• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
03 Наурыз, 2016

Елдестірмек – елшіден

358 рет
көрсетілді

Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қа­зақ­станда тіркелген шетелдік дипломатиялық миссиялар басшыларын қабылдады. Қабылдауға келгендердің алдында Мемлекет басшысы сөз сөйледі. Өзінің сөзінде Елбасы биылғы кездесу ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы белесінде және Қа­зақ­станның Біріккен Ұлттар Ұйы­мына мүшелікке қабылданған күні өтіп отырғанын айтты. Бұл кездесу, біріншіден, Қазақстан Тәуел­сіздігінің 25 жылдық мерей­тойы­ның қарсаңында болып отыр, екіншіден, 1992 жылдың 2 нау­рызы күні еліміз БҰҰ-ның мүше­сі болып қабылданған еді. Осынау тарихи қысқа мерзім елі­міз үшін ауқымды өзгерістер кезеңі­не айналғанына өздеріңіз куәсіз­дер. Тәуелсіздік жылдары Қа­зақ­станның ішкі жалпы өнімі 21 есеге өсті. Индустриялық бағдарлама аясында өңдеуші өнеркәсіптің 28 жаңа секторы құрылды, 900-ден астам индустриялық мекеме іске қосылды. Бүгінде жаһандық дағдарыс біздің өңірге теріс әсерін тигізіп отыр. Осындай күрделі сыртқы ахуал жағдайында тұрақтылық пен орнықты шешімді сақтау аса маңызды, деді Елбасы. Бұдан кейінгі кезекте Нұрсұлтан Назарбаев Парламент ұсы­нысымен өткелі отырған сай­лау ұлтты ұйыстырып, елді дамы­туға, жаңа белеске шығаруға ықпал ететініне сенімді екенін білдірді. Жүзеге асырылып жатқан 5 инсти­туттық реформа, «100 нақты қадам» – Ұлт Жоспары жаңа орта қалып­тастырады. Біз 2016-2018 жыл­дарға арналған дағдарысқа қарсы іс-қимыл жоспарын іске асыруға кірістік. Тұрғын үй салу­ға және инфрақұрылымға, шағын және орта бизнесті дамы­туға, жаңа жұмыс орындарын ашуға қаражат бөлінді. «Нұрлы Жол» инфрақұрылымдық даму бағ­дар­ламасы халықтың экономикалық белсенділігін арттыруға ықпал етеді. Бұл бағдарлама бойынша 2018 жылы елімізде 9 мың шақы­рымға жуық жол салынып, барлық негізгі жолдар жаңарып, болашаққа қызмет істейтін болады. Бұл да біз үшін үлкен тарихи мәселе. Сондықтан, экономикаға зор ықпалын тигізеді деп сенемін. Сонымен қатар, Каспий теңізіндегі жаңа теңіз порттары бізге Парсы шығанағына, Қара теңізге шығуға мүм­кіндік береді. Ол порттардың құры­лысы негізінен биылғы жылы аяқталатын болады, деді Пре­зидент. Елбасы Астанада «Болашақтың энергиясы» тақырыбымен өтетін ЭКСПО-2017 халықаралық көр­месі баламалы энергияның жаңа технологиялармен иннова­ция­лық тұрғыда дамуына қуатты серпін беретінін атап көрсетті. Біз тәуелсіз заңгерлік жүйесі мен жеңіл­детілген салық режімі бар Астана халықаралық қаржы орталы­ғын құруға кірістік. Қазақстан­дағы инвесторлар жан-жақты мем­лекеттік қолдауға ие болады. Инвес­торларға 1 қаңтардан бері барлық мемлекеттік қызмет «бір тере­зе» қағидаты арқылы көрсетіледі. Олар үшін 10 жылдық салық­сыз кезең және басқа да жеңілдік­тер берілетін болады. Үкіметте инвестиция тарту жөнінде арнайы кеңес құрылған. Қазақстан соңғы жылдары Дүниежүзілік экономикалық форумда бәсекеге қабілеттілік рейтингінде 31 сатыға жоғарылап, 42-ші орынға шықты. Бизнесті жүргізу бойынша 2016 жылдың рейтингінде біз 189 елдің арасында 41-ші орынды иелендік. Мұны тәуелсіздік жылдарының үздік көрсеткіштері деп санаймыз. Сіздерді өзара тиімді ынтымақтастық мүмкіндіктерін кеңінен пайдалануға шақырамын. Елдеріңіздегі іскер компанияларды Қазақстандағы индустрияландыру, жекешелендіру бағ­дар­ламаларына, инфра­құрылымдық нысандар құрылысына тартуға шақырамын. Сіздер соған септігін тигізеді деп сенемін. Қазақстан нарығының өсу әлеуетін ескере отырып, қазір біздің нарыққа енетін компаниялар болашақта басымдыққа ие болатынын атап өткім келеді, деді Мемлекет басшысы. Нұрсұлтан Назарбаев елімізде орнықты өсімді қамтамасыз ету жөнінде қабылданып жатқан ша­раларға егжей-тегжейлі тоқтал­ды, сондай-ақ, қазіргі әлемде қауіпсіздікті ілгерілету және біркел­кі даму мәселелерін де қозға­ды. Сондай-ақ, КСРО ыдырап, қос­полярлы әлемдік құрылым күйре­гелі 25 жыл өткенін еске салды. Өкінішке қарай, жаңа жаһан­дық әлемдік құрылым қалыптас­тырудың бірегей тарихи мүмкіндігі пайдаланылмады. Әлем қауіпсіз, тұрақты немесе әділетті сипатқа ие бола қойған жоқ. XXI ғасыр экономикалық, экологиялық, геосаяси, ресурстық, энергетикалық тұр­ғыдағы көптеген қатерлер әкелді. Оларды еңсеру үшін плане­таның дамуы жолындағы сапалы терең өзгерістер қажет, деді Нұрсұлтан Назарбаев. Мемлекет басшысы осыған байланысты адамдарды, экономи­калар мен елдерді бір-біріне қарсы қоятын жаһандық бәсекелестік парадигмасын қайта саралаудың маңыздылығын айтты. БҰҰ Бас Ассамблеясының 70-сессиясында мен Жаһандық Стратегиялық Бастама – 2045 Жоспарын әзірлеу бастамасын ұсындым. Оны кезең-кезеңімен жүзеге асыру және БҰҰ-ның 100 жылдық мерейтойына қарай нақты нәтижеге ай­нал­дыру ұсынылады. Біздің жоспары­мыздың мақсаты – қақтығыстар себебін жою және барлық ұлт­тардың инфрақұрылымға, ресурстар мен нарықтарға бірдей қолжетімділігі негізінде дамуға жаңа тренд (сипат) дарыту, деді Қазақстан Президенті. Нұрсұлтан Назарбаев халық­аралық қауіпсіздіктің тиімді жаңа жүйесі қажеттігін алға тартты. БҰҰ және Қауіпсіздік Кеңесінің қақ­тығыстарды реттеудегі рөлін арттыру қажет. БҰҰ Жарғысын халық­аралық құқықтың түпкі негіз­дерін сақтай отырып жаңғыр­ту қажеттілігі пісіп-жетілді. Елдер­дің құқықтық нормалар мен халық­аралық міндеттемелерін сақтауы қазіргі заманғы әлемдік құры­лым­ның маңызды мәселесіне айнал­ды. Қазақстан 2016 жылы халық­аралық құқық қағидаттарын растауға және сенімді қалпына кел­тіруге бағытталған жоғары дең­гейдегі БҰҰ Халықаралық конференциясын шақыруды ұсынады, деді Мемлекет басшысы. Қазақстан Президенті жер бе­тін­дегі ядролық арсеналдың жиын­тық қуаты Хиросима мен Нага­сакиге тасталған бомбалардан 113 мың есе артық екеніне ерекше назар аударды. Сол себепті, деді осы орайда Нұрсұлтан Әбішұлы, мен яд­ролық қарусыздануды ХХІ ға­сырдағы басты мақсат етуді ұсындым. Бізді БҰҰ Бас Ассам­б­леясы қолдағанына, оның біз әзір­леген Ядролық қарудан азат әлем құру туралы жалпыға ортақ декларацияны үш ай бұрын бекіткеніне қуаныштымын. Мемлекет басшысы келесі ке­зекте Қазақстанның таратпау режі­мін нығайту ісіне жүйелі үлес қосып келе жатқанын атап өтті. Мәселен, 2015 жылы тамызда Астанада Төмен байытылған уран банкін елімізде орналастыру жөнінде МАГАТЭ-мен арадағы келісімге қол қойылуы маңызды қадам болғаны айтылды. Біз Иранның ядролық бағдарламасы бойынша халықаралық келіссөздер үдерісін әрдайым қолдадық және оған іс жүзінде үлес қостық. Алматыда өткен келіссөздердің екі раунды Иран ядролық бағдарламасы бойынша іс-қимылдың жалпыны қамтитын бірлескен жоспарына негіз болды. «Алтылық» тобы мен Иранның өтініші бойынша біз осы жоспардың имплементациясына атсалыстық. «Алтылық» тобы, Иран, МАГАТЭ және БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тиісті құрылымдарымен жұмысты үйлестіре отырып, Қазақстан 2015 жылғы 27 желтоқсанда Иранға осы елден төмен байытылған уранды әкетудің өтемі ретінде 60 тонна уран жеткізді. Бұл таратпау режімін нығайтуды, мемлекеттердің бей­біт атомды дамытуға деген заңды құқықтарын жүзеге асыру­ды және ядролық отынға кемсіту­шіліксіз қолжетімділікті қамтама­сыз ететініне сенімдіміз, деді Қазақ­стан Президенті. Нұрсұлтан Назарбаев биыл әлем Семей ядролық полигоны жа­былуының 25 жылдығын, Орта­лық Азиядағы ядролық қарудан азат аймақ туралы шарттың 10 жыл­дығын, сондай-ақ, Ядролық сынақ­тарға жалпыға бірдей тыйым сала­тын шарттың 20 жылдығын атап өтетінін еске салды. Осы тарихи даталар – ядросыз әлемді ілгерілетудегі күш-жігерді біріктіру үшін маңызды себеп. Ядролық мемлекеттер бұл бағытта ең алдымен өздері үлгі көрсетулері керек. Әйтпесе, ядролық мәртебе алуға ұмтылған өзге елдерді шектеуден ештеңе өнбейді. Егер әлем осылай дами беретін болса, бұған жаңа ниеттенген мемлекет те ядролық қаруға ие болғысы келеді, деді Мемлекет басшысы. Қазақстан Президенті бүгінде Таяу Шығыста шын мәнінде бүкіл әлемнің тағдыры шешіліп жат­қанына назар аудара келе: «Си­риядағы қақтығыстардың теріс салдарлары өңірден сыртқа тарауда. Қоныс аударушылар мен босқындардың мұнша көп легі Екінші дүниежүзілік соғыстан бері болған емес. Халықаралық қоғам­дастықтың «Ислам мемлекетіне» қарсы күрестегі іс-қимылының әркелкілігі, жүйесіздігі террор­шыларға қолайлы болып отыр. Сон­дықтан мен БҰҰ аясында халық­аралық терроризм мен экстремизм­ге қарсы іс-қимылдың бірың­ғай жаһандық желісін құруды ұсындым. Біз Ресей мен АҚШ-тың Сирияда атысты тоқтату ту­ралы уағдаластыққа қол жеткіз­генін құптаймыз. Барлық тарапты жасалған уағдаластықты толық орын­дауға шақырамыз. Бұл ұзақ мерзім­ді саяси реттеу үшін қажетті жағ­дайды қамтамасыз етуге септі­гін тигізетініне сенімдіміз», – деді. Мемлекет басшысы тер­роризмді бейбітсүйгіш исламмен және басқа да діндермен шатас­тыруға жол беруге болмайтынын тағы да атап айтты. Біздің бастамамыз бойынша биылғы мамыр айында БҰҰ Бас Ассамблеясының сессиясында «Дін бейбітшілік үшін» тақырыбымен Жоғары деңгейдегі үнқатысу өткізілетін болады. Терроризм мен экстремизмге және осы бір жаһандық зұлымдықты көлегейлеу үшін дінді пайдалануға қарсы бірауыздан қарсы шығу үшін барлық елдерді осы форумға қатысуға шақырамын, деді Қазақстан Президенті. Нұрсұлтан Назарбаев жаһан­дық экономикалық дағдарыс сал­дарынан әлемде әлеуметтік-эконо­микалық сілкіністер жалғасып жатқанын айтты. Бірақ дағдарыс жаңа дамуға да қолайлы мүмкіндік береді. Біз әлемдік экономикалық дамудың қисынды, тиімді және теңгерімді үлгісінің негізін қалау үшін тарихи мүмкіндікті пайдалануға тиіспіз. Сондықтан мен Біріккен Еуразиялық эконо­микалық кеңістік құруды ұсындым, деді Мемлекет басшысы. Қазақстан Президенті, сондай-ақ, Еуразияның бүгінде әлемдік саясаттағы негізгі геосаяси және геоэкономикалық фактор екенін айтты. Мұнда барлық елдің – Қытай мен Ресейден, АҚШ және Еуро­одақтан Үндістан, Иран және Түркияға дейінгі жаһандық ойын­шылардың мүдделері түйіседі. Геосаяси ойындар, өзара эконо­микалық санкциялар мен «қырғи-қабақ соғыстың» ескірген белгілері мәңгілік артта қалуы тиіс. Бейбіт, орнықты, өркендеген және эконо­микалық қуатты Еуразияны қалып­тастыру жаһандық өсімге күш­ті мультипликативті әсер береді және баршаға тиімді болады. Бар­лық мемлекеттің күш-жігерін экономика, сауда және инвестиция салаларында екіжақты, өңірлік, өңіраралық және жаһандық деңгейдегі ынтымақтастықты дамыту ісіне жұмылдыруға шақырамын. Осы идеяны биыл мамырда өтетін 9-шы Астана экономикалық форумында кеңінен талқылауды ұсынамын. Аталған шараға елдеріңіз жоғары деңгейде белсене қатысады деп сенемін, деді Нұрсұлтан Назарбаев. Мемлекет басшысы 2000 жылдан бері табиғи апаттардың саны күрт өскеніне, олардың жиынтық зияны жүздеген миллиард доллардан асқанына назар аударды. Мұндай жағдайда айналадағы ортаны қорғау өркениеттің орнықты дамуының міндетті шарты болып көрінеді. Астанада өтетін «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің тақырыбы «Болашақ­тың энергиясы» деп аталады. Бұл – БҰҰ-ның «Орнықты энергети­ка – баршаға» бастамасын жүзеге асыру ісіне Қазақстанның қосқан үлесі. Өздеріңіз өкілдік ететін елдер­ді жә­не ха­лық­аралық ұйымдар­ды көр­­мені өткізу ісіне қатысу­ға ша­қы­ра­мын, деді Қазақстан Пре­зиденті. Нұрсұлтан Назарбаев, сондай-ақ, былтырғы жыл Қазақстанның белсенді сыртқы экономикалық қызметімен айшықталғанын да атап өтті. Менің шетелдерге сапарларым барысында жалпы құны 60 миллиард доллар болатын 275 экономикалық келісімге қол қойылды. «Үлкен жиырмалыққа» мүше елдердің басым көпшілігімен және өзге де мемлекеттердің көш­бас­шыларымен кездесулер өтті. Олар біздің елмен көпқырлы ын­тымақ­тастықты нығайтуға мүдделі екендіктерін растады. Сіздер­дің Қазақстанның Сыртқы істер ми­нистрлігімен бірлескен жұ­мыс­тарыңызды жоғары деңгейде қол жет­­кізілген уағдаластықтарды жүзеге асыруға бағыттауға шақы­ра­мын, деді Мемлекет басшысы. Қазақстан Президенті 2016 жылы біздің ел көпвекторлы, сындарлы сыртқы саясатын, әлемдік экономикалық кеңістікке кірігудегі магистралды бағытты жүзеге асыруды жалғастыратынын атап өтті. Еуразиялық экономикалық одақтың интеграциялық әлеуеті және Қытаймен бірге «Ұлы Жібек жолы экономикалық белдеуі» жобасын жүзеге асыру Қазақстанның маңызды іскерлік серіктес, Еу­ра­зиядағы хаб ретіндегі орнын нығайта түседі. Біз Шанхай ынтымақтастық ұйымын дамыту ісіне белсене қатысатын боламыз. Қазақстан Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесті Азиядағы қауіпсіздік және даму ұйымына айналдыру үшін күш-жігер жұмсауын жалғастыра береді. Сіздер өкілдік етіп отырған елдердің қолдауынан үміттіміз, деді Нұрсұлтан Назарбаев. Мемлекет басшысы транзиттік аумақ ретіндегі біздің елдің рөлі қазірдің өзінде көрініп тұрғанын айтты. Мәселен, Қытай – Қазақстан – Еуропа бағытымен жүріп өткен контейнерлер саны 2015 жылы 2013 жылмен салыстырғанда 6 мыңнан 48 мыңға дейін артыпты. Ал Елбасының айтуынша, 2016 жылы ол 95 мың контейнерге жетеді екен. Егер 2013 жылы бұл бағыт бойынша 77 пойыз өткен болса, 2016 жылы оның саны 1100-ге жетеді деп жобаланып отырған көрінеді. Нұрсұлтан Назарбаев біз­дің еліміз үшін күмәнсіз басым­дық ретінде Орталық Азия мем­лекет­терімен ынтымақтастықты атады. Біз тағы да бұл елдерді суды пайдалану, сауда, қауіпсіздікті қамтамасыз ету сияқты өңірдің аса өзекті мәселелерін шешу үшін бірігуге шақырамыз. Олармен өзара іс-қимыл үшін Еуразиялық экономикалық одақ пен «Ұлы Жібек жолы экономикалық бел­деуін» ұштастыру, сондай-ақ, Қазақ­станның «Нұрлы Жол» инфра­құ­рылымдық бағдарламасын жүзеге асыру жаңа мүмкіндіктер туды­рады, деді Мемлекет басшысы. Қазақстан Президенті респуб­ликамыздың бұдан екі ай бұрын ірі инвестициялық және сауда серіктесі – Еуропалық одақпен кеңей­тілген серіктестік туралы келі­сімге қол қойғанын атап өтті. Бұл – тауар айналымын ұлғай­тып, Еуропа елдерінен инвестиция тарту жолындағы маңызды қадам, деді осы орайда Нұрсұлтан Назарбаев. Мемлекет басшысы АҚШ-тың Қазақстан экономикасына инвестиция салып отырған ірі шетелдік инвестордың бірі екенін, біздің ел бұл ынтымақтастықтың аясын кеңейту ниетінде екенін атап өтті. Нұрсұлтан Назарбаев, сонымен қатар, Орта және Таяу Шығыс мемлекеттерімен тарихи және рухани жақын байланысы бар Қазақстанның олармен және жалпы ислам әлемімен өзара қарым-қатынасты тереңдете түсуге ниетті екеніне назар аударды. Бұдан бөлек, Қазақстан Пре­зиденті айтқандай, еліміз Иранмен ауқымды сауда-экономикалық ынты­мақ­тастықты барынша дамыту­ға мүдделі. Мемлекет басшысы Қазақстан Ауғанстанның экономикалық және әлеуметтік дамуына еліміздің мүмкіндігі аясында көмектесуді жалғастыра беретінін айта келе, еліміз Азия және Тынық мұхит өңірі елдерімен және өңірлік құрылымдармен экономикалық, инвестициялық және техноло­гиялық ынтымақтастықты жандан­дыруға ниетті екеніне назар аударды. Сондай-ақ, жиында Африка құрлығы, Латын Америкасы мен Кариб теңізі алабы елдерімен қарым-қатынас жүйелі дамып келе­тіні де айтылды. Қазақстан Президенті өткен жылы Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымына толық құқылы мүше болғанын еске салып, бұл сыртқы сауда географиясын кеңейтуге мүмкіндік беретінін, инвестициялық әлеуетімізді арттыра түсетінін айтты. Сондай-ақ, маусым айының соңында Нью-Йоркте өтетін дауыс беру кезінде дипломаттар өздері өкілдік етіп отырған мемлекеттер тарапынан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне 2017-2018 жылдар кезеңіндегі Қазақстанның кандидатурасын қолдайды деп сенетінін білдірді. Сөзінің соңында Нұрсұлтан Назарбаев елшілер мен дипло­мат­тарға, дипломатиялық миссиялар басшыларына елдер арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға қосқан үлестері үшін алғыс айтып, жұмыстарына табыс тіледі. Іс-шара барысында дип­ло­матиялық корпус дуайені, Ресей Федерациясының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі М.Бочарников сөз сөйледі. Ре­сей дипломаты өткен жылдың Қа­зақстан үшін Конституция мен ҚХА-ның 20 жылдығы, Қазақ хандығының 550 жылдығы, экономиканы жаңғырту жөніндегі ауқымды реформалардың бас­талуы, сондай-ақ, бүкіл әлемге Қазақстан халқының бірлігі мен тұтастығын көрсеткен Президенттік сайлау сияқты тарихи оқиғалармен айшықталғанын атап өтті. М.Бочарниковтің айтуынша, аталған кезеңде Қазақстан сыртқы саясатта елеулі табыстарға қол жеткізді. Бұл, ең алдымен, Қазақстанның ДСҰ-ға кіруі, ЕАЭО-ға төрағалық етіп, ұйымның сыртқы серіктестерімен байланысын нығайтуы, интеграциялық бірлестік жұмысын «Ұлы Жібек жолы экономикалық белдеуімен» ұластыруы. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан». Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.