Еліміздің сот жүйесін түбегейлі жаңғырту жолында жүргізіліп жатқан жаңа реформаларға байланысты Жоғарғы Сот жанындағы соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің басшысы Ілияс ИСПАНОВҚА жолығып, осы орайда атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде айтып беруін сұраған едік.
– Елбасы жариялаған «100 нақты қадам» – Ұлт Жоспарының «Заң үстемдігін қамтамасыз ету» атты екінші бағытында жалпы 19 қадам көзделсе, соның 11-ін іске асыруға Жоғарғы Сот жауапты екен. Осыған байланысты Жоғарғы Сотта қандай жұмыстар атқарылмақ?
– Иә, Мемлекет басшысы жариялаған «100 нақты қадам» – Ұлт Жоспарының «Заң үстемдігін қамтамасыз ету» атты екінші бағытында жалпы 19 қадам көзделсе, соның 11-ін іске асыруға Жоғарғы Сот жауапты болып табылатыны рас. Олардың қатарында: сот сатыларын оңтайландыру, судьялық лауазымға кандидаттарды іріктеу жүйесін және біліктілік талаптарын қатаңдату, оқу мен сот тәжірибесі арасындағы өзара байланысты күшейту, Жоғарғы Сот жанындағы Сот жюриінің жұмысын жаңғырту; барлық сот процестеріне аудио- бейнетіркеу жүйесін енгізу; алқабилер соты қолданылатын салаларды кеңейту; тергеу судьясының құзыретін арттыру; Жоғарғы Сотта ірі инвесторлардың қатысуымен болатын дауларды қарайтын сот алқасын құру; Астана қаласында Халықаралық арбитраж орталығын құру; Жоғарғы Сот жанынан Халықаралық кеңес құру және соттарға прокурордың қатысуын қысқарту секілді тапсырмалар бар.
Бүгінде осы реформалар заңнамалық тұрғыдан толық іске асты. 2016 жылдың қаңтарынан бастап сот жүйесіндегі реформалардың практикалық кезеңі басталды. Жаңа жылдан бастап еліміз бес сатылы сот жүйесінен үш деңгейлі жүйеге көшті. Бірінші сатыдағы барлық істер – аудандық соттарда, апелляциялық істер – облыстық соттарда, ал кассациялық тәртіптегі істер Жоғарғы Сотта қаралады. Жаңа өзгеріске сәйкес, бірінші және апелляциялық сатыдағы соттардың рөлі күшейеді. Бұл – бүгінгі заман талабынан туындаған дұрыс шешім. Өйткені, мұндай өзгеріс сот процестерінің ұзақ созылып кетуінің алдын алады. Басты мақсат – сот сатыларын мейлінше азайту арқылы азаматтарды әуре-сарсаңға салмай, сот шешімінің дер кезінде күшіне еніп, әділдіктің орнауын қамтамасыз ету.
– Мемлекет басшысы өткен жылы «Нұр Отан» партиясының съезінде қазіргі сот жүйесінің әлсіз буыны ретінде судьяларды іріктеу, судьяларға қойылатын біліктілік талаптарының тиімсіздігін атап өткен болатын. Елбасының осы сынынан қорытынды шығарылды ма?
– Әрине, Елбасының осы сыны сот жүйесіндегі кадрлық мәселелерді қайта қарап, бірқатар түбегейлі реформалар жүргізуге түрткі болды. Шын мәнінде, судьялардың біліктілігіне қойылатын талаптарды күшейту – заман талабынан туындаған мәселе. Конституцияға сәйкес, судьялар республика атынан шешім қабылдайтын сот билігінің лауазымды тұлғалары болғандықтан, оларға қойылатын біліктілік талаптарының жоғары болуы да заңдылық.
Мәселен, Ұлт Жоспарының 17-қадамын іске асыру мақсатында жаңа редакциядағы «Жоғары Сот Кеңесі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңы, «Қазақстан Республикасының сот жүйесі және судьялардың мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң қабылданып, соларға сәйкес судья лауазымына үміткерлерге қойылатын біліктілік талаптары мен іріктеу тетіктері қатаңдатылды.
– Енді Мемлекет басшысы судьялыққа кандидаттың тағылымдамадан өтуі туралы ережені бекітті. Осы ереженің негізгі қағидалары туралы айтып өтсеңіз.
– Тағылымдамадан өтудің жаңа жүйесі судьялыққа кандидаттардың судьялық лауазымға даярлық деңгейін арттыруға бағытталған. Жасы, білімі, жұмыс өтілі, моральдық-адамгершілік қасиеттері мен денсаулық жағдайы бойынша «Қазақстан Республикасының сот жүйесі және судьялардың мәртебесі туралы» Конституциялық заңда көзделген талаптарға сәйкес келетін азаматтар тағылымдамадан өтуге жіберіледі. Тағылымдамашы-кандидаттың тағылымдамадан өтуі негізгі жұмыс орнынан босатыла отырып, тұрақты негізде жүзеге асырылуы ереженің негізгі жаңашылдығы болып табылады. Осы аралықта тағылымдамашы-кандидатқа еңбек заңнамасында белгіленген тәртіпте жалақысы сақталмайтын демалыс беріледі. Бұған қоса, тағылымдамадан өту кезеңінде кандидатқа 1 жылға дейінгі еңбек өтілі бар аудандық және оған теңестірілген сот судьясы лауазымдық айлықақысының 70 пайызы мөлшерінде жалақының белгіленген сомасы төленеді.
– Тағылымдама жеке жоспар бойынша жүргізіледі дейміз, осыған кеңірек тоқталып өтсеңіз.
– Тағылымдама барысында судьялық лауазымға кандидат тағылымдамаға жауапты судьяның қызметін қамтамасыз етуге бағытталған судьяның көмекшісі-консультанты қызметін атқарады. Тағылымдамашы істі сот талқылауына дайындау бойынша әрекеттерді жүзеге асыру, процессуалдық құжаттардың жобасын әзірлеу, іс жүргізу заңнамасында көзделген әрекеттерді орындау жөнінде судьяға ұсыныстар енгізу, өтініштерге және судьяның қарауында жатқан істер бойынша түскен сұрау хаттарға жауап әзірлеу, сондай-ақ, тағылымдамадан өтумен байланысты міндеттерден туындайтын басқа да функцияларды орындайды.
Бір сөзбен айтқанда, тағылымдамашы сот құжаттарына қол қою құқығынсыз судьяның міндеттерін атқарады. Бұл тағылымдамашыға болашақ жұмысы бойынша қабілет-қарымын жетілдіруге мүмкіндік береді. Тағылымдамашы-кандидат тағылымдама жоспары мен тағылымдама жетекшісінің тапсырмаларын орындағандығы туралы жазбаша есепті әрбір тоқсан сайын ұсынатын болады. Тағылымдамашы бір жылдық тағылымдаманың он бір айын – аудандық сотта, қалған бір айын облыстық сотта өтуі тиіс. Тағылымдамашы-кандидат ұзақтығы екі айдан артық еңбекке жарамсыз болған жағдайда облыстық соттың төрағасы тағылымдаманы тоқтатады.
Айта кетер маңызды мәселе, бұрын кемінде бес жыл тұрақты судья болып жұмыс істеген және жұмыстан босатылған күннен бастап төрт жылдың ішінде қайтадан судья лауазымына орналасуға ниет білдірген адамдардың, сондай-ақ, мамандандырылған магистратураны бітірген адамдардың оқуды аяқтаған күннен бастап төрт жыл ішінде тағылымдамадан өтуі талап етілмейді. Бұл талаптардың барлығы, түптеп келгенде, судья лауазымына кез келген адам өтіп кетпей, судьялар корпусына сот ісін жүргізуде нақты тәжірибесі бар, болашақ мамандығының жауапкершілігін сезініп, түйсінген, өз тағдырын әділет жолына арнаған мамандардың келуіне септігін тигізеді деп сенеміз.
– Ал сонда тағылымдамадан өтуде кімдерге басымдық беріледі?
– Әрбір өңірдегі тағылымдамадан өту квотасы жыл сайын өңірлердегі судьялардың болжалды бос орындарының негізінде Жоғарғы Сот Төрағасы тарапынан бөлінеді. Осы ретте әрбір облысқа кемінде үш орыннан беріледі. Елбасы бекіткен Ережеге сәйкес, кандидаттарды іріктеу рәсімі күшейтілді. Әрбір облыстық сотта тағылымдамадан өтетін тұлғаларды іріктейтін комиссия құрылып, олар әрбір кандидаттың тағылымдамашыға қоятын талаптарға сәйкестігін тексеретін болады. Осы ретте сот ісін жүргізу саласында жұмыс өтілі көп, судья лауазымына біліктілік емтиханын тапсыруда жоғары көрсеткіш көрсеткен, ғылыми дәрежесі немесе атағы бар адамдарға басымдық беріледі. Тіпті, іріктеу кезінде кандидаттың жоғары білімі туралы дипломындағы орташа бағасының өзі айтарлықтай рөл атқаратын болады. Комиссия үміткерлердің іскерлік және моральдық қасиеттерін сипаттайтын деректерді де назардан тыс қалдырмайды. Осылайша, тағылымдамаға жіберу мәселесін шешу сатысының өзінде-ақ конкурс өткізілетін болады. Бұл сот жүйесіне адамдарды іріктеуде меритократия қағидатының қолданылатындығын көрсетеді.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Александр ТАСБОЛАТОВ,
«Егемен Қазақстан».