыз­ды жайттары талқыланған келіссөздердің мазмұнды болғанын, өзекті халық­аралық және өңірлік мәселелерге қа­тысты пікір алмасылғанын айтты. «Қазақстан мен Мысырдың халықаралық ұйымдар аясындағы ықпалдастығын нығайтуға келіс­тік. Талқыланған барлық мәселе­лер бойынша өзара ортақ түсініс­тік­ке қол жеткіздік. Осының бәрі біз­дің көзқарасымыз бен ұстаным­дары­мыздың ұқсастығын көрсетеді», деді Қазақстан Президенті. Мемлекет басшысы соны­мен қатар, екіжақты іс-қимыл­дың бір­қатар бағыттары айқындал­ғанын айтты. Соның ішінде елдеріміздің кө­лік-транзит саласындағы әлеуе­тін бірлесіп пайдалану және дамы­тудың маңыздылығы атап өтілді. «Біз Каирдің Еуразиялық эко­номикалық одақпен Еркін сауда аймағын құруға талпынысын қол­даймыз. Қытайдың «Жібек жо­лы экономикалық белдеуінде» Қа­зақстан мен Мысырдың маңызы зор. Екі елдің әлеуеті осы бағытта тиімді жұмыс істеуге жаңа мүм­кін­діктер туғызады», деді Елбасы. Қазақстан Президенті сондай-ақ, ауыл шаруашылығы саласында ұзақ мерзімді серіктестік орнату қажеттігіне назар аударды. «Қазақстан – астық экспор­тын­дағы әлемдік көшбасшылардың бірі. Ал Мысыр – осы өнімді им­порт­тайтын ең ірі мемлекет. Қа­зақ­­стан 2006-2010 жылдары Мы­сыр­ға 1 миллион тоннадан ас­там астық жеткізді», деді Мемле­кет басшысы. Нұрсұлтан Назарбаев фарма­цев­тика саласындағы өзара іс-қимылды нығайтудың маңызды­лығына да тоқталды. Елімізде қазірдің өзінде Мысырдың 40-қа жуық дәрі-дәрмегі, 30 шақты медициналық бұйымдары тіркел­ген. Ал кездесуде Мысыр тарапына елімізде бірлескен дәрі-дәр­мек шығаратын кәсіпорын ашу ұсы­ныл­ғандығын да атап өтті. Мем­лекет басшысы сондай-ақ, бүгінде бірқатар инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жоспарланып отырғанын айтты. «Мысырлық іскерлер Каспий теңізі жағалауындағы курорттар құрылысына инвестиция құю және Алматы облысында құс фабрикасын салу мәселесін қарастыруда», деді Нұрсұлтан Назарбаев. Қазақстан Президенті ғарыш саласындағы ынтымақтастық ая­сын кеңейтудің маңызды еке­ніне назар аударды, өйткені Мы­сыр – өзінің ғарыш серігін ұшыр­ған алғашқы араб мемлекеті. Мы­сыр­дың «ИджиптСат» екінші жер серігі Байқоңырдан ұшырыл­ды. «Ал­дағы уақытта осы салада үкі­мет­аралық келісім жасау мәселесін қарас­тырамыз», деді Мемлекет басшысы. Нұрсұлтан Назарбаев елімізде төмен байытылған уран банкі құры­луына және Мысырда атом электр стансасын салу жоспары­на сәйкес, осы бағытта ынтымақ­тастық орнату жайы талқылана бастағанын айтты. Мемлекет бас­шысы сонымен қатар, екі ел де ис­ламофобияның таралуына, дініміз­дің терроризммен және жиһадпен байланыстырылуына қарсы күш-жігер жұмылдыруға ниетті екенін атап өтті. «Біз халықаралық терроризм мен экстремизмге, қылмыстың бас­қа да түрлеріне қарсы күрес­те тығыз ынтымақтастық орна­ту­ға әзірміз. Елдеріміз Әлем­дік және дәстүрлі діндер лидер­лері съе­зінің платформасын мұсылман мемлекеттерінің бірлі­гін сақтай­тын, дініміздің толе­рант­ты­лығы мен бейбітсүйгіштігін көрсе­тетін шара ретінде қолдануға уағда­ласты», деді Нұрсұлтан Назарбаев. Қазақстан Президенті ядролық қарусыздану және таратпаудың, ядролық қарудан ада аймақтар құрудың маңыздылығы жөнінде де пікір алмасылғанын айтты. Жүргізілген келіссөздердің Қа­зақ­стан-Мысыр қарым-қаты­настарының жаңа кезеңінің басы екеніне назар аударды. «Жоғары Мәртебелі Әбдел Фаттах Ас-Сисидің Астанаға ал­ғашқы ресми сапары ынтымақ­тастыққа тың серпін береді. Бүгін айқындалған өзара іс-қимыл бағыт­тары елдеріміз арасындағы байланысты одан әрі нығайтып, халықтарымыздың игілігін еселей түседі деп сенемін», деді Қазақстан Президенті. Ә.Ас-Сиси өз кезегінде екі ел­дің арасындағы қарым-қаты­настар қарқынды дамып келе жатқанын және болашақта, әсіресе, сауда-экономикалық салада зор перспективаларға ие екенін айтты. Мысыр Президенті Астана мен Каир берік саяси байланыстар арқылы ортақ мүдделерді табысты жүзеге асыратынына сенім білдірді. Сондай-ақ, Ә.Ас-Сиси өткен келіссөздерге жоғары баға берді және екі елдің сауда, туризм, ауыл шаруашылығы және білім беру саласында ынтымақтасуға мүдделі екенін атап өтті. «Екіжақты ынтымақтастықта терроризмге қарсы іс-қимыл мен діни саладағы өзара ықпалдастық айрықша орын алады. Бұл мәсе­лелерде біздің елдеріміз өзге әлемге жақсы үлгі болып табылады», деді Мысыр Президенті. Кездесу екі мемлекеттің бей­бітшілік пен келісімді нығай­туға бағытталған өңірлік және ха­лық­аралық саясат мәселелеріндегі ортақ ұстанымдарын көрсетті. Динара БІТІКОВА, «Егемен Қазақстан». Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.