Елбасымен біргеміз!
Қазақстандықтар Н.Назарбаевтың президенттік өкілеттігін ұзартуды қолдайды
Ел қалауы – елбасы өкілеттігін ұзарту
Референдум өткізу жөніндегі бастамашы топ жетекшісі, Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің ректоры Ерлан Сыдықовпен әңгіме – Ерлан Бәтташұлы, қазірде бүкіл республика көлемінде бастамашы топтар құрылып, Елбасы өкілеттігін жалпыхалықтық референдум жолымен 2020 жылға дейін ұзарту мақсатымен қол жинау жұмысы өз мәресіне келіп жетті. Айтпақшы, бұл бастаманың өзі ең алдымен Шығыстан басталды емес пе? – Иә, дұрыс айтасыз. Бірақ, мұндай бастама байтақ Қазақстанның қай түкпірінен шықса да таңырқап, таңданудың реті жоқ. Өйткені, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевты бүгінде барша қазақстандықтар Ұлт Көшбасшысы ретінде танып, мойындап отыр. Бұл ендігі жерде дәлелдеуді керек етпейтін шындық. Солай дей отырып, осы игілікті бастама неге алдымен еліміздің шығысынан басталды деген сұраққа жауап берелік. Егерде ата тарихымызға үңілсек, түркі халқының ата жұрты болып табылатын қазақ елі үшін Алтай тауының орны мен жөні бөлек. Атақты Білге қаған да Алтайдай ата қонысын, әсіресе мызғымас ел бірлігін дәріптей келіп, «Түркі халқы үшін түнде ұйықтамадым, күндіз отырмадым. Жалаңаш халықты киімді, жарлы халықты бай қылдым, аз халықты көп қылдым» демей ме? Ал енді кешегі Алаш арыстары ше? Алғаш қазақ автономиясын құру мәселесі осы шығыста көтеріліп, Алашорда үкіметі Семейде қызмет атқарды емес пе? Бір сөзбен айтқанда, Елбасымыздың президенттік өкілеттігін 2020 жылға дейін ұзарту туралы мәселенің алдымен шығыстан басталуында осындай өзіндік бір тарихи заңдылық бар сияқты. Бұл – бір. Екіншіден, өткендегі тарихымызға тағы да зер салалық. Жұмыр жердегі үлесін ат тұяғына байлаған түркі бабамыздан мұра болып қалған сайын қазақ сахарасының біраз бөлігі жат қолында кеткенін кеш білдік. Ата тарихымызды тасқа таңбалаған Күлтегін мен Тоныкөк бабаларымыздың ескерткіштері де моңғол жерінде жел өтінде мүжілуде. Егер Елбасы өзі көтеріп, бастамашы болмаса осы тарихи жәдігерлеріміздің көшірмесі Астанадағы Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне әкеп қойылмас та еді. Елбасымыздың бұл талабы өскелең жас ұрпақ ата тарихын біліп жүрсін деген игі тілектен туындаса керек. Әріге бармай-ақ кешегі тәуелсіздік алған жылдарды еске түсірейікші. Қираған экономиканы қайта қалпына келтіріп, ыдыраған саяси жүйені жаңадан құрып орнықтыру дегенің жеке өз алдына, ең бастысы, бұл қазақ жерінің бірыңғай тұтастығын, яғни Қазақстан мемлекеттілігінің түп негізін сақтап қалудың тағы бір таразыға тартылған сәті еді. Мысалға, қазіргі облыс орталығы Өскемендегі сонау тоқсаныншы жылдардағы экономикалық қиындықтан туындаған әлеуметтік қиыншылықтарды қайтіп ұмытарсың! Кейбіреулер осы «әрі-сәрі» көңіл күйді пайдаланып, Өскеменді бөліп алмаққа ұмтылғаны да шындық. Міне, осындай сын сағатта еліміздің бірлігі мен жеріміздің тұтастығы Нұрсұлтан Әбішұлының сарабдал саясатының арқасында сақталып қалды. Біреуге білектің күшімен, екіншілерге қантөгіспен келіп жатқан тәуелсіздік қазаққа Елбасының сарабдал саясатының арқасында бейбіт жолмен келді. Бірақ, тәуелсіздіктің бұл жолы бейбіт болғанмен, құны аса қымбат болды. Ел тозып, жер күйзеліп, ұлттық сана жоғала жаздап барып жеттік бұл күнге. Алыптарды дүниеге әкелген Семей өңіріне, мамыражай тірлік кешіп, бейқам отырған қамкөңіл қалың қазақтың ортасында атом қаруы сына болып қағылды. Ал осы қырық жылғы қырғынға тосқауыл қойған да еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев болатын. Сөз басында айтқандай, Елбасы өкілеттігі еліміздің қай жерінде көтерілсе де орынды дей отырып, еліміздің шығысындағы бұрын-соңғы тарихи жайттардың да біздің бастамашы топқа қозғау салғанын айтпасқа болмайды. – Бастамашы топ қалай құрылғанын айтып жатырсыз, ал оған жетекшілік етуде таңдау неліктен сізге түсті? Бастамашы топ құрамы туралы айта кетсеңіз? – Ай жүзді ақ балтасымен жауын қашырып, азулы ақ өлеңімен ел бірлігін толғауына қосқан Ақтамберді жырау, аталы елдің баласы, баталы сөздің бағбаны Ақтайлақ би, заманым деп зар қаққан Дулат ақын, адамзат ойының алыбы саналған, ел болудың қамын ойлаған хакім Абай, ірі ойшыл Шәкәрім, суреткер Әуезовтер – шырайлы шығыстың перзенттері. Еліміздің Тұңғыш Президентіне ақ батасын берген де осы елдің данагөй абыз ақсақалы Шәкір Әбенов болатын. Мәселе таңдау кімге түскенінде емес, мәселе осындай игі бастаманың ұлылар елінде көтерілгенінде дер едім. Болмаса бастамашы топ құрамындағы жеті адамның қай-қайсысы болсын, топ төрағасы болуға лайық жандар. Осы орайда, олардың түрлі ұлт өкілдері, түрлі мамандық иелері екендігін айта кетсем деймін. – Ал сол ортақ мақсат түйіні неде деп білесіз? – Иә, қазір ежелден аңсаған егемендігіне қол жеткізген қазақ елі даму мен қарыштаудың жолына түсіп, әлемдік өркениетке ұмтылуда. Даласындай дархандық, асқар тауларындай асқақтық қазақтың алпыс екі тамырын идірген қанында бар қасиет. Мысалы, еңсесі езіліп, жаны жаншылғанмен сағы сына қоймаған қазақ елін тәуелсіздік жылдары Ұлт Көшбасшысы бірден қияға жетеледі. Туған елдің тұғырын биіктетіп, мемлекеттік тіл мәртебесін бекітіп, қолданыс аясын кеңейту, өзге ел капиталдарын тиімді инвестициялау, ұлттық экономиканы аяғынан тік тұрғызып, оны әлемдік бәсекеге қабілетті қылу, білім беру реформасын әлемдік стандарттарға сай құру, асқақ келбетті Астананы тұрғызу, дінбасыларының әлемдік диалогын құру – бәрі-бәрі тікелей Елбасымыздың көреген саясаты мен қажырлы еңбегінің нәтижесінде жүзеге асып отырғаны сөзсіз. Ертегі әлемінің қаһарманындай қазақ жұртының сағат санап емес, сәт санап көркеюінің, жеті қат көкке зымыраған самұрықтай жылдамдығының құпиясы неде, кілті қайда? Бұл ең алдымен еліміздің бақ-талайына, пешенесіне бұйырып, ұлт әлеуетін күшейтуді көздеген Елбасындай тұлға біткендігінде болып отыр. Тарихи мүмкіндікті пайдаланып, ұлттық мемлекеттің негізін қалаған Елбасы таңдауы – елдігіміз, егемендігіміз болғанда, ұлтымыздың да өз таңдауын жасайтын уақыты әлдеқашан жетті. Олай болса, ұлылар мекені саналатын Семей халқының елдікті нығайтып, егемендікті аспандату жолында тағы бір кезекті қадамын таңдап, жаңашыл идеясын ұсынатын сәт туған-ды. Ол – көпшіліктің көкейінде, жұртшылықтың жүрегінде жүрген имандай ақ ниеті. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, бірлік пен ынтымақтың ұйытқысы болған Ұлт Көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың 2020 жылға дейін өкілеттігін ұзарту туралы жалпыхалықтық референдум өткізу дәл қазір, осы уақытта қажет. Неге десеңіз Нұрсұлтан Әбішұлының өкілеттігін ұзарту арқылы алдағы күнге деген үмітіміз орнығып, сеніміміз беки түспек. Ал идеяның айтылуы бар да, оның жүзеге асуы бір басқа. «Елбасы-2020» жалпыхалықтық акциясы барша көзі ашық, көкірегі ояу жанды бейжай қалдырмай, бүгінде бүкіл қазақстандықтардың осы идея төңірегінде тұтастай ұйысып, оны жалпыхалықтық референдум деңгейіне көтеруге қолдау көрсетіп жатқаны мемлекеттік даму мен дәуірлеудің жаңа кезеңіне көтерілгенімізді көрсетсе керек. Міне, Елбасы өкілеттігін ұзарту туралы мәселесінің дәл қазір көтерілуіне негізінен осындай өмірлік маңызы зор ой-тұжырымдар түрткі болған еді. Салиқалы Саммиттің соңын ала көтерілген бұл бастама жер-жерден үдере көтеріліп қолдау тауып жатса, бұл біздің көрегендігіміз емес, бұл ең алдымен Елбасының өз халқы алдындағы кемеңгер кісілік келбеті, биік бедел-абыройы. Біз осы бір халықтың көкейінде жүрген бүршікке нәр бердік. Халық көңілінің бүрі ашылып, көкейдегісі гүл жарып жатса, біздің мақсаттың орындалғаны. Өйткені, біз халық пен Президент арасындағы алтын арқауды жалғаушылардың бірі ғанамыз. Қашанда сол жолдан таймаймыз. – Сөз соңында республикалық референдум өткізу жөніндегі бастамаға орай қол жинау қорытындысына қысқаша тоқтала кетсеңіз... – Бүгінде республика халқының жалпы саны 16 миллион төңірегінде болса, ал сайлаушылар саны соның тең жарымын құрайды екен. Ал сол барлық сайлаушының тең жарымынан, нақтылап айтқанда, 4 миллионнан астамы референдум өткізуді қолдап отыр. Мұны біз отандастарымыздың Елбасына деген құрметі мен сенімі деп түсінеміз. Ал Елбасы тарапынан референдумды өткізуге Жарлық шыққан жағдайда еліміздің жер-жерінде құрылған бастамашы топ өз жұмысымызды одан әрі жалғастыратын боламыз. Халық тілегі орта жолда қалмайды деп сенеміз! Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ. Ер жігіттің бір жұрты – нағашысы Семейде бастамашы топ Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттік өкілеттігін 2020 жылдың 6 желтоқсанына дейін ұзарту туралы бастама көтерді. Мемлекет басшысының нағашы жұрты атынан мен де бұл бастаманы қолдайтындығымды білдірсем деймін. Жалпы, «Егемен Қазақстан» газетінің бетінен қазақстандықтардың, олардың ішінде елдегі танымал азаматтардың, сондай-ақ шетелдік белгілі мемлекет басшылары мен саясаткерлердің Нұрсұлтан Әбішұлы туралы айтқан жақсы пікірлерін оқып, төбем көкке жеткендей қуанамын. Біз соғыс кезінде буыны бекіп, бұғанасы қат_паған баламыз. Соған қарамастан, ауылдағы үлкен кісілермен, әйелдермен бірге қырманда еңбектендік. Сонда келімсектердің біздерді «қазақ» демей, «қырғыз» деп кемсітетіндері әлі күнге есімнен кетпейді. Ал қазіргі кезде қазақ атын әлем танығанына Аллаға шүкіршілік етемін. Және де мұны бірінші кезекте Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ерен еңбегінің арқасы деп білемін. Жаңылмасам, Нұрсұлтан 7-сыныптың жарты жылын Қасық ауылында нағашысы Айдапкелдің үйінде жатып оқыды. Сыныптастары Қасықбай Асаубаев, Сұлтан Қошқарбаев сабақтан қиналған кездерінде Нұрсұлтанның көмектесіп тұрғанын әмсе естерінен шығарған емес. Айдапкел ақсақал Ұлы Отан соғысынан бір аяғынан жамбасынан төмен айырылып келген ардагер еді. Нұрсұлтан атқарып жүрген жұмысының жауапкершілігі мен ауырлығына қарамастан, уақыт тауып нағашысына сәлем беріп қайтуды әркез есінде ұстайтын. Мұны Елбасының өзіне ғана тән қарапайымдылығынан, адамгершілігінен, бауырмалдығынан деп түсінемін. Ал Нұрсұлтанды 1992 жылы нағашысы Айдапкел ақсақалдың жылдығына келгенде тағы көрдім. Мына сурет Президенттің сол жолы нағашыларының ортасында түскен суреті болып табылады. Сөзімнің соңында Нұрсұлтан Әбішұлының Қазақ елі мен Қазақстан халқының өсіп-өркендеуі үшін атқарып жүрген қызметіне сәттілік тілеймін. Нәби ЕРМЕКБАЙ, еңбек ардагері, халық ағарту ісінің озық қызметкері. Жамбыл облысы, Қордай ауданы, Қордай ауылы. Мақсаты – қазақстандықтарды бақытты ету Тілшілер қосынының телефоны шылдырлап қоя берді. Оның құлағын көтерген кезде арғы жақтан бұл «Егемен Қазақстанның» Оралдағы тілшісі ме?» деген егде ер адамның даусы естілді. Иә, соның дәл өзі. Құлағым сізде. Шаруаңызды айта беріңіз, дедім мен. Қарағым, менің аты-жөнім Ұзақбай Хабиев. Қырық жылдан астам уақыт халық ағарту саласында қызмет еткен зейнеткер ұстазбын. Шаруам біреу ғана. Елбасымыздың өкілеттігін референдум өткізу жолымен 2020 жылға дейін ұзарту жөніндегі ұсынысты қолдаймын. Кемпірім Мәрия да осындай пікірде. Екеуміздің соған байланысты айтатын бірқатар ой-пікірлеріміз бар. Соны «Егеменге» қалай жеткізе аламыз? Қызмет орныңыз қай жерде еді? Біз барып шығайық. Ұзақбай аға, маған келмей-ақ қойыңыздар. Үйіңізге өзім барайын. Мекен-жайыңызды айтсаңыз жетеді. Осы әңгімеден соң көп кешікпей ерлі-зайыпты Ұзақбай аға мен Мәрия жеңгейдің үйіне жеттім. Амандық саулықтан соң Ұзекең Елбасы жөніндегі әңгімесін бастап кетті. – Мен зейнет жасындағы қарапайым ауыл адамымын. Елбасымыз жөнінде айтайын деген ой-пікірлерім көптің көңілінен шығып, ойларымен үндесіп жатса, мақсатымның орындалғаны. Осы заманға дейін халқымыздың көрмеген қиындығы кемде-кем. Әміршілдік-әкімшілік жүйенің сан түрлі озбырлықтарын бастарынан кешірді. Колбиндей «қаңғып келген шүрегейдің» Қазақстанды басқарған кезін де басымыздан өткердік. Өз елін басқара алатын бірде-бір ұлт азаматы жоқ дегенге қатты арландық, намыстандық. Бәрі де өтті, кетті ғой. Қазақстанның бүгінгі жеткен жетістіктері арқылы ел басқарудың тамаша үлгісін көрсетіп, дәлелдеген Нұрсұлтан Назарбаев болды. Ол қазақ ұлтының ішінде ел басқаруға лайықты азаматтардың бар екендігін күллі дүниеге таныта алды. Мен, әрине, Нұрсұлтан Әбішұлының өз халқы үшін тындырған істеріне қатысты бұрыннан белгілі жәйттерді қайталағым келмейді. Тек Ұлт Көшбасшысының ең нәзік мәселе – мемлекеттік тілге қатысты ұстанымы жөнінде айта кеткенді жөн көремін. Н.Ә.Назарбаев көп ұлтты Қазақстанның этникалық ерекшелігін ескере отырып, мемлекеттік тілді революциялық жолмен емес, эволюциялық жолмен дамыту жолын таңдады деп түсінемін. Бұл – ұлттық идеологияның алтын қазығы. Меніңше, ана тіліміздің мәртебесін осылайша байыппен көтеру саясаты бірден-бір дұрыс жол болды ғой деп есептеймін. Оның себебі де түсінікті емес пе? Сол кезде ел экономикасына барынша күш беріп тұрған, нарықтық экономиканы енгізуде шешуші рөл атқарған республика халқының елу пайызын құрайтын орыстілді қазақстандықтар болғаны жасырын емес. Осындай тұжырымды ғылым мен білім, денсаулық сақтау салаларына қатысты жасауға да әбден болады. Әрине мұндай жағдайда Елбасының тіл мәселесіне өте сергек қарап, байыппен шешкені өте құптарлық іс. Бір сөзбен айтқанда, мемлекеттік тіліміздің қадір-қасиеті төмендесе, бұл түптеп келгенде ұлттығымыздан айырылып қалуға әкеліп соқтыратынын Елбасымыз білмейді емес, өте жақсы біледі деп түсінуіміз керек. Міне, сондықтан да Елбасымыз мемлекеттік тілді дамытуға қатысты өзінің президенттік өкілеттігі шеңберінде тиісті шаралар белгілеп, іске асырып келеді. Венгр халқының белгілі ғалымы Больяй: «Жер бетінде жалғыз бақытсыз бар кезде жайбарақат бақытты өмір сүру мүмкін емес. Өмір мұраты күллі адамзатты алаңсыз бақытты ету» деген екен. Сол секілді Елбасымыздың 16 миллион қазақстандықты қалай бақытты етемін деп шарқ ұрып, тыным таппай жүргеніне куә болып отырмыз. Мемлекет басшысы мұның басты жолы ғылым мен білімді дамыту деп санайды. Қазақстандықтар Нұрсұлтан Әбішұлының әлем таныған беделі мен абыройын, саяси салмағын пайдалана отырып, өзі жасаған стратегиялық бағдарламасын іске асыруға мүмкіндік туғызса, одан еш ұтылмас еді. Мұның басты жолы Президент өкілеттігін референдум өткізу жолымен 2020 жылға дейін ұзарту болмақ. Біздер Мәрия екеуміз Нұрсұлтан Әбішұлын халықты өзіне табындыра білген тұлға деп танимыз. Тек біз ғана емес, қазақстандықтардың көпшілігі осындай ойда екеніне шек келтіре алмаймыз. Ал халықты өзіне табындыра білу дегеннің өзі – маңдай термен келетін көл-көсір еңбек, әрі оның нәтижесі мен жемісі деп түсінеміз. Сол секілді еліміздегі әр басшы мен қарапайым адамдар өздері өмір сүріп, еңбек етіп жүрген облыстары мен аудандарында, ауылдарында жақсы істерімен адамдардың жүрегінен орын ала білсе, содан артық мерей, бақыт жоқ шығар. Жақсы қашан да ісімен жақсы болып қала бермек. Сол жақсылардың бастауында еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев тұр. Ұзақбай ақсақал әңгімесін осылай аяқтады. Темір ҚҰСАЙЫН, Батыс Қазақстан облысы. «Референдум өткізу заңға қайшы келмейді» Кеше Алматыдағы Д.Қонаев атындағы университетте еліміздің білікті заңгерлері жиналып, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің өкілеттігін 2020 жылға дейін ұзартуға қатысты рефендум өткізудің заңдылығын талқылады. – Құқықтық жағынан алғанда референдум өткізу ешқандай заңға қайшы келмейді, – дейді «Заңгерлер – әділетті сайлау үшін» республикалық қоғамдық бірлестігінің өкілдері. Қоғамдық бірлестіктің кеңейтілген отырысында республикалық референдум өткізу заңдық тұрғыда заңды ма деген сұраққа кәсіби тұрғыда жан-жақты түсінік берілді. Жалпы, Конституцияға және «Республикалық референдум туралы», «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» заңдарға сәйкес, мемлекет өзінің қоғамдық-саяси өміріндегі кез-келген мәселеге қатысты референдум өткізе алады. Егер Президенттің өзі референдум өткізуге келіспеген жағдайда, Парламент депутаттарының басым даусымен де референдум өткізуге болады, – дейді заңгерлер. Заңгерлердің басын біріктіретін қоғамдық бірлестіктің тең төрағасы Дәулет Байділдинов референдум өткізуге барлық қажетті құқықтық талаптардың бар екендігін жоғарыдағы заңдарға сәйкес дәйектей келе, мемлекет құрудың мысалдарын кәсіби тұрғыда алға тартты. Құқықтанушы ғалымдар референдум өткізудің әлемдік және отандық тәжірибелерін сараптай келе, Парламент депутаттары көпшілік дауыспен «Қазақстан Республикасы Конституциясының 42-бабына өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңды қабылдауға толық құқықтары бар деген қорытындыға келіп отыр. Және қазірдің өзінде референдум өткізуге 4 миллион қазақстандық дауыс беріп үлгерген үдерісті жалғастыру да ешбір заңды белінен басушылық болып табылмайды. Еліміздегі ең беделді жоғары оқу орындарының заңгер оқымыстылары Қазақстан халқы мемлекеттік биліктің бірегей қайнар көзі ретінде референдум өткізу туралы бастамаға мұрындық болуға құқықтары бар екендігін алға тартады. Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы қарсаңында халқымыз дәл осындай қадамға баруы тарихи тұрғыдан да әділетті шешім болып табылатындығын Шаймардан Шәріпов, Ұзақбай Құдайбергенов, Иван Зенкевич сынды танымал заңгерлер атап өтті. Және ғалымдар бұл идеяны барлық тұрғыда қолдап, жүзеге асыру, жан-жақты көмек беру мемлекеттік тұтастығымызға қызмет ететіндігін нақты мысалдармен атады. Мемлекет басшысының стратегиялық ұстанымын үздіксіз, рет-ретімен жалғастыру республикамыздың саяси тұрғыдағы және экономикалық бағыттағы тұрақтылығына қызмет ететінін ел заңгерлері бірауыздан қуаттап отыр. Яғни, қажеттіліктен туындаған осынау қадамның қаншалықты заңға сәйкес болып табылатындығын кәсіби тұрғыда саралап өткен заңгерлер дүние жүзіндегі референдумдар тарихына шолу жасады. Осы уақытқа дейін дүниенің төрт шалғайында мұндай референдум 449 рет өткізілген екен. – Біз республикалық референдумның өткізілуін қолдап қана қоймаймыз және оның сәтті өтуіне мүдделі азамат ретінде атсалысатын боламыз, – дейді Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті заң факультетінің конституциялық-құқықтық кафедрасының доценті Ақылбек Исабеков. «Өзіміз көріп отырғандай, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың конституционализм идеалдарын ұстанғандығының және оның қызметінің көрнекті көпқырлылығының арқасында Мемлекет пен Азаматтың арасындағы сенімді қарым-қатынас барынша қалыптасуда; адамдардың санасы мен күнделікті өміріне конституциялық құндылықтар сіңісті бола бастады; тұрғындардың құқықтық мәдениеті мен оның билікке деген сенімінің деңгейі өсті; жалпы заңдық тетіктер мен соттардың, құқық қорғау органдары қызметінің тиімділігі мен кәсіпқойлығы жоғарылады» делінген үндеуде. Заңгерлеріміз еліміздің саяси-қоғамдық өміріндегі ілкімді істерді ілгерілету үшін Елбасының өкілеттігін ұзартудың көкейкестілігін құқықтық тұрғыда қуаттап отыр. Айнаш ЕСАЛИ, Алматы. Металлургтер құптауы Қазақстанның электролиз зауытында Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілеттігін ұзарту туралы референдум өткізуді қолдауға орай митингі болып өтті. Оған «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ және «Қазақстан алюминийі» АҚ президенті Алмаз Ибрагимов, қос кәсіпорынның өндірістік еңбек ұжымдары қатысты. Халықаралық деңгейде лайықты орынға шығып, құрметке ие бола бастаған еліміздің бүгінгі жетістіктері Елбасының есімімен тікелей байланысты. Елімізді талай қиындықтан алып шығып, қазіргі дамыған қоғамды қалыптастыруға еңбек етті. Бұл мемлекеттің келешек өсу бағыттарын да белгілеп берді. «Қазақстан-2030» Стратегиясындағы мақсаттар қазір де орындалуда. Мемлекет басшысы халыққа берген уәделерін орындап, талай мәрте сенім үдесінен шықты. Елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайдың көтерілуіне ықпал етті. «Алдымен экономика» деген қағиданы берік ұстаған Елбасының берген тапсырмалары мен ойлары, идеялары діттеген жерін дөп басып, нәтижелі болды. Алмаз Ибрагимов қос зауыттың ұжымы Мемлекет басшысы атына үндеу әзірлеп, Президент өкілеттігін ұзартуды бірауыздан құптайтынын атап өтті. «Қанатты металл» өндіретін іргелі кәсіпорынның алғашқы және екінші кезегін іске қосуға мәртебелі Елбасы арнайы қатысып, тұсауын кескен. Тіпті, зауыттың бастан-аяқ құрылысына Мемлекет басшысының өзі тікелей қолдау жасады. Елімізде металлургия саласын дамытуға айрықша назар бөлінуде, бұл салада жыл санап ірі өндіріс нысандары ашылуда. Митингі соңында Елбасы атына жолданатын үндеуге жиынға қатысқан зауыт жұмыскерлерінің барлығы қол қойды. Фарида БЫҚАЙ, Павлодар.